Ораза айт 1
Ораза айт – мұсылмандардың ең үлкен мейрамдарының бірі. Ораза айт күні барлық нәрсенің түсі мен хош иісі – илаһи.
«اللّه اکبر، اللّه اکبر، لا اله الا اللّه واللّه اکبر، اللّه اکبر وللّه الحمد، اللّه اکبر على ما هدانا.»
Бұл – Айттың келіп жеткен үні. Бұл – отыз күн қонақ болып, құлшылық пен ғибадаттар қабыл болғаннан кейінгі мейрам. Күннің көзінің алғашқы нұры бұл күннің келуінің хабарын жеткізіп, ғашық жүректерді Айт намазын салтанатты өткізуге дайындайды. Таң атып, ерекше көңіл-күй орнады. Адамдар намаз өтетін мекендерге қарай асығуда. Олардың жүздері ерекше тыныштыққа бөленіп, күлімсіреп, келесі қонаққа баруға әзір. Олар сыйларын алып, таухидтің жолдауын әлемдіктердің құлағына жеткізбек. Алла елшісі: «Ораза айт пен Құрбан айт мейрамдарын «لا اله الا الله و الله اکبر و الحمدلله و سبحان الله» деген ұрандармен әшекейлеңдер»,- деген.
Рақым және мейірім пайғамбары Ораза айт күні үйінен сыртқа шығып, намаз оқитын мекенге жеткенге дейін дауыстап: «الله اکبر» және «لا اله الا الله» айтып баратын, тіпті уағыздарының арасында, олардан бұрын және кейін де бұл сөздерді қайталайтын.
Имам Реза (ғ.с.) Ораза айт күні тәкбірлердің көп айтылуының себебі туралы: «Тәкбір – ұлы Алланың алдында тағзым ету; әлем Жаратушысының дұрыс жолға нұсқаулары мен нығметтеріне алғыс айту»,- деген болатын.
Ораза тұтушылар, айттарыңыз қабыл болсын!
Ораза айт күні барлық нәрсенің түсі мен хош иісі – илаһи. Ораза айт – адамның жүрегі мен жанында иман гүлдері бүршік жаратын уақыт. Адамның жақсы амалдары, тақуалығы мен пәктігі көбірек сезілген сайын Айт күні Аллаға жақындау артып, бұл мейрамның хош әтірі оған жағымды болады. Бұл күн –ораза арқылы жүрегін тазартқан мүміндер үшін Алланың жіберген сыйы. Өз жанынан жамандықты шығарып, олардың орындарын ықылас және иманмен толтырғандар дүниеге қайта келгендей. Тозақ отынан құтқарылғандар, Ораза айттарын құтты болсын!
Ораза айт – мұсылмандардың ең үлкен мейрамдарының бірі. Бұл күнге орай исламдық елдерде бірнеше күн демалыс жарияланып, халық бір ай ораза тұтқаннан кейін оны жақсы қарсы алады. Исламдық елдердің мұсылмандары Ораза айтты жаңару мейрамы санайды. Олар осы мейрамның құрметіне орай үйлері мен басқа мекендерді тазартып, жөндеп, отбасы мүшелеріне жаңа киім сатып алады. Бұл істер Иранда көбінесе көктемнің алғашы күндері жасалады. Ораза айт ирандықтар үшін еркше маңызды болғандықтан олар бұл күнді рух тазаратын күн санайды. Бұл күндері мұсылмандардың үйлері ерекше көңіл-күйге бөленіп, бұл күнгі рәсімдер Ораза айтты үлкен мейрамға айналдырады. Әр мемлекетте аталмыш күнге қатысты әртүрлі рәсімдер өткізіледі. Умма Халил – басқа әйелдер сынды бір апта бұрын үйін тазалауды бастаған Біріккен Араб Әмірлігінің әйелдерінің бірі. Қыздар мен әйелдер қолдарын қынамен бояп, әкелер мен жұбайлар жанұя мүшелері үшін жаңа киімдер сатып алды. Умма Халилдің қызына жақын арада құда түсіп келген болатын. Оның отбасы күйеу баланың отбасымен үйлену тойына арналған екі баланың киімдерін Ораза айт күні сатып алуға келіскен болатын. Умма Халил айт күндеріне арналған жергілікті арнайы тәтті тағамдар пісіріп, қонақ күтуге дайындалды.
Каирдің көшелері Айт күндері бұрынғыдан әдемі көрінеді. Көше шамдарының барлығы жарқырады. Киім сататын дүкендер айт киімдерін сатуды бастады. Ораза айтқа қатысты діни өлеңдер айтылып, мешіттердің микрофондарынан «الله اکبر» деген тәкбір естіліп, халықты Ораза айт намазын оқуға орталық мешіттің үлкен алаңдарына шақырады. Көбіне сүт қосылып пісірілетін нан мен тәтті тағамдардың хош иісі көп жерде сезіледі.
Үндістан мен Пәкістан, Малайзия мен Индонезия және басқа елдердің мұсылмандары айтты Ораза айт намазымен бастайды. Ораза айт намазына түрлі-түсті киімдермен жиналған адамдардың саптары кемпірқосақты еске салады. Олар намаздан кейін отбасыларының үлкендерін көруге барады. Әкелер перзенттері мен әйелдеріне айттық сыйлықтар бередіі. Олардың көбі гүл шоқтарын алып, биылғы Рамазанда қастарында болмаған жақындарының қабірлеріне барып, құран бағыштайды. Йемен, Бахрейн, Палестина, Сирия халықтары айтты қантөгіс, қарсыласу мен өлімнің арасында қарсы алуда. Бірақ, сондай жағдайға қарамастан бұл елдің аналары үйлерінде мүмкіндіктеріне қарай тәтті дәмдер мен нан пісіруде. Адамдар қайтыс болған, шәһид болған жақындарының қабірлеріне барып, құран оқиды. Үй мүшелерінің бірі балаларын қуанту үшін оларға арзан ойыншықтар сыйлайды. Олардың көздерінен ұшқынның сезілуі – қарсыласуға көмектесетін илаһи уәденің орындалуына үміт білдіргендері. Таңертең орындалатын Ораза айт намазы – барлық мұсылман халықтарының ортақ рәсімі. Ораза айт намазы үлкен мейрамның басталуын білдіреді. Бұл күнгі намаздың айбыны мүміндердің жүректерін толқытып, Исламның дұшпандарын мұсылмандардың бірлігіне таңғалдырады. Ораза айт намазы хиджраттың бірінші жылы уәжіп етіліп, мұсылмандар Алла елшісінің кезінде бұл намазды жамағатпен оқыды. Исламның ұлық пайғамбары дүниеден озған соң бұл намаз мұсылмандар үшін сүннет болып қуатталды. Намаздан кейінгі уағыздар мен оларды тыңдау – сүннет.
Ораза айт намазы екі рекет: бірінші рекетте «Хамд» сүресі мен басқа сүрелердің бірі оқылады. Содан соң бес тәкбір оқылып, әр тәкбірден кейін бір құнұт оқылады; екінші рекетте де төрт құнұт, яғни әр тәкбірден кейін бір құнұт оқылады.
Тәкбірлердің мағынасы: «Уа, ұлы Алла! Уа, кешірімді әрі құдыретті, рақымды, тақуа Алла Тағала мұсылмандар үшін мейрам болған бұл күн мен хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның құқығымен хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) пен хазіреттің әулетіне сәлем мен салауат жолдап, мені хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) мен хазіреттің әулетіне сыйлаған әр жақсылыққа ортақтастырып, хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) пен хазіреттің әулетін алыстатқан әр жамандықтан алыстат. Өзіңнің сәлемін мен салауатын хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) мен хазіреттің әулетіне тие берсін. Уа, Алла, мен өзіңнен ең жақсы пенделерін сұраған нәрсені сұрап, адал пенделерін пана тұтқан нәрсені пана қылуды сұраймын».
Ораза айт намазы құнұтының көркем дұғалары мұсылмандарға ерекше әсер етеді. Дұғаның басында Алла Тағаланың Ораза айтты ислам үмбеті мен оның пайғамбары (с.ғ.с.) үшін ғиззат пен абыройының мизаны еткені көрсетілді. Сөйтіп, мұсылман халықтары үшін рухани және материалдық өмір мен дүние мен ақыреттегі ғиззатқа жететін баспалдақты ұсынды. Аятолла Хаменеи намаздың уағыздарында көбінесе мұсылмандардың күнделікті мәселелеріне тоқталып: «Мұсылмандар бұл қордың екі нәрсесін пайдаланғаны жөн: біріншіден, мұсылмандардың бірлігі мен бір-біріне жақындығын, екіншіден, ислам дүниесінің руханиятына назар аудару керек. Ислам әлемінде бұл екі фактор кемелдікке жеткізетін факторлар саналады. Бүгін мұсылмандардың бірлігі мазхабаралық, ұлтаралық іріткілер мен әртүрлі ұлтшылдық, бұрмалау ұрандарымен шектелуде. Мұсылмандар ислам үмбетінің бірлігі мен біртұтастығын өздерінің басты ұраны етуі керек. Екінші мәселе – руханият. Бүгін Исламның рухани байлығы мен Исламның шындығы мен діннің рухани негіздеріне оралу мұсылмандардың ұраны болуы қажет»,- деді.
Ораза айт намазы Рамазан айындағы илаһи нығметтер мен дүниеге қайта келуімізге шүкіршілік білдіру болып табылады. Алладан бізді илаһи адамдар орналасқан иман мен ахлақ және амал жаннатына енгізуді, бізді тозаққа апаратын істер мен жасан мінез бен наным-сенімнен алыстатуды сұраймыз. Негізінде мұсылмандардың шын ниетпен сұрайтыны – Алланың ризалығы, өзіне жақындатып, Алла жолында амал етуге мүмкіндік беруі. Мұсылмандар нәпсісіне бағыну мен Алладан басқаға құлшылық ету мен Жаратушыға шерк келтіруден алыстатуды сұрайды. Ораза айт күні халық бірауыздан жиналып, бір-біріне мейірім мен достық білдіріп, күнделікті өмір тәсілдерін жаңартып, бұл күнді ұмытылмайтын күнге айналдырады.