Аптаның экономикалық журналы (66)
Мұнай бағасының төмендеуі туралы алаңдаушылықтар әлі жалғасуда. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК осы мәселе бойынша қатты қысым көріп отыр.
ОПЕК өзінің айлық есебінде 2016 жылы ұсыныстың артық мөлшерінің 720 мың баррельге жететінін мәлімдеді. Аталмыш ұйым өзінің алдыңғы есебінде бұл көрсеткішті 530 мың баррель деп болжам жасаған болатын.
ОПЕК 2016 жылғы әлемдік экономикалық өсім туралы өзінің болжамын да 3,4 пайыздан 3,2 пайызға дейін төмендетіп, мұнай бағасының арзандауының әлемдік экономикаға нұқсан келтіретінін айтты. ОПЕК өзінің бұрынғы есептерінде мұнай бағасының төмендеуінің әлемдік экономиканы нығайтатынын айтқан болатын. Бұл есепте мұнай бағасының арзандауы салдарынан ОПЕК-тен тыс өндірістің шығынға ұшырап, кейбір компаниялардың өздерінің құны миллиардтаған долларды құрайтын жобаларын кейінге қалдырғанын немесе тоқтатқанын мәлімдеді. Бұл мәселе болашақта мұнай ұсынысына нұқсан келтіретін болады.
ОПЕК өткен қаңтар айында күніне 32 миллион 330 мың баррель мұнай өндірді. Бұл көрсеткіш өткен желтоқсан айымен салыстырғанда 130 мың баррельге артқан. Әлемде шикі мұнайды ең көп өндіретін ел Сауд Арабиясы ОПЕК-ке желтоқсан айында өз өндірісін 10 миллион 140 мың баррельден 10 миллион 230 мың баррельге дейін көтеретінін мәлімдеді.
Санкциялар жойылғаннан кейін Теһран санкцияларға дейінгі өз үлесін пайдалану үшін өндірісін күніне 500 мың баррельге дейін арттыруды көздеп отыр. Иран өзінің мұнай нарығындағы үлесін қайтаруды, өзінің өндіріс деңгейін санкцияларға дейінгі деңгейге жеткізуді қуаттап отыр. Бұл деңгей Иранның ОПЕК-тегі үлесі әрі хақы болып табылады.
Иран Мұнай министрінің орынбасары Масуд Хашемиан Исфахани бұл жайлы былай дейді: «Біз өз үлесімізді қайтаруды қажет етеміз. Көптеген елдердің өздерінің үлестеріне қайта оралуы үшін кейбір елдер өз үлестерін азайтуы керек болады».
Иран – әлемдегі ең көп мұнай қорына ие елдердің бірі. Иранның Ұлттық мұнай компаниясы өз экспортын арттыра алатын мүмкіндікке ие. Иранның мұнай өндірісі қазіргі кезде Теһранға қарсы санкциялар жойылғаннан кейін күніне 3 миллион баррельге жетті. Иран өзінің экспорт деңгейін бір миллион баррельге дейін жеткізе алады.
Иранның мұнай мнистрі Бижан Намдар Занганенің айтуынша, Иранның мұнай нарығына толығымен оралу үдерісі алдағы уақытта біртіндеп орын алатын болады. Қазіргі жағдайдағы Иранның басты бағдары – өткен жылдары елдің мұнай бөліміндегі шығындардың орнын толтыру үшін мұнай бөлімдеріне инвестиция салу болып табылады.
Арменияның Ирандағы елшісі Ирандағы тыныштық пен қауіпсіздік армениялық инвесторларды Иранға, әсіресе, Арас еркін сауда аймағына келуге ынталандырғанын айтты.
Арташес Туманян өткен сәрсенбі күні Арас еркін сауда аймағы ұйымының бас директорымен кездесуінде: «Арас еркін сауда аймағы түрлі инвесторлар үшін ерекше мүмкіндіктерге ие. Армениялық инвесторлардың Арас аймағының басымдылықтарымен танысуы және инвестиция салудың құқықтық шараларын орындау үшін қызмет көрсету кеңсесін ашуы инвесторларды тартудың басты факторлары болып табылады» деді.
Туманян Арменияның өнеркәсіптік құбырлары орнатылғаннан кейінгі Арас өзенінің ластануы туралы қойылған сұраққа: «Арас өзені Иран үшін маңызды болғанымен қатар Армения үшін де маңызды болып табылады. Сондықтан қоршаған орта проблемаларын шешу үшін алдын-алу шаралары жасалып жатыр» деді.
Арас еркін сауда-өнеркәсіптік аймағы Иранның солтүстік батысында Шығыс Әзірбайжан облысында орналасқан.
Арас санкциядан кейінгі кезеңде жаңа инвестициялық мүмкіндіктер тудырып, шетелдік инвесторларды тарту және экспортты арттыру үшін жағдай жасады. Осы сауда-өнеркәсіптік аймақ лайықты инвестициялық инфрақұрылымдарды пайдалану тұрғысынан ауылшаруашылық және жылыжай, мұнай өнімдері және тағы басқа бөлімдерге инвестиция салу үшін ерекше жағдайға ие.
Иран мен Ресей арасындағы ортақ экономикалық жобаларға инвестиция салу протоколына екі елдің экономикалық қайраткерлері қол қойды.
Өткен сейсенбі күні Иранның Экономика және қаржы министрінің орынбасары Мұхаммад Хазаи мен Ресейдің Қаржы министрінің орынбасары Сергей Сторчак қол қойған 15 баптан тұратын осы протоколда экономикалық және өнеркәсіптік жобалар үшін үкіметтік экспорттық кредит желісін ашу қарастырылған.
Өткен бірнеше айда Иран мен Ресей арасында құны 40 миллиард долларды құрайтын түрлі бөлімдер бойынша ынтымақтастық келісімі жасалды. Бұл келісімдер ресейлік тарап қаржы көзін қамтамасыз еткеннен кейін жүзеге асырылатын болады.
Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігі бір хабарда Ресейдің үкіметтік өнеркәсіптік компаниясы РОСТЭК-ке қарасты Біріккен қозғалтқыш жасау корпорациясы Теһранның «Kala naft» компаниясымен құны 50-70 миллиард рубльді құрайтын келісімді дайындап жатқанын мәлімдеді. Бұл келісім аяқталған жағдайда өткен айда Иранға қарсы ядролық бағдарлама сылтауымен салынған санкциялар жойылғаннан кейін Мәскеу мен Теһран арасындағы сауда қатынастары нығаятын болады.
Біріккен қозғалтқыш жасау корпорациясы директорының орынбасары Сергей Михайлов былай дейді: «Бізде Иранның Ұлттық мұнай компаниясына қарасты «Kala naft» компаниясымен жасалған бастапқы келісім бар. Энергетикалық жобалар мен газ толтыру құрылғыларының көп бөлігін қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз» деді.
Иран мен Ресей электр инженериясы мен темір жол бөлімдерін қамтитын жобалар үшін құны 40 миллиард долларлық бастапқы келісімдерге қол қойды.
Иранға қарсы халықаралық санкциялар жойылғаннан кейін Иран шетелдік инвестициялар үшін тартымды елге айналды. Теһранның қор биржасы да өткен төрт аптада көзге көрінерліктей дәрежеде көтерілді. Бұл Ирандағы жоғары инвестициялық потенциалдың нышаны болып табылады.
Италия тіліндегі «La Repubblica» газеті Иранның 9 жыл санкциялар қысымынан кейін халықаралық сахнаға қайта оралуына тоқталып: «Иранның қайта оралуы Италия үшін де жақсы экономикалық көкжиек тудырды» деп жазды.
Осы аяда Италияның Орталық сақтандыру компаниясы бір мәлімдемеде Иранға қарсы санкциялардың аяқталуы 4 жыл бойы, яғни, 2015-2018 жылдар аралығында Италияның Иранға экспортының 3 миллиард еуроға артуына себеп болатынын хабарлады. Аталмыш газет Италияның Теһранның тоғызыншы сауда серіктесі екенін жазды.
Осы аптада Гана Президенті Теһранға келді. Гана Президенті мен осы ел делегациясының Теһранға сапарында 2 құжат пен бірнеше өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Иран Президенті Хасан Рухани жексенбі күні Гана Президенті Джон Драмани Махамамен өткен отырыста сөйлеген сөзінде Теһран үшін африкалық және дос елдермен, әсіресе, Ганамен қарым-қатынастарды кеңейтудің маңызды екендігін мәлімдеді.
Иран мен Гана түрлі бөлімдерде, соның ішінде, мұнай және газ, мұнай-химия, электр стансаларын салу, техникалық-инженерлік қызметтер көрсету және ауылшаруашылық бөлімдері бойынша әріптестік жаса бойынша көптеген мүмкіндіктерге ие. Иран Президенті ортақ келіссөздерде түрлі бөлімдерде, соның ішінде, мәдени, ғылыми қатынастарды кеңейту, қоғамдық қызметтер, өнеркәсіп және тау-кен өндірісі бөлімдеріндегі ынтымақтастықтарды кеңейту жөнінде сұхбаттасқандарын айтты.
Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи жексенбі күні кешке Гана Президенті және ол кісімен бірге келген жоғары дәрежелі делегацияны қабылдауында Ислам Революциясының басынан бастап Иранның африкалық елдермен қатынастарды кеңейтуге оң көзқараспен қарағанына тоқталып: «Үстемшіл алпауыттар Иран мен Африканың жақсы қарым-қатынастарына қарсы. Олар соғыстар, қақтығыстар мен лаңкестік топтарды қамтамасыз етудің басты көзі саналады» деді.
Бижан Намдар Зангане Гананың Энергетика және мұнай министрі Эммануэль Армах Кофи Буахинмен кездесуінде: «Екі ел екіжақты қатынастар мен халықаралық ынтымақтастықтарды кеңейту үшін жоғары мүмкіндікке ие. Иран Ганаға электр инженериясының басқа да салаларында көмектесуге әзір» деді.
Гананың Энергетика және мұнай министрі де: «Гана Иранның техникалық-инженерлік біліктілігін өзінің мұнай және энергетика өнеркәсібін дамыту үшін қолданып, осы елдің тәжрибелерін пайдалануға мүдделік танытады» деді.
Ескі Жібек жолын жаңғырту талпыныстары шеңберінде Қытайдың бір жүк пойызы Иранға келіп жетті. Жібек жолы – Шығысты Еуропа мен Жерорта теңізіне қосатын сауда жолы. 32 контейнерді тіркеген осы жүк пойызы 10399 шақырымды 14 күнде басып өтіп, дүйсенбі күні Теһранға келді. Бұл пойыз Қытайдың шығысындағы Чжэцзян облысынан шығып, Қазақстан мен Түркіменстанды басып өткеннен кейін Теһранға келіп тоқтады. Бұл жол Қытайдың Шанхай портынан Иранның Бандар-Аббас портына қатынайтын кеме жолына кететін уақытпен салыстырғанда 1 айдан кем уақытты қажет етеді.
Иран саудасының мақсаттарының бірі – Шығысқа шығып, темір жолын кеңейту және тарихи Жібек жолын жаңғырту болып табылады. Қытай қазіргі таңда Иранның ең үлкен серіктесі саналады. ҚХР-ның төрағасы – ядролық келісімнен кейін халықаралық санкциялар жойылғаннан соң өткен айда Теһранға сапар шеккен алғашқы әлемдік қайраткер болды. Екі ел алдағы он жыл үшін сауда қатынастарын нығайтуға арналған 600 миллиард долларлық келісімге қол қойды. Тарихи Жібек жолын жаңғырту темір жолдары мен су жолдары арқылы да жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.