Имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) шәһид болған күніне арналған бағдарлама
(last modified Wed, 07 Nov 2018 13:05:58 GMT )
Қар 07, 2018 19:05 Asia/Almaty
  • Имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) шәһид болған күніне арналған бағдарлама

Ирак пен Иран және басқа елдердің шиіттері имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) шәһид болған күнін аза тұтады. Имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) сафар айында шәһид болғаны туралы шиіт ғұламаларының арасында ешқандай қайшылық болмағанымен, нақты күніне қатысты түрлі пікір бар.

Хиджридің 40-шы жылы уаһи әулеті мен ислам үмбеті хазірет Әлидің (ғ.с.) шәһид болуына байланысты аза тұтып отырған жағдайда әлавилердің халифаты орналасқан Куфе тағы  үлкен сынақты бастан өткерді. Рамазан айының 21-ші күні таңда Ибн Аббас халықтың ортасында тұрып: "Уа, халайық! Имам Әли дүниеден озып, араларыңызда перзентін қалдырды. Егер қаласаңыздар, перзенті өздеріңізге қарай жолға шығады"- деді. Халық жылап, имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) олардың ортасында болуын сұрады.

Имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) әкесі шәһид болған соң ислам қоғамы имаматының басшылығын өз мойнына алды. Имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) хазірет Әли (ғ.с.) шәһид болғаннан кейінгі алаңдаушылықтарға толы жағдайды қалыпқа келтіріп, үкіметтің істерін өз бақылауына алды. Көп ұзамай халық Хасан Моджтабаның (ғ.с.) әкесі хазірет Әли (ғ.с.) сияқты әділет орнатып, қоғамда шариғатты қалыптастыруды жалғастыратынын түсінді.  Имамның бұл шешімін халық қолдағанымен пайдакүнемдер әділеттің орнатылуын жақтырмады.

Имам Хасан бен Әли (ғ.с.) бұл кезеңде Шамды билеген Муавиенің қарсылықтары және қастандықтарымен кезікті. Қарсылықтар соғысқа жеткізіп, Хасан Моджтаба (ғ.с.) әскер дайындады. Бірақ, ислам қоғамының жағдайы имамның соғыс пен әскери әрекеттерден бас тартуына себеп болды. Муавие имамға бейбітшілік келісіміне келуді ұсынды. Имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) қырағылығымен келешек туралы ойлап, ұсынысты қабылдады. Маңызды факторлар имам Хасанның (ғ.с.) бейбітшілікті таңдауына себеп болды. Әмәвилердің әрекеттерінің бірі беделді басшылар мен ықпалды адамдарды имамның қасынан алыстатуы болды. Олар алдамшы уәделерімен кейбір танымал адамдарды өздеріне қарай тартты. Имам Хасан (ғ.с.) үлкен әскер  жинағанымен, әскерилеріне сенімді болмады. Өйткені, имамның әскерінің бірқатар басшысы әмәвилердің уәделеріне алданып, Шамның әскеріне қарсы соғысудан бас тартты. Имам Хасан (ғ.с.) бұл топтың әрекеттеріне қатысты: "Бүгін кек сендерді бірлік пен өзара түсіністіктен айырды. Табандылықтарыңнан айырылып, шағымдана бастадыңдар. Сендер өз мүдделеріңді діннен артық санап, адалдықтан аттадыңдар",- деді. Сөйтіп, имам Хасан (ғ.с.) өте ауыр жағдаймен бетпе бет келіп, Муавиеге қарсы соғыстың пайдасынан зиянының көп екенін түсініп, бейбітшілік келісімін қабылдады. Имам Хасан (ғ.с.) бейбітшілік келісімі туралы ұсынысты шартпен қабылдады. Бейбітшілік келісімі бойынша, Муавиеден кейін халифат Хасан бен Әлиге (ғ.с.) қалатын болды. Имам Хасанның (ғ.с.) өміріне қауіп төнген жағдайда мұсылмандардың ісін басқару Хусейн бен Әлиге (ғ.с.) тапсырылатын болып, Муавие өз орынбасарын сайлау құқығынан кенде болды. Сондай-ақ, Муавие бір миллион дерхамды Джамал және Сеффейн соғыстарында имам Әлидің (ғ.с.) қасында болып, шәһид болғандардың отбасыларына бөліп беруі керек болды. Бұл келісім бойынша, Муавие имам Әлидің (ғ.с.) барлық серігін қай жерде болса да, қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге міндеттелді.  Сондай-ақ, Хасан бен Әли (ғ.с.) мен бауыры имам Хусейн бен Әлиге (ғ.с.) және Исламның ұлық пайғамбары әулетінің отбасыларының еш біреуіне Муавие тарапынан ешқандай қатер тумауы керек. Келісімнің соңында Муавие оның барлық баптарын құрметтеп, нақты орындауға міндеттелді. Ол бұл мәселеге Алланың атымен уәде беріп, Шамның ақсақалдарын куәлікке тартты.   

Имам Хасан (ғ.с.) өзінің бүкіл күші мен саясатын Муавиемен күресуге бағыттады. Имам келісімінде Ислам мен мұсылмандар үшін артықшылықтарға ие болып, Муавиенің шынайы жүзін халыққа көрсетуге талпынды. Имам бейбітшілік келісімі арқылы Муавиеге қарсы соғысының негізгі мақсаттарын көрсетуге тырысты. Имам Муавиенің бұл келісімді орындамайтынын жақсы білді. Сөйтіп, имам өздерінің келешегі мен тағдырын шешуді халықтың өзіне тапсырды. Имам Хасан (ғ.с.) бейбітшілік келісіміне қол қойған соң біраз уақыт Куфеде болып, Мединеге қарай жолға шықты. Хазірет Мединеге жеткен соң өз бағдарламаларын жаңаша іске асыра бастады. Әмәвилер халықты алдап, істерін Исламның атымен іске асырғандықтан дін бұрмалану және бедғаттың ену қатеріне душар болды. Сондықтан, имам Хасанның (ғ.с.) мәдени және идеологиялық стратегиясы Исламның негіздерін халыққа анық көрсетіп, халыққа дұрыс жолды бұрыс жолдан ажыратуға көмектесу болды. Хазірет Мединені исламдық ой-пікірді тарататын маңызды орталықтардың біріне айналдырып, дінтанушылар мен ғұламалар тәрбиелеумен айналысты. Білім іздегендердің көбі ислам әлемінің әртүрлі аймақтарынан Мединеге келіп, имам Хасанның (ғ.с.) қасына жиналатын. Сонымен қатар уақыт өте келе әмәвилердің мүдделеріне тұрақсыздықтары әшкереленді. Әмәви үкіметі имам Хасанды (ғ.с.) бейбіт келісімін қабылдауға мәжбүрлеп, өзінің мақсаттарының көбіне жеткенімен, имамның болмысы оларға кейбір сұм ниеттерін іске асыруға кедергі болды. Муавиенің мұндай мақсаттарының бірі өзінің орынбасарын сайлауы болды. Муавие имам Хасанмен (ғ.с.) бекіткен бейбітшілік келісімінің бабына қайшы шешімін орындауға алаңдап, егер имамның көзі тірісінде бұл шешімін іске асырса, хазіреттің қатаң қарсылығымен бетпе-бет келетінін білді. Сол себепті Муавие қалай болса да имам Хасанды (ғ.с.) өлтіруге шешім қабылдады. Ол көп ойланып, имам Хасанның (ғ.с.) әйелі Джуғдені бұл қылмысты іске асыратын ең лайық адам санады. Ол Джуғдеге жасырын жүз мың дерхам жіберіп, имамды өлтірген соң, оны өзіне әйел ғып алуға уәде берді. Сөйтіп Джуғде ішетін суға у қосып, имам Хасанды (ғ.с.) уландырып өлтірді. 

Имам Хасан (ғ.с.) мұқтаждар мен мақұрымдардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көп күш салды. Имам қасына келген ешбір адамды көмексіз қалдырмайтын. Имам Хасан (ғ.с.): «Біз – жүректерде үміт бүршіктерін гүлдендіреміз. Біз адамның абыройын төкпей, ол сұрамай-ақ, оның керегін береміз»,- деген болатын.

Исламның ұлық пайғамбарының немересі имам Хасанның (ғ.с.) шәһид болған күнінің жылдығына байланысты әлемнің барша мұсылмандарына көңіл айтамыз.