Иран Ислам революциясы – теңдессіз революция (1)
(last modified Tue, 31 Jan 2017 08:12:57 GMT )
Қаң 31, 2017 14:12 Asia/Almaty

Хазірет аятолла Хаменеи: «Қазіргі заманның ұлы тұлғасы, яғни имам Хомейни (р.) діндар ойшыл, тақуа данышпан, саясаткер хакім, жаңашыл мүмін, ержүрек те қырағы мистик, әділетті билеуші әрі жанкешті мұджаһед болды. Ол факиһ, философ, мистик, ақлақ мұғалімі, әдебиетші әрі ақын болған».

Иран революциясы – теңдессіз революция

Иран Ислам революциясы – ұлы, салтанатты әрі ықпалды қозғалыс, бірақ, Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи айтқандай: «Бұл революция бүкіл әлемге имам Хомейнидің (р.) атымен танылған». Шындық та осында: имам Хомейнидің (р.) Иран халқының ұлы қозғалысын басқарудағы рөлінің көрнектілігі соншалықты, оның жеңісін имамның көреген де қырағы жетекшілігінсіз елестету мүмкін емес. Сол себепті имам Хомейниге (р.) қатысты оқиғалар да тарихта революция кезінде орын алған оқиғалардың маңызды бөлігі болып тіркелген. Әсіресе имамның х.ш.ж.с.б. 1343 жылы (1964 жылы) қамауға алынып, жер айдалуы және осы халықтың жетекшісінің  1357 жылы 12 бахманда (1979 жылы 1 ақпанда) Отанға қайтып оралу оқиғаларын атауға болады. Осы жеңіспен қайта оралу он күннен кейін, яғни 22 бахманда (11 ақпанда) Иран Ислам революциясының жеңіске жетуіне айтарлықтай ықпал етті.

Имам Хомейнидің (р.) Иранға қайтып оралуы

Бүгін Иран Ислам революциясының жеңісінен 37 жыл өткен соң бұл ұлы революцияның қазіргі заман тарихындағы ең әсерлі оқиға болғаны анықталып отыр. Бұл революция уақыт өте келе құлдыраған жоқ, керісінше оның нұры күн өткен сайын артып келеді. Сондықтан бұл революцияны жеңіске жеткізіп, артынан жетекшілік жасай алатын адам үздік тұлғаның ерекшеліктеріне ие болуы тиіс еді. Имам Хомейни (р.) осындай айшықты ерекшеліктердің барлығына ие болды. Ол іс жүзінде Иран халқының исламдық қозғалысы үшін ұлы әрі теңдессіз жетекші болғанын көрсетті.

Имам Хомейниді (р.) басқа революциялардың жетекшілерінен ерекшелендіретін ең маңызды қасиет оның құтқарушы дін ретінде исламға шынайы сенуі болды. Жалпы хазірет имам Хомейни (р.) фикһ-діни заңгерлік, ақлақ, мистика мен ислам философиясында ауқымды мағлұматтарға ие көрнекті діни ғалым болған. Сол себепті Иранның мұсылман халқы ол хазіретке жақтасуға өздерін міндетті санаған.

Имам Хомейни (р.) 

Имам Хомейнидің (р.) көрнекті діни тұлға ретіндегі орны ғана халықтың сенімін тудырып қойған жоқ, сонымен қатар олар өз жетекшісін ислам мен Құран Кәрімнің тағылымдарын ұстанушы адам деп білген. Иран Ислам республикасының негізін қалаушы осы тағылымдарға қатты сеніп, басқа революциялардың кейбір басшылары сияқты діни мектепті жеңіске жетудің құралы ретінде пайдаланбаған. Имам Хомейнидің (р.) Аллаға берік иманы әрдайым өзін Алланың алдында көріп, тыныштық табуына себеп болды. Құранда айтылғандай, «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады. (Рағыд, 28)». Бұл орныққан жүрек күрес пен әртүрлі қиыншылықтармен бетпе-бет келген кезде өте әсерлі әрі шешуші сипатқа ие болды. Мысалы, имам Хомейни (р.) жер аударылып, 14 жыл бойы отаннан жырақта жүргеннен кейін 1357 жылы 12 бахманда Иранға қайтып оралуға шешім қабылдаған  кезде шах режимі оның ұшағын құлатамыз деп қоқан-лоққы  жасады. Бірақ имам Хомейни (р.) Аллаға тәуекел етіп,  өз шешімін орындады. Бір қызығы, имамның жанындағылар ұшақтағы оның ішкі жағдайын толық тыныштықта, қарапайым әрі ешбір үрей-қорқынышсыз болды деп сипаттаған.  

Сондықтан имам Хомейнидің (р.) күрес пен одан кейін де Аллаға арқа сүйеуі ішкі тыныштықпен бірге оған теңдессіз батылдық сыйлады. Имам Хомейни (р.) шындығында Алладан басқа ешбір адам мен биліктен қорықпай, «Фуссиләт» сүресінің 30-аятына иек артқан: «Расында: “Раббымыз Алла” деп, сосын мықты тұрғандар, оларға періштелер түседі де: “Қорықпаңдар, кейімеңдер! Сендерге уәде етілген жаннат арқылы қуанышқа бөленіңдер” дейді. («Фуссиләт» сүресі, 30).  Қорқып, жасқанғаннан дұшпандармен бітімге келіп, өз революциясының армандарын ұмытқан революциялардың жетекшілері мен елдердің басшылары көп болған. Алайда Иран Ислам революциясының бұрынғы жетекшісі ондайға бармай, керісінше өз ісі және батыл сөздерімен Иран революциясы мен ұлы халқының дұшпандарының үрейін ұшырды.

Имам Хомейни (р.) және АҚШ-пен күрес

Имам Хомейнидің (р.) батыл әрекеттерінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Бұлар халық пен жауапты тұлғалардың батылдана түсуіне себеп болған.  Имам Пехлеви басып-жаншушы режимінен еш уақытта қорықпаған. Оның әшкерелеуші сөздері мен мәлімдемелері күрес барысында халықтың өз-өзіне деген сенімін арттыруға септігін тигізген. Имам Хомейни(р.) х.ш.ж.с.б. 1343 жылы (1964 жылы) өзінің қамауға алынғаны жайлы: «Алланың атымен ант етейін, мен өмірімде қорқып көрмеппін. Шахтың жендеттері мені алып кеткен түні олар қорықты, ал мен оларды жұбаттым»,-деген. Ол Пехлевидің озбыр режимінен ғана емес, оның қожайыны, яғни АҚШ-тан да қорықпай, осы үстемшіл елге қарсы талай рет батыл сөйлеген. Имам АҚШ-ты «Үлкен шайтан» деп атап, бұл елдің зорлық-зомбылық көрген халқын үкіметке қарсы көтеріліске шығуға шақырған.  Имам: «Біз АҚШ-қа қарсы ауыр күресті бастадық. Балаларымыз үстемшілдердің табынан босап шығып, әлемде бір Аллаға сыйыну (тоухид) туын желбіретеді деп үміттенеміз. Қылмыскер АҚШ-пен күрес болып табылатын міндетімізді орындауды жалғастырсақ, балаларымыздың жеңістің дәмін тататындығына сенімдіміз»,-деп тура айтқан.

Иран Ислам революциясы жеңіске жеткен кезеңде әртүрлі елдердегі революциялар мен саяси-әлеуметтік өзгерістер екі үлгі – коммунизм мен капитализмнің бірін таңдап отырған. Алайда имам Хомейни (р.) көреген де ықпалды көзқарасымен және көрнекті діни ғалым ретінде Иран халқына исламдық жүйені ұсынды. Халық мұны құшақ жая қарсы алды.  Имамның өзі биліктің осындай түрі жайында қысқаша былай деді: «Біз исламдық республиканы қалаймыз. Республика биліктің қалыбын құрайды. Ислам діні илаһи заң ретінде сол қалыптың  мән-мазмұнын құрайды». Демек, имам Хомейни(р.) қалаған ислам тек ғибадат етумен шектелмейді, адамның жеке және әлеуметтік өмірінің барлық қырларын, соның ішінде үкіметті басқаруға араласатын жан-жақты дін болып табылады. Осындай исламды ол «Мұхаммедтің таза исламы» деп атаған. Исламды ғибадат және жеке мәселемен ғана шектеп, үстемшілдермен күреске назар аудармайтын бұрмаланған көзқарасты «америкалық ислам» деп атаған.

Имам Хомейнидің (р.) қарапайым өмір сүруі де Иран Ислам революциясының марқұм жетекшісінің исламдық тәлімдерден алған келесі бір маңызды ерекшелігі болды. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі көсемдер мен саясаткерлер сән-салтанатта өмір сүріп жатқан шақта имам Хомейни(р.) Исламның ұлық пайғамбары мен оның ұрпағының өмір салтын ұстанып, қарапайым да тақуа ғұмыр кешкен. Тіпті онымен кездесуге келген шетелдік қайраткерлердің көбі қазіргі замандағы ең ұлы революция жетекшісінің осындай жағдайда өмір сүріп жатқанын көргенде таңырқайтын. Бұл қарапайым өмір халықтың имам Хомейниге(р.) көбірек жақындық сезініп, халық пен жетекші арасындағы сүйіспеншіліктің нығая түсуіне септігін тигізді.

Имам Хомейнидің (р.) үйі

Әртүрлі елдердің саясаткерлері мен басшыларының көбі халықты мадақтауды өз сөздері мен ұрандарының басты тақырыбы етіп алады. Алайда іс жүзінде өз партиясы мен тобының мүддесін көздейді. Ал  имам Хомейни(р.) Иран Ислам қозғалысының басынан-ақ халыққа ерекше назар аударған. Имам революцияны ағартушылық пен халықты ояту арқылы орындауға болады деп санаған. Соған орай халық та имамға аса зор ілтипатпен қарап, оның жолнұсқауларын нық сеніммен ұстанған. Осындай жақтастықтың үлгілерін халықтың имам Хомейнидің(р.) жетекшілігіндегі революцияның жеңісі жолындағы жанпидалығы және Саддамның басқыншы армиясына қарсы сегіз жылдық Қасиетті қорғанысқа ауқымды түрде қатысуынан көруге болады. Имам Хомейни(р.) өзін кішіпейілдікпен халықтың қызметшісі деп атап, халыққа қызмет ету жауапкершілігін қуаттап: «Егер халық үкіметті қолдаса, бұл үкімет құламайды. Егер халық бір режимді қолдаса, сол режим жойылмайды»,-деген.

Имам Хомейни(р.) халық алдында

Көрегендік пен қырағылық имам Хомейнидің(р.) айшықты ерекшеліктерінің бірі болған. Имам ішкі-сыртқы мәселелер мен өзгерістерге басқалардан әлдеқайда тереңірек көңіл аударған. Тіпті Иран Ислам революциясының жеңісінен бірнеше жыл бұрын өзінің күресін бастап, халықты құлақтандырып, күрескер әрі революцияшыл тұлғаларды тәрбиелей бастаған. Революциядан кейін де имамның қырағылығы сан рет Иранды қауіп-қатерден аман алып қалды. Соның ішінде имам Хомейнидің (р.) өз жанындағыларға аятолла Хаменеиды өзінен кейін жетекші болуға ұсынуын оның көріпкелдігінің бір үлгісі деп санауға болады. Бүгінде аятолла Хаменеидің оңтайлы басқаруынан 27 жыл өткен соң имам Хомейнидің(р.) өзінің көрнекті шәкіртінің саясат, діндарлық, әсіресе Ислам революциясының құндылықтарын сақтау жолындағы қарым-қабілетінің қандай дәрежеде екенінен хабардар болғанын түсінуге болады. Бұл шәкірт ешқашан ұстазының армандарынан алшақтауды қаламай, имамды сипаттауда: «Қазіргі заманның ұлы тұлғасы, яғни имам Хомейни (р.) діндар ойшыл, тақуа данышпан, саясаткер хакім, жаңашыл мүмін, ержүрек те қырағы мистик, әділетті билеуші мен жанкешті мұджаһед болды. Ол факиһ, философ, мистик, ақлақтың мұғалімі, әдебиетші әрі ақын болған»,-деді.

Имам Хомейни(р.) мен аятолла Хаменеи