Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(2)
(last modified Mon, 06 May 2019 16:21:26 GMT )
Maм 06, 2019 22:21 Asia/Almaty
  • Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(2)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, жауапкершілік тудыратын шынайы иманның белгілерімен көбірек таныстырамыз.

Ардақты ағайын, Рамазан айындағы дұғаларыңыз бен ғибадаттарыңыздың қабыл болуын тілей отырып, алдыңғы тақырыптың жалғасына назар аударуға шақырамыз. Өткен бағдарламада ислам мен иман сөздері мағынасының айырмашылығын қарастырдық. "Исламға бет бұру" – Алланың дінін мойындау. Оның іс жүзінде ешқандай жауапкершілігі жоқ. Бірақ "иман" жүрекке әсер ететін сенім деген мағынаны білдіреді. Бұл жағдайда иманды адамның бойында іс жүзіндегі жауапкершілік пен міндеттің рухы пайда болады. Өткен бағдарламада бұл тақырыпты дәлелдеу үшін бірнеше аятқа тоқталдық. Міндет тудыратын иманға дәлел және үлгілерімен көбірек танысу үшін назарларыңызды "Бақара" сүресінің 177 аятына аударамыз.

Ислам дәуірінің басында Алланың бұйрығымен мұсылмандар Бейт ул-Мұқаддасқа қарап намаз оқып, өздерінің ғибадат рәсімдерін орындаған. Бірақ, аз уақыттың ішінде Ұлы Алла Қағбаға қарай намаз оқуға бұйрық берді. Мәдиненің яһудилер әдеттегідей психологиялық соғыс бастап, "Бейт ул-Мұқаддасқа қарап жасалған ғибадаттарыңыз не болады?" деп күдік тудыруға тырысты. Алла Тағала осы жалған уәждің күшін жою үшін мынадай аят түсірді: "Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ, кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне, солар шыншылдар әрі солар тақуалар ("Бақара" сүресі, 177-аят)".

Бұл аятта екі бөлім бар: бірінші бөлімінде теориялық қыры – Құдайға, басқа әлемге, періштелерге, илаһи кітапқа және Алланың пайғамбарларына иман келтіру жайлы сөз болған. Бұл мынадай түбегейлі жайтты еске түсіреді: мүмін адам жүйелі біртұтас көзқарасқа ие болуы керек. Яғни, оның келген жер мен қайтар жақ туралы діни наным-сенімдер құрылымы барлық пайғамбарлар шақырған екі түбегейлі принципке негізделуі тиіс. Сондықтан Жаратушы мен мақлұқты байланыстыратын періштелерге иман келтіріп, илаһи кітапта өмірдің барлық жолдарының жазылғанына сенгені жөн.

Пайғамбарларға, яғни өз заманының ағартушылары болған уәһиден хабар берушілерге сену шынайы мүміннің сенімдерінің бірін құрайды.  Сондықтан иманы бар адам теориялық тұрғыдан сенімнің осы бөліктерінің бірін қабылдап, бірін қабылдамай, жарым-жарты сенімде бола алмайды. Иманы бар адам жалпылама қарап, жүйелі ойлап, иманның барлық тіректеріне сенім білдіруі керек.

Құран теориялық сенімдердің жалғыз өзі жеткілікті емес екенін көрсету үшін аяттың екінші бөлігінде практикалық амалдардың үлгілерін келтіреді. Олардың бастау алған жері – сол теориялық сенімдер. Көңіл аударатын нәрсе мынада: Құран бәрінен бұрын адамның бойында қызығушылық пен тәуелділік тудыратын мал-мүлік пен байлықтың алдамшы тартымдылықтары жайлы сөз қозғап, мүміндердің жауапкершілік сезімін оятып, қиындықпен таныстырып, олардан өз мал-мүліктерін алдымен өздерінің туыстары мен мұқтаж жандарға сыйлап, оларды азап пен мұқтаждықтан құтқарып, содан соң психикалық тұрғыдан зардап шегіп, жылылыққа зәру жетімдердің қажеттіліктерін өтеп, әлеуметтік дағдарыс тудырудың алдын алуды сұрайды.

 

Иманды адамдар солардың алдында жауапкершілік сезінетін келесі адамдардың тобына міскіндер жатады. Олар қатты жоқшылықтан қозғалыстан қалып, тұралап қалған адамдар. Олардың тұрып, қайта өмір сүруіне көмектесу керек. Біреулер мұқтаж емес, бірақ сапар барысында зиян шегіп, оқыс оқиғаға ұшырап, жолда қалған. Олар сол жағдайдан шығу үшін қаржылай қолдауға зәру. Сол кезде мүмін жауапкершілікті сезінуі керек. Олар ізет пен қасиетті сақтай отырып, жолда қалған абыройлы адамдардың уақытша қиындығын шешуге көмектеседі.

Ғамал саласында жауапкершілікті сезінетін мүмін адамның мойнына артылған келесі іске құдірет пен байлық ошақтарында тұтқынға түсіп, құлға айналған адамдарды адамгершіліктің буын да сезбейтін тәкаппар отаршылдардың құрсауынан қаржылай көмек беріп, құтқаруы керектігі жатады. Құранда бұл жайлы жалпы сипатталған, ешқандай шарт қойылмаған. Алтын мен күшке ие адамдардың құлдарымен қоса, мәдени және саяси құлдар да болуы мүмкін. Оларды құтқару үшін де бір мақсаттандырылған бағдарламамен қаражат жұмсап, босатып алуға жағдай жасау керек. Бір түбегейлі көзқараста мынадай нәтиже шығаруға болады: мәдени және саяси кедейшілік пен құлдық адамдардың экономикалық құлдық пен отаршылдық құрсауына түсуіне себеп болады.

Ардақты ағайын, бағдарлама уақыты өз мәресіне жеткендіктен осы тақырыпты келесі жол одан ары жалғастырамыз. Алланың қолдауымен мүміндердің іс жүзіндегі келесі міндеттемелері мен жауапкершіліктерін талқылаймыз. Сөйтіп, иман мен ғамалдың бір-бірінен ажырағысыз әрі бір-бірін толықтыратын екі принцип екенімен көбірек танысамыз.

Сау-саламатта болыңыздар!