Ақп 15, 2016 14:04 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (57)

Иранның мұнай-химия өнеркәсібінің 12-ші халықаралық конференциясы осы аптада Теһранда Иран Президентінің бірінші орынбасары, Иранның Мұнай министрі, Сыртқы істер министрі мен әлемнің 25 елінен жиналған 97 белсенді компанияның қатысуымен өткізілді. Бұл конференцияда 350 ирандық компаниямен қатар, әлемнің 25 елінен, соның ішінде, Аустралия, Әзірбайжан Республикасы, Бельгия, Канада, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Үндістан, АҚШ пен Испаниядан келген компаниялар қатысты.

Бижан Намдар Зангане Иранның мұнай-химия өнеркәсібінің 12-ші халықаралық конференциясында Иранды аймақтағы энергетикалық орталық деп атап, мұнай-химия өнеркәсібінің дамуы мен осы саладағы өндірістің ауқымды мөлшеріне тоқталып, осы саланың дамуы үшін шетелдік тікелей инвестицияның жағдай тудыра алатынын айтты. Зангане Иранның Мұнай министрлігінің саясатын халықаралық мұнай-химия саудасы алаңындағы құзыры деп атап: «Осы салада жасалған маңызды шешімдердің бірі – жеңіл көмірсутектердің кең фракциясы жобаларын жүзеге асыруды жеке және кооперативтік секторға тапсыру» деп қуаттады.

Санкциялар жойылғаннан кейін Иранның мұнай-химия өнеркәсібі жаңа кезеңге аяқ басады. Иранның Мұнай министрі осы өнеркәсіп үшін үлкен серпілісті жоспарлап отыр. Иранның мұнай-химия өнімдерінің құны жоспарларға сәйкес алдағы жылы 70 миллиард долларға жететін болады.

Иранға инвестиция салудың артықшылықтарының бірі лайықты шикізатқа қол жеткізу болып табылады. Мұнай және газ бөліміндегі тазарту жобаларын жетілдіру арқылы инвесторлар дайын шикізаттарға қол жеткізумен қатар, газ энергетикасын да жеткілікті мөлшерде ала алады.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымының аймақтық жоспарлау кеңесінің 26-шы отырысы осы аптада Теһранда осы ұйымның хатшылығына мүше елдердің өкілдерінің қатысуымен өтті.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары сейіт Аббас Арақчи отырыста сөйлеген сөзінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің аймақтық саудасын кеңейтуді сұрады.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары ИИР-ның ЭЫҰ-на көрсеткен қолдауына тоқталып: «Иранның осы ұйымға жасаған қолдауы ЭЫҰ аймақтағы елдер үшін лайықты мүмкіндіктер тудырады деген сенімнен бастау алады. Осы ұйымның жұмыстарына жасалған шолу Иранның өткен екі онжылдықта ЭЫҰ-на деген адалдығын көрсетеді» деді.

ЭЫҰ аймақта көптеген мүмкіндіктерге ие. ЭЫҰ-ның ынтымақтастықтары аймақтың дамуына септігін тигізе алады.

440 миллион халқы бар ЭЫҰ аймағындағы он ел мәдени ортақтастықтар мен экономикалық ортақ мүдделерге ие. Осындай жағдайда сарапшылардың пікірінше, әріптестіктерді нығайту ынтымақтастықтарды кеңейту саласындағы жаңа жобаларды қажет етеді. Ұйымның жоспарлау кеңесі осы аяда маңызды рөл атқарады. Аталмыш ұйым өзінің жиырма жылдық жұмысында түрлі сауда, транзит, ауылшаруашылық, адамның дамуы, оқу-білім және мәдениет салаларында аймақтық әріптестіктердің жаңа үлгілерін қалыптастырды.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Халил Ибрахим Акча ұйымның аймақтық жоспарлау кеңесінің 26-шы отырысының басталу рәсімінде: «Бұл ұйым перспективті құжаттың маңыздылығы негізінде өз мақсаттарын жүзеге асырады. ЭЫҰ-ның сауда, тасымал, энергетика және энергетикаға қатысты бөлімдердегі басты бағдарлары анықталды. Ұйым сонымен қатар басқа халықаралық ұйымдармен бағыттас, әсіресе экологиялық жобаларға атсалысу бойынша белсенді рөл атқарады» деді.

ИИР-ның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі осы аптада делегацияны басқарып, Қытайдың Чанчжоу қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының премьер-министрлерінің отырысына қатысты.

Махмұд Ваези отырысқа Иранның өкілі әрі осы ұйымның бақылаушы мүшесі ретінде қатысты. Ол отырыста экономикалық, сауда және банктік салалардағы аймақтық ынтымақтастықтарды кеңейту механизмдері, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аймағының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, осы ұйымның ұзақ мерзімді бағдарламалары мен мақсаттарын ілгерілету жолдары туралы пікір алмасты.

Ваези сонымен қатар Иран нарығының инвестициялық бөлімдерінде серіктестік пен әріптестікті неғұрлым көбейту мақсатында Иранның экономикалық, ғылыми және техникалық саясаттарын, әсіресе, санкциялардан кейінгі кезеңде пайда болатын жаңа мүмкіндіктерге қатысты саясаттарын түсіндірді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы алты тұрақты мүше: Қытай, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және бес бақылаушы мүше: ИИР, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Монғолиядан құралған.

Осы аптада Теһранда бір халықаралық көрме өтті.

21-ші Халықаралық Электроника, компьютер және электрондық сауда (Elecomp) көрмесі жексенбі күні өз жұмысын бастады.

Иранның ақпараттық технологиялар индустриясының көрмесіне байланыс және ақпараттық технологиялар саласында белсенді 520-дан астам ирандық және шетелдік компания қатысып, өздерінің соңғы жетістіктерін жұрт назарына ұсынды.

ИИР Президентінің бірінші орынбасары өткен аптада Түркіменстанның бейтараптық жариялауының жиырма жылдығының рәсімдеріне қатысу үшін Ашхабадқа сапармен барды.

ИИР Түркіменстанның бейтараптық саясатын қабылдау шешімін қолдаған алғашқы ел болды. Иран Президентінің бірінші орынбасары: «Екі елдің барлық салалардағы қарым-қатынастары тарихи және мәдени ортақтастықтарды тірек ете отырып, даму және кеңею жолында әрекет етті» деді.

Алдағы он жылда сауда ынтымақтастықтарының деңгейін 60 миллиард долларға арттыру осы бағдарламалардың бір бөлігі. Бұл бағдарламалар қазіргі 3,5 миллиард долларлық сауда айнылымы деңгейін жылына 6 миллиард доллар деңгейіне жеткізе алады. Газ айырбасы, транзит пен тасымал осы әріптестіктердің маңызды бөлімдері болып табылады.

Иранның географилық жағдайы Түркіменстан сияқты солтүстіктегі көршілес елдердің оны пайдаланып, Үндістан түбегі және Азияның оңтүстік-батысындағы елдер сияқты оңтүстіктегі елдердің экономикалық нарықтарына тиімді түрде қол жеткізуі үшін мүмкіндік тудырды.

Мұнай, газ, энергетика, туризм, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, темір жол және күре жол желілерін кеңейту салаларындағы әріптестіктер Иран Президенті бірінші орынбасарының Түркіменстанға жасаған сапары барысында талқыланған тақырыптардың қатарын құрады.

Түркіменстанның бейтараптық жариялауының 20-шы жылдығының рәсімдері 70-тен астам ел мен халықаралық ұйымдардың делегацияларының қатысуымен өтті.

Осы рәсімдермен тұспа-тұс Түркіменстан ресми түрде Ауғанстан, Пәкістан және Үндістанға газ жөнелтуге арналған «Тапи» құбырлар желісінің құрылысын бастады.

Газ құбырларының желісінің құрылысын бастау рәсімдері Түркіменстанның оңтүстік-шығысында орналасқан Мары қаласының маңында өтті. Түркіменстанның Президенті Құрбанқұлы Бердімұхаммедов, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Пәкістанның премьер-министрі Наваз Шариф пен Үндістан президентінің орынбасары Хамид Ансари осы рәсімдерге қатысты.

1814 шақырымды құрайтын бұл газ құбыры арқылы ірі Галкыныш алаңынан аталмыш елдерге газ жөнелтілетін болады. Түркіменстан Президенті осы газ құбыры желісінің құрылысын бастау рәсімдерінде: «Тапи газ құбырының құрылысы 2019 жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Осы құбырлар желісінің сыйымдылығы 33 миллиард текше метрді құрайды» деді. Тапи газ құбырының құрылысын Түркіменстанның «Түркменгаз» ұлттық газ компаниясы жүзеге асырады.

Қытай жылына Түркіменстаннан 30-35 миллиард текше метр газ сатып алады. Ресей де 2014 жылы Түркіменстаннан 11 миллиард текше метр газ сатып алып, биылғы жылы өз импортын 4 миллиард текше метрге азайтты.

Осы жоба жүзеге асырылған жағдайда күніне Түркіменстанның 500 миллион текше фут газы Ауғанстанға жөнелтілетін болады. Үндістан мен Пәкістан елдерінің осы газ құбыры арқылы жөнелтілетін газға қатысты үлесі күніне 1 миллиард 325 миллион текше футты құрайтын болады.

Тапи жобасының жүзеге асырылуы түйткілдер және қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Оның жүзеге асырылуы мен ілгерілеуі бірнеше маңызды факторға, соның ішінде, Ауғанстанда қауіпсіздіктің орнауына және Үндістан мен Пәкістан арасында текетірестің азаюына байланысты. Оған қоса, бір экономикалық жобаны жүзеге асыру үшін төрт елдің арасында барлығын бірдей қанағаттандыратын қорытынды келісімге жету оңай шаруа емес. Бұл жобаның жүзеге асырылуы шетелдік ірі инвестицияларды қажет етеді. Аталмыш елдердің ешбіреуінің осы жобаға 10 миллиард доллар көлемінде инвестиция салатын мүмкіндігі жоқ.

Тапи жобасы экономикасы энергетика саудасымен тығыз байланысты Түркіменстан үшін маңызды жоба болып табылады. Түркіменстан оның жүзеге асырылуы жолындағы көптеген қиындықтарға қарамастан, энергетиканы ауадай қажет ететін Ауғанстан, Пәкістан мен Үндістан елдерін Тапи жобасының жүзеге асырылуына қызықтыруға бар күшін салып жатыр.

Жақында бір экономикалық отырысқа қатысу үшін Вашингтонға сапармен барған Пәкістанның Мұнай және табиғи ресурстар министрі Шахед Хақан Аббаси Иран-Пәкістан (IP) газ құбыры желісі бұрынғысынша Пәкістанға қажетті газ мөлшерін қамтамасыз етудің ең жақсы жолы екенін қуаттады. Ол Вашингтонда «Таза энергетика саласындағы экономикалық мүмкіндіктер» тақырыбымен өткен отырыстың аясында тілшілерге берген сұхбатында: «IP газ құбыры желісін жетілдіру Пәкістан үшін ең жақсы вариант» деді. Ол Иранға қарсы санкциялардың неғұрлым тезірек жойылатынына үміт білдірді. Мамандардың пікірінше, Үндістан сияқты басқа елдер өткен жылдар бойы Иранмен сауда және экономика саласындағы өз әріптестіктерін кеңейте алған жағдайда, Пәкістан санкциялардың кесірінен Иранға қатысты өз міндеттерін атқара алмағаны туралы уәж айтып отыр.