АҚШ-тағы қарудың билігі: кинодан шындыққа дейін
(last modified Thu, 02 Nov 2017 15:30:52 GMT )
Қар 02, 2017 21:30 Asia/Almaty
  • АҚШ-тағы қарудың билігі: кинодан шындыққа дейін

Өте оңай жолмен 10 автоматты заңды және заңсыз түрде сатып алған адамның қолынан 59 адамның қаза болып, 500-ден астам адамның жаралануы АҚШ-тың қазіргі заман тарихындағы алғашқы және соңғы оқиға емес, бірақ қазіргі кезге дейінгі ең сорақысы саналады.

Лас-Вегастағы жаппай адам өлтіруді бұл елдің қазіргі заман тарихындағы ең ірі кісі өлтіру оқиғасы санауға болады. Бұл қылмысты қазан айының бірінде ашық аспан астында өтіп жатқан концерт алаңына көршілес орналасқан қонақүйдің 32-ші қабатынан Паддок деген 64 жастағы Невада штатының тұрғыны жүзеге асырды. Соңында полиция қызметкерлері оның мүрдесін сол қонақүйдегі бөлмесінде өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін тапты.

Стивен Паддок – Лас-Вегастағы атысты жүзеге асырушы

Бұл – Лас-Вегаста орын алған қайғылы оқиғаның қысқаша сипаттамасы. Алайда бүгінгі бағдарламада көтеретін негізгі мәселе АҚШ-тағы қару-жарақ өндірісі, қару-жарақ саудасы, сондай-ақ бұл елдегі бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе кино арқылы зорлық-зомбылықты насихаттау. Бірінші себепке АҚШ-та бірнеше жылдан бері қару-жарақ бақылауының демеушілері демократтар мен либералдар мен қару-жарақ сатып, қарудың қолжетімділігін қолдайтын республикашылардың арасында түйткіл пайда болып, бұл майданда қару-жарақ өндірушілердің жеңіске жетуі жатады.

Бірақ, екінші себеп көбірек зерттеуді қажет етеді. Себебі, қазіргі заманда бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам мүшелеріне тигізетін әсері мен ықпалы белгілі бір мәдени үдерісті көздеуден бұрын, экономикамен тығыз байланысты.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, әрбір америкалық күніне 4 сағатқа жуық уақытын теледидар көрумен өткізеді. Орта тап өкіліне жататын бір америкалықтың үйінде көбінесе екі теледидар болады. Кейбір отбасының кәмелетке толған әрбір мүшесінің өзіне тиесілі теледидары бар. Сол теледидардан көрсетілетін қатыгез сарбаздың зорлық-зомбылығы көрермендердің, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің психикасына тікелей әсер етеді. Телеэкран арқылы көрсетілетін зорлық-зомбылық жағдайының көбейгені соншалықты, ол біртіндеп өзінің әдеттегі сипатынан айрылған. Ұзақ мерзім аралығында кинода зорлық-зомбылықтың болмауы қантөгіс, төбелес, атыс пен жарылыс сахналарын көруге тәуелді көрермен үшін қызықсыз туындыға айналады.

Зорлық-зомбылықты теледидар арқылы тамашалаудың келесі  бір салдары – зорлық-зомбылықты мәселелерді шешудің бір жолы ретінде қабылдау. Америкалық бала мен жасөспірім теледидар экранында болып жатқан жайтты тамашалау арқылы зорлық-зомбылықты адамды қауіп-қатерден сақтап немесе оны бір жаман істің ауыртпалығынан құтқара алатын мәселенің шынайы шешімі ретінде қабылдайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалындағы орташа статистикалық америкалық азамат үшін зорлық-зомбылық кез-келген түйінді мәселені шеше алатын ең қысқа, төте жол саналады.

Голливудта зорлық-зомбылық идеясын тарату

Мұның барлығымен қоса виртуалды кеңістікті пайдаланушылар мен осы кеңістік ойындарының аудиториясына ұсынған жаңа мүмкіндіктер олардың арасындағы қарым-қатынастардың басым бөлігінің бұрынғы ұрпақтарға қарама-қайшы, яғни виртуалды күйге ие болуына себеп болды. Бұл кеңістік пен кең тараған ойындарда қолды қанға боямай, толық салқынқандылықпен, билік буына мас болып, тәкаппар түрде мыңдаған адамды өлтіруге болады. Қарсы тарапқа оқ ату мен оны өлтіру мұндай көңіл көтерулерде жеңіске жетіп, келесі кезеңге өту болып саналады. Бұл оқиғалардың қайталана беретіні соншалықты, адамдар үшін шынайы әлем мен виртуалды кеңістік бір болып, олар виртуалды кеңістіктегі жайттарды шынайы әлемде жүзеге асыруға кіріседі.

Бұл жағдайға кинофильмдер мен деректі фильмдердегі шыншыл зорлық-зомбылықпен қоса, масаттануды, сезімталдық пен мағынасыз сандырақты, сонымен қатар психикалық ауытқушылықты да назарға алайық. Осылайша, қорқынышты әрі жаппай қылмыс жасап, бір рет болса да өз жанын қию арқылы шынайы әлемге қол тигізгісі келетін қанішер қалыптастырудың табысты формуласын құрастыруға болады.

Ирандық бір журналист АҚШ-тағы Лас-Вегаста орын алған лаңкестік оқиғадан бірнеше күн өткен соң: "Лас-Вегас пен Голливуд Диснейлэндтің жанында орналасқан кезде америкалық өмірдің үшбұрышы құрылады. Ол – әрбір бұрышы бір-бірін бүркемелейтін және олардың әрқайсысының өмірін бір-бірінсіз елестету мүмкін емес үшбұрыш",- деп жазды.

Америкалық фильмдерді санамалап, Голливудтың әрдайым көңіл көтерулердің түр-түрін көрсету арқылы Лас-Вегастың ертегідей қияли бейнесін жасағанын көреміз. Сондықтан әрбір америкалық азаматтың арманы Лас-Вегаста көңілді уақыт өткізіп, долларларды шашып қайтуға болатындай зор байлыққа кенелу саналады.

Натан Гардлез пен Майк Мадави "Ирактан кейінгі америкалық пұт" атты кітабында Голливудтың қазіргі әлемде атқаратын рөлі мен әлемдік кино өнеркәсібіндегі бұл алыптың жеңістері мен жеңілістерін зерттеген. Кітаптың авторлары жалпы дипломатия мен оны қалыптастырудағы, әсіресе 11-қыркүйек оқиғасынан кейінгі кезеңдегі Голливудтың атқарған рөлін түсіндіріп, баяндаған. "Жұмсақ күш" теориясы туралы зерттеулерімен әйгілі болған Гарвард университетінің профессоры Джозеф Най осы кітапқа алғысөз жазған. Ол алғысөзінде БАҚ-тың ықпал ету күшіне сілтеме жасап, Голливудтың бейнелік көрсеткіштерін пайдалануға негізделген АҚШ киносы мен дипломатия құралын баса айтып, Берлин дуалын алып тастау мен бұрынғы Кеңес одағының құлауында зымыран мен бомбаның негізгі рөл атқармағанын, керісінше жұмсақ күштің маңызды болғанын, Голливудтың оның негізгі жүзеге асырушысы болғанын ескерткен. Себебі, АҚШ-тың бейнесі басқа елдерге қарағанда, тек америкалықтар мен олардың жасап жатқан әрекеттері негізінде әлемге көрсетіліп қана қоймай, сондай-ақ олардың әлемдік витрина арқылы өздерін көрсеткен бейнесіне негізделген. Голливудтағы насихатталып жатқан құндылықтар шынайы, жан-жақты және адам мен адамгершілікті құтқару үшін өте қажет саналады.

Дәл осы маңызды жайт капитализмді осы сенімге иек арту арқылы өзі қалайтын нәрсені өндіру мен оны насихаттау орнына жеткізе алады. Голливуд әрдайым өз мүдделеріне байланысты белгілі бір тақырыпты алға ілгерілетуді қалаған сайын осы мақсатта өзінің ең жақсы үгіт-насихаттық құралдарын қолданған. Ірі қару-жарақ жасайтын зауыттар да дәл осы БАҚ-ның күшіне сенім артып, көрермендердің санасына өз сенімін таңу үшін америкалық фильмдердің басты кейіпкерлерінің қолдарына өздерінің ең соңғы шығарған өнімдерін беріп отырған. Қару шығаратын ірі компаниялардың әлемнің әртүрлі жерінде үсті-үстіне жалғасқан соғыстарды тудыру мақсатында жасаған талпынысы олардың өмірінің жалғасуы мен мүдделерінің қамтамасыз етілуіне себеп болған. Бірақ, бұл мәселе саяси тұлғалар мен жарнамалық компаниялардың қолдауын, бәрінен маңыздысы өндірген тауарлары мен оларды қолданудағы әсер ету әдісін көрсету үшін қолайлы кеңістік құруды қажет етеді. Сондықтан, АҚШ-тағы қару-жарақ шығаратын компаниялар өндірген қару-жарақтарын сатуға қолайлы мүмкіндік жасау үшін кез-келген әдіс пен айланы пайдаланады.

Lockheed Martin, Boeing, Northrop, Grumman, Colt, Halliburton,  Eugene Stoner, General Dynamics және бәрінен маңыздысы АҚШ Ұлттық атқыштар ассоциациясы (NRA) секілді америкалық қару шығаратын ең ірі компаниялар мен корпорациялардың ақпарат құралдарындағы жарнамамен шектеліп қоймайтындығына назар аударған жөн. Олар қару-жарақ сату мен көбірек табыс табу мақсаттарына байланысты АҚШ Конгресіндегі саяси лоббилерді пайдалану арқылы да соғыс дабылын қағып, көбірек пайда табу мақсатында барлық әлеуеттерді пайдаланады.

АҚШ-тағы қару-жарақ өнеркәсібі

Сондықтан АҚШ-тың фильмі, теледидары мен компьютерлік ойындарында осыншама зорлық-зомбылықты көрсетудің қару-жарақ өндірушілер және экономикамен тығыз байланысты екендігін, негізінен ешбір мәдени және адам өнеріне негізделмегенін байқауға болады.

Атақты америкалық актер Дастин Хоффман былай дейді: "Егер Голливудта актер қолына қару алғысы келмесе, оған фильмдегі негізгі рөлдің орнына қосалқы рөлді беруі мүмкін. Ал кейін ол рөл мүлдем қысқа эпизодтағы рөлге де айналуы мүмкін". Ол АҚШ Ұлттық радиосына берген сұхбатында өзінің актер болған жылдар ішінде ойнаған фильмдерде қару-жарақ пайдаланбауға тырысқанын айтты. Бұған қарамастан ол "Straw Dogs" және  "Little Big Man" фильмдерінде қару пайдаланғанын растады. Оның бұл іс үшін жеке себептері болған. Оның пікірінше қару-жарақ көңіл көтеру өнеркәсібінің бір бөлігіне айналмауы тиі: "Мен қару-жараққа мүлдем қызықпаймын. Ол тек өлтіру мен қоқан-лоққы жасау үшін ғана керек. Режиссерлер әдетте сценарийі әлсіз немесе нашар фильмді қызықты әрі әсерлі етіп көрсету үшін қару-жарақ пайдаланады. Бірақ, ең басты маңыздылыққа ие мәселе, ол – кейбір актерлердің қару-жарақ пайдаланбауынан олардың жұмысынан айрылып жататыны",- деді.

Хоффман зорлық-зомбылыққа үгіттеу үшін қару-жарақты пайдалануға қарсы сөз айтатын Голливуд жұлдыздарының бірі болғанымен, бірақ шынайы әлемде өнеркәсіп, өнер мен экономика арасында осындай тығыз әрі сұм байланыс әлі бар. Оның салдары АҚШ-тың көңіл көтеру және киноматография әлемінен көрініс табады. Лас-Вегас секілді қайғылы оқиғалар санының артуы осы сұм және қырып-жоюға толы байланыстардың салдарларының бірі саналады.