Ұлыбританиядағы адам құқығының бұзылуы (2)
(last modified Tue, 10 Apr 2018 08:15:21 GMT )
Сәу 10, 2018 14:15 Asia/Almaty
  • Ұлыбританиядағы адам құқығының бұзылуы (2)

Топтамамыздың алғашқы бөлімінде Ұлыбританиядағы адам құқығының бұзылуы жайлы баяндап, сот органдары тарапынан адам құқығының, нәсілдік, тайпалық азшылықтар және әйелдер мен балалардың құқықтарының бұзылуы жайлы жайттарға тоқталған болатынбыз. Бүгінгі бөлімде сіздерді Ұлыбританиядағы адам құқығы бұзылуының басқа жағдайларымен таныстырамыз.

Ұлыбританияда жұмысшылар мен қызметкерлердің, университет оқытушыларының, тіпті медицина қызметкерлерінің құқықтары ауқымды түрде бұзылады. The Guardian газеті 2016 жылдың қазанның отыз бірі күні жариялаған мақаласында: "Пошта, темір жол желілері мен авиация өнеркәсібінің мыңдаған басшысы мен қызметкерлері жалақы мен зейнетақының төмендеуіне байланысты ереуілге шықты", - деп жазды. 2015 жылдың маусым айында Лондонда төмен жалақы мен жұмыстағы нашар жағдайларға байланысты автобус жүргізушілерінің жаппай ереуілі өтті. 27 000-ға жуық автобус жүргізушісі өз кәсіподағымен бірлесе отырып, ереуілге қатысты. Ұлыбританияның жер-жеріндегі университеттердің оқытушылары да төмен жалақыға байланысты бірнеше рет наразылық білдіріп, ереуіл өткізді. Дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де жалақыларының төмендігіне байланысты бірнеше рет ереуілге жүгінді. Дәрігерлердің пікірі бойынша, үкіметтің жаңа келісімдерін жүзеге асыруы олардың жұмыс уақыттарын арттырып, жалақыларын төмендетеді.

Ұлыбританиядағы адам құқығының бұзылуының себебіне әлеуметтік тұрғыдан қауіпсіздіктің болмауы жатады. Sun басылымының 2016 жылы қазанның жиырма сегізі күні жариялаған мақаласына сәйкес, Ұлыбритания көшелерінде 50 000-ға жуық жыныстық зорлықшы бар. Өткен онжылдықпен салыстырғанда бұл көрсеткіш 70 пайызға артқан. Әлеуметтік тұрғыдағы қауіп жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау мен күйзеліс секілді шынайы әлеуметтік қиындықтар мен ауытқулардың пайда болуына соқтырады. The Guardian газеті 2016 жылы мамырдың он екісі күнгі мақаласында:"2015 жылы Ұлыбританияда өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың саны соңғы жиырма жылдың ішінде бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті", - деп жазды. Ұлыбританияның Еуропа одағы мүшелігінен шығуының (Brexit) салдарына байланысты алаңдаушылық пен лаңкестік қоқан-лоққылардың артуы мен әлеуметтік тұрғыдағы қауіпті жайттар британиялық балалар мен жасөспірімдердің алаңдаушылығының ең маңызды себептеріне жатады.

Ұлыбританиядағы ақпарат құралдарының басым бөлігі бұл елдегі діни, тайпалық және нәсілдік азшылықтарға қорлық көрсетеді. Бұл жағдай туралы БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Рейд Раад әл-Хосейн 2015 жылы сәуірдің жиырма төрті күні: "Ұлыбританиялық Sun газетінің мигранттарды тарақанға теңеуі әдепсіздікке жатады. Нацистік кезеңде ақпарат құралдары халыққа жоғары лауазымды басшылар "тарақандар мен тышқандардың" көзін жоймақ деп хабарлайтын",- деді. Мұндай сөздерді ұлттық деңгейдегі ақпарат құралында айту қабылдауға келмейтін арандатушы әрекет саналады. Дәл осы газетте үлкен дау тудырған Кэти Хопкинс жазған мақала шықты. Хопкинс Жерорта теңізіндегі мигранттарды тасымалдаушы қайықтарға қарсы әскери кемелерді қолдану керек деген ұсыныс жасады. Ол мақаласында мигранттарды жабайы адамдар деп атады.

Ұлыбритания үнемі басқа елдерде сөз, дін және жиындар өткізу бостандығын талап етіп, оны басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласу үшін сылтау ретінде пайдаланады. Бұл Ұлыбританияның өзі сөз, дін және жиындар өткізу бостандығы құқықтарының ең ірі бұзушысы болған жағдайда орын алып отыр. Ұлыбританиядағы тілшілер мен журналистердің құқықтары да қатты бұзылуда. Бұл елдің үкіметі лаңкестікпен күрес және ұлттық қаупісіздік секілді түрлі сылтаулармен тілшілерді құрықтап, оларды лицензиядан айырып, кейбір жағдайларда, тіпті оларды басқа елдерге жер аударып жатады. Бұл салада осы елдің мемлекеттік қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлық жөнінде Wiki Leaks сайтымен әріптестік жасағаны үшін Германияға жер аударылған ұлыбританиялық тілші Сара Хариссонға сілтеме жасауға болады.

Сионистік лоббилердің әрекеттерін қарастыру мен бұл режимнің қылмыстарын әшкерелеу Ұлыбритания үкіметі тыйым салған тақырыпқа айналған. Іс жүзінде ақпарат құралдары, тілшілер, университет оқытушылары мен қарапайым азаматтардың Израильді сынға алуға құқықтары жоқ. The Daily Telegraph басылымының 2016 жылы сәуірдің төрті күнгі мақаласына сәйкес, Бредфорд қаласынан шыққан Жұмысшылар партиясының өкілі және Ұлыбританияның «көлеңкелі кабинетінің» қазына министрі Джон Макдоннеллдың көмекшісі Наз Шах Twitter-дегі жеке парақшасында сионистік режимнің палестиналықтарға қарсы қылмыстарын сынға алып, Израильді АҚШ жеріне көшіруді сұрады. Ол сондай-ақ: "Америкалықтар израильдіктерді құшақ жая қарсы алады. Бұл әрекет АҚШ-тың Таяу Шығыстағы араласушылықтарын доғарады",- деп жазды. Наз Шахтың осы жолдауы оның партиялас әріптестері мен Ұлыбританиядағы сионистік лоббидің реакциясын тудырып, Наз Шах өз қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Ұлыбритания үкіметі мен қауіпсіздік органдарының осы ел азаматтарына тыңшылық жасауы адам құқықғы бұзылуының келесі бір көрінісі саналады. Ұлыбританияда телефон арқылы сұхбаттарды тыңдап, оларды таспаға жазу, тың тыңдайтын құрылғыларды пайдалану, жаппай бақылау камераларын орнату мен қауіпсіздік саласындағы нақты емес сылтаулармен жеке үйлерге баса-көктеп, шабуыл жасау адам құқықтарын бұзу саналады. Кейбір деректер Ұлыбритания үкіметінің электронды тың тыңдау құралдарының Челтнем қаласындағы орталықта пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинаумен айналысқанын дәлелдеді. 1984 жылғы байланыс туралы заң жобасының 94-бабы бойынша бұл билік Ұлыбританияның барлау ұйымдарына тапсырылған болатын. PCWorld басылымының 2015 жылы сәуірдің оны күні  жариялаған мақаласына сәйкес, Ұлыбританиядағы адам құқықтарын қорғаушы бір топ сотқа жүгініп, бұл елде телефондық сұхбаттарды жаппай тыңдауды доғаруды өтінген. Privacy International тобы басшысының орынбасары Эрик Кингтың пайымдауынша, кейбіреулері азаматтардан ерікті түрде алынған, басқасы ұрланған, ал басқа бөлігі пара беру мен күш көрсету арқылы жиналған бұл ақпараттарды пайдалану адам құқығын бұзу саналатындықтан бұл үдерісті доғару қажет.

Ұлыбританияда түрмеге қамалғандардың зорлық-зомбылық пен азаптауға толы өкінішті жағдайы бұл елдегі адам құқығын қорғаушы белсенділердің алаңдаушылықтарының бірі саналады. Абақтылардағы тұтқындар да полиция күштері, сондай-ақ, түрме қызметкерлері тарапынан азаптау мен соққыға жығылады. Түрмеге қамалғандарға қатысты лайықсыз қатынас олардың арасында күйзелістің кең таралып, тіпті өз-өзіне қол жұмсау жайттарына да соқтырған. Express газетінің 2016 жылы желтоқсанның он бірі шыққан мақаласына сәйкес, жеті жылдың ішінде Ұлыбритания мен Уэльстегі  құрықталған 400 адам тұтқынға алынғаннан бастап қысқа уақыттың ішінде өздеріне қол жұмсаған. Ұлыбритания түрмелеріндегі психикалық тұрғыдан ауруға шалдыққан науқастар санының артуы да алаңдаушылық тудыруда. The Guardian газеті 2015 жылы қазанның он үші күні Ұлыбритания абақтыларында психикалық тұрғыдан ауруға шалдыққан 4000-нан астам науқастың бар екендігі туралы хабарлады Түрмелердегі тұтқындардың шамадан тыс көптігі мен онда санитарлық шарттардың сақталмауы Ұлыбританиядағы адам құқығы белсенділерінің келесі алаңдаушылықтарының қатарын құрайды.

Батыс елдерінде сырттай құл иеленушіліктің көзі жойылғанына қарамастан, бұл құбылыс Ұлыбританияда әлі де кең таралған. The Independent 2016 жылы тамыздың жиырма екісі күні Ұлыбританиядағы құтқару тобының есептеріне сілтеме жасап жариялаған мақаласында Ұлыбритания мен Уэльстегі құл иеленушілік құрбандарының саны соңғы төрт жылдың ішінде бес есе артқан. Мемлекеттік статистикалық мәліметтерді сараптау нәтижесіне сәйкес, Ұлыбританияда шамамен 13 000-ға жуық адам іс жүзінде құл секілді өмір сүреді. Бұл құбылысқа әйелдерді тәнін саудалауға, зауыттар мен  егістіктерде жұмыс істеуге және балық аулауға мәжбүрлеу жатады. Құлдардың басым бөлігі мигранттар мен сығандар болып табылады. The Sunday Times басылымының 2016 жылы желтоқсанның он бірі күнгі хабарлауынша, Ұлыбританияның әлеуметтік белсенділері мен жергілікті кеңес мүшелері: "Францияның Кале айлағындағы мигранттар лагерінен Ұлыбритания жеріне келген көптеген босқын балалар бұл елде іс-түссіз жоғалып кеткен", - деп мәлімдеме жасаған.

Ұлыбританиядағы адам құқығы бұзылуының ең жаман жайтына босқындарға көрсетілетін қатынасты жатқызуға болады. Ұлыбританиядағы тұтқындалған босқындардың саны өте жоғары. Полиция мен шекара қызметінің күштері көп жағдайда ешбір дәлелсіз босқындарды топ-тобымен немесе жеке түрде құрықтап жатады. World Bulletin сайтының 2016 жылы наурыздың сегізі күнгі хабарлауы бойынша, Ұлыбританияда күніне орташа есеппен 40-қа жуық босқын құрықталған. Босқындардың қиын жағдайы халық пен азаматтық қоғамның наразылығына тап болды. 2015 жылы қарашаның сегізі күні Ұлыбританиядағы адам құқығының жүздеген белсендісі босқындарға көрсетіліп жатқан жаман қатынасқа наразылық білдіріп, Ұлыбританияның Бэрдфорд қаласының маңындағы мигранттар тұтқындалған абақтының алдында шеруге шығып, бұл орталықтың тез арада жабылуын талап етті.