Ақп 15, 2016 14:05 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (58)

Иран президентінің бірінші орынбасары Исхақ Джаһангири өткен аптада Алжирге екі күндік сапармен барып, осы елдің қайраткерлерімен, соның ішінде Алжир Президенті Абдель Азиз Бутефликамен кездесіп, пікір алмасты.


Алжир Президенті осы кездесуде екі елдің түрлі мәселелерге, соның ішінде, лаңкестікпен күреске қатысты ортақ көзқарасына тоқталып, екі ел басшыларының байланыстарын Теһран-Алжир қатынастары деңгейінің артуына себеп болатынын айтты.

Иран мен Алжирдің екінші ортақ экономикалық ынтымақтастық комиссиясы өткен аптада ИИР президентінің бірінші орынбасары Исхақ Джаһангири мен Алжир премьер-министрі Абдолмалек Салалдың басқаруымен және екі елдің үкімет мүшелерінің қатысуымен өтті.

Білім беру саласындағы әріптестік, екі елдің жастар және спорт министрліктерінің ынтымақтастықтары, Иран мен Алжирдің еңбек министрліктері арасында техникалық және кәсіби әріптестіктерді жүзеге асыру бағдарламалары, сондай-ақ, екі елдің Мәдениет министрліктерінің арасында мәдени ынтымақтастықтарды жүзеге асыру бағдарламасының құжаттарына қол қойылды.

Екі ел прокуратураларының өзара түсіністік меморандумы мен екінші ортақ экономикалық ынтымақтастық комиссиясының протоколы осы отырыста Иран мен Алжир қайраткерлері тарапынан қол қойылған құжаттардың қатарын құрады.

ИИР президентінің бірінші орынбасары Исхақ Джаһангири өткен аптада Алжирдің жоғары дәрежелі қайраткерлерімен кездесіп сұхбаттасу үшін осы елге сапар шеккен болатын.

Иранның Жол және қала құрылысы, Энергетика, Әділет министрлері мен Орталық банктің бас директоры, Өнеркәсіп, тау-кен, сауда және ауылшаруашылық палатасының төрағасы, Сауда және даму ұйымының төрағасы ИИР президентінің бірінші орынбасарымен бірге Алжирге барды.

Осы сапармен бір мезгілде екі ел әріптестіктерінің екінші жоғарғы комиссиясы және Иран мен Алжирдің кәсіпкерлері мен экономикалық белсенділерінің ортақ форумы өтті. Ортақ комиссияда екі елдің қайраткерлері экономикалық, саяси, мәдени және оқу-білім бөлімдері бойынша сегіз әріптестік құжатына қол қойды.

Алжирдің премьер-министрі Абдолмалек Салал Алжирде өткен екі елдің кәсіпкерлері мен экономикалық белсенділерінің ортақ форумында: «Бұл форум екі елдің экономикалық қатынастарды дамыту және қарым-қатынастардың деңгейін саяси қатынастар деңгейіне жеткізуге деген ерік-жігерін көрсетеді. Екі ел арасындағы достық қатынас экономикалық бөлімде ұзақ мерзімді жоспар құрып, ортақ жобаларды жүзеге асыру және ортақ компаниялар құру үшін талпыныс жасауға ынталандырады» деді.

Иранның Мұнай министрінің халықаралық және кәсіптік істер жөніндегі орынбасары Амир Хосейн Заманиниа осы аяда Мұнай және энергетика туралы хабар тарататын ақпарат агенттігі ШАНА-ға берген сұхбатында жақын болашақта Алжирмен ортақ техникалық комитеттің құрылатынын хабарлап: "Екі ел мұнайдың бағасы мен әлемдік нарықта тұрақтылық орнатуға шешім қабылдады" деді.

Заманиниа Иран президенті бірінші орынбасарының Алжирге сапары кезінде осы елдің Энергетика және тау-кен өндірісі министрі Салех Хебри және Алжирдің ұлттық мұнай компаниясы Sonatrach-тың бас директоры Амин Мазузимен өткізген кеңесулеріне тоқталып, Иранның мұнай бағасын тұрақтандыру үшін ұсыныстар жасағанын Алжир премьер-министрінің оны құптағанын айтты.

Иранның Мұнай министрінің орынбасары Алжирді мұнай бағасының төмендеуінен зарар көрген елдердің бірі деп атап: «Бұл ел Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-ке мүше елдердің арасында көбірек үйлесімдік пен әріптестіктің жасалуына жол табуды көздеп, мұнай бағасының төмендеуінің алдын алу және оның бағасының нарықта тұрақтануы үшін талпыныс жасап жатыр» деді.

ИИР президентінің бірінші орынбасары Исхақ Джаһангири Әзірбайжан Республикасының Экономика және өнеркәсіп министрі Шахин Мұстафаевпен Теһранда кездесуінде Иран қайраткерлерінің Әзірбайжан Республикасымен қатынастарды кеңейтуге деген шынайы ерік-жігерін қуаттап, соңғы бір жылда екі ел арасындағы саяси және экономикалық келісімдерді жүзеге асыруды жылдамдату әрекетін екі елдің қатынастарын кеңейту жолындағы маңызды қадам деп атады.

ИИР президентінің бірінші орынбасары Иран мен Әзірбайжан Республикасының сезімтал аймақта орналасқанын айтып, ИСИМ сияқты лаңкестік топтар мен діни әсірешілдерді мақсатты түрде кеңейтуді аймақтық елдер үшін үлкен қауіп-қатер деп атады.

Джаһангири Теһранның Бакумен аймақтық және халықаралық деңгейде лаңкестікпен күрес бойынша әріптестік жасауға әзірлігін мәлімдеді.

Ортақ экономикалық комиссияны өткізу мақсатымен Теһранға келген Әзірбайжан Республикасының Экономика және өнеркәсіп министрі осы кездесуде өз елінің Иранда инвестиция салуды кеңейтуге әзірлігін мәлімдеп: «Иран мен Әзірбайжан Республикасы әріптестіктерді кеңейту және ортақ инвестициялар үшін көптеген салалар бойынша мүмкіндіктерге ие» деді.

Әзірбайжан Республикасының Экономика және өнеркәсіп министрі министрі бастаған осы елдің экономикалық делегациясы Иран мен Әзірбайжан Республикасы ортақ комиссиясының отырысында әріптестік меморандумына қол қойды.

ИИР-ның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі бір делегацияны бастап, осы аптада Қытайдың Чанчжоу қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы премьер-министрлерінің отырысына қатысты. Ол бұл отырыста экономика, сауда, банк ісі салаларындағы аймақтық әріптестіктерді кеңейтудің механизмдері мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аймағының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және осы ұйымның ұзақ мерзімді мақсаттары мен бағдарламаларын ілгерілету жолдары жайлы сөз сөйледі.

Ваези сонымен қатар Иранның нарығындағы инвестициялық бөлімдер бойынша серіктестіктер мен әріптестіктерді неғұрлым арттыру мақсатында Иранның экономикалық, ғылыми-техникалық салалардағы саясатын, әсіресе, санкциялардан кейінгі кезеңде пайда болатын жаңа мүмкіндіктерге қатысты саясаттарын түсіндіріп өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы алты тұрақты мүше – Қытай, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және бес бақылаушы мүше – ИИР, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Монғолиядан тұрады.

Словенияның астанасы Любляна қаласында Иран мен Словенияның ортақ экономикалық отырысы өтті.

 Иран мен Словенияның ортақ экономикалық отырысы сенбі күні Люблянада ИИР Сыртқы істер министрінің Еуропа және Америка істері жөніндегі орынбасары Маджид Тахтраванчи, Словения Сауда палатасының бас директоры Само Хрибар Милич пен осы елдің сауда-экономикалық компаниялардың басшылары және өкілдерінің қатысуымен өтті.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары отырыста Иранға шетелдік инвестициялардың салынуын құптап: «Шетелдік компаниялардың энергетика, мұнай-химия, фармацевтика, болат өндірісі, ауылшаруашылық және машина жасау өнеркәсібі бойынша ирандық тараптармен келісімге келуі маңызды болып табылады. Словениялық компаниялардың энергетика, мұнай және газ, құрылыс, тасымал, тау-кен өндірісі, ауылшаруашылық, болат өндірісі және фармацевтика салаларына атсалысуы үшін қажетті мүмкіндіктер бар» деді.

Тахтраванчи Иранның бұрын-соңды болмаған қазіргі тұрақтылығына тоқталып: «ИИР словениялық компаниялардың, әсіресе компанияларға басымдылық берілетін еркін сауда аймақтарындағы жұмыстарын құптайды» деді.

ИИР-ның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі өткен аптада Кенияның астанасы Найробиге сапар шекті.

Иран өзінің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу жолы туралы келіссөздерге дайындалып жатыр. Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Мұхаммад Реза Нематзаде бұл хабарды 162 мүшеден құралған осы ұйымның Найробидегі екі жыл сайын өтетін министрлер деңгейіндегі отырысында жариялап: «Бұл жерге маңызды жолдаумен келдім. Бірнеше жыл бойы өткен қарқынды келіссөздердің нәтижесінде Иранның ядролық жұмыстарына тағылған барлық айыптар жойылғаннан кейін біз қазір әлемдік экономикаға тереңірек ену үшін келесі қадамымызды жасаймыз» деді.

Иран алғаш рет 1996 жылдың шілде айында Дүниежүзілік Сауда ұйымына қосылуға өтініш жасаған болатын. Бірақ бұл өтініштің ілгерілеуі өте баяу жүрді. Аталмыш ұйым 2005 жылы осы өтінішті қарастыра бастады. Нематзаде: «Иран қазір бұл істі жаңартып, оны Дүниежүзілік Сауда ұйымына ұсынуға әзір. Иран сондай-ақ, тарифтерді азайту мен тауар және қызмет саудасының жолындағы басқа да кедергілерді бейтараптандыру туралы сұхбаттасуға әзір. Аталмыш ұйымға қосылу осы ұйымда сауда қайшылығы жобасына қатысты құқыққа ие болып, жаңа сауда заңдары туралы әсерлі дауыс беруге мүмкіндік тудырады» деді.

Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Дүниежүзілік Сауда ұйымының Найробидегі осы отырысына бақылаушы мүше ретінде қатысты.

Дүниежүзілік Сауда ұйымына мүше елдердің отырысы 2015 жылдың 14-17 желтоқсан күндері Кенияның астанасы Найробиде өтті.

Иран – бірегей туристік тартымдылықтарға ие ел.

Дүниежүзілік туристік ұйым Иранды Таяу Шығыс аймағындағы маңызды таңдау деп атады. «Asia Pacific» басылымы осы тақырыптағы мақаласында былай деп жазды: «Иран бай рухани мұра, биологиялық әртүрлілік, сан алуан тағамдар мен қолөнер түрлеріне ие болғандықтан, саяхатшылар үшін жақсы таңдау болып табылады».

Осы мақалада сондай-ақ Ирандағы сауықтыру туризмінің күн сайын артып келе жатқаны туралы айтылған: «Иран аймақтағы сауықтыру туризмі бойынша жақсы таңдау деп танылды».

National Geographic басылымы өзінің соңғы санында Иранды әлемдегі ең жақсы туристік ел деп атады.

Оңтүстік Парс алаңының барлық газ жобалары жақында іске қосылады.

Оңтүстік Парс алаңының 15-16 фазалары бірлестігінің төрағасы Хосейн Шариф Абади ШАНА ақпарат агенттігіне берген сұхбатында осы хабарды жариялап: «Оңтүстік Парс алаңының 15-16 фазаларының тазарту зауыттарында өнділірген газ мөлшерінің құны газдың әр текше метрін 25 цент, ал газ конденсаттарының әр баррелін 40 доллар деп санағанда 1,5 миллиард доллардан астам соманы құрайды. Қазіргі кезде Оңтүстік Парс алаңының 15-16 фазаларындағы тазарту зауыттарының барлық өндіріс бөлімдері жұмыс жасап жатыр» деп қуаттады.

 Осы қайраткердің айтуынша, 15-16 фазаларды кеңейту мақсаты күніне 56,6 миллион текше метр табиғи газ, 75 баррель газ конденсаттары, 400 тонна күкірт және мұнай-химия бөлімдерін шикізатпен қамтамасыз ету үшін жылына 1 миллион тонна газ өндіру болып табылады. Оңтүстік Парс алаңының 15-16 фазаларында 15,5 миллиард текше метрден астам газ, 14 миллион баррель газ конденсаттары, 3 мың тонна күкірт және 5 мың тоннадан астам этан өндірілді.

Иранның ішкі қолданысқа арналған газының 55 пайызы, сәйкесінше, күніне 430 миллион текше метр газ Оңтүстік Парс газ алаңынан өндіріледі.