Ақп 15, 2016 14:02 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (56)

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-тің 168-ші отырысы өткен аптада Венада өтті. Алайда отырыстың басты мақсаты, яғни өндіріс деңгейін төмендету мәселесі бойынша келісім жасалған жоқ.


Жарияланған мәліметтерге сәйкес, ОПЕК елдері қазіргі таңда нарыққа орта есеппен күніне 32 миллион баррель мұнай шығарады. Бұл белгіленген деңгейден 2 миллион баррельге артық.

ОПЕК-тің кейбір мүшелері, соның ішінде, Венесуэла мен Алжир Вена отырысында мұнай бағасын қолдау үшін өндіріс деңгейін төмендетуді ұсынды. Бірақ Арабстан ОПЕК-тің өндіріс деңгейіне төмендетуге қарсылық білдіріп, аталмыш ұйымның осы мәселе бойынша келісім жасауына кедергі болды. ОПЕК-тің осы отырыста қабылдаған жалғыз шешімі Индонезияны осы ұйымға қайтадан қосуы болды. Осылайша аталмыш ұйым мүшелерінің саны 13 елге жетті.

Вена басқосуында көтерілген келесі мәселеле Иранның нарыққа оралуы және «Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін мұнай өндірісі деңгейін арттыру мәселесі болды.

Иранның Мұнай министрі бейсенбі күні Аустрия астанасында сөйлеген сөзінде: «Өзінің өндірісін ұлғайту Иранның құқығы болып табылады. Ешкім де бізге осы жолда кедергі бола алмайды» деді. Зангане мұнай бағасының арзандауына Иранның ешқандай кінәсі жоқ екенін қуаттап: «Бұл мәселеге белгіленген деңгейден артық мұнай өндірген ОПЕК мүшелері мен басқа елдер жауапты» деді.

Санкциялардың күші жойылған соң Иран өз өндірісін кем дегенде күніне жарты миллион баррельге арттыра алады. Өндіріс деңгейін арттырудың алғашқы кезеңінен кейін оны бір миллион баррельге жеткізеді. Осылайша Иран күніне 3 миллион 800 мың-3 миллион 900 мың баррель өндірісімен өзінің ОПЕК-тегі бұрынғы үлесіне қайта оралады.

Алайда ОПЕК Вена отырысында бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын жариялаған жоқ. Иранның өндірісін бұрын белгіленген деңгейге қайтару мәселесін талқылау кейінге қалдырылды. Өз үлесінен 1-1,5 миллион баррель артық өндіретін Арабстан күніне 10 миллион баррель мұнай өндіріп, нарыққа ұсынады. Бұл саясат ОПЕК-тің басқа мүшелерінің өздерінің мұнай табыстарының көп бөлігін жоғалтуына себеп болды.

Иранның мұнай өндірісі қазіргі кезде күніне 2 миллион 800 мың баррельді құрайды. Оның өндіріс мөлшері 2016 жылдың соңына дейін күніне 1 миллион баррельге артады деп болжануда. Иран қазір күніне 1 миллион баррель шикі мұнай экспорттайды. Ислам республикасы өткен 107 жыл ішінде мұнай өндіру арқылы әлемді қуатпен қамтамасыз етуде сындарлы рөл атқарып келді. Иранның Мұнай министрі Вена отырысының алдында ОПЕК-тің бас хатшысына жолдаған хатында осы ұйым мүшелерінің күніне 30 миллион баррель мұнай өндіру міндетіне берік болуын сұрады. Бұл Арабстан мен кейбір елдердің өз өндірісін күніне 1 миллион 500 мың баррельге азайту керек деген сөз.

Зангане Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-тің 168-ші отырысы қарсаңында осы ұйымның алдыңғы отырысы кезінде Иранның мүше елдерге жолдаған хатының нәтижесі туралы айтқан сөзінде сол хатпен қоса, басқа да хаттардың жіберілгенін айтып, Иранның бұл хатты ОПЕК мүшелерінің бекітуі үшін жазбағанын қуаттап: «Бұл хаттар ОПЕК мүшелерін хабарландыру және оның өндіріс деңгейіне беруік болуы, сондай-ақ, ұйымның өз бағдарламаларында Иранның мұнайын да назардан тыс қалдырмауы үшін жіберілді» деді. Зангане Иранның мұнайын нарықтан шығаруды әділетсіз әрі заңсыз әрекет деп атап, Иранның ОПЕК-тің басқа мүшелері тарапынан хаттың бекітілуін күтіп отырмағанын қуаттап: «Біздің нарыққа қайтып оралуымыз ешкімнің рұқсатын қажет етпейді» деді.

Иранның мұнай келісімдері туралы келіссөздерге қатысқан тараптар Теһранның санкциялардың жойылуынан бұрын өзінің экспорт деңгейін арттыру үшін әрекет етіп жатқанын, Қытайдағы ең үлкен сатып алушыларымен шикі мұнай экспорттау келісімін 2016 жылға дейін ұзартқанын және басқа да ықтималды сатып алушылармен келіссөздер жүргізе бастағанын мәлімдеді.

Reuters ақпарат агенттігі Бейжіңнен таратқан мәліметінде осы ретте былай деп жазды: «Бір кездері ОПЕК-тің екінші ірі мұнай экспорттаушысы болған Иран АҚШ пен Еуропаның ядролық бағдарламаға байланысты салған санкцияларының кесірінен айрылған мұнай нарығындағы үлесін қайтарып алуға бар күшін салуда». Иран 2016 жылдың бас кезінде өзінің мұнай өндірісін күніне 500 мың баррельге арттыруды көздеп отыр. Бұл мөлшер осы елдің қазіргі экспортының 50 пайызын құрайды. Аталмыш ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, Азиядағы ең үлкен мұнай тазарту компаниясы Sinopec пен үкіметтік Чжухай компаниясы Ираннан 2016 жылы жалпы алғанда 505 мың баррель шикі мұнай сатып алады. Бұл мөлшер ағымдағы жылы Ираннан сатып алынған мұнайдың мөлшеріне тең. Осы екі компания ағымдағы жылы Иранның мұнай экспортының шамамен жарты бөлігін сатып алды. Қытай биылғы жылдың алғашқы айында Ираннан орта есеппен 500-536 мың барррель мұнай сатып алды. Бұл мөлшер 2014 жылдың ұқсас уақытымен салыстырғанда 1,9 пайызға азайған.

Теһран өткен аптада шетелдік инвесторларға 50-ге жуық мұнай және газ жобаларын ұсынып, инвесторларды тарту мақсатында келісімдерге түзетулер енгізетінін мәлімдеді. Иранның мұнай бөлімінің қайраткерлері соңғы екі айда Қытайдың мұнай тазарту үкіметтік компаниясы PetroChina және Royal Dutch Shell компаниясымен бірге мұнай-химия кешенін басқарып отырған үкіметтік CNOOC компаниясымен келіссөздер өткізді. Чжухай компаниясының ақпарат хатшысы 2016 жылы Иранмен келісім жасалатынын растады.

Теһран осы аптада бірнеше халықаралық көрме өткізді.

Халықаралық Ұн тарту және нан пісіру өндірісі көрмесі Теһранның тұрақты халықаралық көрмелер мекенінде өткен шаралардың бірі болды. Бұл көрмеге 105 жергілікті компания мен Германия, Түркия, Грекия, Италия, Швеция, Швейцария, Финляндия, Нидерланды, Беларусь, Ливан және Оңтүстік Корея елдерінен келген 31 компания қатысты. Сауда қатынастарын арттыру, ұн тарту және нан пісіру өндірісіне инвестиция салу, аталмыш өндіріске қажетті машиналар мен станоктар шығарудағы жергілікті компаниялардың қабілеттері мен мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін жағдай жасау осы көрменің басты мақсаттары ретінде аталды.

Ұн және нан өндірушілер, ұн тарту және нан пісіру станоктарын шығарушылар, ашытқы мен қоспалар өндірушілер, элеватор салушылар және нан-ұн өенркәсібімен байланысты ауылшаруашылық салаларының өкілдері 9-шы Халықаралық Ұн тарту және нан пісіру өндірісі көрмесіне қатысқан топтардың қатарын құрады.

Теһранның тұрақты халықаралық көрмелер мекенінде 15-ші Халықаралық «Бояу, шайыр және өнеркәсіптік жабындар мен композициялық материалдар» көрмесі өтті. Бұл оқиғаның мақсаты санкциялардан кейінгі кезеңде экономикалық қарым-қатынастарды кеңейту үшін мүмкіндік тудыру болды. Көрмеге жергілікті компаниялармен қатар, Түркия, Қытай, Германия, Франция, Италия, Испания, АҚШ, Аустралия, Үндістан, Тайвань, Тайланд, Бразилия, Мысыр, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Малайзия, Швейцария, Ұлыбритания, Бельгия, Сингапур, Польша елдері компанияларының өкілдері де белсенді қатысты.

Иранның Кеме жасау және оффшорлық өнеркәсібі кешені (ISOICO) мен Оңтүстік Кореяның Hyundai компаниясы кеме жасау саласында әріптестік жасайды.

 Иранның Кеме жасау және оффшорлық өнеркәсібі кешенінің (ISOICO) бас директоры Хамид Резайиан осы хабарды мәлімдеп: «Hyundai компаниясымен серіктестік жасалатын болды. Бастапқы келісімге қол жеткізілді. Әріптестіктер кезеңдік түрде іске асырылатын болады. Келесі кезеңде аталмыш компания Оңтүстік Кореяның Hyundai компаниясымен жаңа кемелер жасау үшін әріптестіктерін жалғастырады» деп қуаттады.

 Hyundai ауыр индустриясы әлемдегі ең ірі кеме жасау компаниясы саналатын кореялық концерн болып табылады.

Иранның Басқару және жоспарлау ұйымының басшысы Ноубахттың айтуынша, алдағы жылға арналған бюджет пен алтыншы даму бағдарламасы қарсыласу экономикасы шеңберінде реттеліп, ұсынылады.

Мұхаммад Бақер Ноубахт Иранның бірінші телеарнасына берген сұхбатында былай деді: «1395 жылға арналған бюджет жобасы мен алтыншы даму бағдарламасының жобасы Ислам Революциясы жетекшісі тарапынан жарияланған қарсыласу экономикасының жалпы саясаттарының 24 бабы шеңберінде реттеледі.

Ислам Революциясы жетекшісінің Қарсыласу экономикасының стратегиялық штабына қатысты айтқан пікірі алдағы жылға арналған бюджет пен алтыншы даму бағдарламасы үшін жеке-дара бағдарламалар ұсыну қажет дегенді білдірмейді. Сол себепті Қарсыласу экономикасының стратегиялық басқару штабы 11 бағдарлама мен 58 жоба ұсынды. Әр бағдарлама үшін министр немесе президенттің орынбасарларының бірі басқарған және қатысты ұйымдар мен аппараттардың мүшелерінен құрылған бір жұмыс тобы тағайындалады. Барлық жұмыс топтары қарсыласу экономикасы жолында жүзеге асырылатын өз жобаларын ұсынатын болады. Басқару штабы да жұмыстарды қадағалап, бақылап отырады. Қарсыласу экономикасын басқару штабының хатшылығы алдағы жылға арналған бюджет пен алтыншы даму бағдарламасын қарсыласу экономикасының жалпы саясаттары шеңберінде ұсынып, жүзеге асыруға міндеттелді».