Туберкелез ауруы қайта бас көтерді
Əлемдік деңгейде жасалған талпыныстарға қарамастан, туберкулездің қатері зор болып отыр. Туберкулезге шалдыққан адамдардың бір бөлігі əлі күнге дейін əлемнің көптеген аймақтарында анықталмаған немесе дұрыс емделмей жатыр.
24 наурыз – Дүниежүзілік туберкелезбен күрес күні. Туберкулез – адамзат тарихында өте ерте заманда пайда болған ауру. Бұл ауру көптеген адамдардың жанын алды. 21 ғасырдың өзінде де ғылым мен медицинаның дамығанына қарамастан бұл ауру адамдардың өлім-жітімі факторларының бірі болып отыр.

Туберкулез – "Mycobacterium tuberculosis" деп аталатын бактерия арқылы туындайтын жұқпалы ауру. Бұл бактерияны 1882 жылы Роберт Кох атты неміс дəрігері ашты. Сол себепті туберкулез ауруын тудыратын талшық "Кох бацилласы" деген атпен де танылған.

Физиология тұрғысынан "Кох бацилласы" өзінің дамуы мен таралуы үшін оттегінің көп мөлшерін қажет ететін аэробтық микроб болып табылады. Адам, сиыр, тышқан, құстар мен жылан және балық сияқты салқынқанды жануарлар осы микробты қабылдайтын 5 түр болып табылады. Туберкулез микробы дененің əртүрлі ағзаларын, соның ішінде орталық жүйке жүйесі, лимфа түйіншелері, сүйектер мен буындарды ауруға шалдықтырады. Алайда туберкулездің ең көп таралған түрі – өкпе туберкулезі. Бұл аурудың талшықтары ауа арқылы таралып, адамның денесіне кіріп, инфекция тудырады. Туберкулез талшықтары адамның денесінде көбейе бастаған шақта жөтелу, түшкіру, қызу көтерілу, салмақтың түсуі, тəбеттің төмендеуі, түнде терлеу мен жалпы əлсіреу сезімі сияқты белгілер байқалады. Екі аптадан артық уақыт бойы қақырумен қатар жүретін жөтел – туберкулез ауруы белгілерінің бірі. Туберкулездің алдын алуға жəне емдеуге болады. Алайда, егер толығымен емделмесе, осы микроб шалдыққан адамдардың 50 пайыздан астамының өмірін қияды.
Қазіргі таңда əлемдегі денсаулық жағдайының басты қиындықтардың бірі – туберкулез. Бүгінде əлем тұрғындарының үштен бірі ауруды сезінбесе де, туберкулез микробына ие жəне осы ауруға шалдығу қатеріне ұшырап отыр. Жыл сайын осы адамдардың шамамен 9 млн-ы белсенді туберкулез ауруына шалдығады. Олардың ішінде шамамен 1,5 млн адам осы ауру салдарынан қайтыс болады. Туберкулез 15 пен 44 жас аралығындағы əйелдер өлімінің 5 себебінің бірі болып отыр. 2014 жылы шамамен 1 млн бала туберкулезге шалдығып, солардың 140 мыңы қаза тапты. Туберкулездің негізгі таратушылары – осы ауруға шалдыққан адамдар. Егер оларды бақылауға алып, емдемесе, олар жөтелу, сөйлеу немесе түкіру арқылы микробты ауаға таратып, басқаларды ауруға шалдықтырады.

Туберкулез адамның денсаулығына кері әсерін тигізумен қатар, экономикалық шығындар, науқас адам мен оның отбасының өмір сүру сапасының төмендеуіне және қоғамның әлсіреуіне әкеліп соқтырады. Ауруға шалдығу және соның салдарынан қайтыс болу жайттарының 90 пайыздан астамы даму үстіндегі елдердің үлесіне тиіп отыр. Бұл елдерде науқастардың 75 пайызы қоғамның экономикалық тұрғыдан ең белсенді тобы (15 пен 54 жас аралығы) арасында байқалып отыр. Бұл адамдар орташа есеппен алғанда 3-4 ай бойы жұмыс істей алмайды. Өйткені олар осы ауру салдарынан өздері мен жанұяларының жылдық табысының 20-30 пайызынан айырылады.
Туберкулез ауруының әлемде таралуының ең маңызды себептері экономикалық және әлеуметтік кедейшілік, денсаулықтың нашарлығы, дұрыс емдемеу және дұрыс бақылау жасай алмау болып табылады. Иммундық жүйелері әлсіз адамдар, соның ішінде СПИД ауруына шалдыққандар, дұрыс тамақтанбайтындар, диабетке шалдыққандар мен темекі тартатындар осы ауруға көбірек шалдығу қатеріне ұшырайды. Әлемдегі туберкулез жайттарының 20 пайыздан астамы темекі тартуға байланысты туындайды. Сондай-ақ, СПИД вирусына шалдығу туберкулез ауруына шалдығу қатерін айтарлықтай арттырады. СПИД ауруы көп таралған елдер, әсіресе Сахараның оңтүстігіндегі африкалық елдерде 90-жылдары туберкулез ауруына шалдыққандардың санының айтарлықтай артқанына куә болдық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулезден қайтыс болатын адамдар санының азайғаны туралы мәлімдемесіне керісінше, СПИД ауруына шалдыққан адамдардың емделмейтін туберкулез жайттары арту үстінде. 2015 жылы СПИД ауруына шалдыққандар арасындағы өлім-жітімнің 3/1 туберкулезге байланысты болған.
Бұл ауруды ауыздықтау 19 ғасырдың ортасында туберкулез микробына қарсы антибиотиктер пайда болған соң басталды. 80-жылдары әлем дәрігерлерінің көбі бұл аурудың 2000 жылға дейін ауыздықталатындығына және ол жайлы тек медициналық кітаптарда жазылатындығына сенімді болды. Алайда бұл үміт 10 жылдан аспады. 1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы аурумен күресуді әлемдегі ең төтенше мәселе деп жариялады. Туберкулез ауруына шалдығудың 10 млн жайтының пайда болуы және оның тек үштен екі бөлігінің емделуі әлемдік қауымдастық үшін соғылған қатер дабылы болды. Өкінішке орай, емдеудің 50 пайыздан астамы толық жүргізілмеген. Соңғы жиырма жылда осы ауруға шалдыққандарды зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жақын болашақта туберкулезді ауыздықтау перспективасы айқын емес. Кейбіреулер әлем бойынша туберкулезді ауыздықтауда жеңіліс табудың маңызды себептерін мемлекеттік қолдаулардың болмауы, елдердің денсаулық сақтау және емдеу жүйелерінде ақаулардың болуы деп атап отыр.
Туберкулез микробында дәріге төзімділік (Multi Drug Resistant TB) пайда болған соң бұл ауру көптеген елдердегі туберкулезді ауыздықтау бағдарламасына қауіп төндіріп, түйткілге ұшыратты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2014 жылы MDR-TB-ға шалдығудың жаңа жайттарын 480 мың адам деп есептеді. Микробтану ғылымы бойынша, дәріге төзімділік бацилладағы мутация салдарынан орын алады. Дұрыс емдемеу немесе қате емдеу мутацияланған бациллалардың дәріге төзімділікке ие болып, көбейіп, адамның денесін басып алуына жол береді. Өкінішке орай, осы ерекшелік стандартты қысқа мерзімді емдеу курстарының дәріге төзімді бациллаларға шалдыққан науқастарға әсер етпеуіне себеп болды, тіпті адам денесінің туберкулезге қарсы дәрілердің көбіне төзімділік білдіруіне әкеліп соқтырды. Сол себепті, кейбіреулер жартылай немесе қате емдеу салдарынан дәріге төзімділікке ие болған туберкулезді негізі адам қолымен жасалған құбылыс деп санайды.
Қоғамда туберкулездің таралуының алдын алудың ең маңызды жолы – науқас адамдарды дер кезінде дұрыс емдеу. Бұл аурудан толығымен сауығып кетуге болады. Алайда, егер науқас емделуді бастап, оны құлантаза жазылғанша жалғастырмаса, ауру төзімді қалыпқа енеді. Бұл жағдайда қайта емдеу курсы қаражатты арттырып, сәттілігі 50 пайыздан азырақ болады.

Туберкулезді науқастың қақырығын тексеру арқылы анықтауға болады. Қазіргі тәсілдер бойынша туберкулезді анықтау шамамен 2-3 аптаға созылады. Ирандық зерттеушілер Шәһид Бехешти атындағы университетке қарасты Туберкулез және басқа өкпе ауруларын зерттеу орталығында туберкулез ауруын тез анықтауға арналған «рапид тест» деп аталатын жаңа әрі бірегей тәсіл ойлап тапты. Бұл тәсіл бойынша ауру көп дегенде 4 сағаттың ішінде анықталады. Ирандық зерттеушілердің туберкулез және басқа өкпе аурулары саласындағы тың да көрнекті жұмыстарына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) Иранды туберкулез және басқа өкпе ауруларын бақылау, емдеу және аймақтық білім беруге арналған әлемдегі алты орталықтың бірі ретінде таңдады. Иранның ел ішінде туберкулез ауруын ауыздықтауда сәтілікке қол жеткізуі High burden деп танылған 22 елдің қатарына жататын Пәкістан мен Ауғанстан сияқты көршілес елдердегі осы аурудың жағдайы, Ирактағы ішкі тынышсыздық және дәріге төзімді туберкулездің көп таралуымен бетпе-бет келіп отырған Орта Азия елдерімен салыстырғанда айтарлықтай. Иранда туберкулезді анықтау және емдеу тегін. Қазіргі таңда Иран жұқпалы аурулардың, соның ішінде туберкулездің пайда болуына әкеліп соқтыратын негізгі бактериялардың бірі Mycobacterium-ның әлем бойынша ең үлкен банкін құрды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2014 жылы өткізген жиналысы бойынша, тұрақты дамудағы денсаулық сақтау мақсаттарының бірі 2030 жылға дейін туберкулез ауруының таралуын тыю болып табылады. Мұндай мақсатқа жету әртүрлі елдердегі туберкулез ауруына шалдыққандарды көбірек анықтауды және олардың кемінде 90 пайызын сәтті емдеуді қажет етеді. Мұны орындау үшін елдердің туберкулезді ауыздықтауға бағытталған стратегиялық бағдарламаларында тиімді саясаттар қабылдануы керек. Әлемдік қауымдастықтың бір күні осындай ауруларды жеңе алатындығына үміттенеміз.