Оңтүстік-шығыс Азия елдері ассоциациясының (ASEAN) ДАИШ-пен күрестегі бағдарламасы
(last modified Wed, 30 Aug 2017 06:32:42 GMT )
Там 30, 2017 12:32 Asia/Almaty
  • Оңтүстік-шығыс Азия елдері ассоциациясының (ASEAN) ДАИШ-пен күрестегі бағдарламасы

Индонезия мен Малайзиядағы өзгерістер туралы бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз. Бүгінгі бағдарламада Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясы мен оның ДАИШ-пен күрестегі аймақтық интеграция мен су жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасын талқылаймыз.

Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясы (ASEAN) аумағындағы елдер бетпе-бет келіп отырған түйткілдердің бірі экстремистік және лаңкестік топтардың өршуі мен олардың кейбірінің ДАИШ лаңкестік тобына адалдықтарын жариялауы болып отыр. Сингапурдағы лаңкестік пен қатігездікке қатысты саяси зерттеулер орталығының хабарлауы бойынша, Оңтүстік-шығыс Азияда кемінде 60 түрлі топ ДАИШ лаңкестік тобына бағынышты немесе оған адалдықтарын жариялаған. Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдағы бір түнгі клуб пен Индонезияның астанасы Джакартадағы терминалда болған таяудағы жарылыстар, ДАИШ лаңкестік тобына адалдық жариялаған Маэуте лаңкестік тобының Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралына шабуылы Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясы (ASEAN) аумағындағы елдердің терроризмнің осы аймаққа еніп, тұрақтауына бұрынғыдан бетер алаңдаушылығын тудырды. Мұнымен қоса, ДАИШ лаңкестік тобы белсендігінің артуы немесе оған адалдық жариялау бұл аймақта әртүрлі ұлттар мен мазхабтар барын ескергенде алаңдаушылықты арттыра түседі. Өйткені, мұндай топтардың әрекеттері қауіпсіздікті бұзумен қоса, аймақтың мұсылман және мұсылман емес халықтары арасында азамат соғысы мен қатігездік тудыра алады. Оңтүстік-шығыс Азия аймағын тұрақсыздандыратын факторлар мыналар:

Біріншіден, аймақта «Абу Сайяф» лаңкестік тобы сияқты қылмыстық және лаңкестік топтардың әрекет етуі. Бопсалап, ақша алу үшін адам ұрлап, өлтірумен айналысатын бұл топ жуырда ДАИШ лаңкестік тобын қолдайтынын жариялау арқылы бұл топтан да қаражат алмақ болды.

Екіншіден, Маэуте лаңкестік тобы сияқты жаңадан құрылған және танылмаған топтар өткен үш жылда ДАИШ лаңкестік тобының Оңтүстік-шығыс Азия аймағында таралу тақырыбын жобалап, оның құзырын жариялады.

Үшіншіден, қатігез, әсірешіл топтардың болуы. Олар ваххабистік идеологияның әсерімен Индонезия мен Малайзияда белсенділік жасап, Саул әулеті режимінің қаржылай көмектерін пайдалану арқылы аймақта өздерінің түсініктеріне сай «Ислам халифатын» құруға талпыныс жасайды. Сауд Арабиясының материалдық және қаржылай көмектері исламдық институттарға бөлінген көмек атымен жіберіледі. Сауд Арабиясының королі Малек Салман жуырдағы аймаққа сапарында Малайзияның мүфтиіне 250 мың доллар берді. Бұл көмектер «Парким» деп аталатын Малайзия мұсылмандарының әл-ауқаты ұйымына қаржылай сыйлықтар мен бұл елде халықаралық ислам университеттерін ашуға бөлінетін қаржы көздерінен тұрады. Бұл үдеріс 1983 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Индонезияда да Сауд Арабиясы 150-ден аса мешіт, Джакартада бір тегін университет және бірнеше араб тілін үйрету орталығын ашты. Ваххабиттер бұрмаланған идеологияны тарату арқылы адамдардың ДАИШ сияқты лаңкестік және қатігез топтарға қосылуына жағдай жасауға күш салып жатқанымен, іс жүзінде сәттілікке қол жеткізбеді.

Нью-Йоркте орналасқан «Суфан Групп» деп аталатын америкалық консультациялық компания: «Оңтүстік-шығыс Азия аймағының кейбір азаматтары ДАИШ лаңкестік тобына қосылғаннан кейін басқа мұсылман боламыз деп ойлап, осы тәкфирлік топқа қосылуға тырысады. Алайда олар іс жүзінде қылмыс пен бұрмаланған идеологиямен бетпе-бет келеді. Бұл ДАИШ-ты аймақта сенім тұрғысынан сәтсіздікке ұшыратып отыр»,-деп мәлімдеді.

Экстремистік және лаңкестік топтардың Оңтүстік-шығыс Азия аймағын ДАИШ лаңкестік тобының Таяу Шығыстағы мүшелері үшін маңызды да қауіпсіз жерге айналдыруға тырысқанына қарамастан, іс жүзінде сәтсіздікке ұшырады. Мұның себептері жайында мына жайттарға тоқталуға болады:

Біріншіден, Оңтүстік-шығыс Азия аймағының мұсылмандары – бейбіт те тыныш адамдар. Олар кез келген қатігездік пен әсірешілдікке қарсы. Сол себепті қатігез топтар ешқашан Индонезия мен Малайзияда тарала да, халықтың қолдауына ие бола да алмады.

Аустралиядағы Индонезияны зерттеуші әрі исламтанушы Грег Фили бұл жайлы: «Оңтүстік-шығыс Азия аймағындағы елдердің халқы қылмыскерлердің, соның ішінде ДАИШ пен оны қолдайтын лаңкестердің туының астында болуды қаламайды»,-деді.

Екіншіден, Оңтүстік-шығыс Азия аймағы экономикалық істерге бейімделген. Бұл аймақтың халқы қатігез әрекеттердің аймақтың экономикасына орны толмас зиян келтіретінін жақсы біледі.

Үшіншіден, Оңтүстік-шығыс Азия аймағы елдері қатігез әрі лаңкес топтардың мүшелерімен жылдам, саналы да қырағы түрде күресіп жатыр.

ДАИШ лаңкестік тобы Ирак пен Сирияда үсті-үстіне жеңіліске ұшырағаннан кейін оның мүшелерінің Оңтүстік-шығыс Азия аймағына тасымалданатыны туралы хабарлар таралып, осы аймақтың елдері лаңкестік элементтермен күресу үшін шұғыл түрде біржақты және көпжақты негізде тиісті шараларды атқарды.

Малайзия үкіметінің Оңтүстік-шығыс Азия аймағында осындай элементтермен күресу үшін берген алғашқы ұсынысы ДАИШ-тың экстремистік ойларымен күресу мақсатында киберлік соғыс ашу болды. Өйткені, зерттеулер көрсеткендей, осы лаңкестік топтың жаңа күш тартып, жастарға ықпал ету үшін қолданатын құралдарының бірі – виртуалды кеңістік. Сондықтан, Малайзия әлеуметтік желілерді, әсіресе «Телеграм» желісін нақты бақылауды талап етті.

Малайзиядағы діни істер жөніндегі сарапшы Замихан Матзин әл-Қари: «Лаңкестер әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат жүргізеді. Малайзия үкіметі де олардың қоқан-лоққыларын бейтараптандыру үшін ұқсас тәсілді пайдалануы керек»,-деді.

Осыған орай Индонезия Президенті Джоко Видодо ДАИШ лаңкестерінің халықты арандатуды көздейтіні жайлы ескертіп, ислам үлемдерінен кейбір ішкі және сыртқы элементтердің қатігез ойларына қатысты үнсіз қалмай, халықты құлақтандыруды сұрады.

Индонезия халқының консультативтік ассоциациясының ақпарат хатшысы Милани Лимина Сухарли: «Индонезия мен басқа елдердегі ислам үлемдері ДАИШ идеологиясымен күресте әсерлі рөл атқара алады. Өйткені, кейбір аймақтарда бұл топ қысқа хабарламалар арқылы жаңа күш тартуды көздейді»,-деді.

Қауіпсіздік шараларын арттыру және ДАИШ лаңкестік тобының мүшелерімен әсерлі түрде күресу үшін ішкі заңдарды өзгерту Оңтүстік-шығыс Азия аймағындағы елдердің бағдарламаларының бірі болды. Өйткені, бұл елдердің қауіпсіздікке қатысты заңдары шетелдерде әскери дайындықтан өтіп, елге қайтып келетін адамдарға қатысты тиісті кесімділіктен кенде болды.

Жекелей шаралармен қатар, ДАИШ-ке адалдық жариялаған лаңкестік топтармен күресу үшін тиісті аймақтық әріптестіктер жасалды. Судағы шекаралардың ауқымдылығы мен әртүрлі су жолдарының болуына байланысты атқарылған алғашқы ұжымдық шара Индонезия, Малайзия мен Филиппин арасында Салоу теңізі мен Сингапур, Индонезия мен Малайзия арасында Малака өткелінде ортақ теңіз патрульдерін ұйымдастыру болды. Бұлар әлемдік саудада ең маңызды су жолдарының бірі саналады.

Оңтүстік-шығыс Азия елдері ассоциациясының жарғысында мүше елдерге бір-бірінің ішкі ісіне араласуға тыйым салынғанын ескерсек, бұл одақтың он елі де осы жарғыны сақтап, ортақ шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғана әріптестік жасайды. Сол себепті аймақтағы саяси және ақпараттық орталар Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясы (ASEAN) да заңдарды өзгерту арқылы қауіпсіздік саласындағы екіжақты және көпжақты әріптестікті нығайтуға жағдай жасай алады деп санайды. Индонезия мен Малайзияның Филиппин үкіметіне Маэуте лаңкестік тобымен күресу мақсатында көмектесуі аймақтық әріптестік бөгетін бұзды. Дегенмен, исламдық институттар сияқты әртүрлі құралдарды пайдалану арқылы аймақтың жастарын сенім тұрғысынан теріс жолға салалатын қатігез әрі лаңкес топтармен күресіп, оны тамырымен жою үшін қауіпсіздік және бақылау саласында жан-жақты ынтымақтастық жасау қажет.