Есірткі заттары – адамзатқа төнген қауіп (5)
(last modified Sat, 13 Jan 2018 06:58:38 GMT )
Қаң 13, 2018 12:58 Asia/Almaty
  • Есірткі заттары – адамзатқа төнген қауіп (5)

Бүгінгі таңда лаңкестік ұғымына жарылыс, адам өлтіру немесе ұйымдасқан қарулы шабуылдар арқылы үрей мен қорқыныш тудыруға негізделген құбылыс деген анықтама беріледі. Есірткі терроризмі – соңғы бірнеше онжылдықта лаңкестік топтардың мақсаттарына қызмет ету үшін жаңадан пайда болған, лаңкестіктің жаңа аспектілерін көрсететін құбылыс.

Есірткі терроризмі деп белгілі бір топтардың тікелей немесе жанама түрде есірткі заттарын өсіру, өндіру, тасымалдау немесе таратумен байланысты және есірткі мафиялары тарапынан басқарылатын лаңкестік амал-әрекеттерді атайды. Есірткі заттары контрабандасы, мафиялық бандалар мен лаңкестік топтар арасындағы байланыстың күрделеніп кеткені соншалықты, БҰҰ мұны ұйымдасқан қылмыстар қатарына жатқызып, онымен күресу үшін көптеген конвенциялар мен протоколдарды әзірлеген. 1961 және 1971 ж.ж. конвенциялар, 1972 жылы түзету енгізілген протокол мен 1988 жылғы конвенция осы конвенциялардың қатарын құрайды.

Есірткі заттары мен терроризм

Лаңкестік пен есірткі заттарының байланысын шығын және шектеулі құрамдас бөлік ретінде қарастыруға болмайды. Себебі, есірткі заттары контрабандасынан түсетін табыс көлемінің көптігі соншалықты, ол лаңкестік топтардың белсенділігін қамтамасыз етіп отыратын негізгі қаржы көзіне айналған. Қазіргі таңда есірткі заттары экономикасы мен терроризм бір-бірімен тығыз байланысты. Есірткі заттары контрабандасының қаржы көздері мен оның пайдасы ашық түрде лаңкестік топтардың қолына түседі. Әлемдегі есірткі заттары саудасының орасан көлемі, есірткі контрабандасымен байланысты қаржы айналымы мен аймақтық және әлемдік мафияның кейбір мемлекеттердің барлау қызметі ұйымдарының қолдауының арқасында атқаратын рөлі бұл мәселені өте маңызды етіп отыр.

Барлық лаңкестік топтар есірткі заттарынан түсетін табысқа тәуелді болмауына қарамастан, кейбір топтар осы табысқа қатты тәуелді. Лаңкестік топтардың бұл бөлігі есірткі заттары саудасынан бастау алатын қаржы көздерін сақтап қалу үшін аталмыш қаржы көздеріне қатер төнген кез келген жерде әскери амалдар жасап, кішігірім әскери жасақтар құрады. Осындай топ үлгілерін көбінесе Латын Америкасы елдері мен кейбір еуропалық мемлекеттерден, әсіресе Шығыс Еуропа елдерінен, тіпті Таиланд, Мьянма мен Ауғанстан секілді Азия елдерінен байқауға болады. Есірткі заттарының саудасы ДАИШ-тың ең маңызды табыс көздерінің бірі екені кейбіреуді таң қалдыратын шығар. Шамамен алты жыл бұрын бұл тәкфирлік лаңкестік топтың пайда болғаны туралы жарияланған кезден бастап, бұл қылмыстық топ есірткі заттары контрабандасын көп пайдаланды. Америкалық жазушы әрі журналист Джеси Розенфилд The Daily Beast атты интернет-басылымында жарияланған мақаласында: "Наша саудасы ДАИШ-тың ең маңызды табыс көздерінің бірі саналады",- деп жазды.

ДАИШ – осы салада өздерін есірткі заттарын пайдалануға қарсылық білдіретіндей етіп көрсеткен топтардың бірі. ДАИШ тәкфирлік лаңкестік топтардың басып алған аймақтарында тіпті шылым шегуге тыйым салынып, тыйымды бұзған адамдар жазаланатын жағдайда, ДАИШ билігіндегі аймақтарда, атап айтқанда Мосул қаласында ДАИШ-тың өздері үшін шылым ғана емес, сондай-ақ есірткі ретінде наша шегуге рұқсат бергенін дәледейтін хабарлар таралды.

ДАИШ және есірткі заттарының өндірісі

Ирактың Күрдістан Демократиялық партиясының баспасөз бөлімінің басшысы Саид Мамузини ДАИШ тобының Мосул қаласының егістік алқаптарының бір бөлігінде наша өсіргенін айтты. Asia Ақпарат агенттігі Мамузинидің сөзіне сілтеме жасап: "ДАИШ бұл егістік алқаптарда нашамен қатар апиын өсірген. Мосулдың оңтүстігіндегі Хамам әл-Әлил және әл-Моһалябия аймақтарының егістік алқаптарының басым бөлігінде де есірткінің осы екі түрін өсірген",- деп жазды. Мұның алдында Дияла облыстық кеңесінің Қауіпсіздік комитетінің басшысы Садық әл-Хосейни: "ДАИШ осы облыстың түрлі аймақтарының билігін өз қолына алған кезде Дияла облысының егістік алқаптарының бір бөлігін есірткі заттарын өсіруге пайдаланған",- деп мәлімдеді.

Al Moujaz ақпарат агенттігі Бейруттағы америкалық университеттің саясаттану профессоры Ахмад әл-Мосалланың сөзіне сілтеме жасап: "ДАИШ Сирия дағдарысы кезінде Сирия мен Ливанның шекаралық аумақтарына үстемдік ету арқылы осы аумақтардағы егістік алқаптарының ауқымды бөлігінде кенепшөп атты өсімдік егіп, оның саудасы мен контрабанадасынан көп табыс тапқан",- деп жазды.

Бұл саладағы зерттеулер диқандардың осы өнім мен өсірілетін есірткінің басқа түрлерін сатудан шамамен 4000 доллар табыс табатынын көрсетті. Қарулы топтар, соның ішінде ДАИШ пен "ан-Носрат" майданы есірткі контрабандасы мен оны сатудан 16 000 доллар пайда түсірген.

ДАИШ Түркияның қара нарықтарында үлкен бағамен сату үшін Ракка қаласының айналасындағы егістік жерлерде де наша мен есірткінің басқа да түрлерін өсірген. Ұлыбританияның The International Business Times басылымы біраз уақыт бұрын жариялаған мақаласында ДАИШ тарапынан жүргізілген кокаин саудасының құпияларын ашып, оны бұл топтың ең маңызды табыс көздерінің бірі ретінде атап: "Солтүстік Африкадағы лаңкестік топтардың арасында, әсіресе Малидің басым бөлігін басып алып, ДАИШ-ке адалдығын білдірген топтардың арасында кокаин саудасы 2013 жылдан басталып, үздіксіз дамып келеді. Бұл топтар 2007 жылдан бастап Африканың солтүстік жағалауларына билігін орнатқан кезде есірткі саудасын, әсіресе кокаин саудасын бастаған",- деп жазды.

Африкадағы есірткі заттарының контрабандасы мен саудасы

The International Business Times: "Тәкфирлік лаңкестік топтар кокаин саудасынан түсірген табыстан өздерінің әскери және қару-жарақ тұрғысындағы қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырған. Олар Мали елінің басым бөлігіне билігін орнатты. Олардың басында "Боко харам" және "Джанд ул-Халифа" атты екі лаңкестік топ тұрды. "Боко харам" кокаин саудасынан түскен ақшаға сатып алған қарулардың көмегімен 2013 жылы Малидің солтүстігін өзіне бағындырды. Испания полициясының тергеу жұмыстары тәкфирлік лаңкестік топтардың Латын Америкасы елдерінен келген кокаинды Сахара шөлі мен басқа да африкалық мемлекеттерге, соның ігшінде Мароккаға тасымалдап, сосын Марокка арқылы Испанияға кіргізуге әрекет еткенін көрсетті",- деп жазды.

Сириядағы лаңкестік топтар жөніндегі сарапшы Резван Мортеза бір франциялық басылымға берген сұхбатында ДАИШ лаңкестері пайдаланатын "каптагон" атты психосимулятор таблеткаларын сатудан түсетін табыс жайлы: "Бұл таблеткалардың өндірісі мен оның саудасынан түсетін табыс салыстыруға келмейді. 200 каптагон таблеткасын дайындау үшін бар-жоғы бірнеше мың доллар қажет.  Оның саудасынан 1,2 миллион доллар пайда түседі. ДАИШ-тың 2014 жылдағы табысы 5 миллионға жуық таблетка саудасы мен оның контрабанадасынан түсті",- деді.

ДАИШ-тың "каптагон" таблеткаларын өндіруі
Каптагон таблеткасы ДАИШ лаңкестеріне бірнеше күн бойы ояу жүріп, салқынқандылықпен адам өлтіруді жалғастыруына көмектесті.

Кадрас зерттеу институты шамамен екі жыл бұрын, яғни ДАИШ-тың Ирак пен Сириядағы үстемдігінің шарықтау шегіне жетіп, қылмыстарын жалғастырып жатқан кезде жариялаған баяндамасында лаңкестік топтардың есірткі контрабандасымен байланысы жайлы ақиқаттың бір бөлігін ашты. Бұл баяндамада ДАИШ-тың шығындарын өтеуде есірткі контрабандасының атқаратын рөліне тоқталып: "Есірткі заттарының контрабандасы – әлемдегі ең табысты сауданың бір түрі және ДАИШ-тың негізгі бюджеттік табыс көзі. Ресейдің Есірткі контрабандасымен күрес жөніндегі федералды ұйымының төрағасы Виктор Ивановтың сөзіне сәйкес, ДАИШ-тың есірткі заттарын Еуропаға заңсыз сатудан түсетін жыл сайынғы табысы жүздеген миллион доллардан асады",- деп жазылды.

Лаңкестік топтардың белсенділігінің қылмыстық болмысқа ие болуы мен олардың есірткі контрабандасымен айналысуына байланысты есірткі заттары саудасынан түсетін табыс пен тауар айналымының көлемі туралы мелмекеттік және барлау ұйымдарының ақпараттарына қол жеткізу өте қиын. Алайда, БҰҰ-ның Есірткі заттарымен күрес басқармасының есебіне сәйкес, лаңкестік топтар мен есірткі контрабандасымен айналысатын мафиялар жылына 400-500 миллиард доллардан астам, яғни әлемдік сауданың 6-9 пайызын құрайтындай көлемде сауда жасайды. Бұл топтар заңсыз сауда түрлері бойынша серіктес саналады. Олар бір-бірін қару-жарақ және контрабанда құралдарымен қамтамасыз етуде контрабандалық тауарды тасымалдау үшін жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бір-бірмен қылмыстық және лаңкестік тәжірибе және шеберлікпен бөліседі. АҚШ Қаржы министрлігінің Лаңкестік және қаржылай ақпарат істері жөніндегі басқарманың бұрынғы басшысы Дэвид Коухеннің айтуынша, ДАИШ-тың 2015 жылғы бюджеті 2 миллиард доллар, бюджеттің пайдасы 25 миллион доллардан асқан. Бұл көрсеткіштер ДАИШ-ты тарихтағы ең бай лаңкестік ұйымға айналдырды. Джордж Мейсон университетіндегі Лаңкестік, трансұлттық қылмыс және сыбайлас жемқорлық орталығының (TraCCC) директоры Луис Шеллей бұл мәселе жайында: "ДАИШ-тың табыстары контрабандалық сауда, салық салу, ұйымдасқан қылмыстар секілді табыс көздері арқылы қамтамасыз етіліп отырды",- деді.