Ақп 15, 2016 14:01 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (54)

Теһранда осы аптада маңызды экономикалық оқиға саналатын Газ экспорттаушы елдер ассамблеясының саммиті өтті.

Газ экспорттаушы елдер ассамблеясы әлемнің газ қорының 67 пайызына, құбырлар желісі арқылы газ жөнелтудің 38 пайыздық үлесі мен сұйылтылған табиғи газ саудасының 85 пайыздық үлесіне ие болуы арқылы әлемді қуатпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Теһранда өткен осы Ассамблеяның саммитіне Ресей, Ирак, Боливия, Венесуэла, Гвинея, Нигерия және Түркіменстан президенттері қатысты. Алжирдің премьер-министрі Абдолмалек Салал, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-тің бас хатшысы Салем әл-Бадри мен Халықаралық энергетикалық форумның бас хатшысы Альдо Флорес-Кирога да осы саммитке қатысты.

ИИР Президенті Хасан Рухани дүйсенбі күні Газ экспорттаушы елдер ассамблеясы басшыларының саммитінде осы ассамблеяға мүше елдердің жалпы мүдделерін қолдау жолдарын іздеу үшін әріптестік жасау, елдер арасында түрлі салалар бойынша, соның ішінде табиғи газдың кен орындарын анықтау, оны өндіру және сату салаларындағы әріптестіктерді кеңейту, әлемде қолданылатын отындардың қатарында табиғи газ үлесін арттыру үшін саясаттарды үйлестіру және халықаралық энергетика алаңындағы Ассамблеяның орнын жоғарылатуды Теһран отырысының басты мақсаттары деп атады.

ИИР Президенті: «Қазба отынды пайдаланудың қажеттігі мен маңыздылығына қарамастан, осы табиғи ресурсты тұрақсыз түрде пайдалану әлеуметтік тұрғыдан нұқсан келтіріп, қоршаған ортаға да теріс салдарын тигізді. Осылайша әлем экономикалық даму үшін энергетиканы пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелері арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселесімен бетпе-бет келді» деді.

Рухани энергетика мәселесіне тұрақты даму түрінде назар аудару қажеттігін қуаттап: «Барлық елдердің, әсіресе, даму үстіндегі елдердің пікірінше, табиғи газ қазба отындарды пайдалану кезеңінен жаңартылатын энергия түрлерін көбірек пайдалану кезеңіне өту үшін лайықты көпірге айнала алады» деді.

Осы саммитте климаттың өзгеруіне байланысты мәселелер мен саясаттар бойынша халықаралық келісімге жету мақсатында алдағы аптада Парижде өтетін Cop 21 конференциясына жолдау жасап, онда Газ экспорттаушы елдер ассамблеясы мүшелерінің әріптестік жасауға және өз саясаттарын қоршаған орта мәселелері бойынша халықаралық келісімдермен үйлестіруге әзірлігін мәлімдейтін болып келісілді.

Ассамблеяның қалыптасуының негізгі жобалаушысы әрі әлемнің ең үлкен газ қорына ие ел және осы таза отынның үшінші өндірушісі болып табылатын ИИР-ның жерінде отырыстың өткізілуі Иранның халықаралық энергетика алаңдарындағы, әсіресе, табиғи газ алаңындағы басты ойыншылардың бірі ретіндегі орнын нығайта алады. Иран – 173 миллиард текше метр табиғи газ қоры мен әлемдік газ өндірісінің шамамен 5 пайызына ие. Иранның газ бөліміндегі дамыту жобаларының жүзеге асырылуы мен әлемді қуатпен қамтамасыз етуде табиғи газдың рөлінің артуын назарға алсақ, Иран болашақта газ саласындағы әлемдік қарым-қатынастардағы маңызды ел бола алады.

Иран – газ өнеркәсібін дамыту үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан жалғыз ел. Сондай-ақ, Еуропаның газ нарығында лайықты үлеске қол жеткізу үшін Батысқа газ экспорттаушы басты ел саналатын Ресеймен де қатынас жасай алады.

Теһран саммитінде Газ экспорттаушы елдер ассамблеясына екі маңызды құжат ұсынылды. Бірінші құжатта газ энергиясын өндіру саласының стратегиялары, ал екінші құжатта әлемдік газ нарығының үлгісі мен Газ экспорттаушы елдер ассамблеясының оған қатысты көзқарастары ұсынылды. Газ экспорттаушы елдер ассамблеясының шешіміне сәйкес, министрліктер деңгейіндегі 17-ші отырыста Әзірбайжан Республикасы ресми түрде бақылаушы мүше ретінде қабылданды.

Сонымен қатар, Иран тарапынан Мұхаммад Хосейн Адели Газ экспорттаушы елдер ассамблеясына мүше елдердің министрлерінің дауысымен екінші рет осы Ассамблеяның бас хатшысы болып тағайындалды.

Адели 2013 жылдан бері Газ экспорттаушы елдер ассамблеясының бас хатшысы міндетін атқарып келеді. Екінші рет сайланғаннан кейін бұл міндетін 2017 жылға дейін атқаратын болады.

Газ экспорттаушы елдер ассамблеясы саммитімен бір мезгілде Теһранда ИИР мен Түркіменстан 9 құжат пен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Бұл ынтымақтастық құжаттары медицина және денсаулық сақтау, пошта, «Мерв-Серахс» қуат жөнелту желісінің құрылысы, спорт, «Ашхабад-Түркменабад» күре жолының құрылысы, жол, көлік және қала құрылысы, тасымал, темір жол және стандарттау салаларын қамтыды.

Осы отырыста екі тарап сондай-ақ Түркіменстанның Иран газын сатып алуы және Түркіменстанның назарындағы техникалық және инженерлік жобалар бойынша клирингтік шот арқылы әріптестік жасау туралы келісімге келді.

Иран Президенті Хасан Рухани Теһранда Түркіменстан Президентімен өткен ортақ баспасөз маслихатында екі елдің қарым-қатынастарын нығайтуды қуаттап: «Иран мен Түркіменстанның экономикалық қатынастарының мөлшері 10 жылдың ішінде жылына 60 миллиард долларға жетуі керек» деді.

Түркіменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхаммедов жексенбі күні Теһранда Иран Президенті Хасан Руханимен ортақ баспасөз маслихатында келіссөздердің достық, шынайылық, өзара құрмет және тең құқықпен астасқан кеңістікте өткенін айтып: «Түркіменстан Иранмен саяси, экономикалық және мәдени алаңда әріптестіктерді кеңейтуге мүдделі» деді.

Иранның Мұнай министрі Бижан Намдар Зангане Газ экспорттаушы елдер ассамблеясы саммиті аясында Теһранда Ресейдің Энергетика министрі және осы саммитке қатысқан басқа елдердің энергетика министрлерімен кездесіп, сұхбаттасты.

Зангане Ресей Иранның стратегиялық серіктестерінің бірі екенін айтып: «ИИР Парсы шығанағы елдерінің Ресеймен газ айырбасы туралы келіссөздер өткізеді. Иран мен Ресейдің энергетика саласындағы қатынастары тұрақты болып табылады әрі санкциялардан кейінгі кезеңде де жалғасады» деді.

Ресей Президенті Владимир Путин мен Ресей премьер-министрінің орынбасары Дмитрий Рогозиннің Теһран сапарында Иран мен Ресейдің технологиялық әріптестіктерінің протоколына қол қойылды.

Осы аяда Иран Мұнай министрінің орынбасары әрі Ұлттық Газ компаниясының бас директоры Оман мен Иракқа газ экспорттау үшін бағдарлама жасалғанын мәлімдеді. Иранның Ұлттық Газ компаниясының бас директоры Хамид Реза Арақидің айтуынша, Ираннан газ құбырларын тартуды LNG газын жөнелтумен бір мезгілде жүзеге асыруға болады. Ирактың оңтүстігіндегі Басра порты осы екі мүмкіндіктің екеуін де бір мезгілде пайдалана алады.

Иран мен Ирактың газ келісімі 2016 жылдың наурыз айынан бастап бірінші кезеңде күніне 7 миллион текше метр, одан кейін 13, соңында 25 миллион текше метр газ жөнелту арқылы жүзеге асырылады. Өткен аптада Иран Иракпен әріптестік келісіміне қол қойды. Бұл келісім алдағы 6 жыл мерзімде Иранның газын Иракқа экспорттау мәселесіне байланысты болды.

Иранның Мұнай министрінің орынбасары әрі Ұлттық Газ компаниясының бас директоры Хамид Реза Арақи мен Ирактың Энергетика министрі Халед Хасан Салех қол қойған осы келісімге сәйкес, Иран жылдың суық мезгілінде күніне 20 миллион текше метр, ал жылы мезгілдерінде 35 миллион текше метр газды Ирактың оңтүстік-шығысындағы Басраға жөнелтетін болады. Басраға газ экспорттаудың бірінші кезеңінде күніне 7 миллион текше метр жөнелтіледі. Одан кейінгі үш кезеңде бұл көрсеткіш 20 миллион текше метрге артатын болады.

Газ экспорттаушы елдер ассамблеясы саммитімен тұспа-тұс Теһран Нидерландының ірі экономикалық делегациясын қабылдады. Нидерландының Экономика министрі ИИР-мен қарым-қатынастарды дамыту және нығайту шеңберінде сауда делегациясын бастап Теһранға келді. Нидерланды Экономика министрі Хэнк Камппен бірге индустриялық одақ пен энергетика және ауылшаруашылық бөлімдерінің зерттеу институттарына мүше нидерландылық 60 ірі компанияның өкілдері де келді.

Ирандық әріптестері мен Иранның басқа да жоғары дәрежелі қайраткерлерімен сұхбаттасу, сондай-ақ, Газ экспорттаушы елдер ассамблеясының үшінші саммитіне қатысу нидерландылық делегация үшін белгіленген бағдарламалардың қатарын құрады.

Иран мен Нидерландының саяси және экономикалық қарым-қатынасы ИИР мен «алтылық» тобы ядролық келісімге қол қойғаннан кейін жаңа кезеңге аяқ басып, екі елдің қарым-қатынастарының үдерісі дамуға бет алды.

Иран мен Жапонияның қарым-қатынастарын кеңейту жолдары Иранның Сауда палатасында өткен бір конференцияда талқыланды.

Иран мен Жапонияның көлік және қосалқы бөлшектер тақырыбындағы конференциясы өткен аптада Жапонияның 17 көлік және қосалқы бөлшек жасау компаниясы мен ирандық белсенділердің қатысуымен Иранның Сауда палатасында өтті.

Жапонияның Ирандағы елшісі Хироясу Кобаяши осы конференцияда: «Жапонияның дамыған технологиялары мен Иранның көлік шығарудағы лайықты мүмкіндіктері жақын болашақтағы екі елдің жақсы қатынастарының негізі бола алады» деді.

Жапонияның Сыртқы сауданы дамыту ұйымының (Джетро) бас директоры Коми Хико Ибана да осы конференцияда: «Жапонияның көлік және қосалқы бөлшектер жасау саласының делегациясы Иранда ортақ өндіріс жасау үшін ирандық серіктестер табу мақсатында Иранға келді» деді.

Иранның Исфаһан қаласы мен Қытайдың Сиань қаласы Дайто экономикалық аймағындағы серіктестік және сауықтыру туризмін кеңейту салалары бойынша екі келісімге қол қойды.

Бұл келісімге Қытайдың Сиань қаласының Қоғамдық, мәдени, экономикалық, саяси және кеңес беру комитеті төрағасының орынбасары Динг Джианг пен Исфаһан қаласының әкімі Меһди Джамали дүйсенбі күні Исфаһан қаласында қол қойды.

Келісімдердің біріне сәйкес, Сиань қаласының басшылары Қытайдың Дайто аймағында орналасқан Жібек жолының экономикалық орталығында бір аумақты Исфаһан қаласы әкімшілігінің тегін қолдануына береді. Бұл аймақта Исфаһанның қолөнер бұйымдары ұсынылатын болады.

Екінші келісімге сәйкес екі тарап сауықтыру туризмін кеңейту, соның ішінде, дәстүрлі медицина, инемен емдеу, құжаттар және мамандармен алмасу, ортақ семинарлар өткізу бойынша бір-бірімен әріптестік жасайтын болады.

Исфаһан қаласының әкімшілігі 1982 жылы Қытайдың Сиань қаласымен алғашқы бауырлас қалалар келісіміне қол қойған болатын.