СПИД-пен күресу тәсілдерін үйрету, аурудың алдын алу, науқасты күту және емдеу
Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күніне орай бүгінгі бағдарламада осы қатерлі аурудың әртүрлі қырын талдап, талқылаймыз.
1 желтоқсан (10 азар) БҰҰ тарапынан Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні деп жарияланды. HIV – иммун тапшылығы вирусына шалдығу, одан кейін СПИД-пен ауыру – дүниежүзілік денсаулық саласындағы алаңдаушылықтардың бірі. Сол себепті 1988 жылдан бастап 1 желтоқсан (10 азар) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының күнтізбесінде СПИД-пен күрес күні деп белгіленді. Бұл атаудың ең маңызды мақсаты осы аурудың таралуына көңіл аудару, әртүрлі қоғамдардың денсаулық сақтау саласындағыбасшыларының науқастардың тиісті емдеуге қолжетімділігіне сенімді болуы, науқастарға қажет күтім жасау, алдын алу шараларын үйрету, жалпы халықты хабардар ету болып табылады. Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні бұл аурудың әртүрлі қырлары мен салдарына байланысты БҰҰ тарапынан жыл сайын бір ұран таңдалынады. Сөйтіп барлық елдер ұйымдасқан түрде осы ұранды орындау жолында әрекет етеді. Биылғы жылғы Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күніне таңдалған ұран "Менің денсаулығым – менің құқығым" болып табылады. Сіздерді осы тақырыпқа қатысты дайындалған бағдарламаны тыңдауға шақырамыз.
СПИД (AIDS-Acquired immune deficiency syndrome) немесе жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы – адамның иммундық жүйесінде HIV вирусы тудыратын аурудың бір түрі. HIV вирусы адамның иммундық жүйесіндегі жасушаларды инфекцияға ұшыратып, олардың жұмысында шалыстықтың туындауына себеп болады. Инфекция күшейгенде адамның иммундық жүйесі әлсірей түседі. Ақырында жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына әкеліп соқтырады. HIV вирусын жұқтырған адамның СПИД-ке шалдығуы 10-15 жылға созылады. HIV вирусын жұқтырған адам міндетті түрде СПИД-пен ауырады деген сөз емес, өйткені оның ауруы бірден анықталмайды. Алайда вирус денесінде болған кезде сырттай дені сау көрініп, оны басқаларға таратуы мүмкін. Вирус адам денесіне кірген алғашқы кезеңде әдетте суық тиюге ұқсас күй пайда болады. Қалай болғанда да бірінші кезеңде ауруды сырттай анықтау мүмкін емес. СПИД вирусы кіріп, зертхана нәтижесінің адамның шалдыққанын білдіргеніне дейін шамамен 2 аптадан 12 аптаға дейін уақыт қажет, кейде бұл 6 айға дейін созылады. Екінші жасырын кезең 3 жылдан 20 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл кезде адамда ешбір белгі байқалмайды. Оның басқаларға вирусты таратуы осы кезеңде орын алады, өйткені өзі де, басқалар да оның вирусты тасымалдаушы екенін білмейді. Үшінші кезеңде уақыт өте келе адамның иммундық жүйесі өз күш-қабілетінен айырылады. Адамның денесі қорғана алмайтын әртүрлі аурулардың белгілерінің күшейетіні соншалықты, ақырында науқас жантәсілім етеді.
БҰҰ тарапынан жарияланған статистикалық мәліметтер бойынша, осы аурудың тарала бастағанынан бері шамамен 78 млн адам HIVвирусын жұқтырып, оның 39 млн-ы СПИД-ке қатысты аурулардан көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, 2016 жылдың соңында HIV вирусын жұқтырған адамдардың саны 36,7 млн деп анықталды. Олардың 1,8 млн-ы жаңадан шалдыққандар. Сонымен қатар бұл жылы әлемде 1 млн адам HIV вирусына қатысты бір немесе бірнеше белгілердің салдарынан қаза тапты. Қазіргі таңда осы вирусқа шалдыққан ересектердің 54 пайызы, балалардың 43 пайызы тиісті ем алып жатыр. Мұнымен қатар осы ауруға шалдыққан аяғы ауыр және бала емізетін әйелдердің дәріге қолжетімділігі 76 пайызға артты. Бұл жалпы алғанда HIV вирусы мен СПИД-тен қайтыс болу статистикасының азаюына себеп болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметтері бойынша, Африкада 2016 жылы 25,6 млн адам HIV вирусына шалдыққан. Науқастардың ең көбі және әлемде жаңадан вирус жұқтырушылардың үштен екісі осы құрлықта орналасқан. Шығыс Еуропа мен Орта Азияда да HIV вирусын жаңадан жұқтырғандар 60 пайызға артып, әсіресе Ресей, Албания мен Арменияда алаңдайтын жағдайға жетті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің жоспарына сәйкес 2011-2015 жылдар аралығында әлемде HIV вирусын жұқтыру деңгейін нөлге жеткізуді көздегенімен, өкінішке орай, 2015 жылы әдемнің көптеген аймақтарында СПИД-ке шалдыққандар санының артқанына куә болдық. Қазіргі таңда әлем әлеуметтік мәселелер, емдеу құнының әртүрлілігі, қызмет көрсету және бюджет бөлу саласындағы әлсіздік, балалар мен жасөспірімдер арасындағы СПИД індеті сияқты түйткілдермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейбір елдерде СПИД-ті бақылау саласындағы 90,90,90 бағдарламасы 2015 жылдан басталды. Осы жоспар бойынша барлық елдердің басшылары бір-біріне көмектесіп, 2030 жылға дейін СПИД індетін тоқтатуы тиіс. Бұл жоспар екі кезеңде орындалады. Бірінші кезең бес жыл ішінде (2020 жылға дейін), екінші кезең 10 жыл ішінде (2030 жылға дейін) орындалады. Бұл жоспардың алғашқы бес жылы СПИД ауруына шалдыққандарды анықтауға арналады. Соның негізінде ауруды бақылап, оның алдын алу үшін қажет шаралар атқарылады. Науқастарды қарауға алып, күтім жасауды 90 пайызға жеткізу, HIV вирусының таралуын 90 пайызға азайту, науқастарға жаңа дәрілер сатып алуды 90 пайызға жеткізу осы бағдарламаның мақсаттарына жатады.
СПИД-ті емдеу үшін жасалған отыз жылдық талпыныстардан кейін ғалымдар бір жаңа зертханалық вакцина өндіру арқылы осы аурумен кесімді түрде күресу және HIV вирусына төтеп берудің жолын тапқан сыңайлы. Ғалымдар алдын алу дәрілерін өндіруді ілгерілету жолындағы талпыныстарын жалғастырып, дәрісіз-ақ HIV вирусын пассивті күйде ұстап тұратын тәсіл тапты. HIV вирусы әрдайым дәрілердің әртүрлі құрамына қарсы тұру қабілетін арттырып отырады. 1996 жылдан осы күнге дейін СПИД ауруын емделмейтін және өлімге әкеліп соқтыратын күйден шығаратын 3-4 дәрі жасалды. Қуанышымызға орай, HIV вирусына шалдыққан бір топ адамға жүргізілген сынақ наномедицина саласында үлкен өзгерістің болғанын көрсетеді. Жүргізілген зерттеу жұмыстары ішке қабылдайтын дәрімен емдеу тәсілдерінің дамуына назар аударып отыр. Осы зерттеулерге сәйкес, қатты нанодәрілер (SDN)технологиясын пайдалану дәрінің денеге сіңу үдерісін, мөлшерді азайту және әрбір мөлшердің бағасын түсіруді, гигиеналық деңгейді арттыру және қазіргі емдеу тәсілдерін жақсарта алады.
СПИД әлемдегі ең маңызды жұқпалы ауру болғандықтан халық осы қатерлі ауруға қатысты жеткілікті ақпаратқа ие болуы қажет. Жалпы білім беру, ақпарат тарату, қоғамды хабардар ету осы аурумен күресу және оны бақылаудың ең маңызды тәсілдері болып табылады. Қорғалмаған жыныстық қатынас, ластанған қанды тасымалдау, ластанған инені ортақ пайдалану, анадан балаға берілу, бала туу және емізу СПИД ауруын таратудың ең маңызды себептері саналады. СПИД ауруы тезірек анықталып, шалдыққан адамға жылдамырақ ем жасалса, оның өмірі ұзағырақ болатыны және оның жанындағы адамдардың шалдығу ықтималдығының азаятыны анық. Мамандар СПИД ауруымен күресу және оны бақылауда ұстаудың ең маңызды жолдарын ауруды дер кезінде анықтау, нақты, арзан және қолжетімді зертханалық тәсілдерді пайдалану, уақытында емдеу, арзан әрі ішке қабылдайтын дәрілерді пайдалану, науқас адам мен оның жанұясына жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтік күтім мен білім беру деп санайды. Барлық адамдардың мықты денсаулыққа ие болу құқығы барын естен шығармайық. Осы қауіпті ауруға шалдыққан барлық адамдарға сауығып кетуді тілеп, баршаның қолдауымен әлемде осы ауруды түбірімен жоюға әрекет жасалып, одан қайтыс болатындар санының нөлге жететіндігіне үміттенеміз.