Ұлыбританиядағы адам құқығының бұзылуы (1)
(last modified Sun, 08 Apr 2018 07:15:53 GMT )
Сәу 08, 2018 13:15 Asia/Almaty
  • Ұлыбританиядағы адам құқығының бұзылуы (1)

Ұлыбританиядағы адам құқығының бұзылуы.

Адам құқығы адамзат баласының табиғи құқықтарының бірі саналады. Бірақ соңғы бір ғасырдың ішінде адамзат баласының хабардарлығы мен саналық және тұлғалық тұрғыдан кемелдену деңгейінің көтерілуіне байланысты осы қағидаларды сақтау мәселесіне көбірек көңіл бөліне бастады. Осыған байланысты кейбір елдер өздерін "адам құқықтарының қорғаушысы" ретінде таныстырып, адам құқықтары мәселесін құрал ретінде пайдаланып, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласып, ықпал етуге талпыныс жасап жатыр. Сондай елдердің біріне Ұлыбритания жатады.

Сот билігі кез келген елдегі әділетсіз жағдайларды қадағалаудың символы саналады. Алайда Ұлыбританиядағы сот билігі мен заң шығарушы билік іс жүзінде осы ел азаматтары үшін өз құқықтарына қол жеткізу мен оларды жүзеге асыруда шынайы қиындыққа айналған. Осыған байланысты Халықаралық Кешірім ұйымы 2016 жылы қазанның он бірі күні "Ұлыбританиядағы заңды көмектер мен жеңілдіктер бюджетінің қысқаруы мен оның адам құқықтары мен құқықтық кеңестерге теріс әсері" тақырыбында баяндама жариялап, тұрмысы төмен азаматтарға жеңілдіктер мен құқықтық кеңестер ұсынудағы мемлекеттік бюджеттің қысқаруын сынға алып, алаңдаушылық білдірді. Құқықтық кеңестердің тоқтатылуы мигранттар, балалар мен қоғамдағы тұрмысы нашар топтардың құқықтарынан айрылуына қатты әсер етеді.

Кемсітушілік, нәсілшілдік мен азшылықтардың құқықтарын бұзу Ұлыбританиядағы адам құқықтары бұзылуының басқа айқын мысалдарына жатады. БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің 2016 жылы қазанның үші күні жарияланған есебінде Ұлыбританиядағы кемсітушілік пен нәсілшілдік сипаттағы қылмыстардың статистикалық көрсеткіштерінің бұрын-соңды болмаған деңгейде артқаны туралы шындық ашылды. Бұл комитеттің есебіне сәйкес, нәсілшілдік қылмыстар туралы есептердің тек аз ғана бөлігі жарияланады, аз бөлігі ғана соттарда қарастырылады. Қауіпсіздік күштеріне адамдардың жеке өміріне араласуға құқық беретін лаңкестікпен күрес саласындағы жаңа қауіпсіздік шаралары, әсіресе лаңкестікпен күресу стратегиясы мен 2015 жылы лаңкестікпен күресу және қауіпсіздік туралы заң бәрінен бұрын мигранттарды, "түрлі түстілер" мен тайпалық және діни азшылықтарды нысанаға алды. Бұл заңдарда, әсіресе, лаңкестік пен әсірешілдік ұғымдарының анықтамасында көптеген түсініксіздіктер мен сөз бостандығы мен дін таңдау бостандығының теріс салдарлары көрініс тапқан.

 

Ұлыбританияда қара нәсілділер мен азиялықтарға қарсы жүйелік нәсілшілдік өте айқын байқалады. Нәсілшіл кемсітушілікті жою жөніндегі комитеттің есебінде: "Ұлыбританияда тұратын африкалықтар әсіресе денсаулық сақтау, жұмысқа орналасу, білім беру мен сот саласындағы өз құқықтарын пайдалануда жүйелі түрде нәсілшілдікпен бетпе-бет келіп отыр. Кемсітушілік жайттарын полиция күштеріне қызметке қабылдаудан байқауға болады",- деп жазылған. The Guardian газеті 2015 жылы қазанның жиырма екісі күні ресми мәліметтерге сілтеме жасап: "Ұлыбритания полциясының үштен екі бөлігінен астам бөлімдерінде ақ нәсілді өтініш берушілердің тайпалық азшылықтарға қарағанда қызметке қабылдану мүмкіндігі көбірек",- деп жазды. Сонымен қатар, бұл елде Дэвид Кэмерон премьер-министр болған кезеңде жұмыссыздық деңгейі төмендеген болатын. Алайда бұл көрсеткіш азшылықтар мен қара нәсілділердің арасында айтарлықтай артты.

Ұлыбританиядағы мұсылмандар барлық діни азшылықтармен салыстырғанда бәрінен көбірек адам құқықтарының бұзылу мәселесімен бетпе-бет келіп отыр.  Бұл елдегі лаңкестікке қарсы заң мұсылмандар қауымына көбірек қысым көрсету үшін сылтау саналады. Лондондағы Теңдік пен адам құқықтары жөніндегі комиссияның мәліметтеріне сәйкес, Пәкістан азаматтары басқа елдердің ақ нәсілділерімен салыстырғанда 154 реттен артық күдікті ретінде тергеуге алынған. Сонымен қоса, Ұлыбритания мұсылмандары кемсітушіліктен қатты азап шегуде. Metroco агенттігінің 2015 жылы ақпанның жиырма бесі күнгі хабарлауы бойынша, Ұлыбритания мұсылмандарының тең жартысы үкімет тарапынан кемсітушілік сипаттағы қатынаспен бетпе-бет келіп отыр. Бұл сауалнамаға сәйкес, сауалнамаға жауап бергендердің 46 пайызының жауабы бойынша, Ислам діні жайлы қате түсініктер олардың Ұлыбританиядағы өмірін қиындатқан.

 

Мұсылмандар өздерінің мазхабтық рәсімдері мен діни ғамалдарын жүзеге асыруда да кемсітушілік пен шектеулерге тап болып отыр. The Daily Mail-дың 2015 жылы маусымның он бірінде жариялаған мәліметіне сәйкес, Лондонның шығысындағы Беркли мектебі мұсылман оқушылардың отбасыларына хат жіберіп: "Қасиетті рамазан айында мұсылман оқушыға ауыз бекітуге тыйым салынады, себебі бұл мектептің ішкі ережесіне қайшы келеді", - деп ескерткен. Ұлыбританияда мешіт салу да үнемі исламнан үркітушілердің шеруіне ұласып келеді. Shaker Mommy басылымының 2015 жылы маусымның он үші күнгі хабарлауы бойынша, "Футболдың барша жанкүйері исламдануға қарсы" деп аталатын Ұлыбританиядағы исламға қарсы бір топ Ұлыбританияның Дадли қаласында шеру ұйымдастырып, бұл қалада мешіт салуға наразылық білдірген.

Ұлыбританиядағы мұсылман әйелдер мұсылман ерлерге қарағанда көбірек жаппай кемсітушіліктен азап шегеді. Бір зерттеу жұмысының нәтижелеріне сәйкес, Ұлыбританиядағы хиджаб киген әйелдер жұмыс берушілердің қызметке хиджабсыз әйелдерді алуға ықылас білдіруіне байланысты кемсітушілікке ұшыраған. Қауымдар палатасының 2016 жылы тамызда жариялаған есебіне сәйкес, бұл елдің жұмыс берушілері хиджаб киген әйелдерді әлсіз әрі момын санайды. Сондықтан хиджаб киген әйелдердің көбінесе қызметке алу кезінде өтініштері қабылданбайды. Бұл мәселе қазіргі таңда қабылданатын кемсітушілікке айналған. Ұлыбритания жұмыс күштерінің зерттеуі бойынша, бұл елдегі мұсылман әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 18 пайызды құрайды. Дәл сол көрсеткіш үнді әйелдері арасында 9 пайызды, ал ақ нәсілді христиан әйелдері арасында 4 пайызды құрайды.

 

Кедейшілік пен баспанасыздық үкіметтің елдің байлығы мен табысын әділ түрде бөлуге көңіл аудармауынан туындаған Ұлыбританиядағы басқа мәселелердің қатарын құрайды. The Guardian-ның 2016 жылдың қаңтардың бірінде басылып шыққан баяндамасына сәйкес, Лондондағы баспанасыз адамдардың саны қатты артқан. Осы мәліметке сәйкес, 2009 жылы Лондон көшелерінде ұйқтайтын баспанасыздардың саны 3673 болған. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 7500 адамға жеткен. Ұлыбританияның Жұмысшылар партиясының басшысы Джереми Корбин консервативті үкіметтің қатаң саясаттарын осы қиындықтың негізгі факторы деп атады. Сондай-ақ, The Guardian газетінің хабарлауы бойынша, күніне 8 миллионнан астам британиялық жеткілікті түрде өзін азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайды. Олардың жартысы тіпті күндерін тамақсыз өткізеді. Осы мәліметтерге сәйкес, аштық критерилеріне байланысты Ұлыбритания Венгрия, Эстония, Словакия мен Мальтадан әлдеқайда төмен орналасқан.

Ұлыбританиядағы әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылық та үлкен өкініш тудыратын жағдайға жеткен. 2015 жылы мамырдың он тоғызы күні жарияланған Ұлыбританиядағы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық туралы арнайы есепке сәйкес, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық әйелдерге қарсы ең кең тараған зорлықтың түрі саналады. Осы есепке сәйкес, британиялық әйелдердің 30 пайызы 16 жасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешірген. Бұл есептің басқа бөлімі қоғамдағы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық жағдайына арналған. Ұлыбританиялық әйелдердің 91 пайызы түрлі жыныстық зорлық-зомбылық пен қауіп-қатердің құрбаны болған. Сондай-ақ, осы баяндамаға сай, мектептегі оқушы қыздарды зорлау мәселесі де алаңдатарлық жағдайға ие. 2013 жылы 16-18 жас аралығындағы қыздардың 42 пайызы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, кемінде бір рет өз сыныптасы тарапынан зорлыққа ұшыраған.

Батыс елдері баса айтып келе жатқан балалар құқығы Ұлыбританияда қатты бұзылады. Қасірет шеккен бала, балаларды жыныстық тұрғыдан пайдалану, мәжбүрлі түрде жұмысқа салу, түрмеге түсу, кедейшілік, бас сауғалау Ұлыбританиядағы балалар құқығының бұзу жайттарының қатарын құрайды. The Guardian газеті  2015 жылы сәуірдің сегізі күні: "Еуропа елдерінің ішінде Ұлыбитаниядағы балалар көбірек қасірет шегеді. Осы әркеттерге қарсы тиісті шара қолданбаудың салдарынан бұл елдегі жыныстық зорлық-зомбылықтан азап шеккен балалардың саны артқан. БҰҰ-ның есебіне сәйкес, жылына өліммен аяқталатын балаларды зорлау жайтының жүзі Ұлыбританияда орын алады. Ұлыбританиядағы мемлекеттік зерттеулер осы елдегі 11 миллион 700 000 баланың жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын көрсетті. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Ұлыбританияда әрбір 6 ұл баланың біреуі жыныстық тұрғыдан зорлыққа ұшырайды. Қыздар арасындағы бұл көрсеткіш әлдеқайда көп. Бұл елдегі әрбір төртінші қыз бала жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады.