Отыз күн – отыз хикая 12
«Адамзат еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады».
Ол Алла елшісі сахабаларының бірі болды. Ол ащы күндерді бастан өткізді. Оның кедей болғаны сондай, тіпті әйелі мен балаларын күнделікті азықпен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмады. Ол перзенттерінің бейкүнә, аш жүздерін көрген кезде өмір ол үшін түнекке айналып, не істерін білмеді. Оның саудамен айналысатын немесе кәсібін бастайтын құрал сатып алуға қаржысы болмады. Сөйтіп, ол әйелімен ақылдасады. Әйелі: «Пайғамбар мейірімді. Ол мұқтаждарға көмектеседі. Егер біздің жағдайымыз туралы естісе, көмектеседі»,- деді. Ер адам әйелін тыңдап, Алланың елшісіне барады. Алла елшісінің қасына келген кезде басын төмен түсіріп, мәселесін қалай айтатынын білмейді. Ер адам сөзін бастамастан бұрын пайғамбар (с.ғ.с.): «Бізден көмек сұраған әр адамға көмектесеміз. Бірақ егер адам мұқтажсыз болғысы келгенде басқадан сұрамаса, Алла оны мұқтажсыз етеді»,- деді. Ер адам бұл сөзді естіп, еш нәрсе айта алмай, орнынан тұрып, үйіне оралады. Кедейліктің көлеңкесі әлгі адам мен оның жанұясының үстінен кетпейді. Тағы бірнеше күн өтеді. Бірақ, ер адамның шарасы қалмайды. Өмірдің қысымы оны уайым-қайғыға батырады. Ол екінші рет Алла елшісіне барып, қиындықтары туралы айтып, хазіреттен көмек сұрамақ болды. Бірақ сөзін бастамастан бұрын пайғамбар бірінші кездесуде айтқан сөзін қайталайды: «Бізден көмек сұраған әр адамға көмектесеміз. Бірақ егер адам мұқтажсыз болғысы келгенде басқадан сұрамаса, Алла оны мұқтажсыз етеді». Ер адам тағы да сөзін айта алмай, үйіне оралады. Ол енді өмірінің қиындықтарына төзу үшін не істеу керек екенін білмей, өзіне: «Бұл жолы Алла елшісіне барған кезде, қалай болса да көмек сұраймын»,- дейді. Ол үшінші рет хазіреттің қасына барып, қайтадан еш нәрсе айта алмадйы. Исламның рақым пайғамбары: «Бізден көмек сұраған әрбір адамға көмектесеміз. Бірақ егер адам мұқтажсыз болғысы келген кезде басқадан сұрамаса, Алла оны мұқтажсыз етеді»,- деген сөзін қайталайды. Бұл жолы да алдыңғы сөздерді естіп, ер адам қиындықтарын шешетін жолды түсінгенін сезеді. Ол: «Аллаға арқа сүйеп, Алланың маған сыйлаған күші мен дарынын пайдаланып, Алладан мені демеуді сұраймын»,- деп ойлайды. Ер адам ішінен: «Қандай жұмыс істей аламын»,- деп ойланып, далаға барып, отын жинап, базарға сатуға шешім қабылдайды. Ол қарызға айбалта алып, далаға аттанады. Отын жинап, оны базарда сатады. Қолына шамалы ақша түсіп, азық сатып алып, үйіне оралады. Ол өз ісіне риза болып, келесі күндері тағы да отын жинап, оны сатады. Содан түскен ақшаға отбасына азық-түлік сатып алып, ақшасының бір бөлігін жинайды. Жұмысына қажет құралдар сатып алады. Оның еңбегіне қарай, Алла оны мұқтажсыз етті.
Күндердің бірінде Исламның ұлық пайғамбары оны көріп, күлімсіреп: «Көрдің бе, бізден көмек сұраған әрбір адамға көмектесеміз. Бірақ, егер адам мұқтажсыз болғысы келгенде басқадан сұрамаса, Алла оны мұқтажсыз етеді деп айтпадым ба?»- дейді.
*********************
Мейірімді Алла Тағала «Нәжм» сүресінің 39-шы аятында: «Адамзат еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады»,- деп айтқан болатын («Нәжм» сүресі, 39-шы аят).