Иран және халықаралық конвенциялар (1)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i34517-Иран_және_халықаралық_конвенциялар_(1)
(Лаңкестікпен күрес саласындағы халықаралық конвенцияларға шолу) Терроризм мәселесі соңғы бірнеше онжылдықта әлемдік түйткілге айналды. Көптеген сарапшылардың пайымдауынша, лаңкестікпен күресті құрал ретінде пайдалану терроризмнен де үлкен қиындық саналады. Өйткені, оның лаңкестердің әрекеттеріне қарағанда жасырын болмысы бар. Үш бөлімнен тұратын бағдарламада шындықтарды баяндау арқылы осы салада айқынырақ бейне қалыптастыруға талпыныс жасаймыз.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Ақп 04, 2018 16:24 Asia/Almaty
  • Иран және халықаралық конвенциялар (1)

(Лаңкестікпен күрес саласындағы халықаралық конвенцияларға шолу) Терроризм мәселесі соңғы бірнеше онжылдықта әлемдік түйткілге айналды. Көптеген сарапшылардың пайымдауынша, лаңкестікпен күресті құрал ретінде пайдалану терроризмнен де үлкен қиындық саналады. Өйткені, оның лаңкестердің әрекеттеріне қарағанда жасырын болмысы бар. Үш бөлімнен тұратын бағдарламада шындықтарды баяндау арқылы осы салада айқынырақ бейне қалыптастыруға талпыныс жасаймыз.

Жаһандану дәуірі деп аталатын қазіргі заманда әлем жүгенсіз лаңкестік әрекеттерге душар болып отыр. Олар адамзат баласына қатер төндіруде. Терроризм бүгінде әлемдік құбылысқа айналып, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасқа, елдердің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр.

Осындай жағдайда әлі күнге дейін "терроризм" сөзіне бірыңғай сипаттама берілген жоқ. Көп адамдардың пайымдауынша, лаңкестікпен күрес саласында дүниежүзілік конвенциялар қабылданғанымен, бұл салада бірыңғай қатынас байқалмайды. Осы көпқырлылық лаңкестік және қатігездікпен шынайы түрде күресуге тосқауыл болып отыр.

Шәһид Бехешти университетінің ұстазы Мохсен Абдуллахи: "Терроризм құбылысы адам құқығына, соның ішінде өмір сүру, еркіндік пен адамдық қадір-қасиеттің сақталу құқығына қатты қауіп төндіреді",-дейді.

Өкінішке орай, әлемнің түкпір-түкпірінде лаңкестікпен күрес сылтауымен орын алып жатқан жағымсыз оқиғалар осындай екіқырлылық пен лаңкестікпен күрестің астарында саяси мақсаттардың жасырын жатуының салдары болып табылады.

Осыған орай мынадай сауалдар туындайды: Лаңкестікпен күрестің басты түйткілі халықаралық конвенциялар мен міндеттемелердің тапшылығы немесе жеткіліксіздігі ме? Сол себепті лаңкестік әлемге таралып жатыр ма, әлде бұл салада басқа да түрткілер бар ма? Бұл түрткілер лаңкестікпен күреске бағытталған халықаралық конвенциялардың орындалуына кедергі болып отыр ма?

Лаңкестікпен күрестің әлемдік сипат алу үдерісіне жасалған шолу көрсеткендей, терроризм 20 ғасырда БҰҰ-ның тарихында солтүстік пен оңтүстік мемлекеттердің қайшылықтары тақырыптарын құраған мәселелердің бірі болды.

БҰҰ-ның жүйесі нәсілшілдік, отаршылық пен шетелдік үстемдікке қарсы қозғалыстарды қабылдады, тіпті Бас ассамблеяның 1970 жылдың 24 қазанындағы №2526 қарарында отаршылдықтан құтылуды талап еткен бір елдің қозғалыстарына әскери көмек көрсетілуіне тыйым салынбады. Бұған қарамастан, оңтүстік елдері азаттықты талап етуші қозғалыстар, ұлттардың өз тағдырларын анықтау құқығы, ішкі қарулы қақтығыстарға қатысты құқықтардың сипаттамасына күдікпен қарағандықтан солтүстіктегі елдермен "терроризм" ұғымы жөнінде түсіністікке келе алмады. Бұл тақырып әрдайым құқықтық аяда саяси мәселелер және ескертпелермен аралас қарастырылып келді.

21 ғасырға аяқ басар алдында лаңкестік әрекет деп айрықша белгілері бар жайттар аталған. Бұл белгілер үш салада белгіленген:

  1. Өлім немесе ауыр физикалық зардаптарға соқтыратын қатігез әрекеттер жасау;
  2. Халықтың арасында үрей мен қорқыныш тудыру;
  3. Бір елдің саясаттарына көлеңке түсіретін жоғарыдағы әрекеттерді жасау үшін жеке немесе ұжымдық жоба мен белгілі бір мақсаттың болуы.

Осы негізде Женеваның төрттік конвенциясы протоколының 51-бабы әскери емес адамдар арасында үрей мен қорқыныш тудыру үшін жасалатын қатігез іс-әрекеттерге тыйым салды.

Халықаралық қауымдастықтың 20 ғасырда лаңкестік тақырыбына салыстырмалы түрде немқұрайлы қарауы қоғамда бұл салада жалпы құжаттар дайындауға ынта танытылып, кеңес беру мен ынталандырудың арқасында елдердің біртіндеп осындай хаттамаларға қосылуына себеп болды. Сол негізде 1963 жылы 40 жылдан аз уақыттың ішінде лаңкестікке қарсы 12 конвенция дайындалды.

Азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне қарсы заңсыз шаралардың алдын алу конвенциясы, тұтқынға алуға тыйым салу туралы халықаралық  конвенция, ядролық заттарды физикалық тұрғыдан қорғау конвенциясы, лаңкестік бомба қоюдың алдын алу туралы халықаралық конвенция; сондай-ақ, лаңкестерді қаржылай қамтамасыз етудің алдын алу туралы халықаралық конвенция осындай құжаттардың қатарына жатады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің деңгейінде алғаш рет 1992 жылғы №748 қарарда Лакбери оқиғасы лаңкестік әрекет, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қатер деп танылды. Осыған ұқсас қарарлар қайталанғаннан кейін қазір мынадай нәтиже шығаруға болады: қазіргі таңда халықаралық деңгейдегі лаңкестік халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қатер деп саналады.

1998 жылы Римде Халықаралық қылмыстық соттың жарғысы дайындалып жатқан кезде де бірқатар елдің лаңкестік қылмысты осы соттың қарамағына қосуды қалағанына қарамастан, лаңкестік туралы жалпы сипаттама болмағандықтан, араб елдерінің одағы (Араб лигасы) мен АҚШ бұл ұсынысқа келіспеді. Әрине, АҚШ басқа дәлелдерге де ие еді. Алайда дәлелдеуге болатын нәрсе мынадай: АҚШ Халықаралық қылмыстық сотқа қосылғысы келмеді. Бұл ел лаңкестік қылмыстармен күресте еркінірек әрекет етіп, қалаған тәсілін қолдануды жөн көрді.

Осы негізде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2001 жылғы №1368 қарары бекітілді. Заңды қорғануға қатысты жеке немесе ұжымдық болмыстық құқықты тану арқылы халықаралық қауымдастық БҰҰ аясында лаңкестік әрекеттердің алдын алу үшін көбірек талпыныс жасауға шақырылды.

Бұл тақырыпты АҚШ-тың біржақты шаралары мен Қауіпсіздік кеңесінің БҰҰ жарғысының 7-тарауына сүйеніп біржақты әрекеттер жасауының негізі болды деп айтуға болады. Қауіпсіздік кеңесі 2001 жылғы №1373 қарар барысында өзін халықаралық заң шығарушы ретінде таныстырды. Ол лаңкестікке сипаттама берместен, әртүрлі елдерге маңызды міндеттер жүктегенімен, олардың ешқашан ешқандай құқықтық негізі болмады.  

АҚШ-тың соңғы бірнеше онжылдықтағы тарихында лаңкестік қатынастар, аймақ елдеріндегі ұйымдасқан лаңкестерді қаржы және қару‑жарақпен қолдау саласында бұлтартқысыз айғақтар тіркелді. «Мұнафықтар» мен Батыстың қолдауына ие басқа топтардың қолымен Иранда 17 мыңнан астам адамға  террор жасау, Моссадтың әріптестігімен Иранда ядро саласындағы ғалымдарға террор жасау, Парсы шығанағында Иранның жолаушы тасымалдаушы ұшағын құлатып, 300-ге жуық бала, ер және әйел адамды өлтіру АҚШ жасаған ұмытылмайтын сорақы істердің қатарына жатады.

АҚШ-тың теоретигі әрі саяси сыншысы Ноам Хомский өзінің бір сұхбатында қарапайым адамдар мен балалардың ұшқышсыз ұшақтар арқылы өлтірілуін халықаралық конвенцияларды бұзатын жайттардың бірі деп атады. Бірақ бұл амалдар АҚШ-тың тарихында лаңкестікпен күрес сылтауымен орын алған  ең үлкен лаңкестік амалдарға айналды.

Хомский, сондай-ақ, үшінші әлемде және Латын Америкасында орналасқан АҚШ-тың ықпалындағы елдердергі террорларға тоқталып: «Әлем бойынша мемлекеттік  террордың артуы – АҚШ-тың сыртқы саясатының салдары»,-деді.   

Мынадай сауал туындайды: тек 239 жыл тарихы бар және өз өмірінің 93 пайызын, яғни 222 жылын әлемнің түкпір‑түкпіріндегі елдерге соғыс ашып, басқыншылық жасаумен өткізген ел үшін лаңкестікпен күрес туралы конвенцияларға берік болуға орын қалды ма?

Бұл жайында осы бағдарламаның екінші бөлімінде сөз қозғап, бұл үдерістің лаңкестікпен күрес тақырыбының екі қырлы болуына әсерін талқылаймыз.