«Самерраның айын» аза тұту
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i32481-Самерраның_айын_аза_тұту
Бүгін имам Хасан Аскари (ғ.с.)-ның шәһид болған күнінің жылдығында Алла елшісі хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) мен хазіреттің пәк әулетіне сәлем мен салауат жолдап, дұрыс жолға нұсқаған теңдессіз тұлғаны жібергені үшін Аллаға алғысымызды айтып, әлемнің барша мұсылмандарына көңіл айтамыз.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Қар 26, 2017 20:10 Asia/Almaty
  • «Самерраның айын» аза тұту

Бүгін имам Хасан Аскари (ғ.с.)-ның шәһид болған күнінің жылдығында Алла елшісі хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) мен хазіреттің пәк әулетіне сәлем мен салауат жолдап, дұрыс жолға нұсқаған теңдессіз тұлғаны жібергені үшін Аллаға алғысымызды айтып, әлемнің барша мұсылмандарына көңіл айтамыз.

Хиджри қамари жыл санағы бойынша 260 жылдың раби ул-аууал айының 8 жұлдызы Самерра қаласына уайым-қайғы әкелген күн болды. Өйткені, қалада имам Хасан Аскари (ғ.с.)-ның шәһид болғаны туралы хабар тарады. Базарларда сауда тоқтатып, билік басындағылардың зорлық-зомбылықтарынан қорқып, имамға деген махаббаттарын жасырған мақұрым халық бүгін бүкіл сезімдерін жасырмай, жасқа толған көздерімен имамның үйіне қарай асықты.

Иман келтірген адамдардың он бірінші басшысы имам Хасан Аскари (ғ.с.) хиджри қамари жыл санағы бойынша 232 жылы дүниеге келді. Әкесі имам Хади (ғ.с.), ал анасы иманды әрі беделді Хадиджа бану болды. Аббаси халифасының бұйрығымен Самерраның «Аскари» деген мекенінде мәжбүрлі түрде өмір сүрген имам Хасан (ғ.с.)-ның атына "Аскари" мекенінің атауы қосылды. Хазіреттің ең танымал лақап аттары  Нақи, Заки, күниесі Абу Мұхаммад болды. Әкесі шәһид болған кезде имам Хасан Аскари (ғ.с.) 22 жаста еді. Имам алты жыл имаматты басқарып, 28 жыл ғана өмір сүрді. Хазірет Самерра қаласындағы әкесінің қабірінің қасында жерленді. 

Самерра

Ұлы тұлғалардың өмірі ғибратқа толы. Сондықтан дұрыс әрі бақытқа жеткізетін жолды іздегендер бұл даналарды үлгі тұтуы керек. Имам Хасан Аскаридің (ғ.с.)  адалдығы мен әділдігі хазіреттің жоғары дәрежесінің белгісі. Әрқашан Алланың ашу-ызасынан қорқып, сәжде жасаған имам күндерін ораза тұтып, түндерін ғибадатпен өткізген. Хазірет өз заманының ең тақуа адамы болды. Имамның қасында жүрген адамдардың бірі Мұхаммад Шакери: "Имам михрабта отырып, сәжде жасайтын. Мен ұйықтап, оянғанымда ол әлі сәждеден басын көтермейтін",- деп есіне алатын. Әкесі имам Хади (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін 22 жастағы имам Хасан Аскари (ғ.с.) мұсылмандардың басшылығын өз мойынына алды. Хазірет алты жыл имаматы кезінде әрқашан үкіметтің бақылаушыларының немесе тыңшыларының бақылауында болды. Халықтың басына қара күн туып, дінге әртүрлі бедғат енгізілген кезеңде имам Хасан Аскари (ғ.с.) өзінің әсерлі сөздерімен шындықты білгісі келетіндер үшін діннің шынайы жүзін көрсетті. Имам Исламның негізгі тағылымдарын қорғау жолында көп талпыныс жасады. Хазірет исламдық әртүрлі мазхабтардың бұрмаланушылықтары туралы баяндап, шындықты талап етушілерге қате жолдан құтқарылып, дұрыс жолға түсуге көмектесті. Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи имам Хасан Аскари (ғ.с.)-ның қарсыластарының хазіреттің батылдығы мен табандылығын мойындағаны туралы: "Білімін, тақуалығын, пәктігі мен адамгершілігін, дұшпанның алдындағы батылдығын, қиындықтардың алдындағы сабырлығын жақтастары, шиіттері, қарсыластары, дінсіздер яғни барша мойындаған бұл ұлы тұлға шәһид болған кезде тек 28 жаста ғана еді. Шиіттердің мақтан тұтарлық тарихында мұндай адамдар аз емес. Біздің имам Мәһдиіміздің әкесі осындай сипаттар мен жоғары дәрежеге ие бола тұра дұшпанның уынан дүниеден озған кезде тек 28 жаста болды. Бұл – үлгі. Имам Хасан Аскари 28 жасында шәһид болды. Бұл тұлғаның ұлылығы мен айбынын біз ғана емес, дұшпандары, қарсыластары, тіпті имаматқа сенім артпайтындар да мойындады",- деген болатын. 

Имам Хасан Аскари (ғ.с.)-ның қысқа өмірі Аббаси үкіметінің саяси-қоғамдық қысымдарымен өтті. Хазірет 28 жыл өмір сүрді. Бірақ қысқа уақытта сол кездің қоғамына көп ықпал етті. Имамды бұл жасында, яғни жастай шәһид етуі – Аббаси залым халифаларының халықтың арасында мұндай тұлғаның болуына қатты алаңдағандарының белгісі. Имам әрқашан халықты барлық  істеріне қырағы болуға шақырып, залым басшылардың саясаттарын сынайтын. Қоғам кедейшілік, әділетсіздік және кемсітушіліктен азап көріп отырған жағдайда имам Хасан Аскари (ғ.с.) сынды тұлғалар үнсіз қала алмады. Хазірет жауапкершілігін сезіп, жақтастарының арасында ағартушылық жұмыс жүргізіп, оларды саяси мәселелерден хабардар етіп, оятуға талпынды. Аббаси билігі имамды қамауға алып немесе халықтың хазіретпен тікелей қарым-қатынас орнатуына кедергі тудырып, шындықты талап ететін әулетке деген ежелден келе жатқан дұшпандығын жалғастырды. Имам Хасан Аскари (ғ.с.) Аббаси үкіметінің қатты қысымдарымен бетпе-бет келіп, өз білімін қоғамда ойындағыдай тарата алмағанымен, әрқайсысы исламдық тағылымдарды таратуға және дұшпандардың қастықтарын жоюға үлестерін қосқан шәкірттер тәрбиеледі. Шейх Туси хазіреттің жүзден астам шәкіртінің есімін тіркеген. Олардың арасынан Ахмад Ашари Құми, Осман бен Саид Амри, Әли бен Джафар және Мұхаммад бен Хасан Саффардың есімдерін көруге болады.

Велаят аспанының жұлдызы имам Хасан Аскари (ғ.с.) пәк имамдардың арасында ерекше орынға ие. Өйткені, хазірет Исламның ұлық пайғамбары әулеті мектебінің жақтастарын пәк имамның ғайып кезеңінде өмір сүруге дайындады. Халықтың басына қара күн туып, дінге көптеген бедғат енгізілген кезеңде имам Хасан Аскари (ғ.с.) халықты айқын түрде діннің шындығымен таныстыруға талпыныс жасады. Имам Хасан Аскари (ғ.с.)-ның ең қызықты саяси жұмыстарының бірі шиіттердің армандары мен мақсаттары  үшін қиындықтармен күресетін саяси белсенділерді күшейтуі болды. Шиіттердің әйгілі азаматтары көбірек қысым көргендіктен, имам олар өздерінің саяси, қоғамдық және діни міндеттерін жақсы орындауы үшін өзінің ақыл-кеңесімен олардың қысымдардың алдындағы сабыры мен қырағылығын арттыруға талпынды.   Имам Хасан Аскари (ғ.с.)  шиіттердің әйгілі ғұламаларының бірі Әли бен Хосейн бен Бабуие Құмиға  жолдаған хатында ақыл-кеңес беріп: "Сабыр етіп, күт. Өйткені, пайғамбар "менің үмбетімнің ең жақсы ғамалы – күту. Он екінші имам келгенше біздің шиіттеріміз әрқашан уайым-қайғыда болады" деген. Пайғамбар хабарын берген адам зұлымдыққа толған жерді әділетке толтырады. Мен сенетін ғұлама шиіттерімізді сабырға шақыр. Жердің иесі – Алла. Ол қалаған пендесін мұрагері етеді. Жақсылық –иман келтіррген адамдардың ісі. Барлық шиіттер Алланың рақымы мен берекесіне ие болсын",- деді.

Ресалат әулетінің материалдық мәселелер мен дүниелік өмірге деген көзқарасы бойынша, Жаратушының ризалығымен халықтың мәселелерін шешуге болады. Сондықтан, олар Алланың ризалығы үшін байлықтары мен мүліктерін жұмсаған. Мотаваккел Аббасидің ақыны Абу Юсуф: "Кедейшлікке ұшыраған кезімде ұлым дүниеге келді. Бірнеше адамға хат жазып, көмек сұрадым. Үмітсіз оралдым. Имам Хасан Аскари (ғ.с.)-ның үйін бір айналып, есігіне қарай бара жатқан кезімде алдымнан қара дорба ұстаған Абу Хамзе шыға келді. Дорбаның ішінде 400 дерхам болды. Ол: "Басшым бұл ақшаны сәби үшін жұмса. Алла Тағала бала арқылы саған береке береді деді",- деді» деп есіне алатын. 

Хазірет Хасан Аскари (ғ.с.): "Сіздерге илаһи тақуалықты, дінге иман келтіріп, Алла жолында талпыныс жасауды, аманатқа берік болуды, сәждені ұзақ жасауды, көршілермен жақсы қарым-қатынас орнатуды насихаттаймын. Тақуа адам тек шындықты айтып, аманатқа берік болып, халықпен жақсы қарым-қатынас орнатады. Сол кезде "ол шиіт" деп айтса, мені риза еткені. Алладан қорқыңдар, жақсылықтарды жақындатып, жамандықтарды алыстатыңдар. Кез келген жақсылық бізден, ешбір жамандық бізден емес. Бізд құқықтарымыз илаһи кітапта. Біздің Алла елшісімен жақындығымыз анық. Әрқашан Алланың есімін еске алып, өлімді ұмытпаңдар. Үзбей Құран оқып, Алла елшісіне сәлем мен салауат жолдаңдар. Өйткені, Алла елшісіне жолдаған салауаттың он жақсылығы бар. Біздің өсиеттерімізді сақтаңдар. Сіздерді Аллаға тапсырып, баршаға сәлем жолдаймын",- деп айтқан болатын.