Ирандағы адам құқығының жағдайы-3
(last modified Sat, 27 Jan 2018 06:33:35 GMT )
Қаң 27, 2018 12:33 Asia/Almaty
  • Ирандағы адам құқығының жағдайы-3

(Балалар құқығы) ИИР-ның балаларға қатысты заңдары исламның үкімдеріне сәйкес болумен қатар, балалардың қажеттіліктерінің қисынды негіздері, соның ішінде физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік, әділеттік және басқа да қажеттіліктерін назарға алған.

ИИР-ның Балалар құқығы конвенциясына қосылғанына байланысты соңғы жылдары балалардың құқықтарын жақсарту және кепілдендіру аясында заңдар мен ережелерге өзгерістер енгізу үшін мүмкіндігінше түрлі шаралар атқаруға талпыныс жасалды. ИИР 2015-2016 жылдары балалардың құқықтарын қолдау аясында әртүрлі шара атқарды. 20 жылдық перспектива құжаты аясында балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын орындау бағдарламасын бекіту және оны 2016 жылдан бастап орындау, Иранның түкпір‑түкпіріндегі әлеуметтік жағдайды, соның ішінде балаларға зорлық-зомбылық жасауды, олардың оқудан мақұрым қалуын айқынырақ бейнелеу үшін облыс-облыс бойынша әлеуметтік зардаптар картасын жасап, оларды  бақылау мен азайту үшін жергілікті және облыстық бағдарламаларды дайындауды Иранның балалардың құқықтарын қолдау үшін қолданатын механизмінің бір үлгісі деп атауға болады.

(Балалардың оқуына көңіл бөлу)

Балалардың білім алуына қолжетімділігін кепілдендіру және білім беру әділеттігін жоғарылату 2015-2016 жылдары ИИР-ның назарында болды. Бұл іс  әлі қадағаланып келеді. 2016-2017 оқу жылында мектептен қалып қойған 52 мың баланы оқытуға бағдарлама жасау, оқудан кенде қалған балаларды мектепке қайтаруға көмектесу мақсатымен 2015-2016 жылдары Иранның 7 облысында оқудан қалған мұқтаж балаларға әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасын орындау ИИР-ның балаларға білім беруге қатты көңіл бөлетінін көрсетеді. 2016 жылы балалар оқуды тастап кетпес үшін және қарауға алынған жанұяларда балалардың мектепке бару деңгейі төмендемес үшін 80 мың адамға оқу қаражатын төлеу Иран үкіметінің балалар құқығын қолдауға бағыттаған бағдарламаларының бірі болды. Иранның «Алтыншы даму» бағдарламасының жалпы саясаттарының 75-тармағында білім беру мен тәрбиелеуде түбегейлі өзгеріс жасау құжатын орындауға және балалар мен жасөспірімдердің білім алу кезеңіне баса назар аударылған.

(Балаларға қатігездік жасаудың алдын алу)

ИИР-да барлық сот инстанциялары халықтың шағымдарын, ауруханалардағы жәрдемдесу бөлімдері балаларға зорлық-зомбылық жасау туралы мәліметтерді қатаң қадағалайды.  Ауруханаға түскен балалардың жағдайынан оларды ұрып-соғу фактісі анықталса, тез арада тексеріліп, тергеуге алынады. Иранның сот жүйесінің аясында балаларды ұрып-соғу қылмыстарын қарастыратын арнайы қылмыстық тергеу бөлімдері ашылған.  2015 жылы Қылмыстық істерді қарау заңы мен 2016 жылы исламдық жазалар заңына өзгеріс енгізілген соң сотқа тартылған балаларға арнайы қолдау көрсету қарастырылған.

Өз істегенін түсінбесе немесе тиісті өсу деңгейіне жетпесе, 18 жасқа толмаған айыптыларға «қысас» жазасын алып тастау сотқа тартылған балаларға арнайы қолдау көрсету үдерісінде қатастырылған жайттардың бірі болып табылады.  Мұнымен қоса, ИИР сот органының кешірім комиссиясы 18 жасқа толмағандарға ерекше назар аударады. Мысалы, 2015 жылы 18 жасқа толмаған 362 адам, 2016 жылы 515 адам ИИР-ның кешірім механизмін пайдаланды. 18 жасқа толмаған адамдар тарапынан жасалған қасақана өлтіру қылмысы Бірінші қылмыстық сот кеңесшілерінің қатысуымен жасөспірімдер қылмыстары бөлімінде қарастырады. Заң мен ислам шариғаты бойынша, кісі өлтірудің жазасы – қысас. Мұндай жағдайда Иран сот жүйесінің міндеті қылмыстың қасақана болған-болмағанын тексеру. Үкімді орындау тек қаза болған адамның туыстарының өтініші негізінде ғана мүмкін болады. Сот жүйесі мұнда ешқандай рөл атқара алмайды. Бұған қарамастан,  ИИР-ның осы саладағы принципті саясаты бітімге шақырып, тіпті айыпталушыға ақшалай көмектесу және құн төлету болып отыр. Иран сот органының қасақана кісі өлтіру саласындағы шараларының бірі  бейбітшілік пен бітім орнату және жапа шеккен тараптан ризалық алу үшін өмірден айыру жазасын қолданудың алдын алатын жұмыс тобын құруы болып отыр.

(Шетелдік және босқын балалар)

ИИР-да шетелдік балалар мен босқындарға да ерекше назар аударылады. Тіпті, оларға Иранның мектептерінде тегін білім беріледі. Ата-аналары Иранда заңсыз өмір сүрсе де, Иранда дүниеге келген барлық балаға туу туралы куәлік беру, оқудан қалып қойған 3725 босқын ауған балаға білім беру, жағдайы нашар ауған оқушыларға 10 мың дана мектеп формасын дайындау, 2016-2017 оқу жылында әртүрлі деңгейдегі оқуға 391625 босқын оқушыны қабылдау – осының барлығы ИИР-ның босқын және заңсыз шетелдік балаларды қолдау үшін жасаған шараларының қатарына жатады.

Иранның ЮНЕСКО-дағы өкілі Ахмад Джалали шамамен екі ай бұрын осы ұйымның Париждегі 39-шы конференциясында Иранның босқындарға білім беру саласындағы жетістіктеріне тоқталып: «Иран Ислам революциясы жетекшісінің бұйрығымен өзінің ұлттық ресурстарын пайдалану арқылы  барлық босқын ауған балаларының, ресми қағазы бар мигрант немесе заңсыз келгеніне қарамай білім алуына жағдай жасады»,-деді.

ИИР Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Арақчи да Теһранда Халықаралық миграция ұйымының бас директоры Уильям Ласи Суингпен кездесуінде Иранның ауғандық босқындарды ұзақ уақыт бойы қабылдап отырғанына тоқталып: «Иран осы қабылдаудың ауыр шығынына қарамастан, әрдайым өзінің адами міндетін атқарып, соңғы жылдары Ислам революциясы жетекшісінің бұйрығына сәйкес заңсыз шетелдік балалардың ирандық мектептерде оқуына рұқсат берді»,-деді.

Халықаралық миграция ұйымының бас директоры Уильям Ласи Суинг те ИИР-ның ауғандық босқындарды жомарттықпен ұзақ уақыт бойы қабылдап отырғанына және  Ислам революциясы жетекшісінің Ауғанстаннан заңсыз келген азаматтардың балаларының Иран мектептерінде оқуына рұқсат бергеніне алғыс айтып, халықаралық миграция ұйымының екіжақты ортақ саясаттар аясында Иранмен көбірек әріптестік жасауға әзірлігін мәлімдеді.