Ауғанстандағы саяси партиялар мен топтар (3)
(last modified Sun, 16 Apr 2017 04:19:56 GMT )
Сәу 16, 2017 10:19 Asia/Almaty
  • Ауғанстандағы саяси партиялар мен топтар (3)

Назарларыңызға Ауғанстандағы саяси партиялар мен топтар жайлы бағдарламамыздың үшінші бөлімін ұсынамыз.

Ауғанстанның х.ш.ж.с.б. 1382 жылы қабылданған Конституциясының 35-ші бабы елдегі партияларды құрудың шарттары мен жағдайларды қамтиды. Осы заңға сәйкес, 25 жасқа жеткен Ауғанстан азаматтарының партия құруға, ал жасы 18-ге толған азаматтарының партияға мүшелікке кіруге құқығы бар. Ауғанстанда тіркелген кез-келген партияның кемінде он мың мүшесі және елдің жиырма облысында бөлімшелері болуы керек. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2001 жылдан кейін Ауғанстанда ресми түрде 52 партия тіркелген. Олардың заң нормаларына сәйкес жағдайлары әлі күнге дейін толық зерттелмеген.

Осы топтамамыздың алдыңғы екі бөлімінен джиһадқа дейінгі кезеңде Ауғанстандағы саяси партиялар мен топтардың басым бөлігінің Кеңес үкіметінің, басқа біреулерінің Қытайдың ықпалында болғанына тоқталдық. Ал исламдық топтар болса, Пәкістан мен кейбір араб елдерінің қолдау көрсетуі арқылы Ауғанстандағы моаисттік және коммунистік идеялармен күресу мақсатында құрылған еді. Джиһад кезеңіндегі саяси партиялар мен топтар Ауғанстандағы Кеңес одағы үкіметінің Қызыл әскерінің басқыншылығымен күресу үшін пайда болған. Олардың көпшілігі батыстық барлау ұйымдары мен Ауғанстанның көршілес елдерінің қолдауы мен қамқорлығына ие болды.

2001 жылы Талибандардың режимі құлап, АҚШ пен Батыс елдері Ауғанстанға үстемдік орнатқаннан кейін, бұрыннан келе жатқан саяси партиялар мен топтар елдегі жаңа шарттарға сәйкес қайта құрылып, бөлшектеніп, не болмаса жаңа топтар құрды. Жаңа кезеңдегі партиялар мен топтар Батыс елдерінің  ықпалында болды. Ауғанстандағы сайлаудың ерекше шарттарына байланысты бұл елдегі Парламентте ықпалға ие болған басқарушы партияны немесе депутаттардың көпшілігінің қайсы бір фракция не топқа жататынын анықтап білу қиынға соққанымен, Ұлттық бірлік үкіметінің премьер-министрі Салахуддин Раббани жетекшілік еткен "Джамияте ислами" партиясын жүйелі әрі тұтас және билік етуге дайын жалғыз партия деп атауға болады. Өздерін сайлау жеңімпаздары санаған президенттік таққа екі үміткер, Мұхаммад Ашраф Ғани мен Абдулла Абдулланың арасындағы 2014 жылғы келісімінің негізінде, Ауғанстанда Ұлттық бірлік үкіметі құрылды. Атқарушы кеңестің төрағасы Абдулла Абдулла "Джамияте ислами" партиясының көрнекті қайраткерлерінің бірі саналады. Ал Ауғанстанның президенті Ашраф Ғанидің қай партияның мүшесі екені белгісіз.

Ауғанстанның "Джамияте ислами" партиясы исламдағы сүнит ағымындағы радикалды бағытты ұстанатын джиһадқа қатысқан тәжік тайпасынан құралған. Бұл партияда ішкі қайшылықтар пайда болып, партияның Балх облысындағы басшысы Мұхаммад Ато Нұр "Джамияте ислами" партиясының жоғарғы басшысы Абдулла Абдулланы Мұхаммад Ашраф Ғаниден қажет ұпайларды алудағы қабілетсіздігі мен қауқарсыздығы үшін айыптаған еді.

Бұл партиядан басқа бұрыннан келе жатқан және джиһадқа қатысқан партиялардың бірі Абдурашид Дустум басқарған Ауғанстанның "Ұлттық исламдық қозғалыс" партиясын атауға болады. Бұл партия зайырлы көзқарасты жақтайды. Жиһадқа дейінгі кезеңде "Ауғанстан халық-демократиялық партиясы" (АХДП) мен коммунистік үкіметпен ынтымақтастық жасады. Дустум бүгінгі күнде Ауғанстанның бірінші вице-президенті ретінде елдегі билік құрылымының мүшесі саналады. "Ұлттық исламдық қозғалыс" партиясы елдің солтүстік бөлігінде, атап айтқанда өзбектер мен түркімендер мекендейтін бөлікте билік етеді.

2001 жылдан кейін АҚШ пен Батыстың саяси топтары Ауғанстанның джиһадтық жетекшілерін соғысқұмар деп атап, оларды үй қамауына алып, оқшаулауға талпыныс жасады. Бірақ, Кабулдағы сегіз партияның басшыларының қатысуымен Ауғанстанның джиһадтық және ұлттық Кеңес құруы Батыстың қастандық әрекетін залалсыздандыру үшін қолайлы шара болды. Бұл әрекет джиһадтық партиялардың әлі де Ауғанстанның даңқын көтеруге және азат әрі дамыған ел құруға мүдделі екендігін көрсетті. Себебі, джиһадтық және ұлттық партиялардың Кеңесін құрудың мақсаты жоғарғы және джиһадтық партиялар арасында бірлік орнатып, оны нығайту арқылы Ауғанстанның біртұтас тайпалық саяси қоғамға қол жеткізуі деп жарияланды. Марқұм Себғатолла Моджадади, марқұм Пир сейіт Ахмад Гилани, Мұхаммад Кәрім Халили, Ахмад Зия Масуд, Қазы Мұхаммад Әмин Вақар, Құтбаддин Һалал және Анвар уль-Һақ Аһади Ауғанстанның Исламдық джиһад партиялары Кеңесінің негізгі мүшелері болып саналады.

"Өзгеріс пен үміт коалициясы" қоғамдық партиялар мен мекемелер және Ұлттық Кеңес мүшелерінен құралған еді. Біраз уақыт өткен соң, ол Ауғанстанның ұлттық коалициясы деп атауын өзгертті. Бұл коалицияның төрағасы Ауғанстан Ұлттық бірлік үкіметінің атқарушы кеңесінің төрағасы Абдулла Абдулла болды. Соңғы кезде Ауғанстанның қауіпсіздік және саясат салаларындағы джиһадтықтардың жағдайын қайта жандандыру мақсатында құрылған келесі ұйым ретінде джиһадтық басшылар мен қолбасшылардан құралған Ауғанстанның қауіпсіздік және тұрақтылық кеңесін атауға болады. Олар қауіпсіздік және саясат саласындағы моджаһедтердің рөлін солғындатуға талпыныс жасауға байланысты үкіметке ескерту жасап, лаңкестік топтар алдындағы Ауғанстан жүйесі негіздерін нығайтуға көмектесу мақсатында халықтық ерікті күштер құруды талап етті.

2001 жылдан кейін елде пайда болған партиялардың бірі – "Ауғанстан халық жолдауы" партиясы. Партия жетекшісі – Нұр Ағаруини. Ағаруини АҚШ әскерилерінің Ауғанстан жерінде орналасуының жалғасуына қатты қарсы болды. Оның пікірінше, АҚШ әскерінің Ауғанстан жерінде осы күнге дейін орналасуы бұл елге еш пайда әкелмеді.

Ауғанстандағы белсенді партиялардың келесісі Себғатолла Моджададидің ұлы Забиһолла Моджадади жетекшілік еткен "Ауғанстан Ұлттық құтқару майданы" партиясы саналады. Бұл партия мемлекеттік істерге қатысты пікір білдіру арқылы өзін Ауғанстанда орын алып жатқан өзгерістерге ықпал етуші ретінде көрсетуге тырысты. Жуырда осы партияның Ұлттық бірлік үкіметімен арадағы келісімі шеңберінде бұл партия кейбір мүмкіндіктерді, соның ішінде "Исламдық партияның" жетекшісі Гүлбеддин Хекматярға "жасанды әділет" ұсынуға қарсылық білдірді.

"Афған меллат" партиясы да Ауғанстандағы саяси сахнадағы белсенді партиялардың бірі болып табылады. Партияның жетекшісі – Анвар ул-Һақ Аһади. Аһади федерализмге қарсы көзқарас ұстанғанымен, Талибан тобымен келіссөз жүргізуге қарсы емес болып отыр.

Аһадидің айтуынша, "Афған меллат" партиясы Ауғанстандағы ұлт бірлігін қалайды. Ал елдегі федералды жүйені қазіргі жағдайлармен үйлеспейді деп есептейді. Ол федералды жүйе арқылы басқарылатын мемлекеттердегі федерализмді этникалық тайпаға емес, демократиялық мәселелерге негізделген деп қуаттайды. Аһадидің пікірінше, Ауғанстанның қазіргі кездегі мәселелері жүйелі тәртіп емес, соғыс, лаңкестік, қауіп-қатер, кедейшілік, жұмыссыздық пен елді әлсіз басқару болып табылады. Сол себепті, билік басындағылар осы мәселелер мен қиындықтарды шешуі керек.

Жаңа кезеңде белсенді болған партиялардың бірі Абдул Раби Расул Саяф жетекшілік еткен "Танзиме давате ислами" партиясы саналады. Бұл партия Ауғанстан Ұлттық бірлік үкіметінің Хекматярдың партиясымен бейбітшілік келісіміне қарсылық білдірді. Ауғанстан Қауіпсіздік және тұрақтылық Кеңесінің аға мүшесі саналатын Абдул Раби Расул Саяф көзі тірісінде Талибандар мен Хекматярдың "Исламдық партиясымен" бітімге келуге қарсы болатынын баса айтқан.

"Халық" демократиялық партиясының қалған мүшелерінің қатысуымен х.ш.ж.с.б. 1382 жылы "Ауғанстан ұлттық бірлік" партиясы құрылды. Бұл партия коммунистік партия саналып, х.ш.ж.с.б. 1384 жылы ресми түрде тіркелген болатын.

"Құқық пен әділет" партиясы Ауғанстанда жаңадан құрылған партиялардың қатарына жатады. Ресми түрде партия х.ш.ж.с.б. 1390 жылы Кабулда өзінің құрылғанын жариялаған болатын. Партияның негізін қалаушылар бұрынғы министрлер кабинетінің мүшелері мен Парламент депутаттары болып табылады. Олардың осы партияны құрудағы негізгі мақсаты ауған азаматтарының елдің саяси шешімдеріне қатысуына негіз қалау болды.

"Ауғанстанның әділет және даму" партиясы да х.ш.ж.с.б. 1391 жылы "Елдің әл-ауқаты, қауіпсіздігі және мақтанышы" деген ұранмен өзінің құрылғанын жариялаған еді. "Ауғанстанның әділет және даму" партиясының басшысы сейіт Джавад Хосейнидің айтуынша, бұл партия қырағы саяси элита өкілдерінің көмегімен әділетті орнатуға үлес қосып, оны дамыту мақсатында құрылған саяси-халықтық ұйым саналады.

 "Хамбастеги Афғанестан" партиясы – бір топ ойшылдың қатысуымен х.ш.ж.с.б. 1383 жылы Кабулда құрылған демократиялық партия. Бұл партияны құрудағы негізгі мақсаттар тәуелсіз, азат, демократиялық және біртұтас Ауғанстан құру, демократия мен зайырлы қоғам орнатып, оны нығайту, әйел мен еркектің құқықтарының теңдігін орнату және АҚШ пен НАТО ұйымының басқыншы күштерін тез арада елден шығару деп жарияланды.

Ауғанстанның "Хезбе енседжаме мелли" партиясы олсы елде х.ш.ж.с.б.  1386 жылы құрылған партиялардың бірі саналады. Бұл партияның құрылтайшылар Кеңесінің төрағалығында Наджиболла Садеқ Мудаббир болды. "Ұлттық бірлік" партиясының алғашқы Конгресі х.ш.ж.с.б. 1388 жылы Кабулда өткен болатын.

Ауғанстанда соңғы онжылдықта пайда болған партиялардың ішінен 2007 жылдың желтоқсан айында Ауғанстанның астанасы Кабулда құрылған "Моджтамаэ һақиқате афған" деп аталатын партияны ерекше атауға болады. Бұл партия 2008 жылдың қаңтарында Нидерландыда өзінің еуропалық кеңсесін ашты. Партияның басшылары оны құрудағы мақсаттары ретінде Ауғанстанның ішінде және одан тыс территорияда бейбітшілік пен ұлттық бірлік орнатуға көмектесу деп атады. Олар, сондай-ақ, нәсіліне, тіліне, жынысы мен әрекет ету аймағына байланысты кез-келген кемсітушілікке қарсы екендіктерін баса айтты.

2001 Ауғанстан жерінде құрылған партиялардың бірі – Мұстафа Каземидің жетекшілігіндегі "Эқтедаре мелли" партиясы. Бұл партия зайырлы көзқарасты ұстанып, "Исламдық бірлік" партиясынан  бөлініп шығып, х.ш.ж.с.б. 1383 жылы өз алдына жеке партия болып құрылған.

"Афғанестан новин" партиясы "Джамияте ислами" партиясынан бөлініп шығып, х.ш.ж.с.б. 1383 жылы Мұхаммад Юнес Қанунидің жетекшілігімен құрылған. Партия либералистік және ұстамды ислам ағымын ұстанады.

"Рефаһе мелли" партиясының негізі х.ш.ж.с.б. 1383 жылы Мұхаммад Хасан Джафаридің басшылығымен қаланған.

"Джамиате мелли" партиясы Ахмад Вали Масудтің бастауымен Батыстың либералды демократиясы көзқарасын ұстанатын тәжіктерден құралған. Бұл партияның мүшелері, сондай-ақ, моджаһедтермен ынтымақтастық жасаған.