«Зиярате Арбағин» зияратнамасына шолу
(last modified Tue, 07 Nov 2017 10:30:15 GMT )
Қар 07, 2017 16:30 Asia/Almaty
  • «Зиярате Арбағин» зияратнамасына шолу

Имам Хасан Аскари (ғ.с.): «Мүміннің бес белгісі бар: 51 рәкәт намаз оқу (17 рәкәт уәжіп намаз, 34 рәкәт нәпіл намаз), «Зиярате арбағин» зияратнамасын оқу, оң қолының саусағына жүзік тағу, сәжде жасаған кезде маңдайын жерге тигізу және намаз оқыған кезде «Бисмилләхи әр-рахман әр-рахим» деген сөзді дауыстап айту»,- деген.

Имам Хасан Аскари (ғ.с.)-ның бұл рауаяты басқа зияратнамалардың арасында «Зиярате Арбағин» зияратнамасының ерекше маңыздылығын көрсетеді. Намаз дін мен шариғаттың тірегі саналғандай, «Зиярате арбағин» зияратнамасы мен Кербала оқиғасы – велаяттың тірегі. «Зиярате арбағин» зияратнамасының маңыздылығына байланысты имам Садық (ғ.с.)-ның серіктерінің бірі Сафуан Джамалға бұл зияратнаманың кейбір үзінділері туралы айтып берген.

 «Зиярате Арбағин» зияратнамасының басында: «Сәлем саған Алланың жердегі халифасы және арнайы досы! Сәлем саған Алланың  сүйіктісі   және Алланың таңдаулы пендесі!» деп айтылған.

«Сәлем» – Алланың есімдерінің бірі. Зияратшы Алланың бұл есімін айтқан кезде: «Уа, имам! Алла Тағала сенің дінің мен мектебіңнің қорғаушысы және дінді дұшпанның қастандықтарынан сақтайды» деп айтқысы келеді. Сондай-ақ, зияратшы сәлем беру арқылы  өзін хазіретке жақындатады. Бұл сөзді қайталап, әдебі, рухы мен психикасын жамандықтар мен әртүрлі ластықтардан тазартады. Сонымен бірге тек өзінің сыртындағы пұттармен ғана емес, халыққа зорлық-зомбылық пен қиянат жасайтындармен хазірет сияқты күресетінін жариялайды.

«Сәлем саған Алланың жердегі халифасы және арнайы досы! Сәлем саған Алланы жақсы көруші, оның сүйіктісі! Сәлем саған Алланың  адал пендесі, Алланың таңдаулы  пендесінің перзенті! Сәлем саған мазлұм Хусейн!»

Ғибадат ету – имам Хусейн (ғ.с.) мен адал серіктерінің ерекшеліктерінің бірі. Адам Алланың адал пендесі деген деңгейге жетпей, еш уақытта кемелдікке қарай қадам баса алмайды. Раббымыз «Сафат» сүресінің басында «Сап-сап тұрушы (періштелерге) серт» дейді. Яғни, Жаратушы шын жүрекпен оған құлшылық ету үшін сапқа тұрғандар мен оған жақындауды көздеп, одан басқа ешкімге көңіл бөлмейтіндермен ант етеді. «Кәһф» сүресінің 65-ші аятында адал құлшылық илаһи ілім мен оның рақымының қайнары деп көрсетіліп: «Сонда екеуі (хазірет Мұса мен қасындағысы) өз тарапымыздан игілік беріп, өз қасымыздан ғылым үйреткен құлдарымыздан бірін тапты»,- деп айтылған. Бұл аят адамның ғибадатының оның жүрегіне қарай илаһи рақым мен ғылым бұлағының ашылуына себеп болатынын көрсетеді. Имам Хусейн (ғ.с.) ғибадатының арқасында кемелдікке жетіп, Алланың таңдаулы құлына айналды.

 «Уа, Алла! Имам Хусейн (ғ.с.)-ның  тұлғалардың тұлғасы, үздіктердің үздігі, шындықты қорғаушылардың қорғаушысы екендігі мен хазіретке пайғамбарлардың мұралары сыйға берілгеніне куәлік етемін».

Илаһи әулиелер халықты өздері алдын ала өткен жолға шақырады. Имам Әли бен Абиталеб (ғ.с.): «Біз еш уақытта сендерге өзіміз жасамаған істі орындауға бұйырмаймыз» деген. Имам Хусейн (ғ.с.) халықтың алдында жүріп, сын-қатерлермен өзі бірінші кезігіп, тұтқындық, азап-қорлық, қоныс аудару мен шәһид болуға дейін барған соң ғана халықты өзінің соңынан еруге шақырды.

 «Уа, Алла! Ол пенделеріңді надандық пен адасудан шығару үшін жүрегінің пәк қанын өз жолында құрбан етті».

«Зиярате Арбағин» зияратнамасының ең маңызды негіздерінің бірі имамның бұл қысқа сөйлемінде айтылған Ашура көтерілісінің философиясын баяндауы болып табылады. Имам Садық (ғ.с.) бұл жерде имам Хусейн (ғ.с.)-ның өзінің бүкіл болмысын Алланың құлдарын надандық, қараңғылық пен адасудан жарық пен кемелдікке қарай нұсқау үшін құрбан еткені туралы айтты. Бұл – тарих бойындағы барлық пайғамбарлар мен илаһи елшілердің қорытынды мақсаты.  Бұл мақсат Ашура көтерілісінде өзінің ең жоғары толқынына жетті.

Құран бойынша илаһи пайғамбарлар екі мақсатқа ие болған: біріншісі, халықты хабардар ету, екіншісі, нәпсіні тазарту арқылы адамдарды ақылға шақыру. Надан адамдар Алланың бұйырықтары туралы білмейді. Білімді, бірақ ақылы болмағандықтан, білімдеріне сай әрекет етпейтін адамдар өздері мен басқаларды тәрбиелей алмайды. Сондықтан пайғамбарлар халыққа тәлім-тәрбие беру және адамдарды жақсылықтармен таныстыру, сондай-ақ, іс жүзінде оларды жақсылық пен бақытқа нұсқау үшін жіберілген. Исламның ұлық пайғамбары: «Хусейн менен, мен Хусейннен» деген. Негізінде, имам Хусейн (ғ.с.)-ның Исламның ұлық пайғамбарының ресалатын жалғастырып, халықты дұрыс жолға нұсқау үшін күрес майданына шығудан басқа жолы болмады. Ол діннің ахкамы мен тағылымдарын халыққа үйретіп, оларды сол тағылымдарға сай ғамал етуге шақырды. Исламның ұлық пайғамбарының әулеті халықты үйретуі, сөздері және хаттарымен өз міндеттеріне сай ғамал етті. Имам Хусейн (ғ.с.) мәдени күресімен бірге жиһад шайқасты қажет еткен жағдаймен кезікті. Осыған орай зияратнаманың келесі үзіндісінен: «Имам Хусейн (ғ.с.) шақыруын толық орындап, ешбір адам үшін сылтау қалдырмады. Ол жақсылық тілеп, құлдарыңды надандық пен адасудан шығару үшін өзіңнің жолыңда жанын қиды",-  деп оқимыз.  

 "Уа, Алла! Хусейн (ғ.с.) сабырлығы және ризашылығымен жиһадқа шықты. Жеңіс жолында қаны  төгіліп, киелі үйі бұзылды".

Имам Хусейн (ғ.с.) көтерілісінің бүкіл кезеңінде сабыр сақтап, шүкіршілік білдіруімен бірге өз сөздерімен қоғамды сабыр сақтап, шүкіршілік білдіруге шақырды. Бұл іс үшін жүректі дүниеге деген махаббаттан босату керек. Өйткені, дүниеқұмар адамды материалдық кемшіліктері алаңдатып, ол еш уақытта сабыр сақтап, шүкіршілік білдіре алмайды. Сондықтан, имам Хусейн (ғ.с.) өзінің хаттары мен құтпаларында халықты сабыр сақтап, шүкіршілік ету үшін оларды дүниеге ғашық болмауға шақырып,   жүректерін шәһид болу, мәңгілікке есте қалу сынды сезімдермен толтырды. Имам: "Дүниеқұмарлық қаншама күн мен түнді босқа кетіріп, достар мен жақтастарды өлтіріп, достарды бір-біріне ажыратты. Бірақ, қалай болғанда да істер Ұлы Аллаға қарай оралады. Әр адам соңында бұл жолды өтеді. Жаннатқа немесе жаннаттан басқа жерге апаратын бұл дүниеден кететін уақыт өте жақын",- деген болатын.

«Алланың саған уәде бергенін, әрі бұл уәдені орындайтынын, сондықтан сені тастап кеткен әрбір адамды өлтіріп, сені өлтірген барлық адамды азаптайтындығына куәлік етемін".

"Зиярате Арбағин" зияратнамасының келесі жолдауы Ашура ерлігінің мәңгілікке қалатынын жеткізеді. Бұл негізінде хазірет Зейнабтың Язидтің алдында айтқан құтпасындағы илаһи уәденің орындалуы туралы жолдауды жеткізу болып табылады. Хазірет Зейнаб өз сөзінде: "Әй, Язид! Іске асырғың келген кез келген қулығың мен кез келген әрекетіңді іске асыр және кез келген талпыныстан тартынба. Алламен ант етемін, біздің атымызды жоя алмайсың және уаһиіміздің нұрын өшіре алмайсың. Сен біздің ұлылығымызды түсіне алмайсың және бұл зорлық-зомбылықтың абыройсыздығынан еш уақытта тазармайсың! Сенің жобаң әлсіз. Билігіңнің уақыты шектеулі, әрі сенің қолдайтындардың саны аз емес пе? Жаршы жар салған күні абай болыңдар. Зорлық-зомбылық жасаушы топқа Алланың лағынеті тиеді",- деген болатын. Хазірет Зейнаб сол тарихи кезеңде нақты сенімімен келешек туралы хабарлап, дұрыс болжам жасады. Бүгін жүздеген жылдан кейін оның болжамдары анық байқалуда.

 Имам Хусейн (ғ.с.)  илаһи пайғамбарлар сынды өзі алға шығып, басқаларды көтеріліске шақырды. Имам Меккеден шығар алдында қажылардың ортасында: "Бүгін біздің құрбан болатын жеріміз – Кербала, ихрамымыз – кебін. Исламды құтқару үшін жанымызды қиямыз. Аты мен наны және жеңістен үміттенетіндер емес, өмірлерін қиюға дайындар ғана маған ереді. Маған еретіндердің мақсаты – Алланың ризалығына ие болу",- деді. Сондықтан имам Хусейн (ғ.с.)-ның серіктері ең жақсы сахабалар саналады. Олар хазіретке ерді. Сол себепті біз имам Хусейн (ғ.с.)-ға сәлем бергеннен кейін олардың барлығына сәлем жолдаймыз: "Сендердің дұшпандарыңмен емес, сендермен біргеміз! Сендар мен сендердің аруақтарыңа Алланың нұры жаусын! Әумин, уа әлемдіктердің Жаратушысы!".