Хазірет Зейнаб – ержүрек бану
Хазірет Зейнабтың Ашура күнгі және сол күннен кейінгі тұтқындар керуеніндегі батылдығы мен әшкерелеген әрекеттері Кербала оқиғасын мәңгілікке қалдырды.
Көктем тауыстың әдемі қауырсыны секілді жүрекке жағымды түстерімен таңғалдырып, баршаны сұлулықты көруге шақырады. Көктемнің әсем табиғаты адамға тілмен айтып жеткізгісіз көңіл-күй сыйлайды. Табиғат адамды кемелдікке жігерлендіреді. Табиғат адамдарға: «Уа, адамдар! Қыстың суығынан кейін шуақты көктем келеді, сондықтан сен де қиындықтармен бетпе-бет келген кезде үмітсіздікке салынба. Қиындықтан кейін жеңілдіктің келетінін біл»,- деп айтатын сияқты. Құран Кәрімде де: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар»,- деп айтылған. («Инширах» сүресі, 5-6 аяттары).
Табиғаттың гүлденуі мен гүлдердің жайқалуын, құстардың әсем әуені мен сарқырамалардың үнін барлық адамдар жақсы көргенімен көктем имам Хусейн бен Әлидің (ғ.с.) қарындасы хазірет Зейнаб үшін ерекше мағынаға ие. Ол бауыры имам Хусейнді (ғ.с.) көрген сайын көктем гүлдеріне толы бақты көргендей ерекше көңіл-күйге ие болатын. Бауыры күлімдеген кезде оған жеміс-жидекке толы себет сыйға берілгендей болса, бауыры уайымға батқан кезде хазірет Зейнабтың де жүрегіне дүниенің бар қайғысы жиналғандай болатын.
Көктемнің бұл күні – айбынды әрі сабырлы банудың қайтыс болған күні.
Хазірет Зейнаб – хиджридың 5 немесе 6 жылы дүниеге келген имам Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатиманың (ғ.с.) қызы. Ол – Исламның ұлық пайғамбарының қадірлі немересі. Ол – имам Хасан (ғ.с.) мен имам Хусейннің (ғ.с.) қарындасы. Хазірет Зейнаб өмірін бақыт пен кемелдіктің орталығында бастады. Ол Алла елшісінің мейіріміне бөленіп, әкесі хазірет Әлиден (ғ.с.) білім алып, көркем сөзін естісе, жаны анасы хазірет Фатиманың (ғ.с.) мейірімінің етегінен тыныштық табатын. Бірақ, оның атасы Пайғамбар мен анасы хазірет Фатиманың (ғ.с.) қасындағы өмірі жылдам өтіп, екі тұлға дүниеден озғаннан кейін хазірет Әли (ғ.с.) қызы Зейнабқа сүйенді. Хазірет Зейнабтың болмысында білім мен амал, пәктік пен адалдық тоғысып, Құрайыш пен Хашим әулеттері әйелдері арасында қырағылығы, сабырлығы мен ақылына байланысты «Ағеле» яғни, «Ақылды» деген лақап атқа ие болды. Хазірет Зейнап әйелдер білім алуға көңіл бөлмеген кезде Медине әйелдеріне сабақ беріп, Құранның көркем аяттарын қызық әрі терең тәпсірлейтін. Хазірет Зейнаб бұл сүннетті әкесі Куфеде өмір сүрген кезде де жалғастырды. Ол әйелдермен ғана емес, қоғамның басқа таптарына да білім берді.
Хазірет Зейнаб – кешегі, бүгінгі және ертеңгі заманның азаматы. Өйткені, адамгершілік, Аллаға құлшылық ету, әділет пен бедел талап ету арнайы кезең немесе арнайы қоғамға ғана қатысты құндылықтар емес. Үлкен тұлғалар тарихтан жоғары болады. Хазірет Зейнаб – аманат нұрының мәңгілік жарығына көбірек бөленген әйелдердің бірі. Хазірет Зейнабтың бала кезі пайғамбардың ресалаты мен имаматтың мейірімді құшағында өтті. Ол ұлылық пен пәктіктің етегінде тәрбиеленіп, адамгершілік пен рухани кемелдіктің қасиеттерінен нәр алды. Хазірет Зейнаб – пайғамбардың білімі мен мағрифатының, имам Әли (ғ.с.) ғибадатының, анасы хазірет Фатиманың (ғ.с.) жанкештілігінің, имам Хасанның (ғ.с.) сабырлығы мен имам Хусейн (ғ.с.) ержүректілігінің көрінісі. Хазірет Зейнабтың өміріндегі айқын жайттардың бірі оның өз ағасы имам Хусейнге (ғ.с.) деген мейірімі болды. Ағасына деген мейірім, махаббатының күштілігі сондай, ол жұбайы Абдолла бен Джафармен тұрмыс құрудың шарты ретінде ағасы Хусейннің (ғ.с.) қасында болуды сұраған болатын. Рауаят бойынша, хазірет Зейнаб пен Абдолла бен Джафардың жанұя құрғандарына үш күн болғанда имам Әли (ғ.с.) қызының жағдайын білейін деп, жас жұбайлардың үйіне келеді. Әкесі хазірет Зейнабтығ көңілсіз екенін көреді. Хазірет: «Қызым, тұрмысқа шыққаныңа риза емессің бе»- деп сұрайды. Хазірет Зейнаб: «Жоқ»,- деп жауап береді. Имам Әли (ғ.с.): «Ондай болса, неліктен көңілің жабығыңқы?»- деп сұрайды. Хазірет Зейнаб: «Ағам Хусейнді көрмегеніме үш күн болды. Сағындым»,- дейді. Имам Әли (ғ.с.) үйіне қайтып, Хусейнді (ғ.с.) қарындасының үйіне жібермек болады. Хусейнді (ғ.с.) үйдің алдынан ойға шомып, қадам басып жүрген күйде көріп: «Балам неге уайымға баттың?»- деп сұрайды. Имам Хусейн (ғ.с.): «Анамның орнында болған сүйікті қарындасым Зейнабты көрмегеніме үш күн болды. Оны сағындым»,- деп жауап береді.
Хазірет Зейнабтың Кербала оқиғасы мен одан кейінгі амалы илаһи аяттарды терең түсінуі мен Аллаға деген шынайы махаббатына сүйенді. Илаһи бұйрықтарды іске асыру хазірет Зейнабтың ең басты ерекшелігі болып, ол өзінің тыныш өмірін тастап, бауырымен бірге тағдырды шешетін тархи сапарға шықты. Хазірет Зейнаб имам Хусейн (ғ.с.) шәһид болғаннан кейін хазірет қозғалысының жолдауын жеткізуді илаһи міндеті санап, теңдессіз батылдығы және шешендігімен зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа қарсы шықты. Хазірет Зейнаб өмірінің сол кезеңінде Исламның ұлық пайғамбарының құқықтарын қорғап, дұшпанға Кербала оқиғасын өз мүддесіне пайдалануға рұқсат етпеді. Ол тұтқынға түскен алғашқы сәтте бауыры өлтірілген мекенде ағасының қасиетті мәйітін көтеріп: «Уа, Алла! Бұл құрбандықты бізден, пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінен қабыл ал!»,- деп сұрады. Хазірет Зейнаб өзінің бұл амалымен әлемдіктерге олардың майданға өз еріктерімен шығып, күрескенін жариялады. Олар ислам үмбетін өзгертіп, жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіру үшін майданға шығып, имам Хусейнді (ғ.с.) құрбандыққа берді. Ол Алланың алдында құрбандықты қабылдауды сұрады. Өйткені, егер бұдан басқа нәрсеге ие болғанда, оларды да сыйлаған болар еді.
Хазірет Зейнаб тарихтан жоғары болып, ол ержүректігімен ғизаттың киімін киіп, апатты ұялтып, тұтқынға түскен кезде өмірге деген үміт пен күрестің шаттығын жаңғыртты. Ол адамзатқа зорлық-зомбылықты жеңудің жолын үйретті. Хазірет Зейнаб тұтқынға түскен кезде әйелдің саяси және қоғамдық салаларда да белсенділік танытып, қоғамдағы саяси теңгерімді өзгерте алатынын көрсетті.
Әлемнің барша мұсылмандарына Исламның ұлық пайғамбарының немересі хазірет Зейнабтың дүниеден озған күніне орай көңіл айтамыз.