АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары-4
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, америкалықтар 1979 жылы Ислам революциясы жеңіс жеткеннен кейін Иранға әртүрлі сылтаулармен санкция салды.
Басында бұл санкциялар "лаңкестікке қолдау көрсетіп, адам құқығын бұзады" деген сылтаулармен америкалық азаматтар мен компанияларға ирандық тараптармен мәміле жасауға тыйым салды. Сонымен қатар, 1990 жылдардың ортасында екінші санкциялар легіне кезек жетті. Америкалықтар халықаралық құқықтарға қайшы қатынас көрсетіп, шетелдер мен америкалық емес компанияларды айыппұлмен қорқытып, Иранмен әріптестік жасап, бұл елдің мұнай саласына инвестиция салудан бас тартқызды.
Иракқа әскер кіргізіп, 2003 жылы Саддам құлатылғаннан кейін ИИР-на қарсы жаңа жоба дайындалды. Бұл жобада Иранға ядролық қаруларды жасауға талпыныс жасап, әлемнің бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген айып тағылып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде Иранға қарсы қатаң санкциялар салу туралы бірнеше қарар бекітілді. Бұл санкциялар Иранның мұнай экспортын тығырыққа тіреп, мұнай сатудан түсетін валютаны аудару үдерісіне кедергі тудырды. Сонымен қатар Иранмен банк саласында әріптестік жасауды минималды деңгейге жеткізіп, кейбір негізгі тауарларды, соның ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек пен бензинді импорттау қиыншылыққа ұшырады. Бұған қарамастан, ИИР халықаралық ережелер аясындағы өзінің бейбіт жұмыстарын жалғастырды. Бұл үдерісті батыстықтар әскери емес мақсаттарға қарай бет бұру деп атады.
Бірінші бөлімде айтқандай, соңында тараптар тығырықтан шығу үшін Швейцарияның Женева қаласында сындарлы келіссөздерді бастауға келісті. Бұл келіссөздер Иран мен "алтылық" топтың арасында ядролық әріптестіктің жаңа кезеңінің бастауы болды. Ол өз кезегінде Батыстың Иранға қарсы санкциялар тақырыбына айтарлықтай әсер етті.
Иранның шетелдік тараптармен ядролық келіссөздерінің тарихы 2003 жылдан басталады, алайда "алтылық" елдерімен келіссөздер 2013 жылдан бастап жаңа кезеңге аяқ басты. АҚШ-тың сол кездегі Президенті Барак Обаманың ИИР жүйесі басшыларымен хат алмасуға шешім қабылдап, Иранның ядролық құқықтарын мойындауы, сондай-ақ, Иранда жаңа үкіметтің құрылуы "ұтыс-ұтыс" негізінде келісімге келуге мүмкіндік жасады. Осы қатынас аясында Иран мен "алтылық" елдері арасындағы келіссөздер Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кэтрин Эштонның басқаруымен 2013 жылдың 20 қарашасында Женеваның "Интерконтиненталь" қонақ үйінде басталып, 4 күннен кейін "Ортақ қадам бағдарламасы" деген құжаттың дайындалуымен аяқталды. Тараптардың қолдауына ие ұзақ мерзімді жалпы шешім жолына жету үшін және Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін кепілдендіру мақсатымен қол жеткізілген осы келісім негізінде тараптар ерікті түрде жан-жақты шешім жолының алғашқы қадамы ретінде өзара шаралар атқаруға міндеттелді.
Иранның негізгі міндеттемелеріне уранды 5 пайыздан жоғары байытуды 6 айға тоқтату, Арак реакторы, Натанз бен Форду ядролық нысандарын дамытуды тоқтату, Теһранның зерттеу реакторын отынмен қамтамасыз етуге арналған 20 пайызға байытылған уранның жартысын оксид түрінде сақтап, екінші жартысын 5 пайыздағы уран гексафториді деңгейіне дейін сұйылту және жаңадан байытылған 5 пайыздағы уран гексафторидін 6 ай бойында уран диоксидіне айналдырудан бас тарту жатады. Сонымен қатар Иран алаңдаушылықтарды жойып, өзінің ядролық бағдарламаларының бейбіт мақсатта екенін дәлелдеу үшін АҚХА-мен әріптестігін арттыруға келісті.
Бұның есесіне "алтылық" елдері де жаңа санкция бекітуден бас тартуға, Иранға қарсы кейбір шектеулерді азайтуға, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Еуроодақ тарапынан жаңа санкция салмауға, АҚШ тарапынан біржақты жаңа санкция салмауға келісті. Сонымен қатар Еуроодақ пен АҚШ-тың Иранның алтыны, қымбат металдары мен мұнай-химия саласындағы экспорттарына салған санкциялары алынып, АҚШ-тың Иранның машина жасау өнеркәсібіне салған санкциялары тоқтатылатын болды. Сонымен қатар Иранның шикі мұнайын сатудың алдын алу доғарылып, клиенттергеқазіргі көлемді сатып алуға және мұнайды сатудан түскен соманың белгілі бір бөлігінің Иранға қайтарылуына рұқсат берді. Иранның әскери емес ұшақтарының қауіпсіз ұшуы үшін қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге және қолдануға рұқсат беруі, мұнайды сатудан түсетін табысты пайдалану арқылы Иранға қажет гуманитарлық тауарларды сатуды жеңілдету үшін қаржы желісін ашу және ирандық студенттердің шетелдік университеттерде оқу ақысын келісілген сомада 6 ай бойы тікелей төлеу – осының барлығы "алтылық" елдерінің "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы деп аталған құжатта белгіленген міндеттемелері болып табылады.
Осы міндеттемелерді орындау үшін АҚШ пен Еуроодақ қорытынды келісімге келгенге дейін өздерінің Иранға қарсы санкцияларын тоқтата тұратынын жариялады. АҚШ-тың Конгресі бұдан бұрын санкция салу заңдарын бекіту барысында осы елдің Президентіне өзі дұрыс деп тауып, АҚШ-тың ұлттық мүддесіне қажет болған жағдайда Иранға қарсы санкцияларды белгісіз мерзімге тоқтатып, Конгреске ресми хат жолдап, өз дәлелдерін келтіруге рұқсат еткен болатын. Осы рұқсат аясында Обама үкіметі ядролық келіссөздер аяқталып, "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы жарияланған 2015 жылға дейін 6 айда бір рет АҚШ-тың атқарушы немесе заң шығарушы органдары тарапынан салынған санкцияларды тоқтатып отырды.
Кейінгі бір жарым жыл ішінде санкциялар мәселесі мен Батыс елдері тарапынан оларды жою тәсілдері Иран мен "алтылық" елдері делегациялары арасындағы келіссөздердің басты бөлігі болды. Ирандық тарап ядролық санкцияларды жоймай тұрып қандай да бір келісімге келуге болмайтынын айтты. Бұл жағдайда Иран да ешбір міндеттемені қабылдамайды. Басқаша айтқанда, ядролық құқықты сақтау, әсіресе ядролық зерттеу және дамыту құқығын сақтаумен қоса, санкциялар мәселесі де Иранның қызыл сызығына айналды.
Бұған қарамастан, батыстық тараптар, соның ішінде америкалықтар әртүрлі сылтаулармен Иранға қарсы санкцияларды толығымен жоюдан сан рет бас тартты. Мысалы, олар кейде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкцияларын жою "алтылық" елдерінің қолында емес, осы кеңестің мүшелерінің ықтиярында десе, кей жағдайда АҚШ үкіметінің Конгресс бекіткен заңдарды жоюда күшінің шектеулі екенін, тіпті кейде Ираннан көбірек ұпай алмайынша өзінің санкция салу саясатынан бас тартуға дайын еместігін айтады.
Алайда ақырында ИИР жүйесінің жоғары лауазымды басшыларының қолдауына ие болған ирандық келісімгерлер делегациясының табандылығының арқасында санкциялардың түйіні босады. Батыс тарабы Иранға қарсы санкция салған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын жаңа қарарлар бекіту арқылы жоюға келісті. Бұл мәселе ирандық тарап үшін қарсы тараптың, әсіресе АҚШ-тың уәде бұзушылықтарына жол бермей, Иранның ісін БҰҰ жарғысының 7-ші тармағы аясынан шығаруда өте маңызды болды. Сонымен қатар қорытынды келісімге келгеннен кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде 2231 номерімен бекітілген қарарға "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының мәтіні енгізіліп, бұл кеңестің алдыңғы 6 қарарының күші жойылды.
Еуроодақ бекіткен қарарлар туралы да келіссөзге қатысқан үш еуропалық ел – Ұлыбритания, Франция мен Германия АҚХА тарапынан «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы аясында Иранның өз міндеттемелерін орындағаны расталғанымен бір мезгілде Еуропа кеңесінен еуропалық санкцияларды алып тастауды сұрауға міндеттелді. Бұл шара 2015 жылы жүзеге асты.
Алайда АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларына қатысты қиындық көп болды. 40 жылға жуық уақыт бойы Конгрестің көптеген қаулылары мен бұйрықтары Иранға қарсы әртүрлі санкцияларды орындау мақсатымен шығарылып, бекітілді. Алдымен ядролық санкцияларды ядролық емес санкциялардан бөлуге талпыныс жасалды. Содан соң америкалық тарап «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы құжатының қорытынды мәтінінде Конгрестің бекітуімен атқарушы органдар тарапынан салынған санкцияларды бөлуге келісті. Осы бөлініс негізінде АҚШ үкіметі Иранның ядролық жұмыстарына қатысты ел Президентінің барлық бұйрықтары немесе Мемлекеттік департамент, Қаржы және энергетика министрліктерінің шешімдерін Иранның міндеттемелеріне беріктігін растаумен бір мезгілде толығымен біржолата күшін жоюға міндеттелді. Алайда Конгрестің қаулыларына қатысты америкалық келісімгерлер делегациясының Конгрестің заңдарын біржақты түрде жоюға жеткілікті күштерінің жоқтығын алға тартуын ирандық тарап түсінушілікпен қабылдады. АҚШ Президенті өзінің заңды өкілеттігін пайдалану арқылы Конгрестің санкция салу заңдарын белгілі бір кезеңдерде тоқтататын болып келісілді. Бұл шара Конгресс тарапынан Иранның ядролық саласына салынған санкцияларды сақтағанымен, Иранға қарсы осы санкциялардың орындалуына кедергі болды.
«Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы мәтінінде АҚШ Конгресінің санкция салу қаулыларының қиындықтарын шешу үшін шешім жолдары қарастырылған. Осы шешім жолы негізінде Иран үкіметі «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасын орындаудан 8 жыл өткен соң ИИР-ның қосымша протоколға қосылуы туралы жобасын Ислам Кеңесі Мәжілісіне бекіту үшін беруге, ал соның есесіне АҚШ үкіметі жоба барысында Конгрестен Иранның ядролық бағдарламсына қарсы санкция салу заңдарының барлығын жоюды сұрауға міндеттелді. Иран мен АҚШ үкіметтерінің ешқайсысы ұлттық Парламенттердің ақырында осындай өтініштерді қанағаттандыратындығына міндеттеме алған жоқ. Бұған қарамастан, екі елдің заң шығарушы органдары атқаратын шаралардың бір-біріне сәйкес болуы ақырында Иранға қарсы ядролық санкциялардың соңғы қалдықтарын жойды.
Қалай болғанда да осындай келісімдерден кейін «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасы деген құжат немесе қорытынды келісімге келуге жол ашылды. Иран «әлемдік қауымдастықтың алаңдаушылығы» деп аталатын мәселені жою үшін өзінің ядролық құқығының ресми түрде танылып, санкция салу туралы заңдардың салдардарын жоюдың есесіне өзінің бейбіт мақсаттағы ядролық жұмыстарында шектеулерді қабылдауға келісті.
Келесі бағдарламада АҚШ-тың Иранға қарсы ядролық санкцияларды жою тәсілдеріне, сонымен бір мезгілде Иранның ядролық емес салаларына санкция салуды күшейтуге жағдай жасауына тоқталамыз.