АҚШ – халықтық қозғалыстарды басып-жаншушы (2)
Илаһи діндерді шынайы ұстанушылар басынан-ақ соғыс пен соғысқұмарлыққа қарсы болып, соғыстың таралуын шектеуге тырысқан.
20 ғасырдың басынан-ақ әлемнің әртүрлі жерлерінде үлкен соғыстың басталуына қарсы қозғалыстар пайда болды. Соғысқа қарсы қозғалыстар халыққа соғыстың зиянды салдарлары жайлы хабар беріп, наразылық акциялары мен шерулер ұйымдастырып, мемлекеттердің басшыларымен сөйлесу арқылы соғысқа қарсылық білдіреді. АҚШ-тың тарихында да соғысқа қарсы шерулер көп өткізілді, бірақ олардың ешқайсысы Вьетнам соғысына қарсы қозғалыстың ауқымына жетпеді. Бұл қозғалыс АҚШ үкіметінің басып-жаншығанына қарамастан Ақ үй саясаткерлерінің шешіміне әсер етіп, оларды ақырында соғысты тоқтатуға мәжбүрледі. Бүгінгі бағдарламада осы халықтық қозғалыс жайлы көбірек сөз қозғайтын боламыз.
Вьетнам соғысы шағын қақтығысты үлкен соғысқа айналдырған үлкен қателік болды. Бұл үлкен қателік 1950 жылдардың басында басталды. Ол кезде Вьетнам тәуелсіздік алуға талпыныс жасап жатқан еді. Франция 1954 жылғы Женева конференциясында өзінің үнді-қытай аймағындағы үш отар елінің, яғни Камбоджа, Лаос пен Вьетнамның тәуелсіздік алуына ризалық берді. Бірақ, Женева конференциясының келісімдерінде Вьетнам уақытша солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінді. Коммунистер Вьетнамның солтүстігінде орналасып, коммунист еместер оңтүстігінде қалды. Ол кезде Вьетнам халқының арасында жаппай сауалнама жүргізген соң бұл елдегі биліктің жағдайы шешілетін болған, бірақ шын мәнінде оқиға басқаша өрбіді. АҚШ коммунизмнің таралуынан қорқып, сауалнама өткізуге қарсы шықты. Сол себепті АҚШ Нго Динь Зьем бастаған Оңтүстік Вьетнамның батысшыл үкіметін дауыс беруге қатысты келіссөздерге қатысудан бас тартуға және 1955 жылы Оңтүстік Вьетнам тәуелсіз республикасының құрылғанын ресми түрде жариялауға итермеледі.
Вьетнам соғысындағы қылмыстан үзінді
АҚШ 1955 жылдан 1960 жылға дейін бірнеше жүз миллион долларлық қаржылай көмек пен жүздеген әскери кеңесшіні Оңтүстік Вьетнамға жіберді, алайда шын мәнінде вьетконгтардың (Вьетнамның біртұтастығын қолдаған жауынгерлер/содырлар) ілгерілеуіне тосқауыл бола алмады. 1963 жылдың аяғында Зьем америкалықтар қолдаған төңкерісте өлтірілді. Бұл кезге дейін АҚШ Вьетнам соғысында белсенді рөл атқармағанымен, Ақ үйде Линдон Джонсон билік басына келгеннен кейін АҚШ Вьетнамға қатысты басқыншы ұстаным қабылдап, 1964 жылдың басынан бастап америкалық сарбаздар лек-легімен аймаққа әкелінді.
1964 жылдың 4 тамызында Тонкин (Tonkin) шығанағында АҚШ-тың кемелеріне күдікті әрі қолдан жасалған шабуылдан соң АҚШ-тың сол кездегі Президенті Джонсон Конгрестен соғысқа рұқсат алды. Джонсон 1965 жылдың қаңтар айында қайта Президент болып сайланғаннан кейін 185 мың сарбазды Вьетнамға жіберуге келісті. Сол жылдың көктемінде АҚШ ресми түрде Вьетнам соғысына кірісті. Алайда соғыс АҚШ-тың жоспарына сай жүрмеді. Әуе күштерінің шығыны көп болды. Америкалық сарбаздардың орманда соғысу, оның үстіне орманда жасырынған жауынгерлермен соғысу тәжірибесі болмады. Осы кезде 938-ден астам америкалық ұшақ пен тікұшақ Солтүстік Вьетнам әуе қорғаныс күштері тарапынан құлатылды. 1966 жылдың күзінде Оңтүстік Вьетнамның жүздеген мың сарбазы 45 мың америкалық әскеримен бірге АҚШ-тың тікұшақтарының отты қалқаны астында ауыр шабуылдарды бастады. Америкалық тікұшақтар Вьетнамның көгінде лаулаған тозақ жасаудан аянып қалмады. Алайда тіпті қырғи ұшақтар мен бомбалаушы ұшақтардың қолдауына сүйенген тікұшақтардың отты жаңбыры вьетконгтардың қорғаныс шебін бұза алмады. Екі тараптан да шамамен 100 мың адам қаза тапты. Бірақ вьетконгтар америкалықтарға алға жылжуға мұрсат бермей, АҚШ-тың шабуылдары жеңіліске ұшырады.
1967 жылы америкалық сарбаздардан 15 мыңнан астам адам қаза тапты. АҚШ соғысқа бір жылдың ішінде 25 млрд доллар жұмсады. Адам шығының көбеюі және соғыста айтарлықтай ілгерілеушіліктің болмауы АҚШ-та халықтық наразылықтардың туындауына себеп болды. Халықтың көбі әскери қызметтегі сарбаз ретінде соғыс алаңдарына жіберілген өздерінің 19 жастағы балаларына алаңдады. Ақпарат құралдары хабарламалар мен суреттер арқылы Вьетнам соғысындағы америкалық сарбаздардың аянышты жағдайын жария еткенде бұл қарсылықтар күшейе түсті. Шын мәнінде Вьетнам соғысына қарсы қозғалыс 1965 жылыуниверситеттер мен ауыл-аудандардағы қоғамның орта тобынан шыққандардан, жұмысшылар кәсіподақтары мен мемлекеттік мекемелерден мүшелер тарту арқылы басталды. АҚШ армиясы 1965 жылы Солтүстік Вьетнамды бомбалай бастаған кезде осы қозғалыстың қалыптасуының алғашқы ұшқыны пайда болды. Нью-Йорк қаласының өзінде ғана соғысқа қарсы шеруге 25 мың адам қатысты. 1968 жылы АҚШ-тағы соғысқа қарсы қозғалыс өзінің шарықтау шегіне жетіп, бүкіл Вьетнам соғысы барысында өз күшін сақтап қалды. Содан екі жыл өткен соң бірнеше рет Вашингтон, Лондон мен еуропалық елдердің астаналарында бірнеше жүз мың адам қатысқан шерулер өтті. Мысалы, 1969 жылдың күзінде Вашингтонда 500 мыңнан астам адам АҚШ-тың Вьетнаммен соғысына қарсы шеру өткізді. Бұл шеру әлі күнге дейін АҚШ-тың тарихындағы ең үлкен наразылық акциясы саналады. Осы арада шерулер мен наразылықтардың басым бөлігі студенттік қозғалыстар тарапынан басқарылды.
Бұл қозғалыстың қызметі АҚШ үкіметінің осы соғыста халқының қолдауынан айырылуына себеп болды. Қолдаудан айырылу АҚШ-тың Вьетнам соғысында жеңіліс табуының маңызды факторларының бірі болды. АҚШ-тың ішінде соғысқа қарсы қозғалыстың қалыптасуы соғыстың ең негізгі түйткілдерінің біріне айналды. Бұл АҚШ үкіметінің екі алаңда, яғни Вьетнам майданы мен ел ішіндегі соғысқа қарсылар майданында бірдей арпалысуына себеп болды.
Қозғалысты жақтаушылардың Вьетнам соғысына қарсылығы 1968 жылы 30 қаңтарда Солтүстік Вьетнамның ұйымдасқан шабуыл жобалау арқылы АҚШ пен Оңтүстік Вьетнам күштерін қапыда қалдырған кезде өзінің шарықтау шегіне жетті. Вьетконгтар Оңтүстік Вьетнамдағы жүзге жуық қала мен ауылға баса-көктеп кірді. «Тет мерекесі» деген атпен танымал бұл шабуыл америкалықтарға дұшпанның өздері ойлағаннан әлдеқайда мықты әрі жақсы ұйымдасқанын дәлелдеп берді. «Тет мерекесі» шабуылы осы соғыстағы бетбұрыс нүктесі болды. Өйткені, АҚШ халқының наразылығы мен Вьетнамдағы генералдардың үмітсіз жаңалықтарына ұшыраған елдің сол кездегі Президенті Джонсон бұл соғысты өршіте түсуге шешім қабылдады.
1969 жылы Ричард Никсон АҚШ Президенті болып сайланды. Ол АҚШ-тың Вьетнамның ішкі іске араласушылығын тоқтатуға арналған жаңа жоспарларға ие болды. Никсон «Вьетнамдық жасау» атты жоспарды АҚШ күштерін Вьетнамнан шығарып, соғысты Оңтүстік Вьетнамға тапсыру үшін жобалады. Америкалық сарбаздарды Вьетнамнан шығару 1969 жылы басталды. Никсон соғысты Лаос пен Камбоджа сияқты басқа елдерге таратты, алайда бұл шара ішкі наразылықтардың күшеюіне әкеліп соқтырды. Әсіресе, АҚШ-тың университеттерінде соғысқа қарсы қозғалыстар белсене түсті. Кент университетінде болған студенттік наразылықтардың бірінде Огайо ұлттық гвардиясының сарбаздары наразылық шеруін тоқтату мақсатында студенттерге қарай оқ атып, «Кент университеттіндегі жаппай қыру» деп аталған оқиғаның орын алуына себеп болды. Бұл шабуылда студенттерге атылған оқтан 4 студент қаза тауып, 9 адам жараланды. Жаралы студенттердің бірі тиген оқтың салдарынан сал болып қалды.
АҚШ халқының соғысқа қарсы қозғалысы сол заманда Вьетнам соғысының аяқталуына көмектесті. Бұл қозғалыс АҚШ үкіметіне содан бастап «соғыс» деген сөзді атамастан, әлемнің көптеген жеріне әскер кіргізуді жалғастыруды үйретті. Timothy McGrath 2014 жылдың 22 қыркүйегінде жарияланған мақаласында осы жайлы: «Қазір АҚШ 134 елде соғыс немесе әскери қақтығыс жүргізіп жатыр, бірақ бұл елдің басшылары сөздерді өзгертіп, «күшті пайдалану», «ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіпке қарсы қару пайдалану», «лаңкестікке қарсы халықаралық коалиция» және «қарулы қақтығыс» деген сөз тіркестерін қолдану арқылы «соғыс» деген сөзді қолданбауға тырысады. АҚШ үкіметінің мақсаты – осы елдің соғыстарының атын атамау арқылы қоғамдық пікірдің сезімталдығын төмендету және соғыс жүргізуге рұқсат алу үшін Конгреске жүгінуге мәжбүр болмау»,-деп жазды. Осылайша АҚШ қазіргі таңда ресми түрде ешбір елде соғыспайды, бірақ «АҚШ-тың 2013 жылдағы лас соғыстары» атты кітаптың авторы Джереми Скохилл айтқандай, америкалықтар бүкіл әлемді ұрыс алаңы санап, сонда белсенді әрекет етіп жатыр.