АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары-3
(last modified Mon, 18 Dec 2017 17:15:08 GMT )
Жел 18, 2017 23:15 Asia/Almaty
  • АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары-3

Алдыңғы екі бағдарламада АҚШ үкіметінің Иранға қарсы санкция салу саясатының қалыптасу үдерісіне тоқталып, Иранда АҚШ елшілігі басып алынғаннан кейінгі оқиғалар мен Иранға "лаңкестікті қолдап, адам құқығын бұзады және Таяу Шығыстағы бейбіт үдеріске қарсы" деп тағылған айыптар негізінде алғашқы санкциялардың салынғанын баяндадық.

Айтып өткеніміздей, Ирак Кувейтке жасаған шабуылында жеңіліс тапқан соң АҚШ-тың сол кездегі үкіметі Иранмен қатынаста "екіжақты ауыздықтау" деген саясат ұстанып, трансшекаралық немесе екінші лек ретінде санкциялардың жаңа бөлігін іске қосты. Осы санкциялар негізінде Иранның мұнай саласына инвестиция салып келген америкалық немесе америкалық емес кез келген компанияға айыппұл салынады. Бұл шешім әлемнің түкпір-түкпірінде, әсіресе Вашингтонның Еуроодақтағы сауда серіктестері арасында наразылық толқынын тудырды.

Бүгінгі бағдарламаның жалғасында АҚШ үкіметінің ИИР-на қарсы санкция салу саясатының тағы бір кезеңі ретінде ядролық санкцияларға тоқталамыз.

Бұл оқиға америкалықтардың Иракқа қайта әскер кіргізіп, Саддамды құлатқаннан кейін аймақта "Үлкен Таяу Шығыс" идеясын жүзеге асыруды күткен кезінен басталады. Алайда бұл идеяның Иранды тізе бүктірусіз орындалуы мүмкін емес еді. Сол себепті жаңа жоба жасалды. Онда Иран аймақтың қауіпсіздігін бұзушы ғана емес, әлемнің қауіпсіздігіне қатер төндіретін ең үлкен ел деп таныстырылды. Жобаны орындау үшін америкалықтар «Мұнафеқин» лаңкестік тобын (Халық мұджахедтерінің ұйымы) пайдаланды. Олар "Иран Натанздағы жасырын нысандарында ядролық қару жасауды көздеп жатыр" деп уәж айтты. Бұл уәж Иран тарапынан кесімді түрде теріске шығарылғанына қарамастан, Батыстың жарнамалық құралдары Иранға қарсы уланған кеңістік тудырып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін Иранға қарсы санкция салу туралы қарар бекітуге көндірді. Егер ол уақытқа дейін АҚШ тарапынан салынған санкциялар Вашингтонның тек кейбір ең жақын саяси-экономикалық одақтастары тарапынан қолдау тапса, ядролық мәселе көтерілгеннен кейін бұл санкциялар әлемдік сипатқа ие болды. Оған дейін ИИР өзінің ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін дәлелдеу үшін үш еуропалық ел – Ұлыбритания, Германия және Франциямен келісімге келіп, ядролық қарулардың таралуына тыйым салу туралы NPT хаттамасының қосымша протоколын ерікті түрде орындауға келісім берді. Осы саясаттан соң  АҚШ-тың сол кездегі Президенті Джордж Буштың кеңістік тудыруы бәсеңдейді деп күтілген.

Америкалықтар "Үлкен Таяу Шығыс" жобасын жүзеге асыру мақсатында өздерінің негізгі жоспарын орындауға, яғни Иранды тізе бүктіруге талпыныс жасап жатқандықтан "Саадабад келісімі" деп аталатын Иран мен үш еуропалық ел арасындағы ядролық келісімді қабылдамады. Америкалықтардың бүлдіргі әрекеттері салдарынан Еуроодақта Иранмен келіссөз жүргізіп жатқан тараптар да міндеттемелерін орындаудан бас тартты. Теһранда өзінің ядролық құқығын сақтау үшін ядролық отын өндіретін центрифугаларды қайта іске қосқаннан басқа амал қалмады. Бұл шешім батыстықтар үшінжақсы сылтау болды. Олар 2006 жылы Иранның ядролық бағдарламасы тақырыбын Венадағы АҚХА-нен Нью-Йоркке ауыстырып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қарарлар бекітті. Иранның ядролық бағдарламасы тақырыбы 2006 жылы БҰҰ-ға ауысқаннан Иран мен «алтылық» елдерінің 2013 жылы Женевада уақытша келісімге келгеніне дейін  ИИР-ға қарсы 6 қарар бекітілді.  Бұл құжаттарға 2006 жылғы №1696 және №1737, 2007 жылғы №1747, 2008 жылғы №1803 және №1835 және соңында 2010 жылғы №1929 қарарлар жатады.  Қарарлардың барлығы БҰҰ жарғысының 7-тарауы бойынша бекітілді. Бұл тарау мүше елдерге әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлермен күресу сылтауымен күдікті мүше елге қарсы практикалық әрекеттер, соның ішінде экономикалық санкция салуға рұқсат береді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі үшінші қарардан бастап ИИР-на қарсы санкциялар жүзеге асырылды. Алдымен тек Иранның ядролық жұмыстары мен соған қатысты компанияларға санкция салынды, бірақ біртіндеп америкалықтардың талпынысымен санкциялардың аясы Иран экономикасының басқа бөлімдеріне де таралып, банктар, сақтандыру компаниялары, логистикалық компаниялар және Иранның мұнайын сату да санкцияға түсті.  Тіпті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкцияларынан алынып тасталған азық-түлік пен дәрі-дәрмек сату да шетелдік банктер Иран тарапымен мәміле жасаудан бас тартуына байланысты санкциялардың ықпалына түсті. Америкалықтар бұл санкцияларды адамзат тарихындағы ең ауқымды санкциялар деп атады. АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Иранғы қарсы санкцияларды «смарт-«ақылды» санкциялар» деп сипаттап, бұл шаралардан соң Иранның экономикасы тоқырайды деген болжам айтты.  

Иранға қарсы санкциялардың кеңеюімен бір мезгілде бұл елдің бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламалары да кеңейе түсіп, Иранның центрифугалар саны санкцияларға дейінгі 1000 данадан санкциялар шарықтау шегіне жеткенде 20000 данаға жетті. Сонымен қатар Иран Теһрандағы зерттеу реакторы мен радиодәрі өндіруге қажет 20 пайыз шамасындағы уран өндіру кезеңіне аяқ басу арқылы АҚШ бастаған Батыстың санкция саясаты алдында табандылық танытты. Мұндай принципті саясатты қабылдау америкалықтарды қысымдарды күшейтуге итермеледі. Олар өздерінің әрекетін түсіндіру үшін  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сүйенді. Бұған қарамастан, әлем елдерінің қолдауына ие америкалықтардың Иранның ядролық бағдарламаларына қарсы қысымдарының қаншалықты ықпалды болғаны анық еді.

Мысалы,  Вашингтон әлемнің барлық елдерін бір жолайрыққа әкеліп тіреді:  барлық ел өздерінің Иранмен сауда-экономикалық әріптестіктерін үзуі керек болды немесе АҚШ-тың қаржылық жүйесінен шығып қалу қаупін қабылдауы тиіс еді.  Осыған орай Иранмен әріптестік  жасап келген көптеген елдер мен шетелдік компаниялар америкалықтардың жазасынан алаңдап, Иранның ауқымды базарынан шығуға шешім қабылдады. Бұл жағдайда бұрынғыдай Ираннан мұнай сатып алуға рұқсаты болған бірнеше азиялық ел алты айда бір рет өзінің мұнай импортын белгілі бір көлемде азайтуға міндеттелді. Сол арқылы ақырында Иранның мұнай экспорты тоқтатылуы тиіс еді. Сонымен қатар америкалықтар Иранның Орталық банкіне санкция салып, Иранның ұлттық валютасы риалмен мәміле жасауға тыйым салғаннан кейін Иранның мұнайды экспорттаудан түсетін валюта көзіне қолжетімділігі жойылды. Бұл әлем экономикасы тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай деп сипатталды.  Америкалықтардың осы шарасынан кейін Еуроодақ та еуромен мәміле жасауға тыйым салып, Иранның SWIFT желісіне қолжетімділігі болмай қалды.  

Осындай жағдайда америкалықтар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын әлемдік деңгейде бірінен соң бірін  бекітіп, орындаумен бірге  өз елінің ішінде де бұрынғыдай Иранға қарсы жаңа санкциялар салу ісін жалғастыра берді. Мысалы, 2010 жылы шілдеде АҚШ-тың сол кездегі Президенті Барак Обама «Иранға инвестиция салмау, жауап бермеу және жалпы санкция туралы заң» қаулысына қол қойды. Соның негізінде 1996 жылы бекітіліп, ILSA деп аталған Иран мен Ливияға санкция салу заңында белгіленген қысымдар арта түсті.  Америкалықтар Иранның мұнайын экспорттауына және бұл елдің Орталық банкіне санкция салғаннан кейін бензин сатуға тыйым салу арқылы ИИР-на бұрынғыдан көбірек қысым жасаймыз деп ойлады.

Мұнымен қоса, бұл аралықта АҚШ тарапынан экономикадан тыс та санкциялар салынып, шаралар атқарылды. Бұл АҚШ-тың Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату үшін  ешбір істен аянып қалмайтынын көрсетті. 2006 жылы АҚШ-тың бір федералдық соты Иранға тиесілі Персеполистен алынған ең үлкен археологиялық ескерткіштердің бірінің сионистердің пайдасына тәркілену үкімін шығарды. Microsoft пен Yahoo компаниялары АҚШ үкіметінің қысымымен Иранды ғаламтор қызметін қабылдаушы елдер тізімінен шығарылды деп жариялады. Бірақ, осыған дейін айтылғандай, мұндай шаралар Иран халқы мен үкіметінің халықаралық ережелер аясында өзінің ядролық құқықтарын пайдалануға бағыттаған ерік-жігерін мұқалта алмады. Сол себепті ақырында АҚШ-тың сол кездегі Президенті Барак Обама ИИР-ның жоғары лауазымды басшыларына хат жазып,  Вашингтонның Иранның ядролық құқығын қабылдайтынын жариялау арқылы бұрынғы жүріп өткен жолды тегістеп, ядролық келісімге келуге жағдай жасады. Женевада жүргізілген келіссөздерде Иран мен «алтылық» елдері "тоқтатудың есесіне тоқтату формуласын" қабылдады. Соның негізінде қорытынды келісім жасалғанға дейін Иранның ядролық бағдарламасын дамытуды тоқтатудың есесіне АҚШ пен оныңодақтастары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жаңа қарарларды бекітуді тоқтатуға келісті.

Келесі бөлімде ««Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы» деп аталған құжатқа ұластырған Иран мен «алтылық» елдері арасындағы ядролық келіссөздер барысындағы АҚШ-ның санкцияларының жағдайын талқылаймыз.