Отыз күн – отыз хикая 9: керуеннен қалған адам
Керуеннен қалып қойған адам туралы хикая
Жаз мерзімінің соңы еді. Күннің ыстығы мен құрғақшылық Медине халқын қатты қинады. Бірақ қиындықтар аяқталып келе жатты. Өйткені құрма жинау маусымы келіп, халық оңай дем ала алатын болды. Сондай жағдайда Алла елшісіне римдықтардың мұсылмандарға шабуыл жасамақ ниеті туралы хабар жетті. Хазірет баршаға өздерін қорғау үшін соғысқа дайындалуды бұйырды. Жағдай өте қиын болды. Бір жағынан құрғақшылық, басқа жақтан ауаның ыстығы мен Шам мен Мединенің арасындағы ұзақ жол. Сырт көзге өздерін мұсылман, бірақ негізінде иманнан ада мұнафықтар халықты Алла елшісінен алыстату үшін оларды үмітсіздендіріп, хазіретке бағынбауға түрткіледі. Бірақ, халық Алла елшісіне иман келтіріп, хазіретті жақсы көріп, кез келген жағдайда тек өздерін тыңдап, мұнафықтардың сөздеріне құлақ аспады. Отыз мың сарбаздан әскер құрылып, халық күннің ыстығы мен құрғақшылыққа қарамастан римдықтарға қарсы тұруға аттанды.
Ыстық аптапта халықтың көбі жолға жаяу шықты. Азық-түлік те жеткіліксіз болды. Бұл қиындықтардың барлығы халыққа қысым жасағанымен, мүміндер жолдарын жалғастырды. Хуре сынды иманы осал, күмәнді адамдар не істерлерін білмеді: Мединеге оралып, өнімдерін жинап, жейді ме әлде жолдың қиындықтарына төзіп, римдықтармен соғыса ма? Бұл күдік-күмандар кейбіреулердің Мединеге оралуына себеп болды. Кааб бен Малек Мәдинеге оралуға шешім қабылдаған адамдардың бірі еді. Сахаба Алла елшісіне: "Уа, Алланың елшісі! Кааб бен Малек қайтып кетті",- деп хабарлады. Пайғамбар: "Оны өз еркіне қалдырыңдар. Егер оның бойында бір нәрсе болса, Алла оны тез арада қатарларыңа қайтарады, ал егер болмаса, Алла сендерді одан босатқаны",- дейді. Көп ұзамай: "Уа, Алланың елшісі! Марарат бен Рабиғ қайтып келді"- деген хабар естілді. Алла елшісі Кааб бен Малек туралы айтқан сөйлемін қайталады.
Абозар басқа мұсылмандармен бірге жиһад үшін Мединеден шыққан Алла елшісі сахабаларының бірі болды. Жолда Абозардың түйесі жүре алмай қалды. Абозар қанша талпынғанымен, түйесін жүргізе алмады. Сондықтан мұсылмандардың керуенінен қалып қойды. Сахабалар Абозардың артта қалып қойғаның көріп: "Уа, Алланың елшісі! Абозар да қалып қойды",- дейді. Исламның ұлық пайғамбары: "Оны өз еркіне қалдырыңдар. Егер оның бойында бір нәрсе болса, Алла оның тез арада сендердің қатарларыңа қайтарады, ал егер болмаса, Алла сендерді одан босатқаны",- дейді. Абозар керуенге жету үшін түйесін жолға шығаруға қанша күш салғанымен, нәтижеге жетпей, жолды жаяу жалғастыруға мәжбүр болады. Қоржынын иғына асып, алға қарай жүре береді. Күннің көзі төбеде шақырайып, Абозар қатты шөлдейді. Бірақ, ол тек пайғамбар мен сахабаларына жылдам жету туралы ғана ойлайды. Ол аспанға қарағанда бір жағында жаңбыр жауып жатқандай көрінді. Ол бетін сол жаққа қарай бұрды. Жолында үстіне шамалы су жиналған тасты көріп, судан ұрттап, басқасын қоржынына құйып алды. Ол Алла елшісі шөлдеген болар, суды хазіретке берейін деп ойлайды. Қоржынын қайтадан иығына асып, аптап күннің астында шөлдеп, шаршап-шалдығып, жолын жалғастырады. Абозар алыстан мұсылмандардың әскерін көріп, қуанып, қалған жолын жылдам жүріп өтеді. Ислам сарбаздарының бірі алыстан келе жатқан адамды көріп: "Уа, Алланың елшісі! Алыстан бір адам келе жатыр",- дейді. Хазірет: "Абозар болар",- дейді. Адам жақындаған кезде оны көрген сарбаз: "Алламен ант етемін, Абозар!",- деп айқай салады.
Алла елшісі: "Алла Тағала Абозарды кешіреді. Ол жалғыз өмір сүреді, жалғыз өледі, жалғыз тіріледі",- деп, Абозардың алдынан шығады. Оның қоржынын иығынан түсіріп, жерге қояды. Шөлдеп, шаршап-шалдыққан Абозар тәлтіректеп, жерге құлайды. Пайғамбар: "Абозарға су беріңдер, ол қатты шөлдеді",- деді. Абозар: "Қоржынымда су бар",- дейді. Алла елсшісі: "Суың болса, неге ішпедің?"-деп сұрайды. Абозар: "Жолда бір тас көрдім. Оның үстіне мұздай мөлдір су жиналыпты. Шамалы ұрттадым, бірақ "сүйікті пайғамбарым ішпей тұрып, оны ішпеймін" деп ойладым",- деп жауап береді.