Теһранда аймақ пен әлемдік мақсаттарға ие үшжақты отырыс өтті
ИИР-ның астанасы Теһран қарашаның 1 күні үш елдің, атап айтқанда Иран, Ресей және Әзірбайжан президенттері бас қосқан орталыққа айналды. Біркүндік басқосуда екіжақты, аймақтық және халықаралық мәселелер мен үш мемлекеттің лаңкестікпен күрес саласында қолданған шаралары мен олардың нәтижелері туралы пікір алмасу өтті.
Теһранда өткен басқосу көптеген ақпарат және саяси топтар тарапынан әртүрлі салалардағы стратегиялық мақсаттарға ие отырыс ретінде бағаланды. Теһран отырысы Иран, Ресей және Әзербайжан президенттерінің екінші ортақ басқосуы болды. Үш президенттің бірінші отырысы өткен жылдың тамыз айында Бакуде өткен болатын. Екі отырыстың арасында аймақта маңызды өзгерістер орын алып, Ирак пен Сириядағы ДАИШ-ке қарсы күрес аясында көптеген қауіпсіздік жағдайлар өзгерді. Бұдан басқа Трамптың АҚШ Президенті болып билік басына келуі халықаралық қарым-қатынастардағы көптеген қайшылықтар мен текетірестерге себеп болды. ««Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы» деп аталған ядролық келісімнен кейін орнатылған оң кеңістік АҚШ-тың келісімдегі өз міндеттемелерін орындамауы салдарынан Вашингтонның қоқан-лоққыларымен кезікті. Алайда қайшылықтарға толы жайттарға қарамастан аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздік орнату саласындағы Иранның рөлі артып, Сирияда бейбітшілік орнатуға көмектесу мақсатында өткен Астана келіссөздерінің жетінші кезеңі үміттендірерлік нәтижемен аяқталды. Қазіргі таңда Иран мен Ресейдің талпыныстары сириялық наразы тараптардың келіссөздеріне жол ашып, аймақтық және халықаралық қолдауларға ие болды. Ресейдің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын қолдау ұстанымы мен Иранның өз міндеттемелеріне табанды болуын растауы Теһран отырысымен бірге бақылаушыларды қызықтырған мәселе болды. Ресей Президентінің Ислам революциясы жетекшісімен кездесуінде сөйлеген сөзі бұл мәселеге бақылаушылардың екі есе көңіл аударуына себеп болды.
Ресей Президенті Владимир Путин Ислам революциясының жетекшісімен кездесуінде Мәскеудің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын қолдайтынын қайталап: «Мәскеу Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің негізгі принциптерін өзгертуді бұрыс санап, Иранның ядролық мәселесін қорғаныс сияқты басқа мәселелермен байланыстыруға қарсы»,- деді. Кездесуде Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи АҚШ-тың Ресей мен Иранға қарсы санкцияларына қарсы тұру саласындағы ынтымақтастықтарын пайдалы деп атап, Ресей Президентінің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы мен көпжақты келісімдерді сақтау қажеттігі жөніндегі сөздерін жоғары бағалап: «Өкінішке орай, америкалықтар өздерінің қарақшылық әрекеттерін жалғастырып жатыр. Ақылға сүйеніп, дұрыс жолдарды пайдалану арқылы олармен күресу керек»,- деді. Ислам революциясының жетекшісі Теһран мен Мәскеудің бірнеше шетелдік мемлекеттің қолдауындағы тәкфирлік лаңкестерге бірлесе қарсы тұруының маңызды нәтижелерге жеткеніне тоқталып: «Сириядағы лаңкестерге қолдау көрсеткен америкалық коалицияның жеңілгені – бұлтартпас шындық. Бірақ, олар әлі де бұрынғысынша қастандық ойластырып жатыр. Сондықтан, Сирия мәселесін толығымен шешу мықты әріптестікті одан ары жалғастыруды қажет етеді»,- деді.
ИИР Президенті Хасан Рухани да Ресей Президентімен кездесуінде Иран мен Ресейдің әртүрлі мәселелер мен дағдарыстарды шешу жолындағы көпжақты, аймақтық және халықаралық әріптестіктерін маңызды деп атап: «Иран аймақтағы тұрақсыздықты барлық елдер үшін зиян санайтындықтан, аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздіктің дамуын қолдайды»,- деді. Әртүрлі факторларға назар аударып, Теһранда өткен үшжақты отырыстың маңыздылығын үш тұрғыдан талқылауға болады: біріншіден, Теһран отырысын ИИР-ның көршілес елдермен стратегиялық және өзара мүдделі қарым-қатынастарын дамыту тұрғысынан қарастыру қажет. Солтүстіктегі шекаралас елдер және Әзірбайжан республикасымен екіжақты және көпжақты мүдделерге назар аудару Теһранның тек сөзбен ғана емес, іс жүзінде де аймақтық ынтымақтастықтарын кеңейткісі келетінін көрсетеді. Аталмыш отырыстың екінші тұрғысы қауіпсіздік мәселелері мен дағдарыстарға және ортақ қоқан-лоққыларға қарсы тұру тақырыптарына назар аударуымен маңызды болды. Бұл салада ИИР дағдарыстарды шешу және қоқан-лоққыларды залалсыздандыру саласындағы мүмкіндіктері және тәжірибелерімен аймақ елдерімен бөлісіп, көптеген жетістіктерімен үшжақты басқосуды өткізді. Теһран отырысының үшінші тұрғысы үш елдің ортақ мүддеге ие «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі жобасы саласындағы аймақтық ынтымақтастықтарды қуаттауы болып табылады. Үш елдің пікірінше, бұл транзиттік дәліз Шығыс пен Батысты бір-біріне қосу тұрғысынан ерекше маңызды. Парсы шығанағы жағалауындағы елдер мен субконтинентті Иран арқылы Әзірбайжанға, осы ел тарапынан Ресейге, Еуропаның солтүстігі мен шығысына қосатын «Солтүстік-Оңтүстік» транзиттік дәлізі сауда саласында маңызды рөл атқаратын болады. Жоба шеңберінде Еуразия экономикалық одағы сынды сынды экономикалық жобалар қалпында басқа да мақсаттар көзделіп, Орталық Азия мен Кавказ елдерінің Иранмен қарым-қатынастары кеңейіп, аймақ қарым-қатынастарының дамуы мен нығаюына себеп болады.
Теһран отырысы Иран мен Оңтүстік Кавказ елдері мен Ресей қарым-қатынастарын арттыруға жағдай тудырды. Иран мен Ресейдің өткен жылдардағы қарым-қатынастары Иранның ядролық мәселесін шешуге шоғырланды деп айтуға болар. Алайда, бүгінде екі елдің қарым-қатынастары жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл кезең ортақ қоқан-лоққылармен бетпе-бет келіп, аймақтың жағдайы және дағдарыстарымен сәйкестікте қалыптасты. Кейбір бақылаушылар бұл ынтымақтастықтарды стратегиялық мәселелермен байланыстыруда. Еуразия мәселелері жөніндегі зерттеуші доктор Махмуд Шури: «Иран мен Ресей қарым-қатынастарындағы өткен үш жылда пайда болған инфрақұрылымдардың арқасында елдің ішінде кейбір мүмкіндіктер пайда болса, келешекте екі ел арасындағы тұрақты әрі шынайы қарым-қатынастардың куәсі боламыз»,- деді. Ресей Президентінің Ислам революциясы жетекшісімен кездесуіндегі сөзі де дәл осы мәселені қуаттайды. Владимир Путин Теһран сапары және Ислам революциясы жетекшісімен кездесуіне алғыс білдіріп: «Иранды стратегиялық серіктес әрі ірі көршілес ел санаймыз. Жан-жақты қатынасты кеңейтіп, нығайту үшін кез келген мұрсат пен жағдайды пайдаланамыз»,- деді. Ресей Президенті сондай-ақ, Ислам революциясы жетекшісінің Сирияда ортақ мақсаттарға жету ұстанымын ықпалды әрі өте маңызды деп бағалап: «Әрбір мемлекеттегі, соның ішінде Сириядағы өзгерістер елдің ішінде қалыптасуы керек»,- деді.
Иран мен Әзірбайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынастар өткен жылдары жақсы дамыды. Әзірбайжан Президенті Илһхам Әлиев өткен үш жылда Иранға үш рет келді. Наурыз айындағы сапарында екі елдің арасында 120-дан астам маңызды ынтымақтастық құжатқа қол қойылды. Әзірбайжан Президенті Илһам Әлиев те Ислам революциясы жетекшісімен кездесуінде Ирандағы құзырын өз үйіндегі құзырымен бірдей деп атап: «Әзірбайжан республикасы Иранмен мәдени және экономикалық байланыстарын нығайтуға күш салуда. Бұл қатынасты мәңгілік сақтауға мүдделі»,- деді. Иран мен Әзірбайжан республикасы арасында Иранның көзқарасы бойынша ерекше маңызды саналатын басқа да мықты байланыс орнатылған. Бұл туралы Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Әзірбайжан Президенті Илһам Әлиевпен кездесуінде екі елдің терең байланыстары мен өзара әріптестігін арттыру қажеттігіне тоқталып: «Әзірбайжан халқы – Иран мен Ирак халықтары сынды Исламның ұлық пайғамбары әулеті мектебінің жақтастары. Әзірбайжан шиіттерінің аза рәсімдерінінің қадірін білген жөн. Өйткені, олар Әзірбайжан халқы мен елдің болмысын нығайтады»,- деді. ИИР Президенті Хасан Рухани Әзірбайжан республикасының Президенті Илһам Әлиевпен кездесуде екі елдің ортақ жобасы саналатын Иранның Рашт, Әзірбайжан республикасының Астара темір жолының құрылысын «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізіндегі транзиттік байланыстарды дамыту жолындағы маңызды қадам деп атап, Иран мен Әзірбайжан республикасының қажеттіліктерін шешу үшін екі елдің әлеуеттері мен мүмкіндіктерін бұрынғыдан көбірек пайдалануға талпыныс жасау керектігін қуаттады.
Аталған мәселелерге көңіл бөлінудің арқасында үшжақты қарым-қатынастарды дамыту үшін жағдай туды деп айтуға болады. Иран, Ресей және Әзірбайжан президенттерінің келіссөздері мен осы салалардағы Ислам революциясы жетекшісінің ақыл-кеңестері үш мемлекеттің көршілес үш ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарға маңызды өзгерістер енгізу мақсатындағы ерік-жігерін көрсетеді. Бұл қарым-қатынастар аймақ елдерінің мүдделерін көздеп, ұжымдық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат етеді.