Йемен халқы – зұлымдық пен басқыншылықтың құрбаны (3)
Балалар соғыстың күнәсіз құрбандары саналады. Бүгінде ішкі және халықаралық дұшпандық әрекеттерде оларды жаппай қырудың куәсі болып отырмыз. Сирия, Йемен мен Палестина қазіргі таңда балалардың құрбан болып жатқан мекендеріне айналған
Әлем балаларының жартысы, яғни 1 миллиардтан астам бала зорлық-зомбылық, азаптау мен жазалаудың құрбаны болып отыр. Қарулы қатығыстардағы балалардың жағдайы немесе оларды соғыстар, әсіресе аймақтағы басқыншылық соғыстар кезінде өлтіру өте өкінішті жағдай. Біз үшінші мыңжылдықтың басынан бері әлемнің жер-жеріндегі он мыңдаған мазлұм балаларды рақымсыз өлтірудің куәсі болып отырмыз. Өкінішке орай, әлемдік қауымдастықтың үнсіздік танытуы халықаралық адам құқықтары мен гуманитарлық заңдардың бұзылуына себеп болып отыр. Сол себепті, балаларды өлтіру, оларды қарулы қақтығыстарда пайдалану, босқындық, мүгедектік, аштық, жұт және т.б. бақытсыздықтар балаларға қарсы жасалған қылмыстардың бір бөлігі ғана саналады.
Балалар соғыстың күнәсіз құрбандары саналады. Бүгінде ішкі және халықаралық дұшпандық әрекеттерде оларды жаппай қырудың куәсі болып отырмыз. Сирия, Йемен мен Палестина қазіргі таңда балалардың құрбан болып жатқан мекендеріне айналған.
Осы орайда үкіметтердің міндеттері мен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты халықаралық келісімдер мен гуманитарлық ұйымдардың атқаратын рөліне назар аудару қажет. Өкінішке орай, доллардың ықпалымен әлемдік қауымдастық бұл рөлге көзжұмбайлық танытып отыр. Қазіргі таңда мынадай ащы шындықтың куәсі болып отырмыз: үкіметтер мен алып державалардың ерекше саяси мүдделеріне байланысты басқыншыларды қуғындауға байланысты шаралар дұрыс іске асырылып жатқан жоқ. Үкіметтер соғыс кезінде әскери емес халықты, әсіресе әйелдер мен балаларды қорғауға қатысты өздерінің міндеттемелеріне немқұрайлық танытуда. Халықаралық адам құқықтары мен гуманитарлық құқықтарды сақтауға қарулы қақтығыстар кезінде және балалардың басына қауіп-қатер төнгенде олардың құқықтарын қорғау жатады. Соғыс кезінде балаларды өлтірудің алдын алу және балаларды сарбаз ретінде пайдалануға тыйым салуға негізделген үкіметтің міндеттемелері халықаралық құжаттарда баяндалған. Бірнеше онжылдықтан бері қарулы қақтығыстарда балаларды пайдалану халықаралық қылмыс саналады. Бұған қарамастан, қазіргі кездегі балалар соғыс құрбандарының ең үлкен көрсеткішіне ие. Үкіметтердің қарулы қақтығыстарда балаларға қамқорлық жасауы – салғырттық танытылып келе жатқан маңызды мәселелердің бірі. Балалар қоғамның әлсіз тобына жататындықтан әлемдік қауымдастық олардың физикалық және рухани тұрғылардан зардап пен зиян шегетіні туарлы шындықты қабылдаған. Сондықтан мұнымен күресу үшін бүгінде арнайы құжаттар бекітілген.
Сауд әулеті режимі қорғансыз және мазлұм Йемен халқына қарсы қатыгез шабуылдар жасап, әскери емес бейбіт тұрғындарды, әсіресе әйелдер мен балаларды өлтіріп, отбасыларды босқынға айналдыруымен қатар екі жылдан астам уақыттан бері бұл елді жан-жақтан қоршауға алып, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық көмекке деген қолжетімділігіне кедергі болып отыр. БҰҰ-ның баяндамасына сәйкес, Йемен халқының 82 пайызы гуманитарлық көмекке зәру. Мыңдаған бала жеткілікті тамақтанбау мәселесіне ұшыраған. БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өз баяндамасында: "Йеменде әр он минут сайын бір бала өліп жатыр. Балалар өліміне іш өту, азық-түлік тапшылығы, жеткіліксіз тамақтанбау және өкпенің қабынуы секілді аурулар себеп болып отыр",- деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Халықаралық азық-түлік бағдарламасы йемендік балалардың жартысына жуығының өсу процесі тоқтағанын баса айтып: "Олардың дене бітімі басқа елдердегі өздерімен жасты балалармен салыстырғанда әлдеқайда кішірек болып келеді. Бұл тақырып олардың созылмалы түрде жеткіліксіз тамақтануға ұшырағанын дәлелдейді. Шамамен 7 миллионға жуық йемендік шұғыл түрде азық-түлікті қажет етіп отыр. Бұл мәселе соғыстың жалғасуымен одан бетер күшейе түседі",- деп мәлімдеді.
ЮНИСЕФ Балалар қоры х.ш.ж.с.б. өткен жылдың есфанд айында жариялаған баяндамасына сәйкес, өткен екі жыл ішіндегі Сауд Арабиясының Йеменге әуе шабуылдарын жасаудың салдарынан кемінде 1546 бала қаза болып, 2450 бала мүгедек болып қалған. Халықаралық Кешірім ұйымының Бейруттегі аймақтық кеңесінің зерттеу ісі бойынша директоры Лин Малуф ағымдағы жылдың басы кезінде баяндама жариялап: "Йемендегі соғыс 3 миллион адамды өз үйлерін тастап, қашуға мәжбүр етіп, мыңдаған бейбіт тұрғынның басына қатер төндірді. Енді 18 миллион йемендік азамат шұғыл түрде гуманитарлық көмекке мұқтаж болып отыр",- деді.
БҰҰ-ның Йемендегі өкілі Джулиан Харнис былтыр жариялаған баяндамасында балалар өліміне қатысты шынайы көрсеткіштің бұдан да көп екенін айтты. БҰҰ-ның өкілі осы ұйымның трибунасынан әлем халықтарына қаратып: "Йемендегі балалар оқ жаудыру мен бомбалаудың салдарынан ауқымды көлемде құн төлеуде",- деп мәлімдеді.
2015 жылдың наурыз айында басталған Сауд Арабиясының Йеменге шабуылдарының салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын қаза болып, миллиондаған Йемен азаматы босқынға айналды. Бұл шабуылдар сонымен қатар Йеменнің негізгі инфрақұрылымдарына, әсіресе медициналық және емдеу орталықтарына үлкен зиян келтірді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күнге дейін мыңдаған йемендік бала Сауд әулеті режимінің шабуылдары мен қоршауға алуының салдарынан қаза болған. Алайда әлемдік қауымдастық әлі де Сауд әулеті режимінің қылмыстарына қатысты сылбырлық пен енжарлық танытуды жалғастыруда. АҚШ бағдаршамның жасыл түсті белгісін бергеннен кейін Арабстан 2015 жылы наурыздың жиырма алтысы күні Йеменге қарсы әуе және артиллерилық шабуылдарын бастады. Сол шабуылдардың барысында өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдар мен ауруханалар бұзылып, қиратылуымен қоса, 10 мыңнан астам адам, әсіресе йемендік әйелдер мен балалар қаза болды.
Өткен екі жыл ішінде Йеменде мыңдаған бала Сауд Арабиясы бомбаларының салдарынан қан төгіп, қаза болды. Бірақ бір уыс доллар олардың мазлұмдық дауыстарының халықаралық қауымдастықтың құлағына жетуіне кедергі болды. Осыған байланысты, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысының Сауд Арабиясын балалар құқықтарын бұзушылар тізімінен шығарып тастауы Арабстанның өз қылмыстарын жалғастыруындағы арсыздығына себеп болды.
2016 жылдың күзінде Сауд Арабиясының үш жылдық кезеңге БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңестің он төрт мүшесінің бірі ретінде таңдалуы БҰҰ-ның адам құқықтарын бақылау жөніндегі ұйымы мен басқа 80 мемлекеттік емес ұйымның хат жолдап, әлем мемлекеттерінен Сауд Арабиясындағы құқықтардың ашық түрде бұзылуына байланысты бұл елді адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелікке кіруіне қолдау көрсетпеуін сұраған жағдайда орын алды. Бірақ ақырында, халықаралық қауымдастық мүшелері Риядтың бұл кеңеске мүше болуы үшін дауыс берді.
Бұл әрекет әлемнің адам құқықтары жөніндегі ең маңызды ұйымдарының бірінде саясат пен құқықтық ұғымдар мен критерийлердің бұрмаланғанының шарықтау шегіне жеткенін дәлелдейді. Арабстан 2013 жылдан бері осы кеңеске қатысады. Ал былтыр БҰҰ-на қарасты әртүрлі ұйым мен мекемелер бұл елдің Йеменде балаларды өлтіруі туралы мәлімдемелер жариялап жатқан жағдайда Рияд өкілінің Адам құқықтары жөніндегі кеңестің тәуелсіз сарапшылар комиссиясына төраға ретінде сайланғаны өте таңданыс тудыратын жайт саналады. Мұндай жағдайда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 8-бабына сәйкес, егер де бұл кеңес мүшесінің біреуі қылмыс жасайтын болса, оның бұл кеңестегі мүшелігі тоқтатылады. Бірақ, бұл заң да Сауд әулеті режимін Батыс елдерінің қолдауының арқасында іске аспады.
Арабстанның БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшесі ретінде сайлануы БҰҰ-ның Арабстанның қылмыстарына қауіпсіз қалқан жасағанының белгісі саналады. Сауд Арабиясы осы демеушіліктердің арқасында және халықаралық қауымдастықтың оны жауапкершілікке тартуынан еш қорықпай, өз қылмыстарына бұрынғыдан бетер қорқынышты сипаттар қосты. БҰҰ-ның бала құқықтарын бұзушыларға, яғни сионистік режим мен Арабстанға қатысты тұрақсыз әрекеті, тіпті БҰҰ-на жаңа басшы келген кезде де Арабстанның тағы да мұнайдан түскен долларлары мен Батыстың қолдауының арқасында бұл тізімнен шығарылуына ешқандайдай кепіл жоқ екенін дәлелдейді. Сауд әулеті режимінің Йемендегі қылмыстарының күшеюіне байланысты баяндамалар Арабстан бірнеше жылдан бері БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшесі болып отырған жағдайда жарияланып жатыр. Сауд Арабиясының жуырда БҰҰ Адам құққытары жөніндегі кеңесіне қайтадан мүшелікке кіруі қарқынды саясат пен БҰҰ-на қарасты бұл ұйымдағы құқықтық ұғымдар мен нормалардың бұрмаланғанын дәлелдейді. Бәрінен бұрын Адам құқықтары жөніндегі халықаралық стартегиядағы саясаттандыруды көрсетеді. БҰҰ-ның бойкүйездік пен сылбырлық танытуы әлемдік қауымдастықтың Сауд Арабиясының йемендік балаларды өлтіруде үрейлендіретін әрекеттерін бақылап отыруына соқтырды.