Діни жетекшінің қасиетті Мешхед қаласында сөйлеген сөзі
Сәу 02, 2016 18:02 Asia/Almaty
Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеидің хиджри шамси күнтізбесі бойынша 1395-ші жылдың бірінші күні имам Реза (ғ.с.)-ның қасиетті кесенесінде сөйлеген сөзі.
- Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи хиджри шамси күнтізбесі бойынша 1395-ші жылдың бірінші күні қасиетті Мешхед қаласындағы әлем шиіттерінің сегізінші имамы хазірет Реза (ғ.с.)-ның кесенесіне жиналған ондаған мың адаммен кездесті. Аятолла Хаменеи барлық ирандықтарды жаңа жылмен құттықтап, биылғы жылдың Исламның ұлық пайғамбарының ардақты қызы хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығына дөп келуіне тоқталып, Алладан жаңа жылдың Иран халқы мен әлемнің барша мұсылмандары үшін мүбәрәк болуын тіледі. Аятолла Хаменеи өзінің маңызды сөзінде жаңа жылдың «Қарсыласу экономикасы: іс-әрекет» жылы деп аталуына сілтеме жасап: «Бұл ұран елдің қазіргі жағдайын сараптау арқылы таңдалды. Осы кезеңдегі үстемшілердің, әсіресе АҚШ-ның саясаттары Иран АҚШ-пен келісу немесе әрқашан АҚШ-тан қысым көріп, қиындықтарға төзімділік таныту деген жолайрыққа тірелді деп көрсетуге күш салуда. Яғни олардың уәждері бойынша, Иран халқы осы екі жолдың біреуін таңдауы керек. АҚШ-пен келісімге келу деген сол үкіметтің айтқанын қабылдау және өз ұстанымдарымыз бен мүдделерімізден АҚШ-тың пайдасы үшін кейін шегінуімізді білдіреді»,- деп қуаттады. Аятолла Хаменеи өзінің маңызды сөзінде АҚШ-тың алдында табандылық көрсетіп, санкцияларды әсерсіз етудің жолдарын көрсетті. Аятолла Хаменеи: «Дұшпан Иран халқы өзінің көптеген мүмкіндіктерін пайдалануы үшін ядролық келісімге ризалық білдіру керек деген нәтижеге жету үшін талпыныс жасауда. Бірақ мәселе мұнымен аяқталмайды. Дұшпан бізді ядролық келісім жеткілікті емес, басқа мәселелер бойынша, соның ішінде аймақ мәселелерінде де АҚШ-пен келісу керек деп көндіргісі келеді. Сонда қысымдардан босайсыңдар дейді. Яғни, біз америкалықтардың талаптарына бағынып, Палестинаның, аймақтың қарсыласу қозғалысы мен езгіге түскен халықтарын қолдаудан бас тартуымыз қажет. Сондай-ақ, аймақтың кейбір мемлекеттері сынды сионистік режиммен (Израильмен) татуласуымыз керек»,- деп мәлімдеді. Иран Ислам революциясының жетекшісі сөзінің жалғасында АҚШ-тың Иранның зымырандық мәселесі мен әскери жаттығуларына шектен тыс көңіл бөлуіне тоқталып: «АҚШ-пен келісімге келу бірте-бірте ИИР-ның Конституциясы мен саясаттарының Ислам дінінің негіздеріне сәйкес болуы сынды мәселеге де әсерін тигізеді. Сіздер дұшпанға қарсы тұру күш-қуатына ие бола тұра артқа шегінсеңіздер, дұшпан алға басып, тоқтамайтын болады... Дұшпанның қалауы бойынша, егер Ислам республикасы мен Иран халқы АҚШ-тың кәрінен құтылғысы келсе, исламдық республикасының болмысынан, Ислам дінінен, исламдық тағылымдар мен қауіпсіздігінен бас тартып, артқа шегінуі керек»,- деп басаа айтты. Аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында Иранмен жасаған ядролық келісімдегі АҚШ-тың өз міндеттемелеріне берік болмауына сілтеме жасап: «Америкалықтар өз уәделерін орындамады. Олар көптеген бұрмаланған жолдар арқылы Ислам республикасының дамуына тосқауыл болып, әртүрлі сылтаулармен міндеттемелерін іске асырмады»- деп қуаттады. Иран Ислам революциясының жетекшісі Иранның мүмкіндіктері мен аймақтағы мүдделері және жағдайына тоқталып: «Ислам революциясының жеңісінен бұрын Иран АҚШ-ның мүддесінің ықтиярында болып, олар үстем үкіметтің осал елде іске асыратын барлық ісін жүзеге асырды. Алайда Ислам революциясы Иранды олардың уысынан босатты. Сондықтан революцияның кегі АҚШ-ның саясатынан түспейді. Олардың дұшпандығы аяқталмайды, өйткені олар бұл елдегі билікті қайтарғылары келеді. Олардың мақсаты осы және соған жетуді көздейді»- деді. Аятолла Хаменеи америкалықтардың «Үлкен немесе Жаңа Таяу Шығыс» құруға әрекет жасауына тоқталып: «Олардың мақсаттары исламдық елдердің ортасында заңсыз сионистік режимнің үкіметін аймақтың барлық, соның ішінде экономикалық, саяси және мәдени істерін билету болып табылады. Бірақ «Үлкен Таяу Шығыс» туралы ұранданғандар Сирия, Йемен, Палестина мен Ирак мәселелеріне шырмалып, өздерінің сәтсіздіктерін Ислам республикасынан көруде. АҚШ пен Иранның дұшпандығы күрделі мәселе. Олар Иранда бұрынғы билеп-төстеушілігін қайтаруға әрекет жасауда»,- деп баса айтты. Иран Ислам революциясының жетекшісі Ирандағы Пехлеви үкіметінің тәуелді болғанын еске салып: «Пехлеви режимі Ирандағы үстемшіліктің, яғни АҚШ пен Ұлыбританияның бірінші қорғаны болды. Сол себепті олар бұл елді өз мақсаттары мен мүдделеріне қарай тартты»,- деді. Ол патшалық режимнің құлауы мен халық үкіметінің билік басына келуін Ислам революциясы жетістіктерінің бірі деп атап, революцияның үстемшілердің Ирандағы бірінші қорғанының құлауы болғанын қуаттады. Аятолла Хаменеи алпауыт елдерден қорқуды Ислам революциясына дейінгі кездегі үстемшілердің Ирандағы екінші қорғаны деп атап: «Ислам революциясы мен сегіз жылға созылған қорғаныс соғысы халықтың жүректеріндегі қорқыныштың кетуіне себеп болды. Жеңістерге жеткен соң Иран халқы АҚШ пен Ұлыбританиядан қорықпайтын болды»,- деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге өз күшіне сенім артпау мен өз-өзіне сенбеуді үстемшілердің келесі қорғаны деп таныстырып: «Ислам революциясы сенімсіздікті ұлттық сенімділікке айналдырды»,- деді. Аятолла Хаменеи ирандық жастардың ғылыми жетістіктерін өздеріне сенім артудың нәтижесі деп бағалады. Иран Ислам революциясының жетекшісі діннің саясаттан бөлек болуын әлемдік үстемшілердің революцияға дейінгі Ирандағы келесі қорғандарының бірі деп атап: «Мұндай ой, тіпті кейбір діни ғалымдардың ойларында тамырланып, оларды қоғамдық және саяси жүйелердің жұмыстарына қатыстырмады. Шын мәнінде, Ислам діні әрқашан саяси ұстанымға ие болды және Исламның ұлық пайғамбарының Мединедегі бірінші жұмысы исламдық үкімет құру болды. Ислам революциясы да дін саясаттан бөлек деген ойды жойды. Осы кезде тіпті жоғары оқу орындарында ирандық жастар елдің мәселелерін Ислам мен Құран тұрғысынан зерттеуде»,- деп қуаттады. Иран Ислам революциясының жетекшісі АҚШ-тың Иран халқына қарсы дұшпандылығын қуаттап, Иранға қарсы санкциялар мен қоқан-лоққылардың жалғасуын шынайы дұшпандылықтың белгісі деп атап: «АҚШ-тың Ақ үйде «һафт син» дастарханын жайып, достық сөздерімен Иран халқына наурыздық құттықтау жолдауы – алдаушылық. Иран халқы қырағы әрі хабардар халық. Біздің халық олардың алдауына түспейді»,- деді. Аятолла Хаменеи Иранның даму үшін қажетті көптеген қорлар мен мүмкіндіктерге ие болуына тоқталып: «Бүгін Ислам республикасы аймақ деңгейі мен кейбір жайттер бойынша әлем деңгейіндегі ықпалды елге айналды. Бұл шындықты қадірлей білу керек. АҚШ саясаткерлерінің Иран халқына қарсы дұшпандығы айқын мәселе. Бірақ дұшпандардың дұшпандық құралдары шектеулі. Соның ішіндегі ең маңыздылары үгіт-насихат, Ираннан үркіту, ықпал ету саясаттары мен санкциялар салуы саналады. Дұшпан бізді санкциялардың қысымдарына төзу немесе АҚШ-қа бағыну деген жолайрыққа тірегісі келеді. Алайда шынайы жолайрық санкциялардың қысымдарына төзу немесе қарсыласу экономикасына сүйеніп, ішкі мүмкіндіктерге көңіл бөліп, санкцияларға қарсы табандылық көрсету болып табылады. Иран Ислам революциясының жетекшісі жаңа жылды қарсыласу экономикасын іске асыру жылы деп атап, оны белсенді етудің он жолын ұсынды. Бұл жолдардың қатарын экономикалық басымдылыққа ие жұмыстарды анықтап, соларға шоғырлану, ішкі өнімді жандандыру, импорттың салдарынан ішкі өнімнің әлсіремеуіне назар аудару, ядролық келіссөздердің нәтижесі бойынша азат етілу ықтималына ие қаржы көздерін дұрыс басқару, мұнай бөлімі сынды экономиканың маңызды салаларын ғылымиландыру, шетелдік мәмілелер жасаған кезде технологиямен алмасуды шарт етіп қою, экономикалық бұзақылықпен күресу, энергетикалық ресурстарды пайдалануды арттыру, жұмыс орындарын ашу үшін орта және кіші өнеркәсіптерді нығайту құрады. Аятолла Хаменеи қарсыласу экономикасын іске асыру саласындағы революцияшыл қызметті қарсыласу экономикасының елді құтқаратын факторы деп атап: «Бұл жұмыс елді санкцияларға қарсы тұратындай күшейтті»,- деді. Аятолла Хаменеи сөзінің соңында мәдени мәселелердің маңыздылығына тоқталып, мүмін жастардан мәдени жұмыстарын алға ілгерілетіп, үкіметтік органдардан да мүмін және революцияшыл жастарға жол ашуды талап етті. Ол мүмін жастарға: «Жастар! Мемлекет өздеріңдікі. Оның келешегі сендердің қолдарыңда. Бүгінгі жағдай да өздеріңе тиесілі. Егер сахнада болып, Аллаға иман келтіріп, тәуекел етіп, алға ілгерілесеңдер, АҚШ-тан зор күштердің өздері де сендерге еш әсер ете алмайды»,- деп қуаттады.