Лас-Вегастағы өлім фестивалі
(last modified Mon, 23 Oct 2017 13:49:19 GMT )
Қаз 23, 2017 19:49 Asia/Almaty
  • Лас-Вегастағы өлім фестивалі

Бұл бағдарламада Лас-Вегастағы атыс негізінде АҚШ-тың өз азаматтарына қатысты саясаттарын қарастырамыз.

АҚШ-тағы қарулы шабуылдар мен адамдардың оққа ұшуы бұрынғыдай әлем жаңалықтарының басты тақырыбы болып отыр. Қару-жарақ айналымының еркіндігін жақтаушылар, кейбір қайраткерлер мен Парламент арасында АҚШ қоғамында қару-жарақ еркіндігіне тыйым салу туралы текетірес әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Өйткені, қару-жарақ шығарушы лоббилер өте қуатты. Олар өздерінің экономикалық мүдделері үшін тіпті америкалық азаматтардың өмірін бұзып, өлімге әкеліп соқтырса да, қару-жарақтардың барша үшін еркін болуын тиімді санайды. АҚШ-тағы атыстар мен қарулы шабуылдардың хикаясы аяқталған жоқ. Кейде полиция қызметкерлері кез келген сылтаумен қара нәсілді азаматтарға оқ атады. Кейде азаматтар өздерінің көршілері мен қарапайым халықты көшеде атқылайды.  Тіпті, АҚШ-та осы елдің азаматтары үшін қауіпсіз мекенде өмір сүру құқығы күмәнға толы арманға айналды. Ыстық қарумен үсті-үстіне болатын атыстар кейде америкалық азаматтардың жаппай қырылуына соқтырады. Бірнеше апта бұрын АҚШ-тың жаңа заман тарихындағы ең қанқұйлы жаппай атыс Невада штатының Лас-Вегас қаласында орын алды. Онда кемінде 50 адам қаза тауып, 400-ден астам адам жараланды.

Ақпарат құралдарының хабарлауы бойынша, Лас-Вегас қаласының "Лас-Вегас белбеуі" деген атпен танымал негізгі көшесіндеорналасқан "Mandalay Bay" қонақ үйінің 32-ші қабатынан бір адам ән-күй фестиваліне қатысып жатқан адамдарға қарай оқ жаудырды.

Лас-Вегас полициясының мәліметінше, осы атыс салдарынан кемінде 406 адам ауруханалар мен емдеу орталықтарына жөнелтілді. Ақпарат көздері атқан адамды 64 жастағы Стивен Паддок деп таныстырды. Стивен Паддок Лас-Вегастың солтүстігінен бір сағаттық жердегі Мескит атты кішкентай қаладағы зейнеткерлер ауданында өмір сүрген. Лас-Вегастың полиция қызметкері Джозеф Ломбардо: "Полиция Паддоктың үйіне басып-кіріп, тінткенде 18-ден астам қару, жарылғыш зат пен бірнеше оқсауыт және бірқатар электронды құрал тапты",-деді. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері Паддоктың автобусынан аммоний нитратын тауып алған. Қару сатушы Паддоктың өткен көктемде Лас-Вегастың солтүстігіндегі оның дүкенінен қару сатып аларда қару сатып алу ережелерінің барлығын орындағанын, бұрын ешқандай айыбы болмағанын айтты. Жалпы алғанда онда жасырын түрде 42 қару болған. Олардың бірі автомат, екеуі жартылай автомат болған. Ол 23 қаруды осы атыста қолдану үшін қонақ үйдегі бөлмесіне алып барған. Сонымен қатар қонақ үйдегі оның бөлмесінен мыңдаған оқ-дәрі табылды. Бұл оған 72 минут бойы тоқтаусыз атуға мүмкіндік беретін еді.

Стивен Паддок

Өткен жиырма жылдың ішінде АҚШ азаматтарының бірқатары атыста қаза тапты. Ең соңғы қанқұйлы оқиға Лас-Вегастағы атысқа қатысты болды. Лас-Вегас шабуылы АҚШ-та 1949 жылдан бері орын алған ең қанқұйлы атыстардың бірі саналады. 2016 жылы Орландода түнгі клубқа жасалған шабуылда 49 адам қаза тапты. Ал Лас-Вегастағы адам шығыны одан да көп. Бағдарламаның жалғасында өткен жиырма жылдың ішінде АҚШ-та орын алған қанқұйлы атыстардың тізіміне шолу жасаймыз.

Бір қарулы адам 2016 жылдың 12 маусымында Орландо қаласында бір түнгі клубқа шабуыл жасап, 49 адамды өлтірді. Атқан адам – Омар Матин есімді америкалық азамат. Ол полициямен қақтығыста өлді. Ол ДАИШ лаңкестік тобына адалдығын жариялаған екен. Біраз уақыт өткеннен кейін шабуылдың жауапкершілігін ДАИШ өз мойнына алды. Оңтүстік Кореяның 23 жастағы Чу Сунг Ху есімді бір студенті 2007 жылдың сәуір айында Вирджиния университетіндегі парадта 27 студент пен 5 ұстазды өлтіріп, содан соң өзіне қол жұмсады.  

Орландо қаласында түнгі клубқа жасалған шабуыл

Сонымен қатар Адам Ланза есімді 20 жастағы бір америкалық азамат 2012 жылдың желтоқсан айында Коннектикут штатындағы Ньютаун қаласында орналасқан "Сэнди Хук" бастауыш мектебіндегі 20 бала, 6 ересек адамды өлтірмес бұрын өз шешесін өлтіріп, артынан өзіне қол жұмсады. 1991 жылы қазан айында да 35 жастағы Джордж Хенрад есімді америкалық азамат Килен қаласындағы бір мейрамханада өзіне қол жұмсамас бұрын 22 адамды оққа ұшырды.  Бұған қоса  2015 жылы орын алып, 14 адамның өмірін жалмаған Сан-Бернардинодағы атысты, 2009 жылы Форд Худ әскери базасында орын алып, 13 адамды мерт қылған атысты, 2009 жылы 13 адамның өмірін қиған Нью-Йорктегі мигранттар орталығындағы атысты атауға болады.

АҚШ – Конституциясы қару-жарақ иеленуді қолдайтын шектеулі елдердің бірі. Конституцияда: "Бір еркін елдің қауіпсіздігі үшін қаруланған халықтық күшке ие болу – қажет іс. Халықтың қару ұстап, сақтау құқығы бұзылмауы тиіс",-деп жазылған.  

Осыған сәйкес 2017 жылдың наурыз-сәуір айларында осы елде "АҚШ-тың қару-жарақпен күрделі қатынасы" тақырыбында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, америкалықтардың кемінде 30 пайызында қару бар.

Барак Обама 2016 жылы бір сөзінде 2012 жылы Сэнди Хукта орын алған оқиға барысында оқушылар мен ұстаздарға оқ атылғанына тоқталып, қару-жарақ ұстауға қатысты қатаңырақ заңның қабылдануын сұрады.  Алайда, оның осы тақырыпқа қатысты жаңа заңдар бекітуге бағытталған талпыныстары нәтиже бермеді. Ол заманда АҚШ-та ең мықты қару-жарақ тасымалдау лоббилерінің бірі саналатын Ұлттық қару ассоциациясы: "Президент Обаманың қару-жарақты бақылауға деген ынтасында шек жоқ",-деп мәлімдеді.

Дональд Трамп пен Республикашылдар партиясы дәстүрлі түрде қару-жарақ иелену және тасымалдау еркіндігін қолдайды. Трамп осыдан бұрын өз үкіметінің ешқашан қару ұстау құқығын бұзуды мақсат тұтпайтынын айтқан болатын. Дональд Трамп президенттік кезеңі басталған соң ақпан айында Барак Обаманың кезінде қабылданып, психикалық ауруға шалдыққандарға қару сатуды ауырлатқан ережелердің күшін жойды.

АҚШ Президенті бірнеше апта бұрын Алабамадағы жақтаушыларының алдында тағы: "Егер мен Президент болмағанда, сіздердің барлықтарыңыз қаруларыңызды демократ Клинтонның үкіметіне тапсырар едіңіздер",-деді.

Президенттік сайлаудың алдында да, сайланғаннан кейін де қару-жарақ шығарушы лоббилерді қорғап келген Дональд Трамп Лас-Вегастағы атысқа реакциясында Twitter-дегі жеке парақшасында оқиға құрбандарының жанұяларына көңіл айтқанымен, АҚШ-тағы қару туралы заңға тоқталмады. Оның бұл әрекеті қару ұстауға қарсылар мен АҚШ Конгресінің демократ өкілдерінің көбінің сынына ұшырады. Сынаушылардың бірі осы елде өткен президенттік сайлауға үміткер Хиллари Клинтон болды. Ол Twitter-дегі жазбаларында Лас-Вегастағы оқиға құрбандарының туған-туысқандарына көңіл айтып: "Сын айтатын  саясаткерлердің барлығы бір-бірінің жанында болып, бір-бірімен жұмыс істеуі керек. Сонда Ұлттық қару ассоциациясының талпыныстары залалсыздандырылады",-деп мәлімдеді.

АҚШ Конгресі жуырда қару ұстауға шектеулерді азайту мақсатымен екі маңызды заңды, атап айтқанда, қаруда дыбыс бәсеңдеткіш қолдану туралы және АҚШ жерінде сапар барысында қаруды жасырын түрде ұстау құқығы туралы заңды талқыға салды. Қаруды пайдаланудан туындаған қанды оқиғалардың қайталануын ескере отырып,  соңғы сөзді тағы да Конгрестегі мықты қару-жарақ лоббилері айта ма, әлде қару ұстау еркіндігі заңымен күресушілердің талпынысы нәтиже бере ме екен, соны көру керек.

АҚШ-та қару сату мен ұстау еркіндігі

АҚШ-тың әлемдегі және тіпті америкалық қоғамдағы гуманистік ұрандарының шынайы келбетінің ашылуы маңызды. Адам құқықтарын қолдау сылтауымен Таяу Шығысқа әскер кіргізген АҚШ өз қоғамында ауқымды қырып-жоюдан зардап шегіп отыр. АҚШ бір жағынан адамдардың жанын аман алып қалу сылтауымен басқыншылық жасайды, басқа жағынан қаруды өз елінде еркін жіберіп, өз азаматтарының өліміне немқұрайды қарайды. Мұндай қатынастың философиясы көптеген адамдарды "Осындай қарама-қайшы әрекеттің себебі неде?" деп ойлауға итермелеуі мүмкін. Әрине, бұл сұрақтың жауабы АҚШ-тың қару шығаратын алпауыт лоббилерінің қолында тұр. АҚШ-тың саяси қайраткерлерімен ауыз жаласқан мафия өз саудасын қолдауының есесіне АҚШ-тағы сайлаулардың үміткерлеріне экономикалық көмектер мен саяси қолдау көрсетіп отырады. Қару-жарақ саудасы – әлемдегі ең табысты сауда. Бір күндері қару-жарақтар соғыстарда қорғану үшін сатылатын, алайда бүгінде соғыстар қару сату үшін жүргізіліп жатыр.

Қазір алаңдауға тұрарлық нәрсе –  осы лас саяси ойынның аянышты салдарлары. Бұл қатынас  әлем халықтарын өлтіріп,  әртүрлі елдерде соғыс отын тұтатып, тіпті өз елінде америкалық азаматтарды өлтіруден басқа қандай нәтиже береді? Бір жағынан соғыстар мен басқа елдерге басқыншылықтар, екінші жағынан қару ұстау еркіндігі мен тынышсыздықтар – осылардың екеуі де ақырында жазықсыз адамдарды өлтіруге және ең қарапайым адам құқықтарын, соның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей  декларациясының 1-бабында айтылған қауіпсіздікте өмір сүру құқығын бұзуға соқтырады. Осы жаппай қырып-жоюлар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нысанаға алып отыр.