АҚШ-та адам құқықтары ауқымды түрде бұзылуда
(last modified Thu, 14 Jun 2018 08:45:03 GMT )
Маусым 14, 2018 14:45 Asia/Almaty
  • АҚШ-та адам құқықтары ауқымды түрде бұзылуда

2018 жылдың сәуірдің жиырмасы күні АҚШ Мемлекеттік департаментінің 2017 жылғы адам құқықтары туралы жылдық есебі жарияланды. Бұл есепте әлемнің кейбір елдеріндегі адам құқықтары жағдайы сынға алынғанымен, оның негізгі шабуылы түрлі елдерге, соның ішінде Ресей, ҚХР, Иран, Сирия және Солтүстік Корея секілді АҚШ-тың бәсекелестеріне қарсы бағытталған болатын. Бұл АҚШ Мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтары жөніндегі 42-ші есебі саналады.

Осы арада туындайтын сауал мынадай: Қандай халықаралық ұйым АҚШ үкіметіне басқа мемлекеттердегі адам құқықтарының жағдайын зерттеп, ол жайлы жылдық есеп жариялау міндетін жүктеген? АҚШ адам құқықтарының ең ірі бұзушысы ретінде адам құқықтары мәселелеріне қатысты күдікті іс-құжатымен үнемі өз халқы мен әлемдік қоғамдық пікірге жауап беруден құтылу үшін басқа елдердегі адам құқықтары жағдайына күмән тудырса, оның Мемлекеттік департаменті америкалық азаматтардың құқықтарының ауқымды бұзылуы жайлы жылдық есеп берудің орнына, әдетте Вашингтонмен қарама-қайшы мүдделерге ие мемлекеттердегі адам құқықтары жөнінде есеп дайындайды. Өзін халықаралық полиция қызметінде елестетін АҚШ түрлі сылтаулармен басқа елдерге шабуыл жасау секілді біржақты әрекеттерімен қоса, басқа мемлекеттердегі адам құқықтарының жағдайына сілтеме жасамаған жағдайда өзін басқа мемлекеттердегі адам құқықтары жағдайына төрелік етуге құқылы санайды. Басқа елдердің саясаттары мен адам құқықтары жөніндегі әдістерді бағалау мемлекеттердің құқықтық теңдік принципі мен тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау туралы қағиданы бұзу болып табылады.

ҚХР мен Ресейдің СІМ-лерінің де жылдық есептер жариялау арқылы АҚШ-тағы адам құқықтары жағдайына күмән келтірді. Дәл осы мәселе бірнеше мәрте Иранның да сынына ұшырады.

Көптеген есептер, атап айтқанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің есебі мен көптеген құжаттар мен айғақтар АҚШ-тың үнемі адам құқықтарын қолдауды талап етуіне қарамастан, оның әлемдік деңгейдегі адам құқығын бұзушы ең ірі ел болып табылатынын дәлелдеп отыр. Латын Америкасының адам құқықтары жөніндегі сарапшысы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің бір отырысында АҚШ үкіметінің адам құқықтары жөніндегі сарапшысына Ақ үй мен Конгрестегі жауапты тұлғалардың үнемі басқа мемлекеттерге адам құқықтары мен демократия туралы нұсқаулықтар жазудың орнына бұл елдің қоғамында ашу, үмітсіздік пен жікшілдікті тудырған америкалық азаматтардың адами құқықтарының бұзылуы жайттарын қарастыруға кеңес берді.

АҚШ-тағы адам құқықтарының бұзылуы әртүрлі аспектілер мен тұрғылар бойынша орын алады. АҚШ үкіметі тарапынан айтылып жатқан АҚШ-тағы адам құқықтарын, жеке бас, әлеуметтік және азаматтық құқықтар мен бостандықтарды сақтау туралы ұрандарға қарамастан, АҚШ үкіметінің жергілікті тұрғындарына, азшылықтар мен қара нәсілділерге қатысты қатынасы, қамаудағы тұтқындардың жағдайы, жеке өмірге қолсұғылмаушылық және тағы басқа түрлі салалардағы әрекеттері Вашингтонның адам құқықтарын қорғау туралы айтатын өтірік уәждерін көрсетіп отыр. АҚШ жергілікті тұрғындары мен азшылықтардың ең ірі құқық бұзушысы саналады. АҚШ үкіметі құрылған сәттен бастап әрдайым осы елдегі жергілікті тұрғындар және мигранттарға қатысты қатынасына байланысты адамгершілікке жатпайтын қылмыстар жасағаны үшін айыпталған. Осы тарихи апаттың басым бөлігі миллиондаған үнділердің қаза болуына соқтырумен қоса, оларды өздеріне тиесілі миллиондаған шаршы метр жерлерінен айырған 1830 жылы АҚШ-та бекітілген "Үнділерді көшіру туралы заңның" салдары болды. Бүгінде жергілікті халық саналатын үнділердің саны шамамен 3 миллион адамды құрайды. Үнділерді көшіру туралы заң жүзеге асқаннан бері көптеген жыл өткеніне қарамастан, АҚШ үкіметі әлі де олардың адами құқықтарын бұзуда. Human Rights Watch ұйымының 2013 жылғы есебіне сәйкес, АҚШ-тағы заңсыз өмір сүріп жатқан жүздеген мигрант зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Олар тіркеу туралы құжаттарының жоқтығына байланысты жасалған зорлық-зомбылық туралы арыз жазбаған. Себебі, бұл елге заңсыз кіргені үшін тұтқындалудан қорқады. Олар АҚШ қоғамының басқа топтарымен салыстырғанда өте нашар жағдайларда өмір сүруде. 2013 жылғы статистикалық мәліметтерге сай, АҚШ-та 25 миллионға жуық мигрант өмір сүруде, соның ішінде 11 миллионға жуық адам бұл елдің территориясына заңсыз кірген. АҚШ-тағы мигранттарды депортациялау және тұтқындау үдерісі де соңғы жылдары қатты күшейген.

Алайда, АҚШ-тағы адам құқықтарын бұзудың айқын әрі ертеден келе жатқан жайты нәсілдік және жыныстық кемсітушілікпен байланысты. АҚШ-тағы нәсілдік кемсітушілік, әсіресе қара нәсілділер мен "түрлі түстілерге" қатысты кемсітушілік ерте заманнан бері үйреншікті мәселеге айналған. АҚШ тарихына көз жүгіртетін болсақ, бұл елдегі нәсілшілдіктің оның тарихымен байланысты екенін және сарапшылардың пікірі бойынша, тіпті АҚШ-тың отарлау кезеңдерінен бастау алатынын көрсетіп отыр. Өткенмен салыстырғанда бүгінгі таңдағы АҚШ қоғамындағы нәсілдік кемсітушілік арасында айтарлықтай айырмашылықтар байқалады. Айырмашылықтар АҚШ-тың Сот жүйесі, экономикалық жүйесі, білім беру жүйесі, денсаулық сақтау жүйесі, полиция жүйесі және қауіпсіздік саласындағы нәсілдік кемсітушілікті қамтиды. Сондай-ақ, АҚШ үнемі барлық салаларда әйел және еркектердің құқықтарының теңдігі жайлы уәж айтып келеді. Бірақ, өзінің уәждеріне қайшы, айғақтар АҚШ қоғамындағы әйелдердің құқықтарының әшкере түрде бұзылып жатқанын дәлелдеп отыр. Мысалы, АҚШ-тағы ер адамдардың 16 пайызы әйелдерді соққыға жығып, ұруды ақтауға тұратын әрекет санайды. АҚШ-тың Әскері қатарындағы жыныстық зорлық-зомбылықтың артуы бұл елдегі әйел құқықтарының бұзылуына қатысты алаңдаушылық тудыратын айқын мысал саналады. АҚШ-тың 2013 жылы "Балалар құқықтарының конвенциясын" бекітуден бас тартуы бұл елді  конвенцияны әлі қабылдамаған Сомали және Оңтүстік Судан секілді мемлекеттермен қатар орналастырды. Бұл әрекет осы елдегі балалардың жағдайы мен олардың құқықтарының бұзылуына көз жұмбайлық білдірудің символына айналды.

АҚШ-тағы нәсілдік кемсітушіліктің ең айқын түрі қара нәсілділерге қарсы жүзеге асырылып жатыр. Қара нәсілділерге қатысты кемсітушілік сипаттағы қатынастар АҚШ-тағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты ең маңызды жайт саналады. 17 ғасырда құл иеленушілік жүйесімен бірге басталған АҚШ-тағы қара нәсілділерге қарсы нәсілдік кемсітушілік пен қатыгез қатынастар қазіргі кезге дейін жалғасып келеді. Нәсілдік кемсітушілік пен нәсілшілдік үнемі АҚШ қоғамындағы маңызды мәселелердің бірі болған. Барак Обаманың Ақ үйдің ең алғашқы қара нәсілді президенті ретінде президенттікке сайлануымен қара нәсілділердің жағдайы жақсарады деп күтілгенімен, іс жүзінде қара нәсілділердің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан күннен-күнге нашарлап бара жатқан жағдайына куә болып отырмыз. АҚШ-тағы қара нәсілділерге қарсы нәсілшіл сипаттағы заңдар әрдайым адам құқықтары жөніндегі топтардың наразылықтарын тудырып келді. Белсенділердің айтуынша, полицияның қара нәсілділерге қатысты кемсітушілік әрекетінің арту ықтималдығы жоғары әрі олардың сотталу ықтималы да екі есе көп. Жалпы алғанда, АҚШ халқының 13 пайызын қара нәсілділер құрайтындығына қарамастан, олар АҚШ қоғамындағы байлық, білім алу және әл-ауқат тұрғысындағы мүмкіндіктерді айтырлықтай пайдалана алмайды. Керісінше, олардың осы ел қоғамындағы қиындықтар мен бақытсыздықтардағы үлесі өте жоғары саналады. АҚШ-тағы қамауға алынған тұтқындардың басым бөлігін қара нәсілділер құрайды. Олардың үлкенді-кішілі қалалардың айналасындағы өмір сүру жағдайы өте нашар.

Статистикалық мәліметтер АҚШ-тағы жалпы 2 миллион 300 000 тұтқынның ішінен шамамен 1 миллионға жуық адамды қара нәсілділердің құрайтынын көрсетеді. Бәрінен маңыздысы, АҚШ полициясының зорлық-зомбылығына ұшырап жатқан негізгі құрбандарды қара нәсілділер мен "түрлі түстілер" құрайды. Дәл осы мәселе АҚШ-тың түрлі қалаларында үсті-үстіне орын алып жатқан наразылықтар мен шерулердің себептерінің бірі саналады. Бұл АҚШ-тың өзін азаттық пен адам құқықтары жөніндегі көшбасшы ел санап отырған жағдайда орын алып отыр. Әлемде демократия мен адам құқықтарын тарату туралы уәж айтып отырған мемлекетте қара нәсілділерге қарсы нәсілдік, білім беру, жұмысқа орналасу және адам құқықтарына қатысты кемсітушілік үйреншікті жағдайға айналған. Бұл жағдай Шарлотсвилл қаласында орын алған оқиға барысында нәсілшіл көзқарасты ұстанатынын ашық түрде көрсеткен АҚШ президенті Дональд Трамптың президенттік кезеңінде қатты шиеленісе түсті. Америкалық белсенді Роберт Фантина айғақтар келтіріп, Дональд Трампты нәсілшіл тұлға деп атап: "Ол президенттіке сайланған кезден бастап АҚШ-тағы адамдарға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтар туралы баяндамалар қатты артқан",- деді. БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітушілікті жою жөнінідегі комитет (CERD) АҚШ-қа ескерту жасап, Трамп үкіметінен ашық түрде әрі ешқандай шартсыз бұл елдегі нәсілдік кемсітушілікті теріске шығаруды сұрады. Бұл ескерту адам құқықтарының бір белсендісінің ақ нәсілдің артықшылығы туралы шеру кезінде қаза болған 2017 жылы АҚШ-тың Виргиния штатындағы Шарлотсвилл қаласындағы орын алған оқиғаға сілтеме жасады.

АҚШ-тағы адам құқықтары бұзылуының басқа жайттары жалпы алғанда осы елдің қоғамынан бастау алады. Соның ішінде АҚШ-тағы зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстардың артуы мен атыс қаруын пайдалану бұл ел азаматтарына жеке бас және әлеуметтік тұрғылардан шынайы қауіп төндірген. Осылайша, адамдардың ең негізгі құқықтарының бірі саналатын қауіпсіздік құқығын пайдалану АҚШ-та жиі бұзылады. Шынтуайтында, АҚШ – әлемдегі зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстар бойынша ең жоғары көрсеткішке ие ел. АҚШ-тың қылмыс бойынша статистикалық көрсеткіштері дамыған елдердегі көрсеткіштен 20 есе артық. АҚШ әлемдегі қару-жарақ сату мен тасымалдау еркін жүзеге асатын мемлекеттердің қатарына жатады. Сол себепті бұл елдегі қару-жарақ шығаратын компаниялар қару-жарақтардың алуан түрін шығару арқылы орасан зор пайда тауып отыр. АҚШ-та 300 миллионнан астам жеке қару бар. Жылына 30 000-нан адам атыс қаруынан қаза болады. Осындай қыруар табысқа қарамастан, қару-жарақ шығаратын компаниялар қару сату және тасымалдауды шектейтін кез келген заң бекіту мен жүзеге асырудың алдын алатын АҚШ Конгресіндегі қуатты лоббилерді пайдаланады. АҚШ халқының басым бөлігінің пікіріне сәйкес, АҚШ үкіметі мен Конгрестің қару-жарақт тасымалдау мен сол заңдарға өзгеріс енгізуге көзжұмбайлық таныту бұл елдегі ажалды атыстардың жалғасуының негізгі себебі саналады. АҚШ-тағы адам құқықтары бұзылуының басқа жайттарына полицияның азаматтарға қарсы артып бара жатқан шамадан тыс зорлық-зомбылығы жатады. Бүгінде АҚШ полициясы тарапынан осы ел халқына қарсы жүзеге асырылып жатқан зорлық-зомбылық үйреншікті жағдайға айналған. АҚШ полициясының зорлық-зомбылығы бүгінгі таңға дейін көптеген мысалдары бар айқын мәселе болып табылады. АҚШ полициясының зорлық-зомбылығы бұл елде бір күнді «Полицияның зорлық-зомбылығымен күрес күні» деп атап, халықтың сол күні АҚШ полициясына қарсы наразылық шерулерін ұйымдастырып, бар жағдайды өзгертіп, АҚШ полициясының азаматтармен қатынасында жаңа әдіс қолдануды талап етуіне себеп болды.

АҚШ-тағы тұтқындарға қатысты қатынас та адам құқықтарын ашық түрде бұзудың айқан мысалы саналады. АҚШ-тағы абақтыға қамалғандардың нашар жағдайы мен бұл елдегі тұтқындар санының көп болуы адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың осындай абақтылардың кейбіреуін тексеріп, қамаудағылардың өте нашар жағдайын баяндайтын есептерді әзірлеуіне себеп болды. Бұл салада "Азаматтық бостандықтарды қолдау қоғамы" деп аталатын адам құқықтары жөніндегі америкалық бір ұйым АҚШ түрмелерінің басым бөлігінде тұтқындардың құқықтарының бұзылып, көптеген жағдайда тұтқынның дәлелсіз түрде карцерге қамалатынын мәлімдеді. АҚШ-тағы келесі маңызды мәселеге осы елдегі тұтқындардың шамадан тыс саны жатады. АҚШ тұтқындар санының халық санына шаққандағы көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орында тұр. PEW зерттеу орталығының есебіне сәйкес, әлемдегі тұтқындардың төрттен бір бөлігі АҚШ-тың абақтыларында қамалған. Әрбір 100 000 адамның ішінде 754 адам түрмеге қамалған. Қазір абақтыға қамалғандар санының көп болуы тек АҚШ-тағы құқық қорғау органдарының ғана алаңдаушылығын тудырып отырған жоқ, сонымен қатар осы елде кемсітушіліктің туындауына соқтыратын шынайы әлеуметтік мәселеге айналған. АҚШ-тағы адам құқықтары бұзылуының маңызды жайттарына сөз бостандығының болмауы, адамдарды жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын бұзғаны туралы айқын жайттарды жариялағаны үшін қудалау және АҚШ үкіметінің өз азаматтарына тыңшылық жасауы жатады. Сөз бостандығына қатысты адам құқықтарының құжаттарына байланысты АҚШ-тағы адам құқықтарын бұзудың маңызды жайттарына сілтеме жасауға болады. Маңызды әрі жанжалды жайт ретінде АҚШ-тың қаупісіздік және барлау ұйымдарының, әсіресе Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің халық пен түрлі органдарды жасырын түрде аңдығаны туралы құпия ақпаратты таратқан соң заңмен қудаланған Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің қуғынға ұшырауын атауға болады. Ол АҚШ-тан қашуға мәжбүр болып, қазіргі таңда Ресейден саяси пана алып, сонда өмір сүруде. Сноуден ол арқылы бүкіл әлемдегі халықтардың негізгі бостандықтары жинақталатын PRISM атты бағдарлама туралы құпия ақпаратты таратқан болатын. Бұл тыңшылық бағдарлама АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік ұйымы мен Федералды полицияға интернет қолданушылардың жеке пошталарына, видеоларына, сөздеріне, суреттері мен басқа да жеке ақпараттарына, америкалық азаматтар мен шетелдіктердің телефон сұхбаттарына қолжетімділікке рұқсат береді.

АҚШ үнемі әлемдік құндылықтар мен халықаралық ережелерге назар аудармастан өзінің шетелдік мақсаттарын ілгерілетуге талпыныс жасап, осы мақсаттарға жету үшін басқа елдерде адам құқықтарын жаппай әрі ашық түрде бұзып келді. Шетелдік тұрғыдан АҚШ қалыптасқан кезеңнен бастап өз жерінен тыс елдерге жаппай шабуылдар жасап, көптеген бейбіт тұрғындарды өлтіріп, адам құқықтарын жаппай бұзған.

Саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Хасан Һанизаде АҚШ-тың әлемнің түрлі елдерінде жасаған қылмыстарына тоқталып: "АҚШ – адам құқықтарының ең ірі бұзушысы. АҚШ-тың Вьетнам, Ирак, Ауғанстан, Сирия мен Йеменде жасаған қылмыстары АҚШ үкіметінің адам құқықтарын бұзғанының бірден-бір дәлелі болып табылады. Бұл мемлекеттің халықаралық ақпарат құралдарын қоластында ұстап, әлемнің тәуелсіз мемлекеттеріне қарсы кеңістік тудыратын құралдары көп",- деді.

Халықаралық құқықтарды бұзу, Ауғанстан және Ирак елдеріне басқыншылық жасау, Абу-Ғрейб және Баграм түрмелеріндегі адам құқықтарына қатысты апаттар, мыңдаған күнәсіз адамдардың өлімі мен ұшқышсыз ұшақтарды пайдаланып, лаңкестікке қарсы шабуылдар жасау АҚШ-тың адам құқықтарын бұзғанының айқын мысалдары саналады. АҚШ-тан тыс жердегі адам құқықтарының бұзылу жайттарына Гуантанамо концлагерінде айыпсыз әрі шектеусіз түрде қамауға алу, адам құқықтары жөніндегі ішкі және халықаралық қауымдастықтардың бұл елге қарсы наразылық білдіруіне себеп болған тұтқындарға қарсы түрлі азаптау мен жапа көрсету және АҚШ-тың әлемнің түрлі мемлекеттерінің азаматтарына жүргізген тыңшылық әрекеттерін жатқызуға болады. Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз зерттеуші Нилс Мельцер 2017 жылдың желтоқсан айында БҰҰ-да қолында Гуантанамо шығанағында орналасқан АҚШ-қа тиесілі абақтыда азаптауға душар болған бір тұтқын жайлы ақпараттардың бар екендігін мәлімдеді.

Сонымен қатар АҚШ-ты қорғау сылтауымен және Джордж Вашингтон Буш билік еткен кезеңдегі АҚШ одақтастарының әріптестігімен әлемнің жер-жерінде Орталық барлау агенттігі тарапынан лаңкестік бойынша айыпталғандарға жүргізілген заңсыз, жасырын тұтқындау мен тергеу жұмыстары да АҚШ-тан тыс жерлердегі адам құқықтары бұзылған маңызды жайттар болып есептелінеді.