АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары-1
Санкция ИИР мен АҚШ-тың қарым-қатынасымен тығыз байланысты.
1979 жылы Ислам революциясы жеңіске жетіп, ИИР-ның құрылғанынан бергі 40 жылға жуық уақыт бойы АҚШ əрдайым əртүрлі сылтаулармен Иранға санкция салып келді. Санкциялар алдымен Теһрандағы АҚШ елшілігін басып алу сылтауымен салынды. АҚШ елшілігін басып алу бұл елдің Иранның ішкі ісіне ұзақ жылдар бойы араласып, 25 жыл бойы Пехлеви үкіметін қолдағанына берілгенжауап болды. АҚШ-тың Теһрандағы елшілігін басып алу оқиғасы аяқталып, Алжир мәлімдемесі жарияланғаннан кейінамерикалықтар бұл саясатты лаңкестікпен күресу, адам құқығының бұзылуы және жаппай қырып-жою қаруына ие болуға талпыныс жасау деген сылтаулармен жалғастырды. Ол кезде Иранның жері Ирактың Баас режимі тарапынан шабуылға ұшырап, Иранға өзін қорғау үшін қару-жарақ сатып алуға мүмкіндік берілмеген болатын.
Кейін Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасы тақырыбы АҚШ бастаған Батыс елдерінің жан-жақты ауыр санкциялар салу үшін сылтауға айналды. Америкалықтар ирандықтарды тізе бүктіруді мақсат тұтатындықтарын жариялау арқылы Иранға қарсы тарихтағы ең ауыр санкцияларды салып, оларды "ақылды санкциялар" деп атады. Олар ірі алпауыттарды өздеріне ілестіріп, БҰҰҚауіпсіздік кеңесінде ИИР-на санкция салу туралы бірнеше қарар бекітіп, өздерінің бірінші және екінші санкцияларын әлемдік санкцияларға айналдырды. ИИР атом қуатының артықшылықтарын пайдалануға қатысты өзінің қалтқысыз құқығына қол жеткізу үшін осы санкциялардың барлығына қарамай бейбіт жұмыстарын жалғастырды. Ақырында әлемдік алпауыттар осы ақиқатты қабылдап, ирандықтармен келіссөздерді бастады.
Иран мен "алтылық" елдері (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей және Қытай) арасындағы қауырт келіссөздерден екі жылға жуық уақыт өткен соң «"Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы» деп аталған ядролық келісімге қол жеткізілді. Онда қарсы тараптар Иранның осы келісімге берік болуының есесіне бұл елге қарсы ядролық санкцияларды жоюға немесе тоқтатуға міндеттелді.
Бұған қарамастан, Дональд Трамптың үкіметі кезінде америкалықтар жаңа сылтаулармен санкцияларды Иранға қарсы сыртқы саясат құралы ретінде сақтап қалуға күш салып жатыр. Бағдарламаның жалғасында АҚШ-тың ИИР-на қарсы санкциялық саясатының қалыптасу және таралу үдерісіне толығырақ шолу жасаймыз.
АҚШ-тың ИИР-на қарсы алғашқы экономикалық санкциясы 1980 жылы АҚШ-тың Теһрандағы елшілігінің басып алынғанына реакция ретінде салынды. Бұл санкция Иранның бұрынғы шахы Мұхаммад Реза Пехлеви кезінде қол қойылған құны жүздеген миллион долларды құрайтын әскери қару-жарақ сату туралы келісімнің күшін жойып, ИИР-на әскери қару-жарақ сатуды заңсыз деп жариялады. Оның артынша Иран үкіметінің АҚШ-тағы 12 млрд доллар көлеміндегі активі бұғатталып, Иран мен АҚШ арасындағы барлық сауда қатынасына тыйым салынды. Сонымен қатар, АҚШ үкіметі ИИР-мен барлық дипломатиялық қарым-қатынасын үзді.
Иранда Ислам революциясы жеңіске жетіп, Теһранда АҚШ елшілігінің басып алынғанына қатты ашуланған АҚШ-тың сол кездегі Президенті Джимм Картердің үкіметі санкцияларға ерекше үміт артқан болатын. Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін Иранның экономикалық құрылымы толығымен АҚШ-қа тәуелді еді. Елге қажет тауарлардың басым бөлігі азық-түлік пен дәрі-дәрмектен бастап өнеркәсіптік шикізаттар мен Иран халқының күнделікті тұтыну тауарларына дейін Батыс елдерінен, әсіресе АҚШ-тан америкалық компаниялар арқылы қамтамасыз етіліп отырды. Бұл жағдай революцияның қысылтаяң шағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болған Иранның Қарулы күштерінен көбірек сезілетін еді. Пехлеви заманында армияның барлық қажеттіліктері АҚШ-тан импортталатын. Америкалықтар Теһран мен Вашингтон арасында сауда және әскери байланыстар тоқтатылғаннан кейін Иран халқы ақырында революциялық құндылықтардан бас тартып, тізе бүгеді деп ойлады. Бұған қарамастан Ислам революциясының жетекшісі мен Иран халқы өздері қолайлы деп тапқан уақытқа дейін америкалық тұтқындарды Теһранда ұстауға шешім қабылдап, Вашингтонды Иранның ішкі ісіне араласпау туралы талапты орындауға көндіргісі келді.
Бұл талап Алжир мәлімдемесі жарияланып, АҚШ үкіметінің жазбаша түрде Иранның ішкі ісіне араласпауға міндеттеме беруімен орындалды. Америкалық тұтқындар 444 күннен кейін елдеріне қайтты. Теһранда тұтқындар оқиғасы аяқталғанымен, АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялар саясаты аяқталмады. АҚШ өзінің еуропалық серіктестерімен бірге Алжир мәлімдемесі жарияланғаннан кейін Теһрандағы тұтқындар оқиғасына байланысты салынған санкцияларды жойғандай сыңай танытқанымен Вашингтон америкалық компаниялардың өтемақыларын төлеу сылтауымен Иранның активтерін бұғаттап, Иран сатып алған қару-жарақты беруден бас тартуы арқылы санкцияларды ауқымдырақ көлемде жалғастырды. Иран Ирактың Баас армиясына қарсы соғыс майданында айтарлықтай сәттіліктерге қол жеткізген 1984 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа санкциялардың басты белгілері айқындала түсті.
АҚШ-тың сол кездегі Президенті Рональд Рейганның үкіметі Ирактың Иранға таңған 8 жылдық соғысы барысында Иранға әскери қару-жарақ сатудың алдын алу үшін ауқымды халықаралық кампания ұйымдастырып, сол арқылы Иранның Иракқа қарсы соғыста жеңіске жетуіне кедергі келтіруді мақсат тұтты. 1984 жылдың қаңтар айында Вашингтон Бейрутте АҚШ-тың теңіз әскери базасында жарылыс болып, 241 адамның қаза табуын сылтауратып, ИИР-ды лаңкестерді демеуші елдердің тізіміне енгізді. Сол заманнан бері «лаңкестікті қолдайды» деп айыптау АҚШ үшін Иранға қарсы санкция саясатын кеңейту үшін берілген мұрсатқа айналды. Содан екі жылға жуық уақыт өткеннен кейін осы сылтаумен АҚШ-тың әскери құрал-жабдықтарын Иранға сатуға және экспорттауға тыйым салынып, Иранға әскери және әскери емес мақсатта пайдаланылатын тауарларды экспорттауға бақылау жүргізіле бастады. Сонымен қатар АҚШ үкіметі Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық қаржы ұйымдарындағы өз өкіліне бұл ұйымдардың Иранға кез келген несие мен қаржылай көмек беруіне қарсылық білдіруді тапсырды. Соның артынша өзінің осы ұйымдарға қаржылай көмектерін ИИР-на беруі мүмкін несиелер көлемінде азайтты. АҚШ үкіметінің Иран халқымен жауластығы одан ары кеңейе түсті. 1987 жылы Рейган үкіметі жалған уәждермен Иранды халықаралық есірткі тасымалымен айналысатын елдердің тізіміне қосты. Осылайша ИИР-на әскери құрал-жабдық сатуға және экспорттауға кедергі тудырды. Шын мәнінде, Иран – Ауғанстаннан контрабандалық жолмен келетін есірткімен күрестің алдыңғы шебінде тұрған ел. Осы жолда Иранның көптеген азаматы шәһид болды.
Бұл жағдай Иран-Ирак соғысының соңына дейін, яғни 1988 жылға дейін бар қарқынмен жалғасты. Иранда қалпына келтіру жұмыстары басталған соң ИИР мен Еуроодақ арасында саяси-экономикалық байланыстар айтарлықтай жақсарды. Алайдаамерикалықтар еуропалықтарға ілеспей, өздерінің санкцияларын жалғастырды. Мысалы, Гаага соты Пехлеви үкіметі кезінде жасалған әскери келісімшарттар үшін Иранға өтемақы ретінде АҚШ тарапынан 300 млн долларға жуық қаржы төлену тиістігі туралы үкім шығарғанымен, Вашингтон 1991 жылы ИИР-ға қарсы санкциялардың жаңа кезеңін бастады. Аймақтағы шұғыл өзгерістер америкалықтардың Иранға қарсы санкциялық саясатын күшейте түсуіне себеп болды. АҚШ-тың Иракқа әскер кіргізуімен қатар жүрген Ирактың Кувейтке жасаған шабуылынан кейін америкалықтар «Әлсіреген Ирактың алдында Иранды ауыздықтау» деп атаған сылтаумен бұл елге тағы санкция салды. Иран пен Ирактың әскери қару-жарақтарының таралуына тыйым салу заңы 1992 жылы күшіне енді. 1991 жылғы "Парсы шығанағындағы бірінші соғыс" деп аталған АҚШ-Ирак соғысына Иранның араласпауы америкалықтардың тез арада жеңіске жетуіне себеп болды. ИИР Таяу Шығыс аймағындағы кез келген басқыншылыққа қарсы болу деген принципті ұстанымы негізінде Кувейт дағдарысына араласудан бас тартты. Ал америкалықтар осы принципті саясатқа жауластық әрекеттерді күшейтумен жауап берді.
Билл Клинтон басқарған АҚШ-тың жаңа үкіметі "екіжақты ауыздықтау" деген саясат дайындады. Оның мақсаты Иранмен де, Иракпен де бір мезгілде күресу болды. Сол кезде америкалық басшылар "Парсы шығанағындағы бірінші соғыстан" кейін Ирак әлсірегендіктен, Иранның аймақтағы үстем күшке айналып, АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Парсы шығанағындағы мүдделеріне қатер төндіретіндігіне алаңдады. Сол себепті, бұрынғы санкциялармен бірге жаңа санкциялар салу америкалық басшылардың күн тәртібіне енгізілді. Бұл санкциялар Иранның валюталық табысының басты көзін, яғни мұнай сатуды нысанаға алды. Алайда, Иран мұнайынэкспорттауға тыйым салу мұнай нарықтарын қатты толқытатындықтан, америкалықтар Батыс компанияларының Иранның мұнай-газ саласына инвестиция салуына тыйым салуға шешім қабылдады. Клинтон үкіметінің санкциялық саясатын оған дейінгі үкіметтердің саясаттарынан ерекшелендіретін санкциялар аясының АҚШ жерінен оның шекарасынан тыс жерлерге таралуы болды. Осылайша, екінші санкциялар легі туындады. Бұл жайлы келесі бағдарламада егжей-тегжейлі баяндаймыз.