Ақп 15, 2016 14:14 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (62)

Көптеген еуропалық компаниялар «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын жүзеге асыру және Иранға қарсы санкциялардың күшін жою жұмыстары басталғаннан кейін Иранның нарығына енуді көздеп отыр.


ИИР Президенті Хасан Рухани «Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан кейін өткізген алғашқы баспасөз маслихатында: ««Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін мұнай экспорттауға қойылған шектеулер алынады. Мұнай мен басқа да мұнай өнімдері ұлттық мүдделер шеңберіндегі елдің бағдарламасында көрсетілген мөлшерде экспортталатын болады» деді.

Көптеген елдерде экономикалық өсу баяулап, көптеген нарықтар осы аяда қиыншылықтарға тап болып отырған жағдайда еуропалық компаниялар үшін Иранмен экономикалық қарым-қатынас орнату көкжиегі тартымдылыққа ие болып отыр. Германияның Siemens компаниясы осы компаниялардың қатарына жатады. Siemens бір мәлімдемесінде осы компания басшыларының Иранның темір жол бөліміндегі инфрақұрылымын жақсарту мақсатындағы келіссөздерге қатысу үшін Иранмен өзара түсіністік меморандумына қол қойғанын мәлім етті.

Сонымен қатар, өткен айда Данияның атқарушы ұйымдары басшыларының делегациясы құрылыс, кеме жүргізу, жел турбиналары бөлімдерінде келіссөздер өткізу мақсатында Теһранға келді. Данияның Maersk кеме жүргізу компаниясының басшылары да ирандық қайраткерлермен кездесіп, келіссөздер өткізгенін мәлімдеді. Novo Nordisk фармацевтикалық компаниясы да қыркүйек айында Иранда дәрі шығаратын зауыт салып, 130 жұмыс орнын ашатынын мәлімдеген болатын.

Енді мұнай мен газ және мұнай-химия алаңындағы Иранның нарығы мен ондағы бәсекелестіктерге тоқталайық.

Иран қазір әлемдік мұнай нарығына қайтып оралуда. Санкциялар алынғаннан кейін Иран өзінің Еуропаға экспортын қайта жандандырады. Иранның Mehr ақпарат агенттігі сенбі күні Total және Shell мұнай компанияларының Иранға қарсы халықаралық санкциялардың жойылуы қарсаңында өз басшыларын Теһранға жібергенін хабарлады. Иранның мұнай бөліміндегі жоғары деңгейлі қайраткерлері алдағы айда еуропалық мұнай және газ компанияларының басшыларымен кездесу үшін Лондонға сапар шегетін болады.

Осы аядағы басқа да мәліметтерге сәйкес, Иранның мұнай танкерлері Үндістан мен Еуропаға қарай жөнелтілуге дайын тұр. Осы мәліметтер бойынша, Иран ағымдағы жылы өзінің Үндістанға шикі мұнай экспортын күніне 200 мың баррельге дейін арттырып, төрт жыл өткеннен кейін Еуропаға мұнай экспортын қайта бастауды көздеп отыр. Бұл мақсатта Иранның 22 мұнай танкері дайын тұр. Thomson Reuters компаниясында жиналатын кемелерді қадағалау туралы деректерге сәйкес, Иранның 13 толы және жартылай толы мұнай танкерлерінің жолы Үндістанға қарай бағытталған. Бұл мөлшер Үндістанның бір апталық қажеттілігін қамтамасыз етеді.

Үндістан өткен жылда Ираннан күніне 260 мың баррель мұнай сатып алды. Үндістанның Essar компаниясының тазарту зауыты Reuters-ке: «Иранмен жақын қарым-қатынасқа иеміз. Санкциялар жойылғаннан кейін қолда бар варианттарды қарастыратын боламыз» деп мәлімдеді. Иран мұнайының Үндістандағы тағы келесі сатып алушысы Мангалур тазарту зауыты да Ираннан мұнай сатып алудың тиімді екенін айтты. Bimco кеме қатынасы одағы да Reuters-ке: «Санкциялар жойылғаннан кейін Еуропа Иран танкерлерінің алғашқы жөнелту бекеттерінің бірі болады» деді.

The Wall Street Journal газеті Иранға қарсы санкциялар жойылғаннан кейін Иранның түрлі экономикалық бөлімдерінің шетелдік инвестициялардың тартылуы мен дамуының куәсі болатындығы туралы болжамын жариялады. The Wall Street Journal газетінің мәліметі бойынша, халықаралық санкциялар салынғаннан кейін Иранның мұнай экспортының 2011 жылғы екі жарым миллион баррельдік бір күндік деңгейі 2014 жылы күніне 1 миллион 100 мың баррельге дейін түскен. Санкциялар алынып, сауда және қаржылық шектеулер жойылғаннан кейін ирандық қайраткерлер мұнай экспортындағы жетіспеушіліктің орнын толтыруға талпыныс жасайды.

Сонымен қатар, санкциялардың жойылуы әлемнің банк жүйесімен қатынасы үзілген Иранның банк жүйесінің дамуына себеп болады. Сауда да өркендей түседі. Нәтижесінде Иранның кеме қатынасы жолдары мен порттарының жұмысы көбейеді.

Иран әлемнің мұнай қорының 9 пайызына ие. Бірақ бұл елдің өндіріс мөлшері қазіргі уақытта әлемнің мұнай өндірісінің тек 4 пайызын ғана құрап отыр.

Иран мұнайының мөлшері Ирак, Кувейт пен БАӘ елдері мұнайының мөлшерінен асып түседі. Италияның ENI компаниясының қайраткерлері Иранның табиғи газ қоры мөлшерінің әлемдегі ең үлкен газ қорының қатарына кіретінін мәлімдеді. Италияның осы компаниясына қарасты Saipem компаниясының қараша айында Иранмен өзара түсіністік меморандумына қол қойғаны туралы хабарланды. BP, Total, Statoil және Лукойл сияқты мұнай компаниялары да Иранның мұнай және газ бөліміне кіруге ынта білдірді.

Иранның әуе компаниялары ассоциациясының хатшысы ұшақ жасау компанияларының арасындағы Иран нарығына кіруге қатысты бәсекелестік туралы мәлімдеді.

Иранның әуе компаниялары ассоциациясының хатшысы Мақсуд Асади сенбі күні Mehr ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ұшақ жасау компанияларының Иранның нарығына кіруге қатысты бәсекелестігіне тоқталып: «Жаңа сатып алынған ұшақтар біртіндеп елге кіргізіледі. «Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін әуе тасымалы үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Нарықта сұраныс та бар. Ал ұшақ жасаушы компаниялар Иранның нарығына кіру үшін бір-бірімен бәсекеге түсіп отыр» деді.

Иранның әуе компаниялары ассоциациясының хатшысы ұшақ жасау компанияларының әрқайсысының Иранның нарығында көбірек үлеске ие болуды көздейтіндігіне тоқталып: «Иранның жолаушылар тасымалы компаниялары қазіргі таңда Airbus және Boeing компанияларымен келіссөздер өткізіп, ең тиімді ұсыныс жасайтын тараппен келісімге келуге талпыныс жасап жатыр. Иран 500 ұшақты қажет етеді. Бірақ бұл ұшақтар елге біртіндеп кіргізілетін болады» деді.

Иран Үнді мұхитында балық аулау мөлшері бойынша екінші орында тұр.

Иранның Балық шаруашылығы ұйымы төрағасының балық аулау порттары жөніндегі орынбасары Әли Асғар Моджахеди осы аяда статистика ұсынып: «Ирандағы балық аулау мөлшері Парсы шығанағы жағалауындағы жеті елдің жалпы мөлшерінен артып, Үнді мұхитында балық аулау бойынша екінші орында тұр. Елдің жыл сайын аулайтын 1000 тоннадан астам өнімі халықаралық ортақ сулардан алынады. Алтыншы даму бағдарламасына сәйкес, бұл мөлшер 45 пайызға артады деп болжанып отыр. Иран жыл сайын балық аулау бөлімінде 4 пайыз өсімге қол жеткізеді. Алдағы жылға дейін өсірілетін балық түрлерінен кем дегенде 300 тонна Иранның жағалаулық облысы Бушердің суларында өндіріледі деп болжануда. Торда балық өсіру Бушер облысының балық аулау бас басқармасының маңызды басымдылықтарының бірі саналады» деді.

Әлемнің мұнай және қаржы нарықтарының жұмысы 2016 жылдың алғашқы күндері сылбыр жүріп, түрлі факторлардың ықпалында өзінің жұмысын ауыр шығындармен аяқтады. Осы аяда АҚШ-тың қаржы нарықтары да осы аптада ауыр шығынға тап болып, оның басты көрсеткіштері мұнай бағасының күрт төмендеуінің ықпалымен құлдырады. Мамандар мұнай бағасының төмендеуі үдерісінің әлі аяқталмайтынын ескертіп отыр. Мұнайдың бағасы 2014 жылдың орта шеңінен бастап 70 пайыздан артық мөлшерде өз құнын жоғалтты.

ШАНА-ның хабарлауы бойынша, ОПЕК-тің мұнай пакетінің бағасы осы аптада әр баррель үшін 29 доллар 80 центке түсті. Бұл көрсеткіш өткен аптамен салыстырғанда мұнай бағасының 1 доллар 69 центке арзандағанын көрсетеді.