АҚШ – халықтық қозғалыстарды басып-жаншушы-4
(last modified Wed, 11 Apr 2018 06:44:52 GMT )
Сәу 11, 2018 12:44 Asia/Almaty
  • АҚШ – халықтық қозғалыстарды басып-жаншушы-4

(Чилидегі халықтық қозғалысты басып-жаншу) Қазіргі заман тарихының кереғар оқиғаларының бірі мынадай: әрдайым демократия мен адам құқығын қорғаушымын деп уәж айтатын АҚШ іс жүзінде Америкада ғана емес, бүкіл әлемде демократияны жою үшін ең көп талпыныс жасады.

2005 жылы Нобель сыйлығының әдебиет саласындағы жүлдегері Гарольд Пинтер осы жүлдені алар алдында сөйлеген сөзінінің басым бөлігін аталған тақырыпты талдауға арнап: «АҚШ халықаралық деңгейдегі билік қатынасын үлкен қулықпен өзгертеді. Мұнымен бір мезгілде талпыныстарын әлемдегі жағдайды жақсартуға бағытталған деп көрсеткісі келеді»,-деді. Әралуан айғақтарға шолу жасағанда АҚШ-тың қолының ізін әлемнің әртүрлі жерлеріндегі халықтық қозғалыстардың басып-жаншылуынан көруге болады. Бүгінгі бағдарламада осы жайлы сөз қозғаймыз. 

АҚШ Вьетнам соғысында жеңіліс тапқаннан кейін әрдайым елдерге шабуыл жасап, басып алудың орнына жұмсағыраққақтығыстар жүргізуді жөн санады.  Бұл кезеңде АҚШ-тың ОББ мен арнайы күштері АҚШ-тың билеп-төстеуге деген ашкөздігіне қарсы тұратын үкіметтерді құлатып, халықтық қозғалыстарды басып-жаншу үшін  жасырын амалдар мен өзгелердің қолын  пайдаланды. Осы текетіресте әрдайым нысанаға алынған елдің халқы қатігездік, дағдарыс, кедейшілік пентұрақсыздыққа ұшырайды.  Төңкеріс – осы амалдардың шарықтау шегі. Әдетте жұмсағырақ тәсілдер нәтиже бермегенде осындай қатаң шараға басымдық беріледі.  АҚШ бұл саясатты 20 ғасырдың 60-70 жылдары Чили халқының қозғалысы мен сол елдің қалаулы Президенті Альендені басып-жаншуда қолданды.

Сальвадор Альенде – Чилидің қалаулы Президенті

АҚШ-тың Сальвадор Альендені жеңіліске ұшыратуға жасаған талпыныстары 1958 жылғы сайлаудан басталды. АҚШ-та Джон Кеннеди билік басына келгеннен бастап бұл ел ОББ мен Мемлекеттік департаменттің қызметкерлерінен тұратын 100 адамдық топты 1964 жылғы сайлау нәтижесін өзгерту үшін Чилиге жіберді. ОББ адамдардың атылып жатқаны, Кеңес одағы танктерінің әйелдерді қорқытып жатқаны туралы суреттер жариялап, «Қызыл қорқыныш» кампаниясын өткізіп, радио бағдарламаларын жүргізіп, жалған ақпараттар таратып және осыған ұқсас тағы да басқа шаралар атқару арқылы ақырында Эдуардо Фрейдің 1964 жылғы сайлауда әйелдердің басым дауысымен Чилиде билік басына келуіне себеп болды. 1970 жылы Чилиде өткен сайлауда да АҚШ Президенті Ричард Никсон ОББ-ның сол кездегі басшысы Ричард Хелмске екінші Кубаның қалыптасуына жол бермеу туралы айтып, бар күш-қуатын Альенде позициясының нығаюына қарсы жұмсауға бұйрық берді. Алайда АҚШ кедергі жасап, экономика салаында санкция салғанымен Сальвадор Альенде Чили халқының басым дауысын жинап, сайлауда жеңіске жетті.

Сальвадор Альенде – Латын Америкасындағы бір елдің алғашқы марксист Президенті. Ол Чилиде өткен президенттік сайлауда жеңіске жетті. Альенде Чилиде демократия, әлеуметтік әділет пен экономикалық-әлеуметтік өзгерістер үшін билік жүйесінде түбегейлі құрылымдық өзгеріс жасалуы тиіс, ол үшін халықтық қозғалыстың қолдауы қажет деп есептеген.Альенде өзінің 3 жылдық билігі кезінде Чилидің саясаты мен экономикасы саласында АҚШ-қа қарсы көптеген шара қолданып, ауқымды экономикалық реформалар жасады, соның ішінде  банктар мен компанияларды мемлекеттендірді. Екі жылдан кейін Чилидің жоғары және орта топ өкілдерінің Альенденің социалист үкіметінің экономикалық саясаттарына қарсылығы шарықтау шегіне жетті. Инвесторлар Чилиге инвестиция салмады. Үкімет бюджетінің босауы ауқымды аштық акцияларының өтуіне себеп болды.

Альенде мен Кастро

АҚШ үкіметі Кубамен қоса, Америка құрлығында тағы бір елдің коммунизмге бет бұруына ешбір жағдайда көнгісі келмей, оппозиционерлерге қаржылай көмек беру арқылы Альенденің үкіметін тұрақсыздандыруға талпыныс жасады.  Никсон мен АҚШ-тың сол кездегі қайраткерлері, соның ішінде оның қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Генри Киссинджермен сұхбаттары жарияланған құжаттар АҚШ үкіметінің Альенде үкіметін құлатуға ниеттенгенін көрсетеді.  АҚШ үкіметі Альенденің қарсыластарына жан-жақты қолдау көрсетіп, 1973 жылдың 11 қыркүйегінде халық жаппай қырылғаннан кейін  Сальвадор Альенде бастаған «Халықтық альянс» үкіметі Чилидің әскери күштері тарапынан құлатылып, генерал Пиночет әскери үкімет құрып, Чилидегі билікті басып алып, 17 жыл бойы басқарды. АҚШ-тың қолдауымен Пиночеттің халыққа қарсы қанды төңкерісі Чилидің саяси және әлеуметтік кеңістігін біраз уақытқа дейін шектеп, демократиялық еркіндіктерді жойып қана қойған жоқ, ауыр экономикалық салдарларға соқтырып, Чили халқының жағдайын одан ары ушықтырды.

Генерал Пиночеттің Чилидегі төңкерісі 1973 жылдың 11 қыркүйегінде түске дейін Президенттің сарайын бомбалаумен басталды. Бірнеше сағаттан кейін  Альенде сол сарайда жантәсілім етті. Сол күні таңертең өз үкіметіне қарсы армияның жоғары шенді офицерлерінің төңкеріс жасау туралы мақсатынан хабардар болған Альенде радио арқылы соңғы жолдауын айтып, Чили халқына: «Төңкерісшілерде күш бар, олар бізді жеңеді. Алайда әлеуметтік дамуды қылмыспен де, күшпен де тоқтатуға болмайды... Тарих біздікі. Чили халқы тарихты қалыптастырады»,-деді.

Альенде өлім алдында

АҚШ үкіметі Чилидегі әскери төңкеріске араласқанын теріске шығарды. Алайда жарияланған құжаттар бойынша, Киссинджер төңкерістен 5 күн өткен соң америкалық газеттердің коммунистік ойға жақын үкіметтің құлағанын тойлаудың орнына бұған өкініш білдіріп жатқанына шағымданып: «Айзенхауер заманында егер солай болғанда қаһарманға айналар едік»,-деді.  Ричард Никсон Киссинджерге: «Біз мұны істеген жоқпыз. Бұл оқиғадан біздің ізіміз байқалмайды»,-деген. Киссинджер Президентке: «Біз мұны істеген жоқпыз, бірақ біздің төңкерісшілерге көмектескеніміз анық. Мүмкіндігінше олар үшін ең жақсы жағдай жасадық»,-деп жауап берген.

1974 жылы 8 қыркүйекте де АҚШ ОББ-ның сол кездегі басшысы Уильям Колб осы ұйымның Чили Президенті Сальвадор Альендені құлатудағы рөлін жариялап, Никсон үкіметінің 1970-1973 ж.ж. Альенде үкіметіне кедергі жасау үшін 8 млн доллардан астам қаражатты ОББ-ның Чилидегі жұмыстарына бөлгенін айтты.

«Deutsche Welle» осы жөніндегі мақалада: «Төңкерістен кейін Чили біртіндеп «Чикаго балаларының» (Chicago Boys) экономикалық зертханасына айналды»,-деп жазды. Америкалық неолиберал экономист Милтон Фридман бастаған чилилік экономикалық сарапшылардан құралған бұл топ Чилидің экономикалық жүйесіне жекешелендіру саясатын енгізді. Үкіметтің басып-жаншудан басқа шарасы қалмады.

Пиночет билік жүргізген алғашқы алты айда кемінде 1 мың адам өлім жазасына кесілді. Walch коммиссиясының 2004 жылы жүргізген зерттеуі бойынша, Чили халқының 30 мыңы елден кетуге мәжбүр болған, ондаған мың адам қамауға алынып, айыпталған. Құрбандар көбінесе үйлерінде құрықталып,  30 изолятордың біріне жеткізіліп, азапталған. Жаңа Конституция 1980 жылы 11 желтоқсанда демократиялық критерийлерге сәйкес емес бір референдум арқылы бекітіліп, генерал Пиночет 8 жылдық мерзімге Президент болып тағайындалды. Осылайша «Бірінші 11 қыркүйек» деп атайтын оқиғасы Чили халқының басынан өтті. Бұл оқиғаның қатігездігі мен оның ащы салдарлары Батыста еске алынатын 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан әлдеқайда көбірек.

Пиночет америкалық төңкерістегі жеңісінен кейін

Тарихта 11 қыркүйек екі маңызды оқиғаны еске түсіреді: дүниені өзгерткен 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы мен Генри Киссенджердің айтуынша, «айтарлықтай салдары болмаған» 1973 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы. Америкалық жазушы Роберт Фисктің осы екі оқиғаны салыстырып,  шындықтарды ашқаны «Бірінші 11 қыркүйек» оқиғасының тереңдігін көрсетеді. Роберт Фиск: «2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы асқан зұлымдық және жабайылықпен орындалды деп кесімді түрде айтуға болады. Алайда бұл қылмыстың бұдан бетер айуандыққа толы болуы  мүмкін екенін естен шығармайық. Мысалы, бұл шабуыл Ақ үйді бомбалау, Президентті өлтіру, әскери диктаторлық режимді таңуға дейін барды, бұл режим мыңдаған адамды өлтіріп, ондаған мың адамды азаптады делік. Содан кейін бір халықаралық лаңкестік орталық құрып, терроршыл үкіметтер құрылып, ұқсас азаптаулардың жасалуына көмектесті делік. Халықаралық деңгейде де адам өлтіріп, «Қандағар балалары» деп аталатын экономистер тобын әріптестікке тартып, олар АҚШ-тың экономикасын іле-шала тарихтағы ең нашар тоқырауға ұшыратты делік. Бұл жағдайдың 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан әлдеқайда жаман екені анық. 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасының құрбандарын 25 есе көбейтейік. Сол кезде ғана оны Пиночеттің Чилиде, әл-Каиданың Америкада жасаған қылмыстарының жан басына шаққан көлемімен салыстыруға болады»,-деді.

Бұл шындық, өкінішке орай, Батыстың ақпарат құралдарында азырақ айтылады. Өйткені, олар әлем халықтарының одан хабардар болуын қаламайды.