Йемен: 2016 жылдың 20 наурызынан 2017 жылдың 20 наурызына дейін
(last modified Fri, 31 Mar 2017 08:16:24 GMT )
Нау 31, 2017 14:16 Asia/Almaty
  • Йемен: 2016 жылдың 20 наурызынан 2017 жылдың 20 наурызына дейін

Йемен х.ш.ж.с.б. 1395 жылды (2016 жылдың 20 наурызынан 2017 жылдың 20 наурызына дейін) Кувейтпен келіссөздер жүргізумен бастады. Алайда содан бір жыл өтсе де, Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысын доғару үшін саяси шешім жолын табуға үміттің үзілгені былай тұрсын, Сауд әулетінің ең кедей араб еліне қарсы жасап жатқан қылмыстары арта түсті.

Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысы 2015 жылы 26 наурызда басталып, 2016-2017 жылдары да жалғасын тапты. 1395 жыл Йемен үшін Кувейт  келіссөздерімен басталды. Кувейт  келіссөздері 21 сәуірден (1395 жылдың ордибехешт айының екісінен) БҰҰ Бас хатшысының Йемен істері жөніндегі өкілі Исмаил Валад әш-Шейх Ахмадтың бақылауымен басталды. Бұл келіссөздер 2016 жылдың 1 тамызына дейін (1395 жылдың 11 мордадына дейін) 100 күнге созылды. «Рияд делегациясы» деп аталатын Мансур Хадиге қарасты делегация, Йеменнің халықтық конгресі мен Ансароллаға қатысты делегация Кувейтте өткен осы келіссөздердің ең негізгі қатысушылары болды. Бұған қарамастан, Кувейт  келіссөздері Сауд Арабиясы мен Йеменнің отставкаға кеткен президенті Мансур Хадиге қатысты делегацияның бүлдіргі әрекеттері салдарынан  Йеменнің дағдарысын шешуге қатысты ешбір сындарлы шешім жолын ұсына алмады.

Ұлтты құтқару үкіметін құру өткен жылдағы Йеменнің ең негізгі өзгерістерінің бірі болды. Кувейт келіссөздері жеңіліске жеткен соң Ансаролла қозғалысы мен бұрынғы басшы Абдулла Салех бастаған «Халықтық конгресс» партиясы Жоғары саяси кеңес пен Ұлтты құтқару үкіметін құруға келісті. Бұл кеңес 10 мүшеден тұрады. Оның бесеуі Ансаролла қозғалысынан, бесеуі Йеменнің ұлттық Конгресінен тұратын болды. Кеңестің мүшелері Салех әс-Самадты президент лауазымына, Қасем Лабузені оның орынбасары ретінде таңдады.  Соның жалғасында Абдулазиз бен Хабтур Ұлтты құтқару үкіметінің премьер-министрі лауазымына тағайындалды. Ұлтты құтқару үкіметі кабинетінің мүшелері 2016 жылдың қараша айының  соңында таныстырылды. Йеменнің Жоғары саяси кеңесінің басшысы мен мүшелері: «Әртүрлі салаларды қамтитын Ұлттық бірлік үкіметі  саудиялықтардың басқыншылығымен жан-жақты әрі бірлесе отырып күресу мақсатында құрылды»,-деп жариялады.

Қарсыластар Ұлтты құтқару үкіметін құруды екі қырлы басқару мен бір елде екі үкіметтің болуы деп сипаттап, мұны бейбітшілік келіссөздерінің бұзылуының факторы деп атады. Бұған қарамастан, бұл сындардың Йеменде Ұлтты құтқару үкіметін құруға ешқандай қатысы жоқ. Мансур Хадидің үкіметі бір жағынан Йеменде емес, эр-Риядта жұмыс істейді, ал екінші жағынан Мансур Хади – отставкаға кеткен президент, сондықтан үкімет құруға құқысы жоқ. Келесі мәселе мынадай: Йемен халқы 20 айдан астам уақыт бойы БҰҰ-ның бақылауымен осы елдің дағдарысы туралы бейбітшілік келіссөздерінің нәтиже беруін күтті. Алайда бұл келіссөздерден еш нәтиже болмады. Сондықтан Йеменнің халқы мен топтары осы елдің дағдарысын доғаруға бағытталған халықаралық талпыныстардан үміттерін үзді. Ұлтты құтқару үкіметі де осы үмітсіздіктен құрылғандықтан, бейбітшілікке кедергі саналмайды.

Саудиялық қырғи ұшақтар 2016 жылы да Йеменнің әртүрлі аймақтарын бомбалауды жалғастырды. Саудиялық қырғи ұшақтар 2015 жылдағыдай Йеменнің қалалық және экономикалық инфрақұрылымдарын бомбалаумен қатар, тіпті үйлену тойы мен жаназа шығару рәсімдеріне, сонымен қатар йемендік мектептерге шабуыл жасады. Бұл шабуылдар ақпарат құралдарынан кең көрініс тапты. Мысал ретінде, Сауд Арабиясының қырғи ұшақтары 2017 жылы 10 қаңтарда Сананың 9-шы ауданындағы бір медресеге шабуыл жасап, 8 йемендік оқушыны шәһид етіп, 15 оқушыны жаралады.

БҰҰ-ның Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің 2017 жылдың қаңтар айында жариялаған есебіне сәйкес, Кувейт келіссөздері 2016 жылдың тамыз айында жеңіліс тапқаннан кейін Йеменге қарсы шабуылдар күшейе түсті. Осы есеп бойынша, Сауд Арабиясының Йемен халқына қарсы соғысының салдарынан бұл елдің 18,8 млн-нан астам халқы, яғни халықтың 70 пайызы гуманитарлық көмектерді қажет етеді. Оның 9,6 млн-ы – балалар. 14,5 млн йемендік таза суға, 14,8 млн йемендік санитарлық-гигиеналық қызметтерге зәру болып отыр. 7,6 млн адамға тырысқақ ауруына шалдығу қаупі төніп тұр. ЮНИСЕФ-тің осы есебі бойынша, 3,3 млн бала мен жүкті әйел де жеткіліксіз тамақтану жағдайына ұшырап отыр. 5 жастан төмен 460 мың йемендік баланың  жағдайы нашар. Шамамен 2,2 млн йемендік ел ішінде үйсіз-күйсіз жүр. Олардың жартысы – балалар.

Осы шарттардың барлығы халықаралық ұйымдардың Йеменде гуманитарлық апат туралы бірнеше рет ескерту жасауына себеп болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2017 жылдың ақпан айындағы өз есебінде: «Йеменде ішкі қақтығыстардың жалғасуы салдарынан 274 емхана қиратылды. Қазіргі таңда осы елдің медициналық нысандарының тек 45 пайызы қолдануға жарамды»,-деп мәлімдеді. Аталмыш ұйымның мәлімдеуі бойынша, Йеменнің босқындары мен жараланғандарының саны 2012 жылмен салыстырғанда 5 есе көбейген. Осы елдің медициналық нысандары үшін қажет бюджеттің тапшылығы 1200-ден астам қызметкердің жалақысын төлеудің кешіктірілуіне әкеліп соқтырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы: «Дәрі-дәрмек пен азық-түлік тапшылығына байланысты емхана мен ауруханалардың қызметкерлері науқастардың барлығына қызмет көрсетуге қауқарсыз»,-деп мәлімдеді.

БҰҰ-на қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы да 2016 жылдың қыркүйек айында есеп жариялады: «Йеменде 14,1 млн адам, яғни елдің 50 пайыздан астамы азық-түлікпен қамтылу тұрғысынан қауіпті жағдайға ұшыраған. Бұл көрсеткіш Сауд Арабиясының Йеменге соғысы басталғаннан бері 35 пайызға өскен. Кемінде 7 млн йемендік азық-түлікпен қамтылу тұрғысынан ең нашар болып саналатын төтенше жағдайда тұр. Ал 7,1 млн адам төтенше жағдайдан да төмен дағдарысты жағдайда өмір сүріп жатыр». Осы ауыр жағдайды назарға ала отырып, БҰҰ-ның Йеменге арналған гуманитарлық көмектерді үйлестірушісі Джимми Мак Голдрик өткен жылдың аяғында Йеменнің ашаршылық қарсаңында тұрғанын хабарлады.

Саудиялық қырғи ұшақтар өткен бір жылдың ішінде Йеменнің әртүрлі аудандарын бомбалауды жалғастырса да, 2015 жылмен салыстырғанда Йемен халқы мен армиясының қорғаныстық күш-қабілеті 2016 жыл мен 2017 жылдың басында артты. Йеменнің баллистикалық зымырандары Джидда әуежайын нысанаға алды. Бір баллистикалық зымыран 2017 жылдың ақпан айында Сауд Арабиясының астанасы эр-Риядқа жақын маңдағы әл-Мұзахемие базасына тасталды. Бұл саудиялық басшылардың қатты алаңдаушылығын тудырды. Тіпті Сауд Арабиясы королінің мұрагері әрі Қорғаныс министрі Мұхаммад бен Салман осы зымырандық шабуылдан кейін эр-Риядта Абд-Раббе Мансур Хадимен шұғыл жиналыс өткізді.

Сауд Арабиясы бұрынғыдай Йеменге қарсы қылмыстарын жалғастырумен қатар Ансароллаға көбірек қысым жасау мақсатымен соғысты ауырлатуды көздейді. Алайда Йемен армиясы зымырандарының атылу ұзақтығының артқанына алаңдап отыр. Бұл Сауд әулеті үшін үлкен қатер саналады.