Иранның "чуган" ойыны мен "каманче" аспабы әлемдік мұра ретінде тіркелді
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i33203-Иранның_чуган_ойыны_мен_каманче_аспабы_әлемдік_мұра_ретінде_тіркелді
ЮНЕСКО ұйымының материалдық емес мәдени мұрасы жөніндегі комитетінің жыл сайын өтетін он екінші отырысы х.ш.ж.с.б. азар айының 13-18, сәйкесінше желтоқсанның 4-9 күндері Оңтүстік Кореяда өтті. Бұл отырыста Иран ұсынған "чуган" ойыны мен "каманче" аспабы қолдауға ие болып, әлемдік мәдени мұралардың тізіміне енгізілді.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Жел 23, 2017 14:08 Asia/Almaty
  • Иранның

ЮНЕСКО ұйымының материалдық емес мәдени мұрасы жөніндегі комитетінің жыл сайын өтетін он екінші отырысы х.ш.ж.с.б. азар айының 13-18, сәйкесінше желтоқсанның 4-9 күндері Оңтүстік Кореяда өтті. Бұл отырыста Иран ұсынған "чуган" ойыны мен "каманче" аспабы қолдауға ие болып, әлемдік мәдени мұралардың тізіміне енгізілді.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы жөніндегі комитетінің жыл сайынғы отырысы осы комитеттің 24 мүшесі мен әлемнің әртүрлі елдерінен келген материалдық емес мәдени мұра саласындағы 700-ге жуық белсенді мен бақылаушының қатысуымен Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өткізілді.

"Каманче" – аймақтағы, әсіресе Ирандағы ең көне және кең тараған музыкалық аспаптардың бірі. Бұл аспап классикалық және фольклорлық музыкалық туындыларды орындау үшін пайдаланылады. Каманченің алуан түрлі мүмкіндіктерінің арқасында бұл аспап Иранның көптеген қалалық және ауылды мекендеріндегі халықтың сезімдерін баяндауды қажет ететін түрлі рәсімдерде пайдаланылады.

Чуган – рух пен тәннің саулығына оң әсерін тигізетін спорт түрі ретінде көптеген құндылықтарға ие. Чуганның керемет ойын ретіндегі әлеуметтік болмысы мен құндылықтарына табиғат пен адам мен жылқы арасында байланыс орнатуын, сергектік және шаттық тудыруы мен соған қатысты өнер түрлерін жатқызуға болады. Сонымен қатар, ойыншылардың бойында белгілі бір қоғам мен тарихқа тиесілі сезім тудыру, отбасы мүшелерінің ойынды тамашалауы, таза жарыс барысында түрлі буын арасындағы қатынастың орнауы чуган ойынының ең маңызды ерекшеліктеріне жатады.

Иранның чуган ойыны мен каманче аспабының әлемдік мұра ретінде тіркелуі

Чуган ойынын қарастырған құжатта осы ойынға қатысушылардың тарихы мен болмысымен тікелей байланысты мәдени элемент екені баса айтылған. Бұл элемент Иранның әдебиеті мен жыршылық және жыраулық өнерінде (наққали), мақал-мәтелдерінде, миниатюралық бейнелеу өнері мен қолөнер және сәулет өнерінде кең кездеседі. Бұл ойынға қатысушылардың дүниетанымы мен символизмінің құнды бөлігі саналады.

Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның аталмыш отырысында Әзірбайжан Республикасы тарапынан ұсынылған дәстүрлі "долма" тағамын әзірлеу әдісі тіркелді. «Долма" ирандық ең көне тағамдардың бірі саналып, Армения және Әзірбайжан Республикасы секілді көптеген мемлекеттер құрылмастан жүздеген жыл бұрын Иранның атымен "ирандық тағам" ретінде танылған жағдайда Баку бұл тағамды әзірбайжан халқына тиесілі деп қуаттады.

Долманы жүзім жапырағы, болгар бұрышы, кәдіш, қызанақ, орамжапырақ және кәдімен қосып дайындауға болады. Долманы әзірлеуге қажет құрамға тартылған ет, жемістер, пияз, күріш, бұршақ жармасы, дәмдеуіштер мен жүзім жапырағы жатады. Осының барлығын майдалап турап, араластырып, жүзім жапырағына салып, түрлі тәсілмен орап пісіреді.

Жүзім жапырағынан дайындалған долма

Каманче – Иранның музыкалық аспаптарының бірі. Каманче аспабы жайлы алғашқы тарихи деректер х.ж.с.б. төртінші ғасырда өмір сүрген Әбу Насыр Фарабидің "Музыканың ұлы кітабы" атты еңбегінде келтірілген. Фараби өзінің бұл трактатында каманчені ирандық аспап деп атаған. Каманче Сафавилер мен Қаджар әулеттері басқарған кезеңдерде Иранның негізгі музыкалық аспаптары саналған. Каманче үнтаспаға алғаш рет жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде жазылған.

Бұл музыкалық аспаптың шанағы шар секілді іші қуыс болып келеді. Әдетте, каманче шанағын тұт ағашынан бірнеше бөлікті құрап жасайды. Оның кішкене бөлігі бетқақпақпен жалғасып, оның үстіне тері жабылады. Терінің үстіне ішектерді ұстап тұратын тиек орнатылады. Аспаптың мойыны ұзынша құбыр пішінді және аударылған конус секілді жасалады. Аспаптың басы іші бос қуыс секілді жасалып, екі жағынан ашық болып, құлақтар шоғырланған қорапшаның рөлін атқарады. Аспаптың басы екі жағынан екі құлағы бар қорапшадан тұрады. Қорапшаның үстіне кішкене күмбез орнатылады. Аспаптың жалпы ұзындығы шамамен 80 сантиметрді құрайды.

Бұрын бұл аспаптың қазіргі формасындағы секілді ішектер бекітілетін түймесі болмаған. Бұрынғы кезде ішектер тікелей аспаптың өзіне бекітіліп, "сетар" аспабы секілді немесе металдан жасалған бөлшектің көмегімен аспаппен байланысатын. Иранға виолончель аспабы келгеннен кейін аспапты нақты әрі дұрыс баптау үшін түймемен қоса аспапты күйіне келтіретін кішігірім бұрандалар қосылды. Бұл аспап ішекті аспаптардың қатарына жатады.

Аспапта ойнайтын адам каманченің негізін жерге, орындықтың үстіне немесе тізесіне қойып, ысқымен ойнайды. Бұл аспапта ойнаған кезде аспап өз осі бойынша айналады. Осылайша, ысқы мен ішектердің байланысы жеңілдетіледі. Аспапта ойнайтын адам каманчені сол қолына мықтап ұстап, сол қолының саусақтарымен пернелердің үстінен басып, аспаптың ішектерін тербеліске келтіреді. Оң қолына ысқыны ұстап, ішектердің үстінен ысып тартады. Каманче аспабында ойнайтын ирандық ең танымал музыканттардың ішінен Хосейнхан Исмаилзадені, Али Асғар Баһариді, Моджтаба Мирзадені, Кейһан Калһор мен Ардашир Камкарды атауға болады.

Кейһан Калһордың каманчесі

Қазіргі таңда каманче аспабы ирандық музыкалық топтағы өте маңызды аспап саналады. Себебі, бұл аспапсыз көлемді әрі тартымды музыкалық туындыны орындау өте қиын. Аспаптың үні музыкалық аспаптар тобына ерекше жарқын күй сыйлайды. Егер каманчеде ойнайтын музыкант өте талантты болса, ол жалғыз өзі "тар" және "сантур" секілді бірнеше ішекті аспаптарға тұрарлық дауыс қалыптастыра алады.

Чуган ойыны бүгінгі таңда әлемдік спортқа айналған Иранның көне спорт түрлерінің бірі саналады. Бұл спорт түрі патшалар мен басшылардың арасында кең таралғандықтан, "шаһтар ойыны" деген атпен танымал болған. "Чуган" атауы осы ойын кезінде пайдаланылатын таяқтың атауынан алынған. Бұл ойын алғашында әскери-соғыс мақсатында ойналып, ирандық салтаттылар ойын кезінде өздерінің әскери тұлпарларының қабілеттерін көрсететін болған. Қазіргі таңдағы чуган спорты ирандық чуган ойынынан бастау алған.

Бүгінде 77 мемлекет чуган бойынша түрлі жарыстар мен бағдарламалар ұйымдастырады. Чуган сондай-ақ 1900-1939 жылдары Олимпиада ойындарына қосылып, қазіргі таңда Халықаралық олимпиядалық комитет тарапынан әлемдік спорт түрі ретінде танылған.

Бұл ойын б.з.б. шамамен 600 жылы Иранда пайда болып, Хақамени әулетінің билігі кезінде ойналған. Чуган ойыны бірінші Дарийдің Үндістанға жорығы кезінде сол жерде кең тарады. Сонымен қоса, Сасани әулетінің билігі кезінде сол кезеңдегі ойын мәдениетінің бір бөлігіне айналған. Рудаки ислам діні таралғаннан кейін чуган ойыны жайлы сөз қозғаған алғашқы ақын болса, Фердоуси бұл ойынның атауын өз шығармаларында өте көп пайдаланған. Фердоуси Сиявуш пен Афрасиабтың чуган ойынын ойнағанын жырлаған. Сағди, Хафез, Насер Хосроу мен Моулави чуган ойынына сілтеме жасаған ақындардың қатарын құрайды.

Чуган

Моңғолдар Иранға шапқыншылық жасағаннан кейін және Иран мәдениеті мен өнерлерімен жақын таныс болған кезде чуган ойынын үйреніп, өздері жаулап алған кең территорияда осы ойынды таратқан. Тарихи деректерге сүйенсек, Сафави әулетінен шыққан Аббас шаһ чуган ойынына құмар болған. Ол Исфаһанға барғанға дейін сол кезде Иранның астанасы болған Қазвин қаласында чуган ойынын ойнаған. Исфаһан қаласында орналасқан "Нақше джаһан" алаңы чуган ойынын ойнау үшін салынған. Еуропалықтар Сафави әулеті билік еткенде және өздері Үндістанды отарлаған кезде осы ойынмен танысып, ұлыбританиялық офицерлер Калькутта спорт кешенінде кәсіби түрде чуган ойынын үйреніп, ойынды Ұлыбританияға апарған. Кейін дәл сол чуган таяғын пайдаланатын гольф, хоккей секілді ойындарды ойлап тапқан. 1860 жылы чуган ойыны Ұлыбританияда кең етек жайды. Содан кейін бұл ойын Оңтүстік Америкаға жетіп, ол жерде де кең тарады. Қазіргі таңда Оңтүстік Америкада чуган басқа елге қарағанда көбірек ойналып, ең көп жақтасқа ие болып отыр.

Чуган ешқашан дәлелсіз ойын болмаған. Салт атты мен тұлпардың дайындығын қажет ететін бұл ойын толығымен стратегиялық ойын болып табылады. Ат кедергіге қарсы келген сәтте қаша таяды. Алайда чуганға қатысатын тұлпар керісінше кедергіге қарай ұмтылып, салт атты чуган ойнай алатындай жағдай жасайды. Ойын алаңында өзін чуган ойнайтын салт аттының қимылымен сәйкестендіретін ат соғыс алаңына да қатыса алады.

Бұл ойын бастапқыда әскери әрі соғыстық мақсаттарда ойналды. Ирандық салтаттылар бұл ойын кезінде өз тұлпарларының соғысу қабілеттерін көрсететін болған.

ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар жөніндегі комитетінің жыл сайынғы отырысында сондай-ақ, бұл отырыстың Әзірбайжан Республикасының астанасында өткізілуіне байланысты бұл ел чуган ойыны туралы құжатта "Қарабақта аттың үстінде ойналатын дәстүрлі чуган ойыны" деген атаумен ЮНЕСКО-ның жоғалу қарсаңында тұрған мұралар тізіміне тіркелгенін айта кеткен жөн. Бұл оқиғадан кейін мәдени мұраларды сақтауды жақтастар мен кейбір жауапты тұлғалар чуган ойынын Әзірбайжан тарапынан жеке бір ұлтқа тиесілі ойын ретінде мәдени мұра тізіміне енуіне қатысты наразылық білдірді. Тіпті, Әзірбайжанның чуган ойынының әлемдік деңгейде танылуынан бірнеше ай бұрын Иранның Мәдени мұра ұйымының басшылары ЮНЕСКО ұйымына хат жолдап, осы оқиғаға байланысты наразылық білдіріп, ЮНЕСКО-дан бұл ойынды жеке бір халыққа тиесілі мәдени мұралар тізіміне тіркемеуді сұрады. Алайда хатқа ешқандай жауап қайтарылмады.

Екі жыл бұрын Иран Чуган федерациясы мен Спорт және жастар ісі жөніндегі министрлікпен бірлесе отырып, "Атпен ойнайтын чуган ойыны: ережелері мен музыкалық сүйемелденуі" атты құжат әзірлеп, ЮНЕСКО-ға жіберіп, құжатты қарастыруды сұрады. Иран жасаған талпыныстардың нәтижесі мен нақты тарихи деректердің арқасында нәтижеге жетіп, жоғарыда аталған екі құжатқа Мәдени мұра мамандары келісім беріп, осы екі туынды Әлемдік мәдени мұра тізіміне тіркелді. Бұл оқиға шын мәнінде Иранның терең тарихымен таныстырып, оның бай мәдениетін әлемдік деңгейде паш етті.

Айта кететін жайт, материалдық емес Әлемдік мәдени мұра тізімінде Иранның атымен тіркелген ескерткіштер саны 13-ке жетеді. Соның ішінде Наурыз мейрамы, жалпақ жұқа нан пісіру өнері және каманче аспабы көпұлтты ортақ мәдени мұралар саналады.