ДАИШ лаңкестік тобын Орталық Азия мен Кавказға көшіру үшін талпыныс жасалуда
ДАИШ лаңкестік тобының Ирак пен Сириядағы салыстырмалы түрдегі жеңіліс тапқаны туралы хабарды бұл лаңкестік топ демеушілерінің саясаттарының шынайы жеңілісі деп бағаламаған жөн. Өткен бірнеше жылды зерттеу барысында АҚШ, кейбір Еуропа елдері мен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы одақтастары, әсіресе Сауд Арабиясы, Кувейт пен БАӘ-нің ДАИШ лаңкестік тобының саяси демеушілері болғаны анықталды.
ДАИШ лаңкестік тобының басшылары АҚШ пен Құдсты басып алушы режимнің саясаттарына толығымен бағынғаны айдан анық. Сол себепті, АҚШ-тың әлемдегі үстемшілдік саясаттарына қарсы болған барлық мемлекеттер осы лаңкестік топтың қоқан-лоққыларына тап болды. Осы мәселеге байланысты Ресей президенті Владимир Путин өткен жазда Қазақстанның елордасы Астана қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы басшыларымен кездесуінде: ""Ислам мемлекеті" деп аталатын лаңкестік ұйым Орталық Азия елдері мен Ресейдің оңтүстігінде тұрақсыздық тудыруды көздеп отыр",- деді. Ресей президенті қолда бар мәліметтерге сілтеме жасап: "ДАИШ Ресейдің айналасындағы аймақтарда тұрақсыздық тудыру үшін жаңа бағдарламалар әзірлеп жатыр",- деді.
АҚШ саясаткерлері әлемдегі лаңкестік қозғалыстардың, әсіресе ДАИШ-тың басшылары ретінде Ауғанстан ДАИШ қозғалысының өркендеуі үшін қолайлы мекен және осы қозғалыс мүшелерін әлемнің басқа аймақтарына жіберуге қолайлы алаң деген қорытындыға келген. Ауғанстанның джиһадтық басшыларының бірі Мұхаммад Амин Форутан: "ДАИШ лаңкестік тобы Батыс елдерінің, атап айтқанда АҚШ-тың аймақтағы саясаттарының салдары саналады. АҚШ-тың лаңкестік топтарға, соның ішінде ДАИШ-ке қаржылай және әскери тұрғыдан қолдау көрсетуін тоқтатпайынша басқа лаңкестік топтар күнәсіз адамдарды өлтіруді одан әрі жалғастыра береді",- деп мәлімдеді.
Мұхаммад Амин Форутан Иран Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабының Пушту радиосына берген сұхбатында: "Ақ үйдің басшылары лаңкестікпен күрес ісінде шыншыл емес. Олар тәкфирлік топтармен күресуді көздеп отырған жоқ. Керісінше, АҚШ аймақтағы өзінің мүдделерін сақтап, оларды қамтамасыз ету үшін Израиль және Сауд Арабиясымен бірігіп, ДАИШ-ты құрып, бұл топты өз мүдделері үшін пайдаланды",- деді.
Осы мәселеге қатысты Ауғанстан Ұлттық Мәжілісінің депутаты Моулана Абдурахман Рахмани былай дейді: "АҚШ "Талибан" және "әл-Каиданың" атынан ауғандықтар мен әлемдіктерді алдап келді. Бұл жоба немесе оның атауы қайталана бергендіктен, бірнеше жылдан бері "Талибан" мен "әл-Каидадан" да қатаңырақ түрде ДАИШ жобасын құрып, бүгінде осы топпен күресу қажеттігін қуаттап, ауғандықтарға, аймақ пен бүкіл әлемдегі халыққа ДАИШ-тың сұмпайы әрі адамгершілікке жатпайтын әрекеттерін көрсетіп, бұл топтың етек жаюымен қорқытып отыр. Бұл Ауғанстандағы ДАИШ-тың мүшелері аспаннан салбырап түспей, «әл-Каида», Пәкістанның «Талибан» тобы немесе Ауғанстанның «Талибан» тобының кейбір бұрынғы мүшелерін осы елде үш жылда жинап, жаңа топтың атын «ДАИШ» деп атаған жағдайда орын алып отыр. АҚШ-тың Ауғанстанда ДАИШ лаңкестік тобын құруда рөл атқарғаны ешкімге жасырын емес",- деді.
ДАИШ-тың Ауғанстандағы құзыры осы елмен шекаралас барлық мемлекеттердің лаңкестік қозғалыстардың, атап айтқанда ДАИШ-тың өз еліне әсер етуіне байланысты алаңдауына себеп болды. Ауғанстан Орталық Азия, Батыс Азия мен Таяу Шығыс елдерінің ортасында орналасқан. Орталық Азия республикаларының ішінде үш республика – Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан. Бұл үш елді ДАИШ лаңкестік тобы Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Ресей, Шығыс және орталық Еуропа елдеріне кіретін дарбаза ретінде бағалауға болады.
Пәкістан Ауғанстанның оңтүстігі мен шығысында, Иран батысында, ал ҚХР солтүстік-шығысында орналасқан. Бұл елмен көршілес елдер қауіпті әрі тынышсыз елдер саналады. Олар да ДАИШ лаңкестік тобының зұлымдығынан аман қалмайды. Әсіресе, АҚШ Ауғанстанмен көршілес елдердің барлығымен бәсекелес немесе олармен қырғи қабақ соғыс жүргізіп отыр. Сонымен қоса, АҚШ Ресей шекараларына жақындай түсу үшін көптеген мақсаттарды алға қойған. Соның ішінде қоқан-лоққы жасау мен үрей тудыруды атауға болады.
Шынтуайтында, Кавказ аймағы негізінде "оқ-дәрі бөшкесі" секілді. Себебі, бұл аймақтағы лаңкестік топтардың қатарына ДАИШ-тың қосылуы бұл лаңкестік топтың шынайы қатер төндіретінін білдіреді. Соңғы екі жылдың ішінде Ресей мен Солтүстік және Оңтүстік Кавказда қайғылы оқиғалардың орын алуы бұл аймақтар үшін, әсіресе оңтүстік Кавказ үшін қауіп төндіруде. Бұл 2015 жылы мамыр айында ДАИШ лаңкестік тобы Солтүстік Кавказ аймағында өз филиалын құрған жағдайда орын алып отыр. ДАИШ лаңкестік тобының баспасөз хатшысы Абумұхаммад әл-Аднани осы хабарды жариялап, топтың Кавказ аймағындағы жақтастарын құттықтап, Әл-Кадари деген кісінің осы лаңкестік топтың Кавказ аймағындағы басшысы ретінде тағайындалғанын хабарлады.
Әзірбайжан Республикасының таратылған Ұлттық қауіпсіздік министрлігі басшысының 1992-1993 ж.ж. аралығындағы орынбасары әрі әскери-қауіпсіздік істері жөніндегі сарапшысы Сулхаддин Акпер осы мәселеге байланысты Әзірбайжан Республикасының бір ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: "Халықаралық лаңкестік дамып жатыр. АҚШ күштері 2014 жылы Ауғанстаннан кеткен кезде халықаралық лаңкестіктің Кавказ бен Орталық Азияға көшірілетіні болжанған болатын. Дәл қазір лаңкестік жүйелер әшкере түрде Кавказ бен Орталық Азияға бет бұрып отыр. Бұл шынайы қауіп. Оның іске асу ықтималы өте жоғары. ДАИШ лаңкестік тобы Әзірбайжан Республикасына да бірнеше рет қоқан-лоққы жасады", - деді.
Орталық Азия республикаларына келсек, бұл аймақтағы қаржылай және экономикалық тұрғыдан мүмкіндіктері аз әрбір елдің ДАИШ лаңкестік тобының ықпалына түсу ықтималы жоғары деп айтқан жөн. Сонымен қатар, халықтың адастырушы секталарды танып, дұрыс-бұрысты ажырата білуі үшін діни сауаты мен діни тағылымдық деңгейінің жоғары болуы оң рөл атқаруы мүмкін. Адастырушы уахаби секта мен ДАИШ лаңкестік тобының өз мүдделерін жүзеге асыру үшін қыруар қаржы жұмсауына сілтеме жасауға болады. Осы мәселе тұрғысында Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік министрлігіне қарасты органның жауапты тұлғасы Артур Медетбеков 2015 жылдың қараша айында: "ДАИШ лаңкестік тобы Орталық Азия елдерінде лаңкестік әрекеттерді іске асыру үшін 70 миллион доллар көлемінде қаржы бөлген. Бұл сома Орталық Азия елдерінің азаматтарын тұзаққа түсіріп, оларды лаңкестік әрекеттер жасауға итермелеу үшін пайдаланылады",- деді.
Бакуде шығатын Azadliq газеті Қырғызстанның қауіпсіздік саласындағы осы жауапты тұлғасының сөзіне сілтеме жасап: "Қазіргі таңда Кавказ бен Орталық Азия аймағында ДАИШ-тың белсенді жақтастары бар",- деп жазды.
Адастырушы уахаби секта мен ДАИШ лаңкестік тобының Орталық Азия мен Кавказ аймақтарындағы белсенділіктері туралы хабар таралғаннан бір жылдан соң Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) Лаңкестікпен күрес орталығының басшысы Андрей Новиков Орталық Азия елдерінде ДАИШ лаңкестік тәкфирлік тобымен күресу үшін ақпарат таратып, интернет кеңістігінде шынайы шара қолдану қажеттігін қуаттаған болатын. Андрей Новиков Ресей мен осы аймақтағы басқа елдерге жұмыс іздеп келген мигранттардың әсірешілдердің тұзағына түсуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп: "Вахаббистер мен кейбір тәкфирлік топтар психологиялық соғыстың жаңа әдістерін пайдаланып, шамамен қысқа мерзім аралығында ДАИШ лаңкестік тобының қатарына қосылуы үшін белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді",- деді.
Ресей СІМ-нің орынбасары ДАИШ тобына мүше лаңкестердің 60 пайызын Орталық Азия мен Кавказ аймағы елдерінің азаматтары құрайтынын айтты.
ДАИШ лаңкестік тобының өзіне мүше тартуда ілгерілеуі мен Орталық Азия аймағындағы тәкфирлік әрекеттерінің артуы Орталық Азия елдері басшыларының әсірешіл- тәкфирлік топтардың әрекеттерімен күресу мақсатында өздерінің географиялық шекаралары шеңберінде қатаң қауіпсіздік шараларын жүзеге асырған жағдайда орын алды.
Өткен біргеше жылдың ішінде, Орталық Азиядағы барлық республикалардың президенттері адастырушы уахаби секта мен ДАИШ лаңкестік тобының қауіп-қатер төндіретінін біліп, осы топтармен күресу үшін бірқатар саясат қабылдады. Мысалы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы елдегі ДАИШ лаңкестік тобымен күресуді жалғастыру қажеттігін қуаттады. Нұрсұлтан Назарбаев діни азшылық өкілдерінің қатысуымен Астанада өткен отырыста: "Қазақстанның қауіпсіздік күштері лаңкестердің көзін жойғанша күресті жалғастырады",- деді. Мұның алдында да ол ДАИШ лаңкестік тобымен әріптестік жасағаны үшін Қазақстан азаматтарының елдің азаматтығынан айрылатынын мәлімдеген болатын. Сарапшылардың зерттеулері бойынша, Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстан Республикасында адастырушы уахаби секта мен ДАИШ лаңкестік тобына тәуелді әсірешіл ұйымдар мен топтарға қолдау көрсететіндердің саны басқа елдермен салыстырғанда жоғары саналады.
2016 жылы желтоқсан айында Қазақстан Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бұл елде салафиттік қозғалыстың 17 000 мүшесі бар екендігін хабарлады. Осыған байланысты, Қазақстанның дін істері жөніндегі сарапшысы және ІІМ-нің жауапты тұлғаларының бірі Дулат Ыбыраев: "Халық арасында, әсіресе жастар арасында, кедейшілік пен діни сауаттың төмендігі Қазақстан халқының әсірешілдікке бет бұруының негізгі себептерінің бірі саналады. Әсірешіл топтардың мүшелерінің басым бөлігін 25-35 жас аралығындағы жастар құрайды. Олардың басым бөлігі кедей немесе тұрмыстары нашар отбасыларда өсіп, орта мектептер мен жоғары оқу орындарында білім алмаған жастар",- деді.
Сарапшылардың зерттеулері Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстан Республикасында адастырушы уахаби секта мен ДАИШ лаңкестік тобына тәуелді әсірешіл ұйымдар мен топтарға қолдау көрсететіндердің саны ең көп екенін көрсетіп отыр. Әсірешіл топтардың артуының себептері туралы шындықтар Орталық Азия республикаларындағы басқарып отырған үкіметтердің көбінің өз халқының әлеуметтік және өмір сүру саласындағы қиындықтарына азырақ көңіл бөлетінін көрсетті. Адастырушы уахаби секта мен осы сектаның әскери күші, яғни ДАИШ лаңкестік тобының қаржылай, саяси және экономикалық демеушілерінің талпыныстары мен қыруар қаржының жұмсалуына қарамастан, бұл топ өзіне көп жақтас пен мүше тарта алмады.