Имам Бақер (ғ.с) – білім мен тура жолға нұсқаушы
(last modified Sat, 09 Apr 2016 11:11:52 GMT )
Сәу 09, 2016 17:11 Asia/Almaty
  • Имам Бақер (ғ.с) – білім мен тура жолға нұсқаушы

Бүгін - Ислам Пайғамбары (с.ғ.с.)-ның әулетіне жататын тұлғаның туған күнінің жылдығы. Қоғамды зұлымдық билеп, діни түсініктер бұрмаланып жатқан заманда Пайғамбар әулеті жарқыраған күн тәрізді діннің ұмытыла бастаған құндылықтарын халыққа жеткізді.

Олар діни тағылымдарды түсіндіріп, Исламды қорғаған және халықты дұрыс жолға нұсқаған діннің нағыз уағыздаушылары болды. Ережеп айының алғашқы күні имам Мұхаммад Бақер (ғ.с.)-ның берекелі туған күнімен нұрланды. Ол хазірет хиджри күнтізбесі бойынша 57 жылы Медине қаласында дүниеге келді. Осыдан көп жыл бұрын Исламның ұлық пайғамбары өзінің Джабер ибн Абдолла Ансари есімді серігіне оның дүниеге келетінін сүйіншілеп: "Уа, Джабер, сен тірі қалып, менің Бақер есімді ұрпағымды көресің. Оған менің сәлемімді жеткіз",- деген. Осылайша оның "Бақер" деген лақабын пайғамбардың өзі таңдаған. Имамды "Бақер-әл-улум" ғылымды таратушы деп атайды. Пайғамбар айтқандай, Джабер ибн Абдолла Ансари ұзақ ғұмыр сүріп, қартайған шақта Имам Бақер (ғ.с.)-ге барып, оған хазіреттің сәлемін жеткізді.

Имам Бақер (ғ.с.) өзінің Джабер ибн Язид Джуғфи есімді серігіне былай деген: "Уа, Джабер, адамның бізбен тек доспын деп айтқаны жеткілікті ме? Расында, Құдайдан қорқатын және оның бұйрығын орындайтын адам ғана бізбен бірге болады. Бізбен бірге болатындардың белгілері бар. Олар қарапайым әрі мойынсұнғандар, Алланы естерінен шығармайтын аманатшылдар. Олар ораза ұстап, намаз оқиды, ата-аналарына жақсылық істейді. Шындықты айтып, Құран оқиды. Олар аманатқа берік және кедей көршілеріне қарасып, өзгелерді жақсылықпен еске алады. Алланың жазасынан қорқыңдар, Оның дайындаған нәрсесіне ұмтылыңдар". («Усул Кафи», 2-ші том, 21-ші бет).

Имам Бақер (ғ.с.) күрделі және қауіп-қатерге толы 19 жылға жуық имаматы кезеңінде халықтың арасында үгіт жүргізіп, оларды дұрыс жолға бағыттады. Имам Бақер (ғ.с.)-нің өмірінен екі маңызды мәселені байқаймыз: біріншісі – білім саласындағы талпынысы, екіншісі – Исламдық қоғамда жетекшілік пен имамат тақырыбын түсіндіруі. Осы екі тақырып қазіргі замандағы Исламдық қоғамдарда зор маңызға ие. Исламдық қоғамдардың дүниелік істерін басқару мен ғылыми, мәдени, экономикалық және қауіпсіздік саласындағы ілгерілеушілік сол қоғамның жетекшілерінің істеріне байланысты. Қазіргі заманда білім мен ақпарат әр мемлекеттің байлығы болып есептеледі. Сондықтан өзінің ғылыми, мәдени, экономикалық және қауіпсіздік қажеттіліктерін қамтамасыз ете алған мемлекет қана сәтті болып саналады. Имам Бақер (ғ.с.) мұсылмандардың мол білім мен жоғары мәдениетке ие болып жетістіктерге жете алатындықтарына сеніп, Исламдық тағылымдарды тарату үшін Медине қаласында үлкен медресе ашты. Имам Бақер (ғ.с.)-ның ғылыми-мәдени қозғалысы түрлі пәндерді қамтыды. Имам исламдық қоғамның дарындарын тәрбиелеуге күш салды. Барлық ғұламалардың пікірінше, фиқһ қағидаларының негізін қалап, мұсылман ғалымдарға "ижтиһад" жолын көрсеткен Имам Бақер (ғ.с.) болып табылады. Умайе әулетінің залым әкімдері діни тақырыптар бойынша терең ойлануға тыйым салған кезде Имам Бақер (ғ.с.) өз сабақтарында халыққа ақылдың қасиетін баяндай отырып, оларды терең ойлануға шақыратын. Осы орайда ол: "Құдай адамдардың істерін ақыл негізінде өлшейді",-деді. Имам Бақер (ғ.с.)-нің көзқарасы бойынша ғалымдар, ойшылдар және дінтанушылар қоғамды бақытты немесе бақытсыз ететін маңызды факторлар болып саналады. Өйткені өздерінің идеялық жолдауларымен халықты асқақтататын немесе құрдымға итеретін солар болып табылады. Имам Бақер (ғ.с.)-ның ойынша билік басындағы адамдар саналатын әкімдер де халықты бақытқа жеткізетін немесе бақытсыз ететін факторларға жатады. Ол Пайғамбардың сөзіне сілтеме жасап былай деді: "Менің үмбетімдегі екі топ шыншыл болса, қоғамдағы барлық істер түзеледі, ал егер осы екі топ бұзылса, барлық үмбет бұзылады. Олардың бірі – фақиһтер мен ғалымдар, екіншісі – әкімдер мен басшылар." («Бихар әл-Анвар», 2-ші том, 49-ші бет).Имам Бақер (ғ.с.) діни тағылымдар күдіктер мен ырымдардан ажырату үшін екі маңызды бұлаққа, яғни Құран мен сүннетке сүйенеді деп атап, соларды мизан санады. Ол Құранның ең жақсы тәпсіршісі болғандықтан Құран аяттарын дұрыс түсіндіріп, пайдақұмарларға тойтарыс беретін. Ол хазірет үнемі өз сөзіне Құраннан дәлелдер келтіріп, серіктеріне: "Мен сіздерге хадис айтқанда, оның Құрандағы дәлелін сұраңыздар, мен оқып беремін",- дейтін. Хазірет бұл әдісімен Исламның атынан айтылатын сөздерді Құран аяттарымен дәлелдеу керектігін қуаттады. Имам Бақер (ғ.с.)-ның ақиқат пен жалғанды айыратын келесі мизаны – Пайғамбар мен хазіреттің әулетінің сүннеті болды. Хазірет Пайғамбар әулетінің дұрыс жол нұсқаушы рөлін баса айтатын. Имам Бақер (ғ.с.) исламдық қоғамдағы имам мен жетекшінің рөлі мен қоғамның осындай жолдаушыны қажет ететіндігі туралы былай деді: "Әркім алыс жолға шығар алдында адасып кетпес үшін бір жолнұсқаушыны табуға тырысады. Илаһи құндылықтарды тануда адам көптеген қиыншылықтарға тап болатындықтан, кемелдікке қарай дұрыс жүру үшін оған сенімді жетекші керек. Сондықтан дін жолында білімді жетекші таңдауға тырыс". («Бихар әл-Анвар», 10-шы том, 49-шы бет).Имам Бақер (ғ.с.) жетекшінің орнын түсіндіріп: "Исламның бес негізі бар: намаз, ораза, зекет, қажылық және велаят, ал велаят осының ішіндегі ең маңыздысы",-деді. Егер қоғамды әділ жетекші басқармаса, көптеген исламдық үкімдер орындалмайды немесе толық орындалмайды. Егер исламдық қоғамда ғибадат, экономика, әскери-саяси мәселелер дұрыс бақыланбаса, оның орындалатындығына кепілдік болмайды. Дұрыс және қырағы жетекші қоғамда әділеттің орындалуына жағдай жасайды. Бұл туралы имам Бақер (ғ.с.): "Расында әділеттің берекелі алаңы қандай кең. Әкімдер халықты әділет бойынша басқарған кезде қоғам жақсы экономикалық жағдай мен тыныштыққа бөленеді",- дейді. («Мүстадрак әл-Вавсел», 11-ші том, 123-ші бет).

Имам Бақер (ғ.с.) жер бетіне нұрын шашқан күн секілді білім мен даналықтың сәулесін шашатын. Бұл сөзді дәлелдеу үшін ол хазіреттен перзенті Имам Садық (ғ.с) арқылы ең көп хадистің жеткенін айтсақ жеткілікті. Бүгінгі бағдарламамызды Има Бақер (ғ.с.)-ның келесі бір мағыналы сөзімен аяқтаймыз, ол хазірет: "Кемелдік үш нәрседе: дінді терең түсінуде, қиыншылықтар мен қайғыда сабыр сақтауда және тұрмыс қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін бағдарлама құруда",- деді.

Әлемнің барша мұсылмандарын Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның әулетінен шыққан имам Бақер (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығымен құттықтаймыз!