АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары-5
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i33847-АҚШ_тың_Иранға_қарсы_санкциялары_5
Өткен бағдарламада Иранның "алтылық" елдерімен ядролық келіссөздер үдерісі барысында бұл елдің бейбіт мақсаттағы ядролық жұмыстарына қатысты санкцияларды жою тақырыбын талқыладық.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Қаң 13, 2018 13:31 Asia/Almaty
  • АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары-5

Өткен бағдарламада Иранның "алтылық" елдерімен ядролық келіссөздер үдерісі барысында бұл елдің бейбіт мақсаттағы ядролық жұмыстарына қатысты санкцияларды жою тақырыбын талқыладық.

Айтып өткеніміздей,  Иран өзінің ядролық құқықтарының сақталу, әсіресе ядролық технологияларды зерттеу және дамытуды жалғастыру қажеттігін қуаттаумен қоса, салынған санкцияларды жоюды осы келіссөздердегі "қызыл сызық" деп белгіледі. ИИР ең жоғары саяси деңгейде осы санкциялар жойылғанға дейін ешқандай міндеттемені қабылдамайтынын жариялады. Тіпті келіссөздер бірнеше рет жеңілуге жақын қалды. Бірақ ақырында Батыс елдері Иранның талабын "ұтыс-ұтыс" үдерісі аясында қабылдауға келісті.

Осы үдеріс аясында Иран өзінің ядролық жұмыстарының кейбір қырларында шектеулерді қабылдауға және ауқымды бақылаулардың жүргізілуіне келісті. Бұның есесіне Батыс елдері Иранның ядролық бағдарламасына қарсы санкцияларды жоюға немесе кейбірлеуін тоқтатуға міндеттеме алды. Осындай келісімге жету үшін 2015 жылдың 14 шілдесінде Венада109 бет пен 5 қосымшадан тұратын құжат жарияланды. "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы деп аталатын бұл құжат келісімдерді орындау кезеңдері мен жұмыс істеу кестесін тараптардың міндеттемелерінің ұзын-сонар тізімімен бірге белгілеп берді. Иранның ең басты міндеттемелерін центрифугалардың саны мен байытылған уранның тазалығын және радиоактивті шикізаттардың қорын азайту, Форду нысанын зерттеу орталығына айналдыру, плутоний өндірісін азайту мақсатында Арак ауыр су реакторын өзгерту, қосымша протоколды ерікті түрде орындау және АҚХА-ның бақылауымен ядролық қауіпсіздікті сақтау құрады. Мұның есесіне өткен бағдарламада айтылғандай, "алтылық" елдері Иранға қарсы ядролық санкцияларды жоюды қабылдады.

"Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын орындаудағы алғашқы қадам Вена келісімінен 6 күн өткен соң жасалды. 2015 жылдың 20 шілдесінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарихи жиналыс өткізіп, бірауыздан бір қарарға дауыс берді. Онда осы кеңестің Иранның ядролық жұмыстарына қатысты бекіткен алдыңғы 6 қарарының күші жойылды деп жарияланды. БҰҰ-ның 70 жылдық тарихында алғаш рет Қауіпсіздік кеңесінің қарарлары мақсатты ел тарапынан орындалмастан күші жойылды деп жарияланды. Мұнымен бір мезгілде БҰҰ жарғысының  мүше елдерге әскери шара қолдануға рұқсат беретін 7-тарауының аясынан Иранның соғыссыз шығуы әлем үшін үлкен жетістік деп сипатталды. Иранның мұнай, мұнай-химия, тасымал, сақтандыру және банк салаларына қарсы бел қайыстыратын санкциялар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сүйеніп салынғандықтан осы кеңестің №2231 қарарын бекіту арқылы оларды жою үлкен жетістік саналады.

Еуропа мен АҚШ-тың біржақты және көпжақты санкцияларын жоюсыз-ақ Иранға қарсы ядролық санкциялардың дуалы құлады. Сондықтан "қабылдау күні" келесі қадам жасалды. "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының баптары негізінде "қабылдау күні" деп Иранның ядролық саладағы өзінің міндеттемелерін толықтырып, АҚХА-ның Теһранның қосымша протоколды орындауға дайындығын жариялаған күн аталады. Бұл оқиғалар 2015 жылдың 18 қазанында орын алды. Мұнымен бір мезгілде АҚШ-тың сол кездегі Президенті Барак Обама бұл елдің "орындау күні" өзінің ядролық санкцияларын жоюға немесе тоқтатуға дайын болуға бұйрық шығарды. Ал Еуроодақ өзінің Иранға қарсы санкцияларын жою туралы қарар бекітті. Осындай шаралармен "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын орындауға жағдай жасалды.

2016 жылдың 17 қаңтарында АҚХА Иранның қосымша протоколды ерікті түрде орындағанын растағаннан кейін Иран мен "алтылық" елдері келісімгерлерінің делегациялары тарапынан мәлімдеме жарияланды. Онда сол күн ресми түрде "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын "орындау күні" деп жарияланды. Сол мәлімдемеден кейін АҚШ үкіметі: "Осы елдің Президенті мен атқарушы органдарының бұйрықтарымен Иранға қарсы салынған ядролық санкциялардың барлығының күші жойылып, Конгрестің осыған қатысты барлық қаулыларының күші тоқтатылды",-деп мәлімдеді. Мұнымен бір мезгілде Еуроодақтың санкциялары ресми түрде күшін жойды. Осылайша 8 жылға жуық уақыттан соң Еуропа мен АҚШ-тың Иранның ядролық жұмыстары сылтауымен салған санкциялары шетке ысырылды.

"Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы ядролық емес санкциялардың кейбіреулері туралы да шешім қабылдады. Мысалы, Иранның зымырандық бағдарламаларына салынған санкциялар "орындау күнінен" бастап 8 жыл бойы, ал Иранның әскери бағдарламаларына, соның ішінде әскери қару-жарақтар сатып алуға салынған санкциялар 5 жыл бойы жалғасатын болады. Ядролық келіссөздер барысында қорытынды келісімге келген жағдайдың өзінде "Иран лаңкестікке қолдау көрсетті, адам құқығын бұзды. Бұл елдің зымырандық жұмыстары қауіпті" деген сылтаулармен салынған ядролық емес санкциялардың алынбайтыны толығымен анықталды.

Алайда, ядролық емес санкциялар тақырыбынан маңыздырақ Иран тарапынан "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының бұзылуы сылтауымен санкцияларды автоматты түрде қайта қайтару механизмін талқылау болды. "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасында қысқаша айтқанда мынадай болжам жасалған: егер АҚШ сияқты ел "осы бағдарлама бұзылды" деп уәж айтып, бұл елдің Ортақ қайшылықтарды шешу комиссиясына берген арызы нәтижелі болса, үдеріс барысында осы орган тарапынан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жойған санкцияларды қайтаруға жағдай жасалады. Бұл жолда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері осы үдерістің алдын алу үшін вето құқығын пайдалануға қабілетті болмайды. Басқа сөзбен айтқанда, ірі алпауыттар өздері үшін бұрынғыдай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иранға қарсы санкцияларын қайтару құқығын сақтап қалды. ИИР да қарымта әрекетте "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы мәтініне бір сөйлем қосты: осы құжат негізінде жойылған санкциялар қайта салынған жағдайда Иран аталмыш бағдарламаға дейінгі ядролық жұмыстарды қайта бастау құқығына ие.  Осылайша келіссөз жүргізуші тараптардың күтетіндері мен алаңдаушылықтары арасында тепе-теңдік орнатылып, "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын жоюға шара қолданудан бас тарттыру көзделді.

"Алтылық" елдерінің Иранмен келіссөздеріне қатысқан АҚШ-тың сол кездегі Президенті Барак Обама үкіметі тіпті ядролық емессанкцияларды күшейтуге талпыныс жасады. Одан бұрын да республикашылдардың  бақылауындағы Конгресс "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының орындалуына кедергі жасауға, санкцияларды жоюға немесе тоқтатуға күш салып келді. Мысалы, Обама үкіметіндегі республикашылдар "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын Сенатқа бекіту үшін жіберуді қалады. Бұл талпыныс  демократтардың қарсылығына ұшырады. Бағдарламаға қарсылар ақырында осы өтінішті дауысқа салуда сәттілікке қол жеткізбеді.Сонымен қатар Конгрестің республикашылдары заңды протоколдарға қайшы шарасында сионистік режимнің Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды Ақ үймен кеңеспестен Конгрестің ортақ жиналысына шақырды. Нетаньяху бұл жиналыста тік сөйлеп, Обама үкіметін  "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын орындаудан бас тартуға шақырды.

Алайда бұл талпыныс та нәтиже бермегенде республикашылдар Конгресте  бір жоба бекітті. Ол бойынша АҚШ Президенті 90 күннің ішінде бір рет Иранның "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына беріктік деңгейі жайлы ақпарат беруге міндеттелді. 2015 жылы қабылданған "ядролық келісімді қайта қарау туралы" заң негізінде егер АҚШ Президенті белгілі бір себептермен Иранның "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына беріктігін растамаса немесе Иранға қарсы санкцияларды тоқтатуды жалғастыруды АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сай деп таппаса, бұл тақырып Конгреске жіберіледі. АҚШ-тың заң шығарушыларына санкцияларды қайта қайтару жөнінде шешім қабылдауға 60 күн мұрсат беріледі.   

Мұнымен қоса, АҚШ Конгресі "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын жеңіліске ұшырату үшін басқа елдердің азаматтарына Иран мен "лаңкестікті қолдайтын" кейбір «тынышсыз елдерге» сапар шешуге тыйым салу туралы заң бекітті. Бұл заң басқа елдердің іскерлерінің Иранға кіруіне кедергі жасады. Иранның ескертуінен кейін және бұл заңның АҚШ-тың "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы аясындағы міндеттемелеріне тікелей әсер ететіндігіне алаңдауына байланысты Обама өзінің заңды өкілеттігін пайдаланып, оның орындалуының алдын алды. Бұған қарамастан, 2016 жылы жарамдылық мерзімі аяқталатын Иранға қарсы санкциялар заңы Конгресс тарапынан ұзартылып, Барак Обама тарапынан қол қойылды. Осындай жағдайда АҚШ үкіметі осы бағдарлама негізінде Иранға қарсы ядролық санкцияларды бекітуден және оларды орындаудан бас тартуға міндеттеме алған еді. Бұған қарамастан, америкалықтар Иранға қарсы санкциялар заңын ұзарту арқылы ядролық санкциялардың құқықтық негіздерін бұрынғыдай сақтап қалып, қажет жағдайда оларды жүзеге асыруды көздеп отырғанын көрсетті. Осы қатынасқа реакцияда Иран "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қатысты қайшылықтарды шешетін ортақ комиссияға ресми шағым түсірумен қоса, екі ядролық жобаның, соның ішінде жүрдек кемелер үшін ядролық моторлар жасау жобасының тұсауын кесті. Осылайша қарсы тараптың уәде бұзушылықтарын жауапсыз қалдырмайтынын көрсетті.

Осы бағдарламаның соңғы бөлімінде АҚШ-тың қазіргі Президенті Дональд Трамптың үкіметі кезінде Вашингтонның Иранға қарсы санкция салу саясатының күшейгенін талқылайтын боламыз.