Сионистік режимнің палестиналықтарға қарсы қылмыстарына 69 жыл (3)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i27212
2017 жылдың 14 мамыр күні жалған Израиль режимінің басып алынған Палестина жерінде құрылғанына 69 жыл толды. Бүгінгі бағдарламада Израильдің палестиналықтарға қарсы қылмыстарының тағы бір бөлігі – қалашық салу мен Палестина жерін басып алуды жалғастыруына тоқталамыз.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Maм 20, 2017 14:40 Asia/Almaty
  • Сионистік режимнің палестиналықтарға қарсы қылмыстарына 69 жыл (3)

2017 жылдың 14 мамыр күні жалған Израиль режимінің басып алынған Палестина жерінде құрылғанына 69 жыл толды. Бүгінгі бағдарламада Израильдің палестиналықтарға қарсы қылмыстарының тағы бір бөлігі – қалашық салу мен Палестина жерін басып алуды жалғастыруына тоқталамыз.

Қалашық салу – Израильдің құрылуының негізі

Сионистік режимнің тұғырының екі қыры бар: Палестина жерін басып алу және еврейлерді басып алынған жерлерге көшіру. Шын мәнінде, Израиль өз болмысын жариялау үшін территориясының болуын қажет етті. Осы негізде 1897 жылғы сионистердің алғашқы дүниежүзілік конгресінен бастап жер сатып алу және еврейлерді сатып алынған жерлерге көшіру мәселесі көтерілді. Осы оқиғаның салдарынан басып алынған Палестина жерінде өмір сүріп жатқан арабтар мәжбүрлі түрде көшірілді. Яғни, Израильді құру алғашқы қадамда жер сатып алумен басталды. Жер сатып алу еврейлердің әртүрлі аймақтардан, әсіресе Еуропадан басып алынған Палестина жеріне қоныс аударуымен қатар жүрді. Еврейлердің Палестинаға көшіп келуі арабтардың мәжбүрлі түрде көшірілуіне соқтырды.

Қалашық салу  тәсілін өзгерту: сатып алудан қылмыспен басып алуға бет бұру

Маңызды мәселе мынада: жер сатып алу бастапқы жылдары ғана орын алды. Бірақ жалғасында сионистер палестиналықтардан жерді күштеп сатып алды. Кейін тіпті тартып алып, иеленуге көшіп, артынан соғыс арқылы территорияны ұлғайтуға бет бұрды. Жағдайдың осылай өзгеруінің салдарынан басып алынған Палестина жерінде арабтарды мәжбүрлі түрде көшіру, қоныс аудару, күштеп тасымалдау мен орын ауыстыру орын алды. Мұны «еврейлендіру» деп атайды. Мұнымен қоса, осы стратегияның келесі ауыр салдарларының бірі мынадай болды: егер басып алынған Палестина жерінің тұрғындары күштеп көшіруге қарсылық білдірсе, олар соғыс арқылы немесе қауіпсіздік күштерінің қатігез қатынасы салдарынан өлтіріліп, жарақаттанады немесе босқынға айналдырылады. Осы саясаттың салдарынан бүгінде босқын палестиналықтардың саны 5 млн‑нан асты деп есептелген. Осындай үдеріс пен саясаттың салдарынан басып алынған Палестина жеріндегі тұрғындардың құрамын өзгерту сионистік режимнің ең маңызды мақсатына айналды. Келесі маңызды жайт, Израиль өз территориясын кеңейтуде белгілі бір шек пен шекара жоқ деп санайды.  Осы негізде аталған тәсілдермен қоса, сионистер палестиналықтардың жерлерін сионистік қалашықтардың ортасында қоршауда қалдырып, осы қалашықтарды палестиналықтардың жерлеріне енгізіп, арабтарды еврейлермен алмастыруды көздейді. Мысалы,  сионистер Бейт әл-Мұқаддастың шығысында көптеген қалашық салу арқылы палестиналықтардың Бейт әл-Мұқаддасқа қолжетімділігін тоқтатып, оны толығымен еврейлер тұратындай етуге күш салды. Шын мәнінде, Израиль «Үлкен Құдс» жобасын орындағысы келді. Оның басты мақсаты Иордан өзенінің батыс жағындағы еврейлердің  қалашықтарын Шығыс Құдсқа қосу  және 1 млн‑нан астам еврейді Шығыс Құдсқа көшіру болды. Израиль басқыншылығының күшейгендігі соншалықты, тіпті АҚШ пен кейбір еуропалық елдердің қолдауымен астананы Тель‑Авивтен Бейт әл-Мұқаддасқа ауыстыру мәселесін көтере бастады.

Сионистік режимнің құрылуы мен сақталып қалуының негізін құрайтын үш қырлы үдерістің астарында мынадай тәсіл бар: жер сатып алу – еврейлерді сатып алынған жерлерге көшіру - арабтарды өз жерінен күштеп көшіру.  

Қалашық салудың маңыздылығы – Израильдің ұлттық болмысын қалыптастыру

Қалашық салудың  Израиль үшін маңызды болғаны соншалықты,  осы режимге қарсы халықаралық қысым жасалудың ең маңызды себебіне  айналса да, режим оны тоқтатуға келіспеді. Израильдің басып алынған Палестина жерінде қалашық салуы тіпті Израиль кабинеті мен АҚШ үкіметі, соның ішінде АҚШ‑тың бұрынғы Президенті Барак Обаманың үкіметі арасында қайшылықтардың туындауының маңызды себебіне айналды. Сонда да Израиль қалашық салуды тоқтатуға келіспеді. Израильдің одақтастары мен батыс демеушілерінің сенімінше, қалашық салу – араб пен Израиль арасында бейбіт бітім орнатуға кедергі болып отырған негізгі мәселе.  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде осы режимге қарсы қарардың бекітілуіне әкеліп соқтырған халықаралық қысымдарға қарамастан, Израильдің оған немқұрайды қарап, қалашық салуды жалғастыруының себебі мынада: қалашық салу басып алынған Палестина жерлерін еврейлендіру мен арабтардан тазартуға әкеліп соқтырады. Бұл мәселе ақырында басып алынған Палестина жерлерінің мәдени және діни құрамының өзгеруі мен Израильдің ұлттық болмысының қалыптасуына себеп болады. Төменде қалашық салу механизмі арқылы Израильдің ұлттық болмысының қалыптасу үдерісі берілген:

Территорияны ұлғайту – еврейлендіру – арабтардан тазарту – ұлттық және діни құрамды өзгерту – Израильдің ұлттық болмысын қалыптастыру

Қалашық салудың маңыздылығы – стратегиялық тереңдіктің жоқтығынан арылу

Израиль үшін қалашық салудың маңыздылығының ең негізгі өзектерінің бірі мынада: бұл режим – бір жағынан Таяу Шығысқа бөгде болмыс, ал екінші жағынан ол территориясының шектеулілігінен, араб елдері тарапынан қоршауда қалуынан, ақырында бұл аймақта стратегиялық тереңдіктің жоқтығынан қиналып жүрген еді. стратегиялық тереңдіктің жоқтығы Израиль бетпе‑бет келген ең негізгі алаңдаушылықтардың бірі болды. Сондықтан қалашық салу Израильдің қауіпсіздік стратегияларын қалыптастыруда стратегиялық тереңдіктің жоқтығының теріс әсерін азайтуда маңызды орынға ие болды. Қалашық салу салуға бөлінетін аудандарды анықтауда маңызды мәселелер, соның ішінде су көздері, егін шаруашылығын жүргізу мүмкіндігі, азық‑түлікпен қамтамасыз ету мен  өнеркәсіптік кешендерді ашу мүмкіндігі назарға алынды, өйткені бұл мәселелер бір жағынан қалашық тұрғындары үшін жұмыс орындарын ашса, екінші жағынан еврейлерді басып алынған Палестина жерлеріне көшіп келуге ынталандырады.

Қалашық салу – бұлтартпайтын қылмыс

Халықаралық қатынастар мен геосаясатқа қатысты теорияларда күш-қуат көздерінің бірі саналатын экспансия халықаралық құқық конвенцияларында «қылмыс» деп ашық түрде айтылған. Израильдің басып алынған Палестина жерінде қалашық салуы – қылмыстың нақ өзі. Израильдің қалашық салуы басқыншылықтың айқын дәлелі ғана емес, соның барысында атқарылған шаралар да әртүрлі халықаралық конвенцияларды ашық түрде бұзу болып саналады.

Қалашық салу басып алынған Палестина жерінде өмір сүретін арабтардың күштеп көшірілуіне, былайша айтқанда арабтардан тазартуға әкеліп соқтырды. 1949 жылғы Женеваның төртінші конвенциясының 49-бабының 1-тармағында былай деп жазылған: «Топ немесе жеке адамдардың назарын ескерместен, оларды күштеп көшіру, сондай‑ақ, өзі қалаған адамдарды басып алған жерлерге немесе басқа жерлерге қоныс аударуға тыйым салынады». Мұндай жағдайда қалашық салу басып алынған Палестина жерінің кейбір бөліктерінде палестиналықтардың азшылыққа айналуына себеп болып қана қойған жоқ, осы жерлер мен одан тысқары аймақта 5 млн‑нан астам палестиналықтың босқынға айналуына әкеліп соқтырды. 1998 жылғы «Рим жарғысы» деп аталған қылмыстық сот жарғысының 7 және 8‑баптарында да мәжбүрлі түрде көшіру немесе бір жердің тұрғындарын шығарып жіберу тәртіп бойынша адамзатқа қарсы қылмыс және соғыс қылмысы саналады.

Басқыншы елге басып алған жерінің тұрғындарын шығаруға немесе көшіруге тыйым салынған. Мұнымен бір мезгілде өзінің тұрғындарын басып алынған жерлерге көшіруге де тыйым салынған. Женеваның төртінші конвенциясының 49‑бабы осыған қатысты былай дейді: «Басқыншы мемлекет басып алған жерге өз халқының бір бөлігін көшіре алмайды». Израиль палестиналықтардың жерін жаулап алып, сол жердің тұрғындарының құрамын өзгертіп, «арабтық құрамды» «иврит құрамына» өзгертті.

Израильдің басып алынған Палестина жерінде қалашық салуының қолмен сезілетін әсері – баспанасыздық пен босқындық. Алайда қалашық салудың сезілмейтін салдарлары да бар. Басып алынған жерлердің мәдени, діни және ұлттық құрылымы бұзылды, босқын палестиналық балалар білім алудан кенде қалды. Босқындар өте ауыр жағдайда өмір сүріп, азық‑түлік жетіспеушілігін сезініп, әртүрлі ауруларға шалдығып жатыр, палестиналықтар экономикалық табыс көздерінен айырылды.  Осының барлығы қалашық салудың қолмен сезілмейтін басты салдарлары болып табылады. Бұлар Израиль тарапынан әлі жалғасып жатыр.

Осы уақытқа дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан көптеген қарарлар, соның ішінде №446,450,465,478 және 2334 қарарлары, БҰҰ Бас ассамблеясы тарапынан көптеген қарарлар Израильдің қалашық салуына қарсы бекітіліп, режимнен бұл істі тоқтату талап етілді. Сионистік режим осы қарарлардың барлығына көңіл аудармай, қалашық салуды тоқтатпағаны былай тұрсын, оны кеңейте түсіп, қарқынды түрде одан ары жалғастыруда.