Аптаның экономикалық журналы (61)
Бушер облысының Ассалуйе аймағында орналасқан Оңтүстік Парс газ алаңының 15-16 фазалары дүйсенбі күні Иран Президентінің қатысуымен ресми түрде іске қосылды.
Оңтүстік Парс алаңының 15-16 фазаларын жүзеге асыру амалдары үш бөлімде, яғни, қазба, ашық теңіз және тазарту бөлімдері бойынша 2007 жылдың бас кезінде басталған болатын. Бұл жобаға салынған инвестицияның көлемі 6 миллиард долларды құрады. Оның 4 миллиард доллары тазарту зауыттарын, ал 2 миллиард доллар қазба және ашық теңіздегі жұмыстар мен құбырлар салуға жұмсалды.
15-16 фазаларды салу және жетілдіру жұмыстарының барлығы ирандық мамандар мен басшылар және жұмысшылардың күшімен жасалды. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты күніне 50 миллион текше метр табиғи газ, 400 тонна күкірт, 75 мың баррель газ конденсаттары мен жылына 1 миллион тонна сұйық газ және 1 миллион тонна этан өндірісі болып табылады.
Осы екі фаза мұнай бағасын орта есеппен әр баррельге 50 доллар деп есептегенде күніне 17-20 миллион доллар, жылына 6 миллиард доллар көлемінде Иранға табыс түсіреді.
ИИР Президенті Хасан Рухани 15-16 фазаларын іске қосу рәсімінде сөйлеген сөзінде алдағы екі жылда Оңтүстік Парстың барлық фазаларының аяқталатынын айтты. Рухани алдағы күндері Иран халқына қарсы салынған санкциялардың аяқталатыны туралы хабардың жететіндігіне тоқталып: «Энергетика, су, жол, тасымал, әлеммен байланыс және транзит, ғылым мен технология, өнеркәсіп пен тау-кен өндірісі салалары бойынша қиын жағдайда да даму мен ілгерілеушіліктің куәсі болдық. Газ тек ақша, көршілес елдермен байланыс, әлеммен сындарлы қатынас, жетістік пен экономикалық тәуелсіздіктің көзі ғана емес, газ – таза ауа, қоршаған орта мен қазір әлемдік үлкен бір түйткілге айналып отырған ластанудан құтылудың жолы» деді.
Дүниежүзілік банк 2016 жылы әлемнің экономикасына шолу жасап, «Ортақ қадам» ядролық келісімі жүзеге асырылғаннан кейін Иранға қарсы санкциялардың жойылуы осы елдің биылғы жылғы мұнай экспортының күніне 500 мың баррельден 700 мың баррельге дейін артуына себеп болатынын мәлімдеді.
Осы мағлұматқа сәйкес, мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, аймақтың 2016-2018 жылдар аралығындағы экономикалық өсуі 5 пайыздан артатын болады. Жағдайдың осылай жақсаруына аймақтағы даму үстіндегі ірі экономикалардың бірі саналатын ИИР экономикасының айтарлықтай мөлшерде көтерілуі себеп болады.
Иран Иракпен сауда айналымын арттырады.
Ирак – бай әрі мұнайға ие және түрлі салаларға инвестиция салу үшін жақсы мүмкіндіктері бар ел.
Иранның Сауданы дамыту ұйымының төрағасы Валиолла Афхамирад бұл мәселені Бағдад көрмесінің төрағасы Мұхаммад Джасем Америмен кездесуінде: «Иран осы мәселені жүзеге асыру үшін Иракқа инвестиция салуға әзір. Қазіргі кезде көптеген ирандық компаниялар Иракта жұмыс жасап жатыр» деді.
Бағдад көрмесінің төрағасы Мұхаммад Джасем Амери де осы кездесуде Ирактың халқы мен үкіметінің ирандықтарды өздерінің бауыры әрі жәрдемшісі санайтынын айтып: «Ирак біраз уақыт бойы өз қажеттіліктерін көршілес елдерден, соның ішінде Ираннан импорттау арқылы қамтамасыз етті. Бірақ Түркияның іс-әрекеттеріне байланысты Ирактың халқы мен кәсіпкерлерінің түркиялық компаниялармен әріптестік жасауға деген ынтасы азайды. Түркия кәсіпкерлерінің барлығы дерлік осы мәселеге байланысты Ирактан кетті. Ирак өзіне қажетті тауарларды Түркия мен Йорданиядан импорттауды тоқтатуды қалайды. Парсы шығанағы елдерімен де байланыс жоқ. Сол себепті өз қажеттіліктеріміздің басым бөлігін Иранның көмегімен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз» деп қуаттады.
Иранның Сауданы дамыту ұйымының қоғамдық қатынастар бөлімінің мәлімдеуінше, Иранның Бағдадтағы екінші мамандандырылған көрмесі ақпан айының 16-19 күндері аралығында өтетін болады.
Иран мен Ирактың сауда-экономикалық қатынастарына келетін болсақ, Иранның Ұлттық газ компаниясының халықаралық істер жөніндегі директоры Азизолла Рамазани 2016 жылдың бірінші ширегінде Иранның Иракқа газ экспорттайтынын, Иранның осы елге газ экспорттауға толығымен дайын екендігін мәлімдеді.
Ол ШАНА-ға берген сұхбатында: «Қазір Иракқа газ экспорттайтын құбырлар дайын. Иран Ирактың газ қабылдауы үшін дайындық жұмыстарын бітіруін күтіп отыр. Бағдадқа газ экспорттау жұмыстары күніне 4 миллион текше метр газ жөнелтумен басталады. Бұл мөлшерді күніне 35 миллион текше метрге дейін арттыруға болады» деді.
25 жылға дейін әлем энергиясының 80 пайызы қазба көздері арқылы қамтамасыз етілетін болады. Осы арадағы мұнай мен газдың үлесі 50 пайыздан жоғары болады.
Газ экспорттаушы елдер ассамблеясының ирандық бас хатшысы Мұхаммад Хосейн Адели өткен аптада «Қазіргі түйткілдер аясындағы әлемдік газ нарығының көкжиегі» атты семинарда: «Бүгінгі таңда LNG газының саудасы 30 пайызға жетті. Алайда газдың бағасы мұнай бағасына тәуелді болғандықтан, мұнай бағасының төмендеуі газ бағасының төмендеуіне себеп болды» деді. Адели бұрын энергия үшін ең көп сұраныстың Еуропа мен АҚШ-тан түскенін, ал қазіргі кезде бұл сұраныстың жер құрлығының шығыс бөлігіне қарай ауысқанын айтты.
Қазір әлем климаттың өзгеруімен күресу мәселесі бойынша парниктік газдың таралуын ең төменгі деңгейге түсіруге шешім қабылдады.
Иран ең үлкен қорға ие болып, әлемдік газ саудасының орталығы болатындай географиялық жағдайда орналасқан. Иран, Ресей, Түркіменстан мен Қатар елдері газдың 59 пайызына ие.
Теһранда бірнеше халықаралық көрме өтті.
Заманауи үй, ішкі архитектура мен безендіру, бетон, құрылыс технологиялары мен жанама машиналар көрмесі, аспашам мен безендіру шамдарының көрмесі мен Италияның мамандандырылған көрмесі осы аптада Теһранның халықаралық тұрақты көрмелер мекенінде өтті.
6-шы Халықаралық заманауи үй, ішкі архитектура мен безендіру, бетон, құрылыс технологиялары мен жанама машиналар көрмесінде 200-ден астам ішкі компаниялар мен 16 елден, соның ішінде Германия, АҚШ, Испания, Ұлыбритания, БАӘ, Италия, Бразилия, Бельгия, Тайвань, Швейцария, Жапония, Оман, Қытай, Финляндия, Гонконг пен Оңтүстік Корея елдерінен жиналған 65 компания өз өнімдерін жұрт назарына ұсынды.
Италияның Ирандағы мамандандырылған екінші көрмесінде Италияның архитектуралық делегациясы аймақтық сауда палаталарымен бірге 60 италиялық өндірістік және қызмет көрсету компаниясы қатысып, өз жетістіктерін мамандар мен қызығушы жұрттың назарына ұсынды.
12-ші Халықаралық Энергетика көрмесі жергілікті және шетелдік компаниялардың өкілдерінің қатысуымен Киш аралының халықаралық көрмелер орталығында өтті.
Осы көрмеде инвестициялық мүмкіндіктер мен жаңа энергия түрлері, мұнай-химия, мұнай және газ өндірушілерінің соңғы жетістіктері жұрт назарына ұсынылды.
Италияның Ұлттық мұнай компаниясы ENI жақында осы елдің Иранмен жаңа серіктестігінің басталатынын мәлімдеді.
Италияның Ұлттық мұнай компаниясының бас директоры Клаудио Дескальци Иранды әлемді энергетикамен қамтамасыз ететін ірі елдердің бірі деп атап: «Иранмен ынтымақтастық жасау Италия үшін өте маңызды. Иран мен Италияның Ұлттық мұнай компаниясының арасындағы қарым-қатынас әрқашан жоғары деңгейде болды. Бірақ Батыстың санкциялары салдарынан Ирандағы жұмыстарымызды уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық» деді. Ол Теһранда ирандық қайраткерлермен кездесуінде екіжақты ынтымақтастықтар мен Италияның Иранның мұнай және мұнай-химия жобаларындағы белсенді әріптестігі туралы сұхбаттасты.
Мұнай өнеркәсібіне қарсы халықаралық санкциялар салынғаннан бұрын Италияның ENI компаниясы Иранның мұнай және энергетика өнеркәсібіндегі белсенді компаниялардың бірі болған. Италияның ENI компаниясы Карунның батыс аймағындағы Дархавин мұнай алаңын кеңейту жобасының бірінші және екінші фазаларына инвестиция салып, әріптестік жасаған болатын.
ENI – әлемнің ондаған елінде мұнай өнеркәсібіне қатысты жұмыс атқарып жатқан танымал ірі мұнай компанияларының бірі. Бұл компания 1953 жылы құрылып, 1957 жылы Иранда жұмыс жасай бастады. ENI мұнай өнеркәсібімен қатар, электр қуаты, мұнай өнімдерінің түрлері, өнеркәсіптік майлар, әсіресе, ауыл шаруашылығына арналған арнайы отындар мен өнімдер, химиялық өнімдер мен ұшақ жанармайы салаларында жұмыс жасайды.
Осы аптада Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер бастаған осы елдің сауда-экономикалық делегациясы Теһранға келді. Бұл делегацияны Иранның кейбір басшылары, соның ішінде, Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің орынбасары Валиолла Афхамирад қарсы алды.
Аталмыш сауда делегациясы санкциялардың жойылуы қарсаңында саяси және экономикалық келіссөздер өткізу үшін Теһранға келіп, Иранның үкімет пен жеке сектордағы түрлі сауда-экономикалық бөлімдеріндегі жауапты тұлғалармен кездесті.