Maм 26, 2016 14:03 Asia/Almaty

Хорасан-е Разави облысы –х.ш.ж.с.б. 1383 жылы Иранның солтүстік-шығысындағы Хорасан облысын бөлгеннен кейін пайда болған облыстардың бірі.

 Бұл облыстың ауданы 127 432 шаршы шақырымнан асады. Солтүстікте Түркіменстанмен, солтүстік-батыста Солтүстік Хорасан облысымен, шығыста Ауғанстанмен, оңтүстікте Оңтүстік Хорасан облысымен, батыста Йезд және Семнан облыстарымен шектесіп жатыр. Бұл облыстың орталығы – теңіз деңгейінен 970 метр биіктікте орналасқан қасиетті Мешхед қаласы. Облыстың маңызды қалалары ретінде Нишапур, Сабзевар, Кашмар, Торбат-е Джам мен Сарахсты атауға болады.

Хорасан-е Разави облысы географиялық жағдайы тұрғысынан солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінеді. Оның солтүстік бөлігінде егін және мал шаруашылығы үшін ыңғайлы құнарлы да шұрайлы жерлер бар. Оңтүстік бөлігін өсімдік жамылғысы аз аласа төбелерден тұратын шөлді жерлер алып жатыр. Бұл аймақта бірнеше таулы сілем бар. «Хезар Масджед» және «Биналуд» атты екі таулы сілем басқалардан биігірек әрі ұзынырақ.

Климаттық жағынан облыс солтүстіктегі қоңыржай белдікте орналасқан, жалпы құбылмалы. Ауа температурасы солтүстіктен оңтүстікке қарай жоғарылай түсіп, жылдық жауын-шашын мөлшері азаяды. Хорасан-е Разави облысы әртүрлі аудандарда әралуан климаттық жағдайға ие. Мысалы, таудың етегі жартылай далалық жайлы ауа райына, оңтүстік аудандар ыстық та құрғақ ауа райына, Қучан, Биналудтың оңтүстігі мен Хезар Масджед биіктігі, Мешхед ауданының бір бөлігі сияқты аудандар таулы қоңыржай ауа райына ие. Облыстың ең биік нүктесі Биналуд шыңы 3615 метр, ал ең төмен нүктесі Сарахс ойпатының теңіз деңгейінен биіктігі 299 метр.

Хорасан-е Разави облысындағы Тус, Нишапур мен Сабзевар сияқты көне қоныстардың тарихы тереңнен басталады. Бұлар Исламға дейін, содан кейін де Иран тарихы мен мәдениетінде ең маңызды орталықтардың бірі саналады. Мұнда халық әртүрлі диалектідегі парсы, түрік және күрд тілдерінде сөйлейді. Мешхед пен кейбір оңтүстіктегі қалаларда өте шектеулі түрде араб тілі қолданылады.

Хорасан-е Разави облысы – Иранның шығысындағы ең маңызды әрі негізгі өмір сүру орталығы. Ол осы аймақтағы елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени белсенділіктері дамыған орталық болып саналады. Бұл облыс имам Резаның (ғ.) қасиетті кесенесінің орналасуына байланысты, сондай-ақ Түркіменстан және Ауғанстан елдерімен көршілес орналасқандықтан, сонымен қатар діни туризмнің дамуына байланысты сауда-саттық дамып, стратегиялық мәнге ие болып отыр. Бағзы замандардан бері Хорасанның өнімдерінің басым бөлігін егін шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдары құраған еді. Осы тұрғыдан Хорасан облысының экспорттық тауарларының басым бөлігі ұлттық деңгейде бидай, шафран, бөріқарақат, мейіз бен мал терісі сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері болған. Бұл облыста құнарлы егіс алқаптарының көптігі мен дала мен сайларда судың молдығына байланысты суық және жартылай жылы жерлерде өсетін өнімдер үшін, атап айтқанда бидай, бадам, алма, алмұрт, пісте, құрма мен цитрус жемістерін өсіруге жағдай жасалған.

Сонымен қатар, Хорасан Ирандағы мал шаруашылығының ең маңызды аймақтарының бірі саналады. Хорасан-е Разави облысы Иранның қолөнер кәсібінің негізгі орталықтарының бірі болып та табылады. Бұл облыстың қолөнер бұйымдары ретінде көгілдір ақықтан әшекей жасау, теріден бұйымдар жасау мен кілем тоқуды атауға болады. Көмір, мыс, мырыш, темір, марганец, шамот, магнезит пен құрылыста пайдаланатын тастар – мәрмәр, травертин, алебастрдың қорлары осы облыста бар.

Хорасан өзінің көне тарихына байланысты тарихи ескерткіштерге толы. Мәдени мұра ұйымының мәліметі бойынша, Хорасан-е Разави облысында Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген 903 тарихи және мәдени ескерткіш бар.

Кесенелер Хорасан-е Разави облысында ең көп әрі ең маңызды архитектуралық көрініс тудырған. Кесенелік кешендер ұзақ жылдар бойы діни және танымал тұлғалардың басына салынған мазардың айналасында қалыптасқан. Олардың қатарын кесене, мешіттер, медреселер, кітапханалар, керуенсарайлар, су қоймалары, дәруіштердің орталығы мен осыған ұқсас орындар құрайды. Мұндай кешеннің дамуы діннің дамуы, жерленген адамның беделі мен құрметінің артуы, сондай-ақ, салынған ғимараттардың көркемдік және архитектуралық құндылығының жоғарылауымен тікелей байланысты.

Хорасан-е Разави облысындағы кейбір кесенелік кешендер қалалардың пайда болуы мен қалыптасуында маңызды рөл атқарып, әртүрлі діни, саяси-экономикалық және т.б. белсенділіктердің орталығына айналған. Құдс-е Разави кешені – Ислам әлемінің ең салтанатты кешендерінің бірі. Бұл кешенде имам Резаның (ғ.) қасиетті кесенесінің орналасуы Хорасан-е Разави облысының Иранның діни туризмінің ең үлкен орталығына айналуына себеп болды.

Құдс-е Разави кешені сәулет өнері тұрғысынан да бірегей архитектуралық тартымдылық болып саналады. Бұл кешен осы облыстың басқа да ғимараттары мен архитектуралық ескерткіштерімен бірге Хорасан-е Разави облысының рухани тартымдылықтарымен қоса, тарихи және архитектуралық тартымдылықтары тұрғысынан да маңыздылыққа ие болуына септігін тигізді. Бағдарламаның жалғасында Хорасан-е Разави облысының орталығы Мешхед қаласымен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Х.қ.ж.с.б. 202 жылы имам Реза (ғ.) шәһид болып, Тус қаласының атырабындағы Санабад елді мекенінде жерленгенінен кейін қазіргі Мешхед қаласының негізі қаланды. Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда Тус қаласы моңғолдар тарапынан қиратылғаннан соң бұл жердің тұрғындары Мешхедке қоныс аударды. Біртіндеп қаланың аумағы кеңейіп, абадтандырылды. Алғашында Санабад Нуқандағы бір кесене ғана болған Мешхед біртіндеп дами түсті.

Мешхед пен Тус қалаларының тарихтарының ортақтығына байланысты бағдарламаның жалғасында Тус қаласының тарихына шолу жасап өтеміз. Иранның ұлттық қиссаларында Тус қаласының негізін Иранның аңызға айналған патшасы Джамшид қалаған. Ирандық бір батыр әрі әскербасы оны қайта жөндеуден өткізген деседі. Бұл қала Сасанилер заманында да болған. Тус қаласы үшінші халиф кезінде арабтар тарапынан жаулап алынып, Ислам мемлекетінің аумағына қосылды. Х.қ.ж.с.б. 421 жылы селжұқтар біртіндеп Хорасанның маңызды қалаларына еніп, 465 жылы Селжұқ сұлтаны Мәлікшах Тус қаласын өзінің данышпан уәзірі Низам әл-Мүлкке тапсырады. Х.қ.ж.с.б. 548 жылы оғыз тайпасы Селжұқ сұлтаны Санджарды жеңіп, Хорасанның үлкен қалаларын, соның ішінде Тусты басып алды.

Тус географиялық жағдайына байланысты Ильханилер мен Тимурилер кезінде бірнеше рет сол замандағы билеушілер мен үстемшілдер арасында қолдан қолға өтіп отырған. Х.қ.ж.с.б. 791 жылы болған сәтсіз ереуілден кейін оның халқы жаппай қырылып, сол замандағы әдет бойынша қала қақпаларының алдында өлтірілген адамдардың бастарынан мұнаралар тұрғызылған. Х.қ.ж.с.б. 807 жылы Ақсақ Темірдің ұлы Шахрух мырза билік басына келді. Ол заманда Тус қаласы абадтандырылып, дамыды. Шахрух дәуірінен кейін Мешхедтің ерекше маңыздылыққа ие болуы, тимурилік билеушілердің, әсіресе Байсұңқар мырзаның Мешхед пен имам Резаның (ғ.) кесенесіне көп көңіл бөлуі Тус атауының солғындауына әкеліп соқтырды. Егер кейде бұл қала жайлы сөз бола қалса, ол Мешхедтің атырабындағы елді мекен ретінде таныстырылды. Тус қаласы х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдан кейін абадтандырылмағандықтан оның қалған тұрғындары да Мешхедке көшіп кетті. Бұрынғы Тустан қирандыдан басқа ештеңе қалмаған. Қазіргі Тус тек Иранның ұлы ақыны Фердоусидің кесенесі орналасқандықтан ғана маңыз бен беделге ие. Қалай болғанда да, қазіргі Мешхедтің тарихы көне Тус қаласының тарихымен тығыз байланысты. Соңғы ғасырларда имам Реза (ғ.) кесенесінің арқасында орын алған бұл қаладағы өзгерістер оның тарихи және діни тұрғыдан маңыздылығының бірнеше есе артуына себеп болды. Бүгінде бұл қала мұсылмандардың зиярат ететін орындарының біріне айналды. Қазіргі Мешхед – Иран мен ислам елдеріне танымал абадтандырылған қала.