Исламның ұлық пайғамбарының (с.ғ.с.) Құран Кәрімде аталған қасиеттері
(last modified Mon, 19 Nov 2018 18:32:41 GMT )
Қар 20, 2018 00:32 Asia/Almaty
  • Исламның ұлық пайғамбарының (с.ғ.с.) Құран Кәрімде аталған қасиеттері

Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад-Мұстафаның (с.ғ.с.) туған күні тойланатын күндерге жеттік. Сүннит мұсылмандар раби ул-аууал айының он екісін, шиіт мұсылмандар осы айдың он жетінші жұлдызын Исламның ұлық пайғамбарының туған күні санайды.

Осыдан біраз жыл бұрын өзі ислам әлеміндегі бірліктің жаршысы болған Иран Ислам революциясының көсемі  имам Хомейни бұл мәселені ислам мазхабтарын жақындату үшін пайдаланып, бұл екі күннің аралығын "Бірлік аптасы" деп атады. Бұл кезеңді "Бірлік аптасы" деп атау ислам үмбетінің бірлігін нығайту үшін мұрсатқа айналды.

Ұлы тұлғаның адамдардың арасында өмір сүріп, дүниеден озғанынан бері ғасырлар өтті. Бірақ хазіреттің есімі естілген сайын адамның алдынан жаңа есік ашылады. Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) – соңғы илаһи пайғамбар.  Ол адамзатқа соңғы әрі ең жоғары илаһи тағылымдарды ұсынып, Ислам дінін барлық ғасырлардағы барлық адамдардың дініне айналдырды. Тарихи деректер бойынша, шақырудың алғашқы кезеңінде, тіпті пайғамбардың өмірінің барлық жылдарында халықтың Исламға бет-бұру себептерінің бірі пайғамбардың жақсы мінез-құлқы мен халықпен жұмсақ сөйлесуі болған. Халық хазіретті  шын жүректерімен жақсы көріп, беғсаттан бұрын да аманатқа берік, сенімді болғандықтан "Амин" деп атаған.

Пайғамбарлар әлемнің Жаратушысымен терең қарым-қатынас орнатып, оның жолдауын алып, қажет жағдайда өз ресалаттарын дәлелдеу үшін мұғжиза қолданатын. Мұғжиза – Алланың рұқсаты және пайғамбар арқылы іске асырылатын іс. Барлық илаһи пайғамбарлар өз замандарындағы жағдайларға көңіл бөліп, мұғжиза жасады. Құран Кәрім хазірет Мұса, хазірет Иса сияқты бұрынғы пайғамбарлардың ондаған мұғжизаларын атады. Алла елшісі де әртүрлі кезеңдердегі пайғамбарлардың мұғжизалары туралы баяндайды. Әр пайғамбар өз уақыты мен мекеніне сай  өзінің набоватын дәлелдеу үшін басқалардың дәлелдерін пайдаланды. Бірақ, уақыттың өтуімен мұғжизалар өзгеріп, маңыздылығынан айрылды. Исламның ұлық пайғамбары да соңғы елші ретінде көптеген мұғжизаға ие болды. Құран Кәрім – Исламның ұлық пайғамбарының ең үлкен әрі мәңгілік мұғжизасы. Құран – хазірет Мұхаммадтың набоваты мен хазірет дінінің ең маңызды дәлелі. Бұл – илаһи білім мен илаһи шындыққа толы кітап. Құран – мәңгілік кітап. Құран – адамзаттың ықтиярына тапсырылған мұғжиза. Ол белгілі мекен және белгілі бір уақытпен шектелмейді. Оның мәліметі әрқашан жаңа. Ол – өмірдің ең жоғары бағдарламасы және ең жақсы жолнұсқаушы. Құран – Алланың жүрекке қонымды әрі айқын сөзі. Ешбір адам аяттарға ұқсас сөз жаза алмайды.

Исламның ұлық пайғамбары илаһи уәһиді жеткізуші болып, Құран Кәрімді адамдарды құтқару үшін ұсынды. Қасиетті Кітапта Алла елшісінің қадір-қасиеттерінің көбі баяндалды. Құран пайғамбардың дінін ең жақсы илаһи дін ретінде атап, бұл дінді әкелген адамның теңдессіз екендігіне тоқталды. "Фатх" сүресінің 28-аятында: "Ол сондай Алла, дінін   бүкіл діндерден үстем қылу үшін Пайғамбарын туралық әрі хақ дінмен жіберді. Куәлік тұрғысынан Алла жетіп асады",- деп айтылған.

Құран, сондай-ақ, набоват нығметінің илаһи нығмет болғанымен барлық пайғамбарлардың ерекшеліктері тұрғысынан бір деңгейде емес екенін еске салып:  "Сол пайғамбарлардың кейбіреуін басқа біреуінен артық қылдық... ",- деді. ("Бақара" сүресі, 253-ші аят). Құран аяттары бойынша, илаһи пайғамбарлардың уәһи мен қасиетті кітапқа ие болу, күнә мен қателіктерден ада болу, мұғжиза жасау және ортақ қадір-қасиеттерінен басқа Исламның ұлық пайғамбары өзге ешбір пайғамбарда болмаған ерекше қадір-қасиетке ие болған. Хазірет Мұхаммадтың орнының (с.ғ.с.) жоғарылығын көрсету үшін: "(Мұхаммад с.ғ.с.) Өміріңе серт! Олар, расында мастықтарында дел-сал еді",- деп хазіреттің есімімен ант берілді. Келесі бір аятта мұсылмандардан хазіреттің алдында дауыс көтермеу талап етілген:  "Әй, мүміндер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысының үстіне көтермеңдер. Өзара бір-біріңе дауыстағандай Пайғамбарға дабырлап сөйлеспеңдер...". ("Худжурат" сүресі, 2-ші аят).

Исламның ұлық пайғамбарының Құранда айтылған келесі ерекшелігіне хазіреттің болмысының халықты илаһи азаптан құтқаруы жатады.  Алла Тағала пайғамбарды таныстырып:  «Негізінде Алла Тағала сен олардың ішінде болғанда оларға азап етпес әрі олар жарылқау тілегенде де Алла оларды азаптамайды»,- деді. (Инфал» сүресі, 33-ші аят). Бұл тақырып пайғамбардың үмбеттің азаптан аман қалуына себеп болатынын көрсетеді. Сол себепті пайғамбардан қалған рауаяттардың бірінде: «Менің үмбетім Лұт үмбетінің басына түскен азаптай азап  көрмейді»,- деп айтылған.

Исламның ұлық пайғамбарына сыйлаған келесі ерекшелікке хазіреттің халықтың арасынан шығып, адамдардың өмірлерінде бетпе-бет келетін көптеген қиындықтардан хабардар болуы жатады. Өйткені, хазірет өз өмірінде де көптеген қиындықпен кезігіп, еш уақытта халықтан бөлек болмаған. Жаратушы «Тәубе» сүресінің 128-ші аятында:  «Расында, сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді»,- деді.

Бір адам хазірет Әлиден (ғ.с.) пайғамбардың мейірімі туралы айтып беруді сұраған кезде хазірет Әли (ғ.с.): «Дүниенің нығметтерін санай аласың ба?»- дегенде ер адам: «Алла Тағала «егер Алланың нығметтерін санағыларың келсе,  түбіне жете алмайсыңдар» деген жағдайда дүниенің нығметтерін қалай бағалаймын?»,- деп жауап береді. Хазірет Әли (ғ.с.) ер адамға: «Алла Тағала Құранда дүниенің нығметтерін азғантай деп санайды, бірақ пайғамбардың мінез-құлқын сипаттап: «Сен кеңпейілдісің» деді. Сондықтан сен дүниенің шамалы нығметінің санына жете алмағанда, мен Алла елшісінің ахлақтық ерекшеліктерін қалай санаймын? Пайғамбардың арқасында ахлақ кемелдікке жетті. Хазіреттің өзі: «Мен жақсы ахлақты кемелдікке жеткізу үшін таңдалдым»,- деген болатын.

«Әнбия» сүресінің 107-ші аятынан: «(Мұхаммад (с.ғ.с.)!  Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік»,- деп оқимыз. Өйткені, хазірет баршаны құтқаратын дінді таратумен айналысты. Егер бір топ оны пайдаланбай, өзін мақұрым етсе, рақымның баршаға тиюіне кедергі бола алмайды. Алла елшісі баршаға бақыт жолын көрсететін күннің жарығы сияқты.

Исламның ұлық пайғамбарының миғражы – Құран Кәрімде ол туралы айтылған рухани сапар. Құран бұл сапардың мақсатын пайғамбарға жаратылған әлемнің белгілері мен таңғалдыратын жайттарын көрсету деп атады. «Нәжм» сүресінің 195-ші аятында Алла Тағала пайғамбардың шындығын растап:  «Батып бара жатқан жұлдыздарға серт.  Жолдастарың  (Мұхаммад с.ғ.с.) адаспады да, ауытқымады. Ол өз ойынан сөйлемейді.  Сөйлегені – көкейіне салынған уәхи ғана.  Оған оны өте күшті (Жебірейіл) үйретті»,- деді. Сондай-ақ, бұл аяттың 12-ші аятында:  «Ал енді оның көрген нәрсесіне сендер таласасыңдар ма?»- деген.

Исламның ұлық пайғамбарының сөзі мен өмірі – абыройлы өмір сүру үшін сындарлы үлгі. Шындық пен бақытқа жеткісі келген адамның бұл мәңгілік үлгіге назар аударғаны жөн. Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 46-шы аятында исламның ұлық пайғамбарын  «нұрлы шырақ» деп таныстырды. Яғни, жарық, нұры мол шырақ кез келген жерді нұрландырады. Пайғамбар (с.ғ.с.) көше, мешіт, үй – қай жерде болса да, өзінің ахлағы, ғамалы, білімі және ақылымен кеңістікке жарық түсіріп, надандық пен зұлмат пердесін жоятын. Хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) жарқыраған нұры қазір де бұрынғыдай өшкен жоқ. Мұның барлығы пайғамбардың барлық сөзі мен ғамалының тек Алла үшін болғанымен байланысты. Алла Тағала мен періштелері пайғамбарға сәлем жолдап: «Уа, иман келтіргендер! Хазіретке сәлемдеріңді жолдап, бұйрықтарына толық бағыныңдар» дейді.