Есірткі заттары – адамзатқа төнген қауіп (6)
Есірткі заттары және контрабандистерге байланысты шара қолдану қажеттігіне қатысты аймақтық талқылаулар мен пікірталастарда көбінесе бұл мәселелерді тек Ауғанстанға қатысы бар қиындық ретінде қарастырып жатады. Алайда Ауғанстанның әлемдік есірткі саудасындағы үлесі қандай деген сауал туындайды. Ауғанстанда есірткі заттары өндірісінің көлемі азайған жағдайда есірткі заттары контрабандасының дағдарысы аяқтала ма?
Бұл сауалға жауап беру үшін есірткі заттарының әлемдік саудасы атты күрделі құбылысты қарастыру керек.
Ұйымдасқан қылмыстық жүйелер 2009 жылы барлық салалардағы әрекеттері арқылы шамамен 870 миллиард доллар, яғни әлемдік ЖІӨ-нің 1,5 пайызы мен әлемдік тауар экспорты көлемінің 7 пайызы түрінде табысқа қол жеткізді. Бұл табыстың 320 миллиард доллары есірткі заттарының контрабандасынан алынған. Соның ішінде 70 миллиард долларға жуығы героин контрабандасына тиесілі болған. Ауғанстан контрабандистері үшін өз елінің көршілес мемлекеттермен шекараларынан экспортталатын героинның құны әрбір келі үшін шамамен 3800 доллар көлемінде бекітілген. Бұл көрсеткіш таза героинге байланысты. Еуропада тазалығы шамамен 30 пайызды құрайтын героиннің әрбір граммы 70 долларға сатылады.
Бұл бағытта есірткі контрабандасы транзиттелетін мемлекеттердегі бандалар да мол табыс тауып, транзиттеуші елдер үшін көптеген қиындық тудырады. Сондықтан, тіпті Ауғанстанда қысқа мерзімге апиын өндірісі көлемі азайғанның өзінде әлемдегі нашақорлық мәселесі шешілмейді. Есірткі заттары өндірісі мен контрабандасынан алынатын табыс көлемі азаятын болса, Ауғанстанда апиын өсіру азырақ аймақта жүзеге асуы мүмкін деп айтуға болады. Бірақ, ол түбегейлі жойылмайды. Себебі, бұл істе әлі де көптеген мүдделер мен пайдаға қол жеткізуге болады.
Ауғанстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Рангин Дадфар Сепантаның пайымдауынша, әлемдік деңгейде есірткі заттарымен күресте көбінесе оның себептері мен аспектілері қарастырылмай, бұл мәселе тек Ауғанстанға қатысты қиындық ретінде ғана қарастырылып келді. Негізінде, есірткі заттары мәселесі Ауғанстан халқының өзі де соның құрбаны болып табылатын күрделі әрі кең етек жайған жүйенің мәселесі саналады. Ауғанстанның Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі жуырда Ресей Федерациясының Сочи қаласында өткен қауіпсіздік істері жөніндегі жоғары басшылардың халықаралық конференциясында айтқан сөзінде: "Есірткі заттарымен күрес үдерісі есірткі ұсынушы жүйенің буындары назарға алынбайтын болса, жеңіске жетпейді. Халықаралық қауымдастықтың аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, лаңкестікті жою мәселелерін шынайы назарға алғаны секілді, түрлі елдердегі есірткі заттарын пайдаланып, оның контрабандасымен де дәл солай күресу қажет",- деді. Басқаша айтқанда, Ауғанстандағы есірткі заттарының өндірісі бір бағыттық жол емес, бұл үдерісте басқа да құрамдас бөліктер мен факторлар өзіндік рөл атқарады. Мұндай факторларға жасырын зертханаларда апиынды героинге айналдыру үшін пайдаланылатын химиялық заттармен қамтамасыз ету жатады. Бұл іс есірткі бандалары арқылы жүзеге асырылады.
БҰҰ-ның Есірткі және қылмыспен күрес басқармасының Париж келісімін үйлестіру ісіне жауапты Мари-Анн Монирдің айтуынша, 2017 жылы Ауғанстандағы есірткі заттары өндірісінің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 78 пайызға өскен. БҰҰ-ның лауазымды тұлғасы 30-дан астам мемлекет пен аймақтық және халықаралық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен Париж келісімі бастамасы шеңберінде Теһранда өткен шекаралық ынтымақтастықтар жөніндегі сарапшылар тобының соңғы отырысында Ауғанстандағы есірткі заттарын өсіру көлемінің артуын әлем үшін қауіп дабылы деп атады. Мари-Анн Монир бұл мәселенің қоғам үшін қауіпсіздік және денсаулық сақтау саласында қауіп-қатер төндіретінін баяндап: "Әлемде елдердің шекараларынан тыс әрекет етіп, әртүрлі ұйымдасқан қылмыстарды жүзеге асыратын ірі есірткі бандалары бар",- деді. 2016 жылы апиын өсіру көлемі 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1/3 есеге артқан. Көрсеткіштің көтерілуі ең алдымен Ауғанстандағы көкнәр өндірісі көлемінің артуымен байланысты. Қазіргі кезде әлемдік есірткі нарығында қолжетімді тауарлардың түрлілігі айтарлықтай артқан. Сонымен қатар, жаңа психотроптық заттар да өзгеріп жатыр. 2015 жылға дейін анықталған есірткі заттарының саны мен түрі шамамен екі есеге артып, 2012 жылғы 260 саннан 2015 жылы 483 көрсеткішіне жетіп отыр.
БҰҰ-ның Есірткі және қылмыспен күрес басқармасының атқарушы директоры Юрий Федотов: "БҰҰ Бас ассамблеясының 2016 жылғы арнайы сессиясының қорытынды мәлемдемесі есірткі заттарының сұранысы мен ұсынысын азайту мақсатындағы 100-ден астам ұсынысты қамтиды. Алайда, бұл мәселеге байланысты қиындықтар мен алаңдаушылықтар әлі бар. Есірткі заттарын пайдаланудың әлемнің барлық жеріндегі денсаулық, даму, бейбітшілік пен қауіпсіздікке тигізген зияндары мен зарарларымен күресу үшін көп күш салу қажет",- деп мәлімдеді. Енді осы арада туындайтын маңызды сауал мынадай: Есірткі заттарымен күрес саласында осыншама жасалған талпыныстар мен жұмсалған қыруар қаражатқа қарамастан, есірткі өндірісі мен контрабандасының көлемі неліктен азаймайды? Сондай-ақ, ағымдағы жылда есірткі көлемінің 43 пайызға артқаны туралы есептер жайлы хабарланып отыр. Ауғанстан үкіметі соңғы бірнеше жылдың ішінде есірткі заттарының өндірісі және контрабандасымен күрес үшін нақты стратегия ұстанды ма? Егер ұстанған болса, есірткі заттарын өсіру мен оның контрабандасымен күресу бағдарламаларының сәтсіздікке ұшырауына қандай факторлар әсер етті?
Есірткі заттарының өндірісі мен контрабандасынан туындайтын қиындықтар мен қазіргі жағдай белігілі бір дәрежеде осы сұрақтардың жауабын анықтайды. Ауғанстанда есірткі заттары өндірісі мен оның контрабандасымен күрес жөніндегі анық механизм жоқ немесе ол механизм күресті жүзеге асыра алмағаны секілді көрінеді. Мүмкін, сол себепті үкімет есірткі заттарымен күрес мәселесін өзінің жылдық бағдарламалары аясында қадағалай алмай, есірткі заттарымен күрес іс жүзінде оның алдын алуға ешбір әсерін тигізе алмаған шығар. Бұл АҚШ пен Вашингтон одақтастарының 11-қыркүйек оқиғасынан кейін лаңкестікпен күрес және есірткі заттарын жою сылтауымен Ауғанстанға баса-көктеп кірген жағдайда орын алып отыр. Алғашқыда есірткі заттарымен күрес мәселесі АҚШ-тың Ауғанстанға шабуыл жасауындағы негізгі мақсаттарының бірі болды. Бірақ, кейін Ұлыбритания мен АҚШ әскерилерінің апиын егістіктерін кеңейту ісіне жасырын түрде араласқаны әшкере болды.
Шындығында, Ауғанстандағы есірткі заттары өндірісінің артуы кездейсоқ құбылыс емес. Ол әрдайым АҚШ пен кейбір Еуропа елдерінің қолдауына ие болған. Себебі, АҚШ пен Ұлыбритания басшылары есірткі контрабандасынан түсетін мол табыс пен пайдаға қатты қызығушылық танытады. Ұлыбританиялық The Independent газетінің осы мәселеге қатысты мақаласында: "Ауғанстанның есірткі заттарының саудасынан түсетін табыстар есірткі контрабандасына қатысы бар басқа мемлекеттер үшін маңызды. Сол себепті, Ауғанстан үкіметінің есірткі заттарымен күресте жасаған талпынысы еш нәтиже бермей, Ауғанстандағы есірткі өндірісі мен контрабандасының көлемі жыл сайын артуда",- деп жазылды.
Халықаралық қауымдастықтың Ауғанстандағы есірткі заттарын өсіру мен саудасы көлемін азайтуға бағытталған саясаттары не нәрсеге негізделді деген тағы бір сауал туындап отыр.
Халықаралық қауымдастық Бонн конференциясынан кейін 2000 жылдан бастап Ауғанстанда әртүрлі іс-шараларды үйлестіру үшін мемлекеттерді тағайындады. Ұлыбритания сол кезден бастап Ауғанстандағы есірткі заттарымен күрес жөніндегі іс-шараларды үйлестіруге жауапты болып тағайындалды. Мемлекет басшылары орталықтар мен жолдардың маңындағы көкнәр өсірілетін алқаптардың 2010 жылы шамамен 2300 гектар, ал 2014 жылы 3800 гектар жер телімін жойғызды. Көкнәр өсірілетін алқап ауданы шамамен 130 000 гектарды құрайтындығына байланысты бұл жойылған апиын егістік көлемі өте аз болып, қиындықтың мұндай шаралар арқылы шешілмейтіні анық еді. Негізгі мәселелерге қауіпсіздіктің болмауы, саяси тұрақсыздық, заңның жүзеге аспауы, саясаттардың тиімсіздігі мен кейбір жергілікті жауапты тұлғалардың сыбайлас жемқорлықпен айналысуы жатады. Сондықтан Ауғанстандағы есріткі заттарын өсіру мен оның саудасы көлемінің азаюындағы келешектің көкжиектері белгісіз қалып отыр.
Есірткі заттарын өндіру мен оның контрабандасы тынышсыздық, саяси тұрақсыздық және лаңкестікпен байланысты болғандықтан, Ауғанстандағы қауіпсіздіктің болмауы ол елдегі есірткі заттарын өсіру мен контрабандасының артуына соқтырып, одан түскен пайда мен табыс та тынышсыздық пен тұрақсыздықты бұрынғыдан бетер арттыра түсті. Әлемнің кез келген жерінде есірткі заттарын өсіру мен оның контрабандасымен күрес сол елдің саяси-қауіпсіздік жағдайын назарға ала отырып, әлеуметтік қамсызданыру, табыс көзі мен жұмыс орындарын қалыптастыру және заңдарды жүзеге асыруға негізделген саясатты қажет етеді. Ауғанстандағы көкнәр өсіруді тоқтатуға бағытталған ұзақ мерзімді мақсат апиын өсіруден түсетін табысты қажет етпей, экономикалық даму, елдің инфрақұрылымын қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлықтың көзін жою мен Ауғанстанда бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату болуы керек.
Бірақ бұл іс-шаралар мен әрекеттердің өзі жеткіліксіз. БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы, Қылмыстың алдын алу жөніндегі орталық және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыспен күрес жөніндегі басқармасы секілді халықаралық ұйымдар мен оларға мүше елдер күресу арқылы есірткі заттарының ұсынысы мен сұранысын айтарлықтай деңгейде төмендетуге міндетті екенін ұмытпаған жөн.
Бұл ұйымдар өз міндеттемелеріне сәйкес әрекет етті ме?
Бағдарламамыздың кезекті бөлімінде осы тақырыпты қарастырамыз.