Пайғамбардың (с.ғ.с) дүниеден озған күніне арналған бағдарлама
(last modified Wed, 07 Nov 2018 07:09:33 GMT )
Қар 07, 2018 13:09 Asia/Almaty
  • Пайғамбардың (с.ғ.с) дүниеден озған күніне арналған бағдарлама

Х.қ.ж.с.б 11 жылы сафар айының жиырма сегізінші жұлдызы Алланың соңғы пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с) 63 жасында Медине қаласында дүниеден озып, сол қалада жерленді. Рауаяттарға сәйкес пайғамбардың қазасынан кейін шамамен 40 жылдан соң х.қ.ж.с.б 40 жылы сафар айының жиырма сегізі күні хазіреттің ардақты немересі имам Хасан Моджтабаны (ғ.с) да Муавиенің жалдамалылары шәһид еткен.

Исламның Ұлық пайғамбары мен хазіреттің ардақты немересінің дүниеден салуы мұсылман қоғамы үшін үлкен қайғы, ащы оқиға болды. Осы күнге байланысты барша мұсылмандарға көңіл айтамыз.

Құран Кәрім аяттарында Алла елшісін (с.ғ.с) құтқарылу жолындағы жарық шырақ деп атап, хазіреттің әлемдіктер үшін қалай өмір сүру керектігін көрсеткен үлгі-өнеге мен рақымның көрінісі деп атаған. Сонымен қатар, Алла тарапынан жіберілген соңғы пайғамбардың илаһи уәһи күшпен байланысы болғанымен, оның адам екенін және басқа адамдар секілді азық-түлік, киім мен үйленіп, отбасын құруды қажет ететіні, ауруға шалдығып, қартаятыны жайлы да айтылған. Енді ол хазіреттің де басқа адамдар секілді дүниеден өтетін уақыты келіп жеткен еді. Ол хазірет өміріндегі соңғы қажылығында «Шайтанға тас лақтыру» рәсімі кезінде: "Қажылықтың жөн-жоралғысын менен үйреніп алыңдар. Бәлкім, келесі жылы қажылыққа келмеспін. Бұл мекеннен мені ешқашан көре алмайсыңдар" деген.

Ұлық пайғамбар (с.ғ.с) өмірінің соңғы күндері науқас науқас күйде мешітке барып, таң намазын оқып болған соң: "Уа, халайық! Бүліктердің жалыны күшейіп, бүліктер қараңғы түндегі толқын секілді көтеріліп, басымызға төніп тұр. Қайта тірілетін қиямет күні алдарыңнан шығып, сендерді Кәусар хауызының жанынан қарсы аламын. Менің сендерден өте құнды екі нәрсені: Құран мен «Аһле бейтім» – әулетім жайлы сұрайтынымды білгендерің жөн. Сондықтан, мен дүниеден озған соң оларға қандай қатынас көрсететіндерің жайлы ойланыңдар. Себебі, мейірімді де дана Құдай менімен кезіккенге дейін екі нәрсені бір-бірінен айырмайтыны жайлы айтқан болатын. Осы екі бағалы аманатты сендердің араларыңда қалдырғанымды ұмытпаңдар. Олардан асып түсіп, алдарынан озып жүрмеңдер. Өйтсеңдер, жан-жаққа ыдырап, тарап кетесіңдер. Оларға немқұрайдылық пен селқостық танытпаңдар, Өйтсеңдер, ажалға ұшырайсыңдар",- деп айтқан.

Содан соң пайғамбар (с.ғ.с) қиналған күйде үйіне қайтты.

Халық көздеріне жас толып, соңғы илаһи пайғамбарды шығарып салды. Алайда, ол науқас күйінде де айналасындағы адамдарға халыққа қамқорлық жасап,  олардың құқықтарын сақтауды табыстады. Содан кейін хазірет: "Бауырым әрі досымды шақырыңдар, қасыма келсін",- дейді. Пайғамбардың (с.ғ.с) жұбайы Умму Салама: "Әлиді шақырыңдар. Пайғамбар Әлиді меңзеп тұр",- дейді. Әли келгенде, пайғамбар оған жақынырақ келуге ишара жасайды. Сосын Әлиді құшақтап, есінен таңып қалғанша ұзақ уақыт бойы оған сырын айтады. Мұндай жағдайды көрген пайғамбардың (с.ғ.с) немерелері Хасан мен Хосейн пайғамбарды құшақтап, қатты жылайды. Әли (ғ.с) екі ұлын пайғамбардың қасынан әкетуді сұрайды. Кейін пайғамбар (с.ғ.с) есін жиып: "Әли, бұл екеуін иіскеп, олардың мені де иіскеуіне рұқсат ет. Бұл екеуі менен, мен олардан күш аламын" дейді.

Ән-Нәби мешіті (Пайғамбар мешіті)

Сөйтіп, Алланың елшісі (с.ғ.с) көз жұмды. Пайғамбар (с.ғ.с) Әли ибн Абуталибтың етегіне басын қойған күйде дүниеден өтті. Әли (ғ.с) Алла елшісінің (с.ғ.с) дүниеден салғанын айналасындағы адамдарға хабарлады. Ұлық пайғамбардың (с.ғ.с) қайтқаны ислам үкіметі мен мұсылман үмбеті үшін аса ауыр, күйзелтетін оқиға болды. Әлидің (ғ.с) айтуынша, бұл оқиғаның ауыр болғаны соншалықты үйдің қабырғасы мен есігі де зарлап жылағандай болды. Ол: "Уа, Алланың елшісі! Әке-шешем жолыңызда садаға болсын. Сіз дүние салғанда басқа жақындарым көз жұмғанда үзілмеген жіп үзілгендей болды.

Сіздің қайғыңыз енді қайғы-қасірет көргендерді жұбатады. Бұл – баршаның басына түскен қайғы. Барша халық сіздің қазаңызды аза тұтып отыр. Егер сабыр мен шыдамдылыққа шақырып, күйгелектіктен аулақ болуды бұйырмағаныңызда, көз жасым таусылғанша жылайтын едім. Бұл өзегімді өртейтін дерт мәңгілікке менімен бірге қалады, қайғы-мұңым тарқамайды",- дейді.

Исламның Ұлық пайғамбары (с.ғ.с) аз уақыттың ішінде халық арасында бауырластық пен жақындық орнатып, халықтың, әсіресе қарапайым топ үшін пайдасын тигізетін әділет пен бір жүйеге негізделген үкіметтің негізін қалады. Әли (ғ.с) осы мәселеге қатысты былай деген: "Исламның Ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) пайғамбарлық қызметі басталған кезде халықтың бойсұнуын өз дінімен байланыстырып, оларды бірлікке шақырып, ынтымақты нығайтқан сол нығметтерге көз салыңдар. Илаһи нығметтердің олардың үстіне қанаттарын кеңінен жайып, жайлылық пен қолайлылық ағынын келтіріп, ақиқаттың барлық берекесін қамтығанын біліңдер. Бұл халық нығыметтер мен шаттыққа толы өмірге бөленді. Олардың әлеуметтік мәселелері ислам үкіметінің берекесімен нығайып, ғиззаттың нұрымен тұрақтанып, тыныштық пен мықты үкіметке қол жеткізді. Сосын олар әлемнің билеушісі мен басшысы болып, бұрын билеуші болған адамдардың қолбасшыларына айналды... ".

Хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с) 23 жыл бойғы пайғамбарлық кезеңінде жүзеге асырған әрекеттері адамзат баласы тарихындағы ең маңызды жетістіктер саналады. Ол хазірет жаңа қоғам құрып, Арабстанды Құранға негізделген саяси-әлеуметтік құрылым бойынша біріктіріп, дінге сенушілердің жүрегі мен санасындағы иманнан империя құрды. Осы жолдың ізбасарлары хазіреттің жолдауын әлемнің ең алыс жерлеріне жеткізді. Сондықтан, хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с) тарихтағы ықпалы мен әсері адамзат тарихында жазылған кез келген тақырыптан тереңірек әрі әсерлі болды деп айтуға болады.

Пайғамбар негізін қалаған маңызды өркениеттік ерекшелікке сол кездегі тайпалық және діни соқыр сенімдердің орнына әлемде көтерген толеранттық пен иілгіштік және қайырымдылық қағидасы болды. Алланың елшісі мінез-құлық пен әдетке қатысты ұстамдылық жолын көрсетіп, адамзат баласының білімі, техникасы мен өнеркәсіптерінің кең етек жаюына себеп болды.

Пайғамбардың (с.ғ.с) орталықтандырылған үкімет, саяси, құқықтық ұйымдар мен органдар және айқын әрі мәселені шешуші заңдар негізіндегі сот жүйесі арқылы өркениетті қоғам құру саласындағы шаралары надан қоғамның құрылымдарының өзгеруіне жеткізіп, жасампаз және жан-жақты нағыз өркениеттің іргетастарын қалады. Адамзат баласы әлі күнге дейін хазіреттің материалдық және рухани бұйрықтары мен нұсқауларын пайдаланып келеді.

Америкалық жазушы әрі тарихшы Уильям Дюрант "Өркениет тарихы" атты кітабында былай деп жазды: "Мұхаммад пұтқа табынған әрі шөл далада шашыраңқы түрде өмір сүріп жатқан тайпалардан бір үмбет құрды. Ол бір ұрпақ өмір сүрген кезеңдегі әскери шайқаста жеңіске жетіп, ұлы империяны құрып, қазіргі заманда әлемнің жартысына билік орнатқан маңызды күш саналатын яһуди, христиан және Арабстанның көне дінінен асқан рухани құндылықтарға негізделген қарапайым, анық әрі қуатты дін әкелді".

Атақты француз астрономы, математик Пьер-Симон Лаплас: "Біз аспандық діндерге сенбесек те, хазірет Мұхаммад пайғамбары болған дін мен тағылымдары адамзат баласының өміріндегі әлеуметтік маңызға ие екі үлгі саналады. Сондықтан оның дінінің пайда болуы мен дана ахкамдарының ұлы әрі бағалы екенін мойындаймыз. Хазірет Мұхаммадтың тағылымдарын қабылдауымыз керек",- деп айтқан.

Ән-Нәби мешіті (Пайғамбар мешіті)

Исламның ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) қазір арамызда болмағанына қарамастан, хазіреттің жолдауының бүкіл әлемді нұрландырып, көркем етіп тұрған тоухидке шақырған жолдау екені рас. Бұл барша илаһи пайғамбарлардың жеткізген алғашқы жолдауы болған, яғни Құдайдың ұлылығы мен құдіретінен басқа ешбір күшке иек артпау, әділетсіздік пен қанауды қабылдамау дегенді білдіреді. Құдай «Әнбия» сүресінің 25-аятында: "(Мұхаммед Ғ.С.) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: “Күдіксіз Менен басқа ешбір Құдай жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар” деп қана уәһи етіп, жібердік",- деп жазылған.

Ұлық пайғамбар (с.ғ.с) жәһілдік, тік мінезділік пен қайырымдылықтан жұрдай зорлық-зомбылық жайлаған қоғаммен бетпе-бет келгенде Әли (ғ.с) хазіреттен: "Жәһіл, надан қоғамның адамдарын өзгертудегі сіздің әдісіңіз бен сүннетіңіз қандай?» деп сұрағанда пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті мен әдісінің негізін махаббат деп атаған.

Бүгін де біз зорлық-зомбылық пен әсірешілдіктен ада қоғам құру үшін дұрыс ахлақ пен мейірімділік танытуды қажет етеміз. Бұл қажеттілік Ислам пайғамбарының (с.ғ.с), яғни бар болмысы рақым, махаббат, сабыр, ұлылық пен мейірімділікке толы, дәл осы мінезімен миллиондаған адамның жүрегіне жол тапқан пайғамбардың тағылымдарын ұстану арқылы жүзеге асады.

Соңғы илаһи пайғамбар хазірет Мұхаммад (с.ғ.с) пен оның ардақты немересі имам Хасан Моджтабаның (ғ.с) дүниеден озған күніне орай барша мұсылмандарға көңіл айтамыз.