Бүгін – «екі дүниенің бануы» шәһадатының жылдығы
Бүгін – әлемнің илаһи ханымы, Исламның ұлық пайғамбарының ардақты қызы хазірет Фатима (ғ.с.)-ның шәһид болған күнінің жылдығы. Әлемнің барша мұсылмандарына велаяттың Кәусарының жанашыры, илаһи ғажайып аспанның жарық жұлдызы, ізгілік пен пәктік шекарасының жолын көрсетушінің шәһид болған күніне орай көңіл айтамыз.
Исламның ұлық пайғамбарының дүниеден озғанынан бірнеше ай ғана өткен еді. Әкесінен айрылғаннан бері хазірет Фатиманың (ғ.с.) жаны тыныштық таппады. Хазірет қайтыс болғаннан кейінгі оқиғалар да оны қатты алаңдатты. Пайғамбарсыз күндерді хазірет Фатима (ғ.с.) уайым-қайғыда өткізіп, науқасқа шалдығып, өмірінің соңғы сәттерін өткізіп жатты. Сол сәттерде хазірет Фатима (ғ.с.)-ды пайғамбардың көз жұмар сәтте айтқан: «Қызым, сен менің қасыма келетін бірінші адам боласың»,- деген сөзі жұбатты. Хазірет Фатима (ғ.с.) өмірінің соңғы түні түсінде «Қасыма кел, сені сағынып, асыға күтудемін» деп айтқан әкесін, «Алламен ант етемін, мен де сізді көргім келеді» деп өзінің жауап қайтарғанын көрді. Сол түсте әкесі хазірет Фатима (ғ.с.)-ға: «Сен бүгін түнде қасыма келесің» деп хабарлайды. Хазірет Фатима (ғ.с.) өмірінің соңғы сәтінде хазірет Әли (ғ.с.)-ды шақырды. Көзі жасқа толы хазірет Әли (ғ.с.) қасына келген кезде хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) жұбайына: «Менің өмірім аяқталып қалды. Саған айтатын бірнеше өсиетім бар»,- дегенде хазірет Әли (ғ.с.): «Қалауыңды айт»,- деп орнынан тұрып, өмірлік серігіне қарама-қарсы отырады. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.): «Сен еш уақытта менің өтірік айтып, қиянат жасағанымды көрген емессің, Бірге өмір сүруді бастағаннан бері өзіңе қарсылық білдірген жоқпын»,- деді. Хазірет Әли (ғ.с.): «Алламен ант етемін, сен білімді, ізгі, иманды, жомарт және Алладан қорқатын адамсың. Менің саған қандай наразылығым болуы мүмкін?! Сенен айрылу мен үшін өте ауыр қаза. Бұл – апат, қасірет. Алламен ант етемін, сенің орыныңды еш нәрсе толтыра алмайды»,- деді. Содан соң екеуі де жылады. Хазірет Әли (ғ.с.) хазірет Фатима (ғ.с.)-ның басын кеудесіне қойып: «Өсиетіңді айт, орындаймын. Сенің айтқаның мен үшін маңызды»,- дейді. Сонда хазірет Фатима (ғ.с.): «Маған зұлымдық жасап, менің құқықтарымды таптағандар менің жаназамды көрмесін. Олар мені мен Алла елшісінің дұшпандары. Олар маған құран оқымасын. Мені барша ұйқыға батқан кезде, түнде жерле»,- дейді.
Медине қаласында түн болғанда хазірет Әли (ғ.с.) алаңдап, балаларының да жандары байыз таппады. Хазірет Әли (ғ.с.) хазірет Фатима-Заһраның мәйітін жерлейтін мекенге әкетті. Өмірде көп қиындық көрген хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) енді жәннәтта әкесінің құшағына баратын үмітпен үйінен алыстап барады. Хазірет Әли (ғ.с.) Алла елшісінің тәнінің бір парасы, соңғы пайғамбардың Кәусары, пәк имамдардың анасы, пәктіктің үлгісі, мөлдір бұлақ және өзінің өмірлік серігін бүкіл әлем уайым-қайғыға батқан жағдайда жерледі. Иә, осылайша Исламның ең ізгі ханымы, әлем әйелдерінің басшысы, жарық жұлдыз, пайғамбар әулетінің анасы, ең мейірімді періште хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) шәһид болды.
Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) – Исламның ұлық пайғамбырының қызы. Әкесі оны адам бейнесінде жаратылған періште деп атап: «Уа, Фатима! Алла сені таңдап, пәк жаратты. Сен әлемнің барлық әйелдерінен артықсың, сен таңдаулысың»,- деді. Иә, хазірет Фатиманың (ғ.с.) әкесі пайғамбар: «Фатиманы жақсы көрген адам жаннатта менің қасымда болады. Оған дұшпандық білдіргендер тозақ отына түседі»,- деді. Хазірет Фатима (ғ.с.) әкесі отырған жерге кірген кезде әкесі орнынан тұрып, қолынан ұстап, өзінің орнына отырғызатын. Сапардан оралғанда қызының тамағынан сүйіп: «Жаннаттың иісін сеземін»,- дейтін. Әкесі әрқашан хазірет Фатимамен ең соңында қоштасатын. Сапардан оралған кезде ең бірінші қызымен амандасатын. Алла елшісінен қатты жақсы көретінін сұраған кезде «Қызым Фатиманы» деп жауап беретін. Хазірет Фатима (ғ.с.) кемел адамның көрінісі, әдеп пен дін мектебінде өскен ханым болды.
Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның ерекшелігі мен артықшылығы тек исламның ұлық пайғамбарына қатысты болуымен ғана байланысты емес. Хазірет Фатиманы (ғ.с.) беделді әрі құрмет көрсетуге лайық етуі оның рухы мен жоғары ахлағына байланысты. Хазірет Фатима (ғ.с.) – жас кезінде және қысқа ғұмырында рухани және ғылыми жоғары деңгейге, сондай-ақ, пайғамбарлар мен әулиелерге лайық мәртебеге жеткен ханым. Хазірет Фатима (ғ.с.) болмысының жарығынан имамат пен велаяттың нұры жарқыраған таң. Хазірет Фатима (ғ.с.) – әлемнің барлық әйелдерінің басшысы. Барлық илаһи басшылар бұл ардақты бануды құрметтеді. Бұл бануға көрсетілген құрметтей құрмет санаулы адамға ғана көрсетілген болар.
Аятолла Хаменеи Исламның осы бануының дәрежесі туралы баяндап: «Ислам хазірет Фатима (ғ.с.)-ды әйелдердің үлгісі ретінде жариялады. Оның барлық саяси, әскери революцияшыл майдандарға қатысуы, жиһады, білімі, жанкештілігі, жұбайлық және аналық міндеттерін орындауы оның алдында ұлы тұлғаларды бас июге мәжбүрледі. Ол өзінің рухани деңгейі, ғибадаты, дұғасы, қарапайымдылығымен Исламның ұлық пайғамбары мен хазірет Әли (ғ.с.)-ның көмекшісі болды. Әйел деген – осы. Ислам тәрбиелегісі келген әйелдің үлгісі – осы. Мұсылмандардың арасынан әйелдерге қатысты исламдық емес мәдениеттерден қалған қате ой-пікірді байқауға болады. Бұл түсінбеушілік хазірет Фатима (ғ.с.)-ға тек пайғамбардың қызы, имам Әли (ғ.с.)-ның өмірлік серігі ретінде ғана қарауға себеп болып, хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның болмысы мен өмірінің қалыптасуына әсер еткен илаһи факторлар мен оның барлық адамдарға, әсіресе барлық әйелдер үшін үлгі болатын сипаттары мен өмірі дұрыс баяндалмады»,- деген болатын. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) адамзат тарихының басынан тарихтың соңына дейін әйелдердің басшысы саналады.
Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның ең әдемі рөлі жанұяның ортасынан анық көрінді. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) бүкіл тарих бойында жарқыраған отбасының анасы болды. Оның отбасынан надандық, ырымшылдық пен менмендіктің белгілері байқалған емес. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) жұбайына бүкіл болмысымен махаббатын білдірді. Алла елшісінің ардақты қызы перзенттерін құрмет пен махаббатқа бөлеп, тәрбиеледі. Ол перзенттерін «ұлым», «көзімнің нұры», «жүрегімнің жемісі» деп атайтын. Бұл жанұя мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас қарапайымдылықты құрметтеу мен әдепке сүйенді.
Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның өмірінде ғибадат маңызды орынға ие болып, оның ғибадаты туралы барлық адам, тіпті дос пен дұшпан да айтатын. Имам Хасан Мұджтаба (ғ.с.): «Дүниеде анам Фатима (ғ.с.)-нан көп ғибадат жасайтын адам болмады. Ол аяқтары ісініп кеткенше ғибадат жасап тұратын» десе, келесі бір сөзінде: «Бейсенбіден жұмаға қараған түнде таң білінгенше михрабта намаз оқып, руку мен сәжде жасап, мұсылмандар үшін дұға тілеген анамды көріп: «Ана! Басқалар үшін дұға тілегендей, неліктен өзіңіз де үшін дұға тілемейсіз?»- дедім, Анам: «Ұлым, бірінші көршің, содан соң өз үйің»,- деп жауап берді»,- деп есіне алатын.
Ибн Умре әкесінің: «Имам Садық (ғ.с.)-нан: «Есімін неге Фатима-Захра деп қойған»,- деп сұрағанымда имам: «Фатима-Захра михрабта ғибадат жасаған кезде жұлдыздардың жарығы жердегілерге жеткендей, оның нұры аспандағылар үшін де жарқыраған»,- деп жауап берді»,- деп айтқанын жеткізді.
Хазірет Фатима-Захра (ғ.с.)-ның шәһид болған күнінің жылдығына орай баршаңыщға көңіл айтып, бағдарламаны хазіреттің зиятарнамасының үзіндісімен аяқтаймыз: «Сәлем саған, Алла елшісінің қызы! Сәлем саған, әлем әйелдерінің басшысы! Сәлем саған, пайғамбардан кейінгі Алланың ең жақсы жаратылысының өмірлік серігі! Сәлем саған, Хасан мен Хусейннің анасы! Сәлем саған, пәк адамдардың бірі! Алла мен Оның періштелерімен куәлік етемін: достарыңның досымын, дұшпандарыңның дұшпанымын».