Имам Зейн әл-Абедин (ғ.с.) – еркіндікке қысым жасалған замандағы дінді жаңғыртушы
Имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.) имам Хусейн (ғ.с.)-ның көтерілісі кезінде Кербалада болған, бірақ әкесі шәһид болғаннан кейін Исламның туын көтеруші міндетін атқару үшін Алланың қалауымен тірі қалған болатын. Имам хиджри қамаридің 94-ші жылы Әмәви халифасы Хишам бен Абдолмалектің арандатуымен уландырылып, соның салдарынан шәһид болды.
Ухуд соғысы кезінде Исламның ұлық пайғамбарының маңдайына кәпірлер лақтырған тас тиіп, қан аққан кезде "Мохаммад өлді" деген дауыс естіледі. Бұл сөз кәпірлердің қуанышы мен кейбір мұсылмандардың қашуына себеп болған. Кейбіреулер кәпірлер әскерінің қолбасшыларынан пана табу туралы ойлағанда оларға қарсы мұсылмандар дауыстап: "Егер Мұхаммад болмаса, Мұхаммадтың Құдайы – мәңгілік, қашпаңдар!" дейді. "Әли-Имран" сүресінің 144-ші аятында бұл туралы: "Мұхаммед (Ғ.С.) бір елші ғана, одан бұрын да елшілер өткен. Ал сонда ол өлсе не өлтірілсе, сендер сонда өткендеріңе қайтасыңдар ма? (Қайта кәпір боласыңдар ма?) Кім кейін қайтса Аллаға ешбір зиян келтірмейді. Сондай-ақ, Алла, шүкір етушілерді сыйлайды. (144)",- деп айтылған.
Бұл – Алла елшісінің дүниеден озуынан кейін болған апаттың өзі, яғни кейінге қайту. Кербала – бір түнде орын алған әскери төңкеріс емес, ол жарты ғасыр бойы жалғасқан бұрмаланушылық. Мұсылмандар басында оны маңызды санамады, бірақ уақыт өте кері кету артып, хиджридің 61-ші жылының мохаррам айының 10 күні шегіне жетіп, Исламды жойылу қатеріне тіреді. Имам Хусейн бен Әлидің (ғ.с.) шәһид болуымен имам Зейн әл-Абидиннің (ғ.с.) имаматы басталды.
Имам Зейн әл-Абидиннің (ғ.с.) кезеңі – Исламның ең дағдарысты кезеңі, өйткені бұл кезеңде исламдық қоғамның билігі Язид пен орынбасарларының қолында болды. Бұл кезеңде исламдық жерлердің барлығын Әмәви әулеті басқарды. Әмәвилердің билік жүйесі ислам халифаты деп аталғанымен олар Ислам дінін жоюды ойлады. Әмәвилер сырт көзге ислам дінін ұстанғанымен негізінде өздерінің бар күш-қуатын арабтардың надандығын қайта өркендетіп, оны шынайы Исламның орнына кеңейтуге талпынды. Муавие бұл мақсатына жету үшін жалған хадистер шығару, тарих пен тәпсірді өзгерту ағымын ұйымдастырды. Олар сенімдер мен ахкамды өзгертумен бірге Исламның ұлық пайғамбарының әулетіне тіл тигізіп, оларды нысанаға алды. Әмәвилер хадистерді ойдан шығарып, мұсылмандардың алдында дәрежелерін көтерді. Бұл исламдық үмбетін бірте-бірте пайғамбар әулетіне дұшпандық білдіруге итермеледі. Сөйтіп, шамамен 80 жыл бойы ислам әлемінің барлық жерінде жұма намазының құтпаларында хазірет Әли бен Абиталипке лағынет айтылды. Имам Саджад (ғ.с.) Исламды қайта жандандыру үшін біріншіден Исламның ұлық пайғамбары әулетінен жылдар бойы алыстаған және оларға дұшпандық білдірген мұсылман халықты илаһи әулетпен қайтадан таныстырып, оларға махаббат білдіруді үйретуге талпыныс жасады. Имам байланған қолымен Язидтің сарайында халықтың жадында Ислам туралы қалған сенімдерді пайдаланды. Имам Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінің қатты бұрмаланғанын жақсы білді. Бірақ, мұсылмандардың барлығы Қағбаны құбыла ретінде танып, соған қарап намаз оқып, қажылық кезінде оны айналып, тәуәп жасады. Сол себепті имам Саджад (ғ.с.) «Исламды тамырымен құрттым» деп ойлаған Язидке қарсы күресті дәл осы мәселеден бастады.
Имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.) өзін таныстырған кезде: "Мен – сендер оның дінін қабылдаған Алла елшісінің баласымын",- деп бастады. Халық: "Ол кім болса да, өлді, енді жоқ. Біз оның орнында мұсылмандар халифасы ретінде отырған адаммен біргеміз",- деп шулады. Имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.) өзін Алла елшісінің ұрпағы ретінде таныстыруын Мекке мен Минамен байланыстырып: "Уа, халайық! Мен – Мекке мен Минаның перзентімін, мен Зәмзәм мен Сафаның перзентімін",- деді. Бұл – имамның Исламның жансыз денесіне жіберілген алғашқы жаңа дем, халыққа Мекке мен Минаның, Зәмзәм мен Сафаның ұлылығы, сондай-ақ, кемел адамның Алланың орынбасары екенін түсіндірген бірінші сөйлем болды. Имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.) Муавие билік басына келгеннен бері, әсіресе намаздың құнытында хазірет Әлиге (ғ.с.)-ға лағынет айтқан халыққа өзін көбірек таныстыру үшін "Мен – Мұхаммад Мұстафа мен Әли Мортазаның баласымын. Мен – тауһид сөзін көкке көтеру үшін бұзақыларды жерге жыққанның перзентімін. Мен – Пайғамбардың қасында екі қылыш, екі найзамен шайқасып, екі рет хиджрат етіп, екі рет бият еткен және Бадр мен Хонин соғыстарында кәпірлермен соғысқанның перзентімін. Мен – тіпті бір сәтке Алланы ұмытпаған адамның перзентімін",- деп сөзін жалғастырды.
Халық таңғалып, имам Зейн әл-Абединге қарады. Олар имамнан өзін көбірек таныстыруын күтті. Имам мұндай жағдайда Исламды жандандыру үшін имамтану сабағын жүргізді. Ол хазірет Әли (ғ.с.)-ды таныстыру үшін: "Мен – мүміндердің адалы, пайғамбарлардың мұрагері, мүшіріктерді құртушы, мұсылмандардың әмірі, жиһадшылардың жарығы, ғибадат жасаушылардың зейнеті, сабырлардың сабыры, пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінен шыққан намазхандардың көшбасшысының перзентімін. Мен – Жебірейл қуаттап, Микаил көмектескен адамның перзентімін. Мен – мұсылмандардың кесенесін қорғап, дұшпандармен күрескен адамның перзентімін. Мен – ең жақсы құрайыштын перзентімін. Мен – Алла мен елшісінің шақыруын мүміндердің арасында бірінші қабылдаған адамның, шапқыншыларды жеңіп, мүшіріктерді жойған, мұнафықтарға қарсы шыққан, иманы жоғары Алла дінінің қолдаушысы, Алланың хикметі мен ғылымының қазынасы саналатын адамның перзенттерінің бірімін. Ол – атам Әли бен Абиталип, Хасан мен Хусейннің әкесі. Мен – әлем бағының перзентімін. Мен Фатима-Заһраның (ғ.с.) перзентімін",- деді. Сол кезде Исламның шалажансар денесі имам Зейн әл-Абидиннің (ғ.с.) жаңа демімен қозғалып, жүрегі тіршілік белгісін көрсетті. Алайда діннің басқа ағзалары бұзақылықтар мен халықтың әртүрлі таптары арасындағы қақтығыстардан қатып-семіп қалған болатын. Негізінде Әмәви билігі мұсылмандардың идеологиялық негіздерін бұзуға бар күштерін қолдануымен бірге Исламның ұлық пайғамбары әулетіне қатысты негіздерді бұрмалау саласында белсенділік танытып, халықтың арасында бұзақылық таратты. Әмәвилер халық оларға қарсы шықпауы және халық тарапынан үкіметке қатер келмеу үшін халықтың әртүрлі таптары арасында бұзақылықты таратуға күш салды. Әмәви билігі кезеңінде ислам әлемінде шарап көп болды. Хиджаз, әсіресе Ислам діні мен оның Пайғамбары дүниеге келіп, тәрбиеленген Мекке мен Медине қалалары барлық бұзақылықтардың орталығы болды. Билеп, өлең айтатын әйелдер мен еркектер, сондай-ақ, әртүрлі аспаптарда ойнайтын музыканттар ең қасиетті қалаларда тәрбиеленіп, кейін Дамаспен Әмәви халифатының сарайы мен басқа жерлерге жіберіліп, қолдау-қолпаштауға ие болды.
Имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.) мұндай қиын жағдайда өзінің дұрыс жолға нұсқайтын ой-пікірімен Исламның өмірі мен идеясын қайта жандандырумен айналысты. Имам мұсылмандарды діннің шынайы түсініктерімен хабардар етуге және исламның негізгі тағылымдары мен ғамалдарын халықтың жандары мен жүректерінде қалыптастыруға талпынды. Сол мақсатта имам Алла елшісінің мешітін медресе ретінде пайдаланды. Осылайша, пайғамбар әулеті білім тарату арқылы ағартушылық жұмыстарын іске асырды. Имам Саджад (ғ.с.) шәкірт тәрбиелеп, хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның пәк Исламын қайта жандандыруға жағдай жасауға талпынды. Имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.) шәкірт тәрбиелеуімен бірге құлдарға тәлім-тәрбие беру, кейін оларды азат ету арқылы көптеген халықты Ислам негіздерімен таныстырды. Рауаяттардың бірінде имам Зейн әл-Абидиннің (ғ.с.) Алланың жолында мың құлды азат еткені айтылған. Хазірет құлдарды сатып алып, оларды оқытқан. Имамның сөздері мен ғамалдары оларға әсер етіп, имам оларға шариғат пен ислам ғылымдарын үйреткен. Нәтижесінде, бір құлдың азат етілуі, шын мәнінде азат, хабардар және Пайғамбар әулетінің білім мен ахлақ орталығынан оқыған адамның азат етілуі болды. Имам Зейн әл-Абидин сондай-ақ, адамның Аллаға айтатын құпия-сырлары мен қажеттіліктерін пайдаланып, қоғамда ғибадатты жандандырды. Хазірет ғибадаттары және дұғаларымен исламдық жаһантануды жаңғыртып, ұмытылған құқықтарды қайтарды. Шынайы Ислам Кербалада қайта жанданды. Сондықтан бұл кезеңнен кейін имам Бақер (ғ.с.) мен имам Садық (ғ.с.) пайғамбардың әулетімен таныс болған халықты дін тағылымдарына қарай бұрып, оларға діннің білімі мен ахкамын үйретті.
Әлемнің барша мұсылмандарына Исламның ұлық пайғамбарының шөбересі, имам «Зейн әл-Абидин» және «имам Саджад» деген лақап аттарымен танымал болған имам Әли бен Хосейннің (ғ.с.) шәһид болған күнінің жылдығына байланысты көңіл айтамыз.