Ұлық пайғамбардың (с.ғ.с) Ғадир Хом мекеніндегі құтпасын талдау (1)
Пайғамбар (с.ғ.с) «Мәида» сүресінің 67-аятының түсірілуімен Ғадир Хом мекеніндегі құтпасын айтқан: "Әй, Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жалғастырмаған боласың. Алла сені адамдардан қорғайды. Күдіксіз, Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды".
Исламның Ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с) х.қ.ж.с.б. 10 жылы зулхиджа айының он сегізі күні "Қоштасу қажылығы" атты соңғы қажылық сапарынан қайтар жолда Ислам тарихындағы өте маңызды құтпасын айтты. Бұл құтпа «Ғадир Хом» деген мекенде Құдайдың оның мойнына артқан міндеті бойынша хазіретпен бірге қажылыққа келген мыңдаған мұсылманның арасында айтылды. «Мәида» сүресінің 67-ші аятының түсірілуімен ұлық пайғамбарға (с.ғ.с) бұл ұлы міндетті орындау қажеттілігі туындады. Бұл аятта былай деп айтылған: "Әй, Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жалғастырмаған боласың. Алла сені адамдардан қорғайды. Күдіксіз, Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды". Осындай аяттың түсірілуін күтіп жүрген хазірет "Ғадир құтпасын" айту үшін кідірместен қажылық керуенін тоқтатып, баршаның бір жерде жиналуына бұйрық береді. Бұл құтпада Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с) Құдайдың әмірімен хазірет Әлиді (ғ.с) өзінің орнын басатын мұрагері ретінде сайлаған болатын.

«Ғадир» құтпасын пайғамбардың сахабаларынан шамамен 110 адам, табиғиндердің басым бөлігі мен мұсылмандардың бұрын-соңды болмаған саны нақыл етті. Оның мәтіні сүниттер мен шиіттердің көптеген сенімді дереккөздері мен кітаптарында келтірілген. Осылайша маңыздылығы тұрғысынан бұл құтпаға жететін құтпа, рауаят немесе хадистің кемде-кем екенін айту керек. Тарихи құтпаның толық мәтіні мынадай:
"Таухид сенімінде биік, жалғыздығында жаратқандарына жақын, билік етуінде айбынды, өз иелігінің негізгі тіректерінде ұлы, барлық нәрседен хабардар, құдіретімен барлық пенделерінен үстем Құдайға шексіз алғыс айтамын. Оған әрқашан мадақ айтылған және айтыла береді. Оның ұлылығында шек жоқ. Әрбір іс Құдайдан бастау алып, Оның қалауымен жүзеге асып, барлық іс түбінде Оған қайта оралады.
Ол – аспандарды жаратушы және жерлерді кеңейтуші әрі оларға билік етуші. Ол – жаратылған мақұлықтарға тән қасиеттерден пәк әрі кенде; періштелер мен рухтың Жаратушысы. Ол барлық жаратқан мақұлықтарына мол игілік пен мейірімін сыйлап, әрқашан барлығына көз салып отырады, алайда ешкім оны көре алмайды. Ол – ең кешірімді, сабырлы әрі шыдамды. Ол барлығына рақымшылық етеді. Құдай өзі берген нығыметтерімен бәріне құт-береке сыйлайды. Ол кек алуға асықпайды, азапқа лайық адамдарды жазалауда сабырлық пен шыдамдылық танытады.
Ол барлық нәрсеге үстемдік орнатып, барлығына иелік етеді. Ол барлық нәрсеге күш-қуат беріп, әрбір құбылысты бақылап отырады. Оған ешкім тең келмейді. Ол ешнәрсе жоқ кезде тіршілік иелерін жаратқан. Ол мәңгілік тірі қалатын және әділдікті таратушы. Одан басқа Құдай жоқ. Ол өте қадірлі әрі дана. Оны басқалар көре алмайды. Себебі, әлдеқайда биік. Алайда, Ол бәрін көруші, мейірімді және барлығынан хабардар. Ұлы да құдіретті Алланың өзі өзіне қарай жетелемесе, Оны көріп, сипаттау және оның айқын әрі жасырын күйіне қол жеткізу ешкімнің қолынан келмейді.
Бүкіл әлемді оның пәктігі мен қасиеті қамтыған. Оның нұры мәңгілік болатын Құдай екенін растаймын. Ол өз бұйрығын орындауда ақыл-кеңесті, алғыс білдіруде серіктесті, шара қолдануда ешкімнің көмегін қажет етпейді. Ол жаратқан нәрсені ешбір үлгісіз, ешкімнің көмегінсіз, ешбір қиындықсыз және айла-шарғы іздемей-ақ, жаратты. Бүкіл әлем Оның жаратуымен пайда болды. Ол – тек Оған ғана бағынуымыз тиіс Құдай. Оның жаратқандары тұрақты әрі көркем. Ол – қанау мен езгіге салмайтын әділ қазы; барлық нәрсе Оған қайта оралатын ұлы Жаратушы.
Жаратқан мақұлықтарының Оның ұлылығының алдында қарапайым, ғиззаты мен қабілетінің, айбыны мен ұлылығының алдында бас иетінін растаймын. Ол – мемлекеттердің патшасы, жұлдыздарды, Күн мен айды басқарушы. Ол түнді күнге, түннен кейін асыға ататын күнді түнмен алмастырады. Ол бойсұнбайтын шайтанның жетегіне түскен кез келген қанаушыны өлімге жеткізеді... ".
Құрметті тыңдармандар, ұлық пайғамбардың (с.ғ.с) Ғадир Хом мекенінде айтқан құтпасын талдауды келесі бөлімде жалғастырамыз.
