Революцияның екінші қадамы 2
"Адамзаттың болмысы әрқашан азаттық, ахлақ, руханият, әділет, тәуелсіздік, ғиззат, кемеңгерлік, ұтымдылық және бауырластық деген ұрандармен байланысты. Бұл ұрандар тек бір кезеңде шарықтап, келесі бір кезеңде құлдырайтындай бір буын немесе бір қоғамға ғана қатысты емес. Бұл қасиетті келешектен бас тартатын халықты ешқашан елестетуге болмайды".
Имам Хомейни басқарған Иранның салтанатты Ислам революциясы әлемдіктерге зұлымдықты жеңудің үлгісін көрсетіп, әлемнің әлсіз топтарының жүректерінде үміт нұрын жарқыратып, бірлік пен шындыққа табандылық танытып, Аллаға арқа сүйеу арқылы зұлымдықтың негіздерін жойып, жеңіске жетуге болатынын көрсетті. Аятолла Хаменеидің көзқарасы бойынша, Иран Ислам революциясының тек өзіне ғана лайық ерекшеліктері бар. Дәл сол ерекшеліктер революцияның жалғасуына себеп болып отыр. Аятолла Хаменеи революцияның бесінші онжылдығына енуіне орай жасаған "Екінші қадам" атты мәлімдемесінде: "Зорлық-зомбылық көрген барлық халықтардың арасынан революция жасағандар аз. Бірігіп, революция жасаған елдердің арасында үкіметтерін өзгертумен тоқталмай, әрекеттерін нәтижеге жеткізіп, революция армандарын сақтап қалғандар аз. Заманауи ғасырдың ең үлкен әрі халықтық сипатқа ие Иран халқының революциясы бастапқы армандарына қиянат жасамай, негіздері мен ұрандарын қорғап, өзін-өзі тәрбиелеу, қоғам мен өркениетті дамытудың екінші кезеңіне енді",- деді. Діни жетекшінің пікіріне сәйкес, Ислам революциясы әлемде айтылған жаңа сөз болды. Исламдық болмыс пен республикалық жүйе негіздеріне сүйенген бұл революция қалыптасқан клишелерді бұзып, әлемдіктерге жаңа жолды көрсетті.
Иран халқы шаһқа қарсы шерулерінде "Аллаһу Акбар!", "Тәуелсіздік!" және "Азаттық!" деген ұрандар айтты. Бұл ұрандар халықтың арасында ерекше маңызға ие болды. Халық шаһ үкіметінің бұзақылығы мен жемқорлығына жиіркеніш білдіріп, қоғамдық кеңістікте руханият пен адамгершіліктің хош иісін таратуды талап етті. Сондықтан аятолла Хомейниге бет бұрып, жеңіске жеткен соң дін мен дүниені бірге дамытатын үкімет құруды сұрады. Олар Ислам республикасы жүйесіне бірауыздан дауыс беріп, үкімет пен қоғамнан және өз өмірлерінен ислам тағылымдарын көргісі келді. Бұл революция крестшілердің революциялары сияқты тек діни ырымшылдыққа сүйенген жоқ немесе секулярлық үкіметтер секілді Алла мен діни құндылықтардан бас тартқан емес. ИИР республикалық және ислам негіздерін біріктіріп, теңдіктің ең көркем көрінісін көрсетті. Аятолла Хаменеи өз мәлімдемесінде бұл діни революцияның әлемдік ұрандарының адамдардың ішкі болмысынан тамырланғандықтан мәңгілік екені мен еш уақытта пайдасыз қалмайтынына тоқталып: "Адамзаттың болмысы азаттық, ахлақ, руханият, әділет, тәуелсіздік, ғиззат, кемеңгерлік, ұтымдылық және бауырластық деген ұғымдармен байланысты. Бұл ұғымдар тек бір кезеңде жарқырап, келесі кезеңде құлдырайтындай бір буын немесе бір қоғамға ғана қатысты емес. Бұл қасиетті келешектен бас тартатын халықты елестетуге болмайды",- деді. Діни жетекші Ислам революциясының ұмытылмай, жалғасуының маңызды себептерінің бірі ретінде оның ұрандарын атады.
Аятолла Хаменеи бұл революцияның келесі маңызды ерекшелігі ретінде оның серпінді әрі ерік-жігерге ие құбылыс екенін атады. Революцияның серпінін халықтың үкіметтің маңызды жұмыстарына қатысты шешім қабылдауына жаппай қатысуынан байқауға болады. Иран халқы елдің Мәжіліс өкілдері мен президенттік сайлаулары сияқты әртүрлі дауыс беру шараларына қатысып, өткен қырық жылда Ислам республикасын дамытуға қатысты ерік-жігерін көрсетті. Халық жыл сайын ел басшыларымен бірге Ислам революциясы жеңіске жеткен 22 баһман күнгі шерулерге қатысып, ұлттық бірліктің үлгісін көрсетеді. Революцияның жеңіске жеткен күні ұлттық мерейтойға айналды. Иран халқы әлемнің саяси мәселелеріне немқұрайдылық танытпай, қадағалап отырады. Иран халқы мен басшылары әрқашан әлемнің зорлық-зомбылық көрген халықтарын қорғап, үстемшіл жүйеге қарсы шығып, үстемшілерді дағдарысқа тіреп келеді. Олар Йемен, Мьянма, Сирия мен Ирактың мазлұм халықтарын қолдап, мазлұмның даусы естілген сайын реакция білдіріп, әлемнің әлсіздерін қолдайтынын көрсетті.
Құдс күнгі шерулер және Иран халқы мен басшыларының оған қатысуы Палестинаның зорлық-зомбылық көрген халқын қолдауы мен заңсыз Израиль режиміне деген дұшпандықты көрсетеді. Бұл шеру жыл сайын өтеді.
Ислам революциясының ұмытылмай серпінді түрде жалғасуы Иран халқының ерік-жігері және талпыныстарымен бірге үкімет пен Ислам республикасы жүйесінің шындықты талап ететін шешімдерімен де байланысты. Үстемдікке қарсылық білдіру, шындыққа табандылық таныту, ұлттық ғиззат пен бейбіт мақсатты ядролық технологияар сияқты маңызды ғылыми жетістіктерді қорғау әлемдік деңгейдегі Ислам республикасының серпінділігін көрсетеді.
Аймақтағы қазіргі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің орнатылуындағы Иранның маңызды саяси ықпалын теріске шығаруға болмайды. Тіпті, дұшпандардың өзі Таяу Шығыс аймағындағы Иранның теңдессіз рөлін мойындап отыр.
Ислам революциясы жетекшісінің "Екінші қадам" мәлімдемесінде көрсетілген Иран Ислам революциясының екінші айқын ерекшелігі икемділігі саналады. Аятолла Хаменеи бұл туралы: "Ислам революциясы – серпінді әрі ерік-жігерге ие құбылыс. Ол икемді әрі қателіктерін түзетуге дайын, бірақ ұстанымдарын өзгертпейді",- деді. Хазіреттің сөзіне мысал келтіру үшін ИИР Конституциясына тоқталуға болады. Конституция – бұл діни жүйенің маңызды құжаты. Оны Ислам революциясы жеңіске жеткен соң шәһид Бехешти сияқты тұлғалар жазды. Конституция – өзгеріс енгізу мүмкіндігіне ие құжат. Яғни, бұл заң икемді, қателіктерді түзетіп, елдің заңды тапшылықтарын шешетін әлеуетке ие. Ислам революциясы жетекшісінің пікіріне сәйкес, ИИР халықтың діни иманымен біте қайнаған революцияның құндылықтарына табанды. Аятолла Хаменеи: "Ислам революциясы ешбір сылтаумен халықтың иманымен араласқан құндылықтарынан алыстамайды",- деп қуаттаған болатын.
Аятолла Хаменеи Ислам революциясының ерекшеліктері туралы сөзін жалғастырып: "Иран Ислам революциясы зорлық-зомбылық көргеніне қарамастан мықты, мейірімді әрі кешірімді. Көптеген көтерілістер мен қозғалыстарды құрдымға жіберген экстремизм мен солшылдықтың ықпалына түскен жоқ. Еш уақытта, тіпті АҚШ пен Саддамға қарсы оқты бірінші атқан жоқ. Тек дұшпанның шабуылынан кейін өзін қорғап, оған соққы берді. Бұл революция алғашқы күнінен осы күнге дейін рақымсыздық жасап, қантөгістерге себеп болған емес. Керісінше, зорлықшыларға қарсы тұрып, мазлұмдар мен әлсіздерді қорғады",- деді.
Иран халқы ежелден қонақжайлығымен танымал. Иран бұрыннан туристер мен әртүрлі жолаушылар үшін тартымды ел. Туристер Мысырды пирамидалары мен құпия-сырға толы зираттары, Үндістанды әртүрлі діндері мен салттары, Грекия мен гректерді философиясының арқасында танитын болса, Иран мен ирандықтарды мейірімділігі мен қонақжайлығының арқасында таниды. Олар Иранды күшті, соған қарамастан мейірімді адамдардың жері санайды. Ирандықтар кезінде жердің жартысына ие болғанымен ешкімді құлдыққа алған жоқ. Олар ешқашан соғысты бірінші бастаған емес.